• Ержеттім, бойжеттім
  • 24 Шілде, 2017

Табан жалпайып, өкше жарылып, буын қисаймас үшін...

Табан сүйегінің қисаюы, өкшенің жарылуы, майтабандық дерті адамдарды жиі мазалайды. Аз қимылдау, суық тигізіп алу, экологияның зиянды әсері, кальцийдің жетіспеуі осы дертке шалдықтырады. Ортопед-травматолог Сейітжан Тілеужанұлы «сүйек аурулары жастарда ғана емес, балаларда  да жиі кездеседі»,– дейді. – Елімізде аяқ-сүйек ауруларының ең көп тараған түрі қандай? – Табан сүйегінің деформациялануы мен майтабан ауруы ең көп тараған сүйек ауруларына жатады. Табан сүйегінің өзгеруі әйелдермен бірге жас қыздарда да кездеседі. Майтабан дертінен зардап шегушілердің арасында сәбилер де бар. – «Табан сүйегінің деформациялануы» деген қандай ауру? – Табан сүйегінен тыс, томпақ сүйектің пайда болуы. Үлкен башпайдағы сүйектің деформациялануын тек косметикалық мәселе деп қарай алмаймыз. Ол ұсқынсыз көрініп қана қоймай, үнемі ісіп тұрады және ауырады. Жас қыздардың бұл ауруға жиі шалдығатынының себебі – биік өкшемен ұзақ жүргендіктен. Ұсқынсыз сүйекті медицинада «табан сүйегінің деформациялануы» деп атайды. Шындығында ол жерде ешқандай төмпешік жоқ. Бір сүйектің ішке, екіншісінің сыртқа қарай өсуінен пайда болған ауру. Оны бірден емдемесе, уақыт өте келе жағдай нашарлап, сүйек қаттырақ қисая түседі және жүрген сайын аяқты ауыртады. Мұнымен қатар, аяқ киім сатып алған кезде қиындық тудырады. Кейде оны артроз немесе тұздың жиналып қалуы деп те айтады. Нақты диагнозды ортопед дәрігер ғана рентген мен анализ талдамасын көрген соң қоя алады. – Тұқым қуалайтын ауруға жатқыза аламыз ба? – Бұл тұқым қуалайды. Анасынан қызына берілуі мүмкін. Табанның жанындағы артық сүйек жас ерекшелігіне қарай болады деп ойламау керек. Көп жағдайда 12-15 жас аралығындағы қыздарда кездеседі. Ал 25 жасқа келгенде сүйек өсуін тоқтатып, төмпешік сол күйінде қалып қояды. Артық салмақ, ұзақ жүру, буын ауруы және маймақтық осы ауруға әкеледі. Қыз балаларға биік өкшені жиырма екі жастан бастап киюге болатынын түсіндіре алмаймыз. – Мұндайда халық медицинасының көмегі бар ма? – Халық емін қолданбаған дұрыс. Біздің алдымызға келетін науқастардың көбі сынықшы мен тәуіпке барып, сырқатынан айыға алмағандар. Еуропа елінде тәжірибе алмасып жүргенде, бірде-бір адамның сынықшыға барып ем алғанын көрмеппін. Біздің қанымызда болғасын халық еміне қатты сенеміз. Сынықшылардың ем-домынан гөрі, дәрігерлердің жазып берген дәрілерімен емделген пайдалырақ. – Ал майтабан ауруы қалай пайда болады? – Ол аяқ астынан пайда болмайды. Бала жастан басталып, сатылап дамиды. Туабітті, жүре пайда болатын түрлері бар. Ер балалардың әскер қатарына алынбауына басты кедергі болатын да осы дерт. Ауруды емдеуді ертерек бастаған абзал. Екі-үш жасар сәби болса, онда емдеуге болады. Қазіргі медицина есейген адамдардағы майтабанды  дәрінің немесе жаттығулардың көмегімен емдей алмайды, тек хирургияның көмегімен емдейді. Ал пышаққа түспей-ақ ем жасау аурудың  одан әрі асқынуын ғана тоқтата алады. Арнайы ортопедиялық аяқ киім немесе дәріханаларда  арнайы аяқ киімнің ішіне салатын төсеніштер және жаттығулар жасау біршама көмектеседі. – Туабітті пайда болатын майтабандық пен жүре пайда болатын майтабандықтан айырмашылығы қандай? – Туабітті майтабандық ана құрсағында жатқанда даму ауытқуының салдарынан пайда болады. Сәбилердің он пайызы ғана осы сырқатқа шалдыққан. Ертерек анықтау үшін баланы бір айлығында ортопед дәрігерге көрсету керек. Тіпті перзентханада да анықталып жатады. Дәрумендер мен микроэлементтердің ағзада жетіспеуінен де болады. Жүре пайда болатын майтабандықтың себебі көп. Артық салмақпен жүру, сапасыз аяқ киім кию, буындардың тым көп қимылдауы, міне, осының барлығы жүре пайда болатын майтабандыққа әкеледі. – Бұл ауру адамдарды жиі мазалай ма? – Ол көп мазаламайтын аурудың түріне жатады. Бірақ оған душар болғандар ауыр салмақты көтере алмайды. Алысқа жүгіре алмайды. Отырып жұмыс істейтіндер, көп қимылдамайтын адамдар жиі шалдығады. – Аяқ киімді қалай таңдаған дұрыс? – Адамның табан күмбездері жақсы дамуы үшін аяқ киімнің сапасы өте маңызды. Өкшені нық ұстайтын, табаны қатты аяқ киімдерді киген жөн. Өкшесінің қалыңдығы 3-4 сантиметрден аспауы керек. Сонымен бірге аяқ киімнің ішінде жұмсақ ұлтарағының болуына мән бер-ген дұрыс. Аурудың кез келген кезеңінде ортопедиялық ұлтарақ кию қажет. Ол башпаймен қатар, буын мен омыртқаның дұрыс қалыптасуына да көмектеседі. Заманауи ұлтарақтың қалыңдығы 2-3 миллиметр ғана болғаны жөн. – Табандағы қабыршақтанған сызаттар неден пайда болады? – Сызаттың пайда болуы құрғақ теріге байланысты. Табанның терісі таза әрі жұмсақ болуы керек. Адам есейген сайын оның табанындағы тері ойылып, әртүрлі сүйел-сызаттар түсе бастайды. Мұның салдарынан тері қатайып, түсі өзгереді. Осы себептен де көптеген қыз-келіншектер ашық аяқ киім киюге ұялады. Сызатты табанмен жүру қиын аяқ қан тамырларына да кедергі жасайды. Тар аяқ киім кигеннен және басы үшкір, нығыздалып тігілген туфлилерден табанға сызаттар түседі. – Жаз мезгілі кезінде өкшенің жарылуы да жиі кездеседі. Оған не айтасыз? – Ашық аяқ киімді жаз мезгілінде киетін болғандықтан, өкшенің жиі жарылуы осы мезгілде қатты білінеді. Кейбір жағдайда салмақтың жартысынан көбі өкшеге түскендіктен де жарылып кетеді. Демалыс кезінде ыстық құмның үстінде жалаңаяқ жүгіріп, ұзақ уақыт көлге шомылсаңыз да өкшеңіз зақымданады. Бүгінде дәріханаларда өкше терісін жұмсартатын арнайы дәрілердің түр-түрі сатылады. Мұндай құрамдар көбіне арнайы рецепт бойынша жасалады және өкшеге жатар кезде жағылады, бұдан кейін шұлық киіп, таңертең жуып тастау керек. – Кеңесіңізге рахмет!  

Жазып алған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА «Ақ желкен» журналы, №6 Маусым, 2017

5568 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы