• Featured
  • 14 Ақпан, 2019

Ертұғырыл қайта оралды ма?

Түркиялық тарихи фильм отандық телеарналарымыздан «Жаужүрек Ертұғырыл», «Қайта оралған Ертұғырыл» деген атаулармен толық көрсетілді. Жалғыз бізде ғана емес, әлемнің бірнеше мемлекетінде қатар көрсетіліп жатты. Онсыз да шетелдік телехикаяларды жібермей көретін біздің жұрт «Ертұғырылға» ерекше назар салды. Әдетте телехикаялар шым-шытырығымен баурап алар еді. Мұның жөні басқа. Бізді телеарнаның алдына телмірткені – Ертұғырыл өмірінің, фильмдегі кейбір сюжеттердің қазаққа жақындығынан еді. Киіз үй ішіндегі көріністер-ақ біздің ойымызды сан-саққа жүгіртті. Оның үстіне телехикая жүріп жатқан шақта әлеуметтік желілерде небір пікірлер мен көзқарастар да қатар жүрді. «Ертұғырылдың түбі – қазақ» деген әңгімелер бас көтерді. «Сонда әйгілі Осман империясының құрылуына себепкер болған біздің бабаларымыз ба?» деген заңды сұрақ туды. Бірақ тыңғылықты, арнайы зерттеу мақалаларды кездестіре алмадық. Содан кейін өзімізше індетіп көруімізге тура келді. Сонымен Ертұғырыл кім?

Тарихи деректер не дейді?

Ә дегеннен тарихшылардың еңбектеріне зер салдық. Бізге әу баста мәлім болғандай, Ертұғырыл – Осман империясының негізін салушы адам болып есептеледі. Ал Осман сұлтан – Ертұғырылдың бел баласы. 1301 жылы Вифе бойында Ұрым әскерлерін жеңген соң Осман сұлтанның айы оңынан туды. Ал Ертұғырыл қайдан шықты, осыған зер салайық.

Әбдуәли Қайдардың «Қаңлы» атты кітабындағы (Алматы. «Дайк пресс», 2004) «Түркия да қаңлының бір жұрты» тарауы біраз жайға қанықтырды. Осы бір ғана тарауды жазу үшін тарихшы француз ғалымы К.Д’Оссонның, орыс ғалымдары Н.А.Аристов пен П.В.Голубовскийдің, түркі тарихын зерттеуші ғалым Зәки Уәлиди Тоғанның, қазақ тарихшысы М.Тынышбаевтың еңбектерінен сілтеме келтіреді. Одан кейін әрине, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресін» негізге алады. Шәкәрімнің осы еңбегін қажылықтан қайтып келе жатқанда сол кездегі мұсылман мәдениетінің орталығы саналған Стамбұл қаласында, қазыналы кітапханалардағы ізденістерінен соң жазғаны бізге белгілі. Керек десеңіз, Ертұғырылға қатысты деректі өлеңмен жазған нұсқасы да тұр. Осы негізгі деректерге қосымша қазақ тарихшылары Б.Аяғанов пен К.Ізтілеуовтің пікірлері қоса берілген.

«Егер өткен түркі тарихының куәгері болған мың жасаған абыз бабамыз арамызда ғайыптан пайда болып, бізден: «Әлемге әйгілі Осман империясын құруға ұйытқы болған, құрған және 7 ғасыр билеп-төстеген қазақ халқының көне дәуірдегі ұрпақтары, тегі қайы-қаңлы Сүлеймен шах, Ертұғырыл батыр, Осман сұлтан бабаларың туралы не білесіңдер?» деп сұрай қалса, не дер едік?», – дейді Әбдуәли Қайдар еңбегінде. Расында, не дер едік? Тамсанып көрген телехикаяның желісін ғана айтып берер ме едік?! Ары қарай ізденіп көрсек ше? Тарихшы сөйлесін:

«Естіген, әр жерден оқып-білген аңыз-әңгімелерімізді, бас-аяғы жоқ тарихи деректер мен шатасқан шежіре шертер сырды айтпасақ, шынайы шындықты айту, әрине қиын. Өйткені бар шындықтың біразы тарих жазушылардың әр заманның ыңғайына қарай бұлтартып-бұрмалап көрсетуіне ұшыраса, көбісі өз кезінде дұрыс айтылмай, тарихтың шаңы басып, үнсіз жатуы да мүмкін.

Бұл мәселеде біз алысқа бармай-ақ, ең алдымен қолда бар азын-аулақ деректер мен жоғарыдағы әртүрлі (түрік, орыс, француз, қытай, араб, қазақ, т.б.) еңбектерден келтірілген фактілер мен мағлұматтарды өзара салыстыра отырып, көтеріп отырған мәселеге байланысты артық кеткен аңыз сарындары мен шындықты айтқан нақтылы тарихи деректердің ара-жігін бір ажыратып алуды жөн көрдік.

Жоғарыда тоғыз еңбектен келтірілген деректерді өзара салыстырып, артық-кемін пайымдап, ауыс-түйісін анықтай түскенімізде біз тарихи щындықтың дәл өзін тап баспасақ та, оқиғаның үзілмей созылып жатқан өзегін, мәселенің түйінін, көп әңгіменің басын қосар ұйытқысын айқындаған сияқтымыз. Олар төмендегі тұжырымдарға барып саяды:

1. Жалпы әлем тарихында, түрік дүниесінде 7 ғасыр дәурендеген Осман империясы туралы деректер не дейді? Жауап: Барлық деректер бұл құбылыстың тарихи шындық екенін бір ауыздан дәлелдейді. 2. Осман империясының негізін салып, қашан, қай аймақта кімдер оны қалыптастырған? Жауап: Жоғарыда келтірілген жазбалар мен деректердің барлығы үш құрлық (Азия, Еуропа, Африка) аумағында, 20 шақты ірілі-ұсақты мемлекеттің басын біріктіру арқылы үлкен Осман империясының құрылып, оған Осман сұлтан әулетінің ХІІІ ғасырдың басынан ХХ ғасырдың басына дейін (1923) үстемдігін жүргізіп, дәулет құрғанын да біз келтірген барлық еңбектер мен жазбалардың авторлары толық мойындайды. 3. Осман империясының құрылуына ұйытқы болған, оған мұрындық болып ұйымдастырған, оны қалыптастырып ұлы империяға айналдырып, 7 ғасыр бойы билеп-төстеген Сыр бойынан бір топ қаңлыларды бастап, Түркия жеріне көшіп келген Сүлеймен шах – Ертұғырыл батыр – Осман сұлтан әулеті болғанын да барлық еңбектер мен жазбалар, деректер толық мақұлдайды. Бұл тарихи көштің нақтылы көріністері мен жүзеге асырылуына байланысты аңыз-әңгімелер мен деректерде кейбір ауытқулар мен хронологиялық сәйкессіздіктер, оқиғалардың бірізді баяндалмаулары т.б. өзгешеліктері байқалса да, оның мерзімі, басталу себебі мен немен бітуі – бәрі-бәрі негізінен бір арнада баяндалады. 4. Біз қарастырған еңбектердің баршасы Кавказ үстін басып, Түркия жеріне Сыр бойынан (жалпы саны – 400, 440, 500 түтін) қайы-қаңлылардың атамекенін тастап, үдере көшуінің басты себебі, тағы да басқа қаптап келіп қалған Шыңғыс ханның жер қайысқан қалың қолы екенін толық мойындайды. 5. Сыр бойы қаңлыларының үдере көшкен бұл тарихи сапары «Жау шапты, ел қашты» жағдайында, «Аттың жалы, түйенің қомында» басталғандықтан да болар, біз қарастырған еңбектерде көштің басталған жері (бірде – Сыр бойынан, бірі түрікмендер арасынан), нақтылы мерзімі (1220 – 1240 жылдар кейде бұл мерзімнен әлдеқайда бұрын не өте кейін) көштің бағыты мен өрісі Армения жерінен өтіп, Түркия жеріне барып, кейін қайту себептері, көшкен қауымның іштей жіктеліп, әр жерге орналасуы сияқты бастан кешірген қиын-қыстау күндерін баяндайтын әңгімелердің жалпы сарыны, үрдісі ұқсас. 6. Біз келтірген деректердің көбінде Түркия еліне бірден сіңісіп кете алмай, жерсіне алмай, қаңлы көшінің кейін қайтуы, «жығылған үстіне – жұдырық» дегендей, онсыз да арып-ашып, қиналып келе жатқан көштің басшысы Сүлеймен шейхтің су тасқыны кезінде Ефрат өзеніне кетіп, аяқ астынан қаза табуы, тағы басқа жайттар барлық деректерде қайталанып отырады. 7. Барлық деректерде батырлығының, еті тірілігінің, іскерлігінің арқасында ауыл-ауыл болып Түркияның бір жерінен екінші жеріне көшіп-қонып жүрген қаңлы көшпелілерінің бірден-бір басшысы Ертұғырыл елден ерекше іс көрсетіп, бұл кезде Түркия жеріне де билігін жүргізе бастаған моңғол шапқыншыларына, византиялықтардың Кіші Азиядағы иеліктеріне түркі-селжүк әскерлерімен бірігіп қарсы қажырлық ерлік көрсеткенін жергілікті өкіметтің бағалай бастауы, мансабын (удж-бей, маркграф, әскербасы, т.б.) көтеруі – бәрі-бәрі тарихта болған шындық. 8. Міне, 90-ға келіп қайтыс болған Ертұғырыл ердің осылай басталған игілікті істерін одан соң оның ұлы Осман жалғастырады. Алдымен ол өз үлесіне тиген біраз жерге еркін билеп-төстейтін шағын монархиялы иелік құрады, одан соң Түркия жеріндегі жекедара (облыстарды) уалаяттардың басын қосып, үлкен мемлекетке айналдырады да, бірте-бірте Еуропа, Азия, Африка құрлығындағы үлкенді-кішілі 20 шақты дербес мемлекеттерді жаулап алып, басын біріктіріп, оны «Османлы қағанаты» атты жер жүзіндегі ең үлкен қуатты империяға айналдырады».

«Жер-судың аты – тарихтың хаты»

Тарихшы Әбдуәли Қайдардың бұл еңбегіне ешкім дау айта алмас. Қазір ақсақалдың жасы 90-нан асты, денсаулығына байланысты қосымша пікір ала алмадық. Дегенмен бұл еңбекті ақиқаттайтын тағы бір деректі ұсынсақ дейміз. Белгілі ақын, жер-су атауларының тарихына келгенде алдына жан салмай сөйлейтін Светқали Нұржан ағамыздың пікірі – бұлтартпас дәлел. Ағамыз былай дейді:

«Күллі дүниеге өзгеріс әкелген, кейін үш патшалықты бір қолға шоғындырып, түркі, парсы, араб әлемін бір тудың астына жинаған кескекті тұлғалар Сүлеймен шах, оның ұлы – Ертұғырыл, оның ұлы – Осман туралы фильмнің бізге қандай қатысы бар деген сауал туады? Бұл тарих туралы кезінде Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы жазып кетті. Бұл кісілердің ар жағы – Сыр бойынан, одан кейін Қорқыт атаның ұрпағы Оғаржық қаған бастап Маңғыстауға құлап, қанша жыл бойы осы жерді мекендеген. Бұл туралы Әлкей Марғұлан атамыз «Ежелгі жыр-аңыздар» кітабында жазып кеткен. Менің ойымша, Ертұғырылдың әкесі Сүлеймен шах Маңғыстауда туған. Бұлардың нақты материалдық дәлелі – жер атаулары. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген қазақтың сөзі бар. Оғыз-түрік тайпаларының іздері сол сөздің ақиқатындай болып, Маңғыстауда сайрап жатыр. Қазақтың жады соны бүгінге дейін сақтап жеткізген. Мысалы, Шетпенің ар жағындағы Аусары, бер жағында Жыңғылдының қасындағы Қарқын, оның бер жағында Емір, Егдір, Шәудір, Қайлы сияқты жер атауларының бәрі көне түріктің оғыз бұтағына жататын тайпалардың аттары. Бұлардың таңбалары да киелі түбекте самсап тұр. Мысалы, Таушықтың ар жағында Емді тауы мен Қарақауақ, Шүлдір тауының арасында бір құпия тұйық бар. Ол тұйыққа адам көлікпен бара алмайды, тауды қиялап жаяу ғана бара алады. Тамшалы сайының тұйығына ұқсас, бірақ ол жерде су жоқ. Меніңше, Құдаймен байланыс жасайтын, кеңестер өтетін, құлшылықтар жасалатын жер сияқты. Сол жерде қаншама көне таңбалар тұр. Арғы сілемдері руналық жазбаларға алып баратын жазулар бар, кейінгі араб жазулары бар. Осында Қайлы таңбасының, Ертұғырылдың тайпасының таңбасы тұр. Ақтаудан Қараман атаға кетіп бара жатқанда Көкжал деген ежелгі қорған бар. Сонда да осы таңбалар тұр. Бегілі Қайлы, Қайлы деген жер атаулары да осыған дәлел. Бұл деген сөз – осы қоныста солардың жайлағанын білдіреді».

Әлемді билеген түркілер

Қаңлы. Қайлы. Ертұғырыл. Осман империясы... Біздің білуімізше, Тұран даласынан ауып барып мемлекет құрған, әлемді билеген түркілер аз емес. Айталық, Мысырды билеген Бейбарыс сұлтанның өмір-тарихына куәміз. Бақытымызға орай, оны дер шағында зерттеп, тамаша көркем фильм түсірдік. Есесіне Бейбарыс сұлтан туралы айтыла қалса, сөз жоқ, батырдың ұрпағы ретінде алып-қосарымыз дайын тұрады.

Ал Бабыр ше? Захир әд-Дин Мұхаммед Бабыр. Темір әулетінен шыққан мемлекет қайраткері, қолбасшы. 12 жасында Ферғананың әмірі болып тағайындалғаннан кейін аз уақыт ішінде Исфара, Ходжент қалаларын бағындырған. Әму мен Сырдың аралығында бір орталыққа бағынатын алып мемлекет құрмақ болып көп жыл арпалысады. Кейін Шайбани әскерлеріне төтеп бере алмай, 1501 жылы Самарқандты тастап шығады. Жүздеген қолымен Орта Азиядан кетіп, Кабулды басып алады. Одан кейін Үндістанға 5 рет жорық жасайды. Ақыры 1526 жылы Лахорды алып, Пенджабқа орнығады. Жалпы Бабыр Үндістанның солтүстік бөлігін толықтай бағындырады. Сол жерде Моғол империясының негізін қалап, Делиді мемлекет астанасы қылады.

Ал Меккені басқарған қазақ туралы естуіңіз бар ма? Абдолла қажы Сарыұлы Әл-Бұқари – қазақтың екінші Бейбарыс сұлтаны атанған. Қытайда қазақ қандастарымыз мекендейтін Алтай тауы өңірінде туып, 1940 жылы қазақты қырған Мафуфаң атты дүнгеннің талауына түседі. Сөйтіп 13 жасында ұйғыр саудагерлерінің біріне сатылып кеткен. Дәл Бейбарыс сұлтан сияқты. 1941 жылы сол саудагермен бірге Сауд-Арабиясына барып, сонда біржола қалған. Кейін Меккедегі әскери университетте оқиды да, сол бойынша дәрежесі көтеріле береді. Ақыры Мекке қаласының әкімі лауазымына дейін жетеді. Оның сыртында «Мемлекетке еңбегі сіңген генерал» сияқты қаншама жетістіктері бар.

Өткен жылғы спорт бәсекесінің негізгі кездесуі – ирландиялық Конор Макгрегор мен Хабиб Нурмагомедов болды. Хабиб жеңіске жеткен соң әлемге Дағыстан атты автономиялық кішкентай ғана мемлекеттің атағы жайылды. Ал оның президенті – Владимир Абдуллаұлы Васильевтің әкесі қазақ екенін білесіз бе? Әкесінің аты-жөні – Асанбаев Әбдуәли Асанбайұлы.

Айтайын дегеніміз, мемлекет құруда, ел басқаруда түркі баласының таланты дейміз бе, жанкештілігі дейміз бе – орыны айрықша. Ертұғырылмен бірге жоғарыдағы мысалдарды келтіріп отырғанымыз да содан. Ертұғырыл жасынан елді ұйымдастыруда, қол бастауда айрықша талантты болды дейді деректер. Осман империясының құрушысы ретінде түріктер оны өмір бойы құрметтеуге бар. «Иоруқ мерекесі» деп аталатын арнаулы күнді түріктер жыл сайын тойлайды. Ол Ертұғырыл заманынан басталған, жайлаудан қыстауға аман оралған халқына арнап жасаған қолбасшының мерекесі екен.

«Ертұғырыл» фильмінен соң түріктердің рухы бір асқақтап қалғанына дау жоқ. Ал біздегі тарихи фильмдердің жағдайы қалай? Елбасы өткен жылдың соңында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында осы тақырыпты қозғады. «Тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек», – деді.

Қазір Ақан Сатаев «Томирис» фильмін түсіріп жатыр. Елеңдеп-ақ отырмыз. Айтпақшы, осы фильмді түсірер алдында Елбасы режиссерді қабылдады. «Томиристің» ішінде ақсақалдың сөзін айтып отыратын адам болсын. «Ертұғырыл» деген түріктің фильмінде аппақ сақалды шал ақыл айтып отырады. Елдің бірлігінің арқасында біз үлкен жеңіске жетеміз деп айтып отыратын адам керек», – деді Елбасы Ақан Сатаевқа. Елбасының да «Ертұғырыл» телехикаясын көруі тегін емес шығар. Фильмнің жалғасын «Қайта оралған Ертұғырыл» деп атау да бекер болмаса керек. Ел өссе, осындай ұлы арманның жолына бас тіккендердің арқасында өсер деп ойлаймыз.

Асылан ТІЛЕГЕН

8529 рет

көрсетілді

1400

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы