• Featured
  • 19 Тамыз, 2019

Жәңгір ханның ордасы қандай болған?

Тарихшылардың бір тобы Исатай мен Махамбеттің көтерілісіне қарсы шыққаны үшін Бөкей ордасының ханы Жәңгірді жау көрсе, енді бір тобы қазақ топырағына ірі реформалар жасаған билеуші ретінде әйгілейді. Екінші топтың пікіріне келіспеске лажымыз жоқ. Себебі, екі ғасырдан бері іргетасы сөгілмеген Хан ордасы күн өткен сайын туристердің қатарын көбейтуде. Ата-бабамыздан бізге не қалды?! Әлбетте, асыл сөзге бай халық екенімізді қашанда алға тартамыз. Ал көзге көрсететін неміз бар дегенде көшпенді халық болғанымызды тағы да себеп қыламыз. Аталары зәулім сарайлар, асыл жәдігерлер қалдырған елдердің бәрі қазір туристік орталықтарға айналып жатыр. Көз суаратын дүниелері болған соң да олар мақтана қалады. Ал біздің көне архитектурамыз көп жағдайда кесене-мазарлардан аспайды. Десек те... Десек те біз-дағы құр шөппен ауыз сүртетін жағдайда емеспіз. Соның мысалы ретінде біреуіне ғана тоқталайық. Ол – Хан ордасы. Орал қаласынан 500 шақырым алыста жатқан Хан ордасы қазір Бөкей ордасы ауданының құрамында. Бөкей хан Ресей императоры І Павелдің рұқсатымен 1801 жылы Жайық өзенінің оң жақ жағалауына, Нарын құмына қоныс аударды. Осы кезде Бөкейдің ұлы Жиһангерей-Жәңгір өмірге келеді. Әкесі Жәңгірді кішкентайынан орыс шенеуніктерінің тәрбиесіне беріп, еуропаша білім алуға Астраханға жібереді. 1815 жылы Бөкей сұлтан қайтыс болған кезде Жәңгір сұлтан 14 жаста еді. Тақ мұрагері саналғанымен жасы жетпеген соң хандық билікті Бөкейдің інісі Шығай атқарады. Шығай сұлтан бізге белгілі дәулескер күйші Дәулеткерейдің әкесі еді. Араға жылдар салып Бөкей ханның аманат жарлығы бойынша 1824 жылы Жәңгір сұлтан хан тағына отырады. Өзі де жаңаша оқыған, хандықты әкімшілік тұрғыдан басқаруды үйренген Жәңгір таққа отыра сала халқының түсіне де кірмеген реформалар жасауға көшеді. Солардың бірі – Хан ордасын тұрғызу, сарай салу еді. Ұлттық энциклопедияда Хан ордасы туралы былай дерек береді: «Отырықшылық тұрмысқа үйренген татар әйелі Фатима қазақтың көшпелі өміріне көндіге алмайды. Ол күйеуінен хан сарайы ретінде үй салып беруін өтінеді. Жәңгір хан әйелінің өтінішін орындап, Нарын құмының нулы жеріне үй салдырады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Хан ордасы кішігірім қалашыққа айналып, ағаштан және кірпіштен салынған 400 үйде 1200-дей адам тұрды». Иә, бұған дау жоқ. Бір кездегі хан қалашығының орнында қазір Орда ауылы тұр. Ауыл үйлерінің арасында «таяғын сүйеніп» тұрған қадым заманғылары да бар. Ал осы 400 ғимараты бар Хан ордасын көз алдымызға келтіре аламыз ба? Қазір алыс-жақыннан туристер келіп тамашалап жүрген Хан ордасы ежелгі орданың бір түйірі ғана. Қазіргі тарихи ескерткіштер аумағында екі қабатты хан сарайы, қазынашылық сарайы, мешіт, баспахана, қыздар училищесі ғимараты бар. Бұлардың кейбірі Жәңгір өмірден өткен соң салынған. Хан ордасының салынуын Сәбит Мұқанов былайша жазады: «Өзіне бағынған ел көшпелі күйде, белгілі мекенсіз жүргенде, ол елді басқару қиын болатынын Жәңгір жақсы ұқты. Сондықтан ол патша үкіметімен ақылдасып, Нарын құмының өн бойына өзі билейтін елді тұрақты қоныстатуға тырысты. Бұрын белгілі қонысы жоқ ел, Нарын құмын Жәңгірдің басыбайлы қонысқа айналдыруын оның халық қамын ойлағандығы деп ұқты. Жәңгірге орда салып беруді, оған салтанат жасап беруді патша үкіметінің өзі қолдайды. Өйткені патша үкіметіне қазақ елін билеу үшін тұрақты әкімшілік орны керек. Ондай орын болса, бір жағынан әскер қойып, өзіне сенімді Жәңгірдің тіршілігін сақтауға, елді әскер күшімен қорқытып билеуге болады, екіншіден, сауда-саттық жасап базар ашуға болады».

Киіз үй орнына хан сарайы

Енді хан сарайының құрылысы қашан, қалай басталғанына тоқталайық. Рақымжан Отарбаевтың «Екі киіз үйдің тарихы» мақаласында Нарын құмынан сонау Ресейдегі І Николай сарайына Жәңгірдің киіз үй құрып алып барғаны туралы баяндайды. Ол туралы 1903 жылы 15 маусымда «Тургайская газетада» жарияланған П.Стоплянскийдің «Қазақ үйі жоғары мәртебелі І Николай ағзам сарайында» деген мақаласынан былайша сілтеме береді: «Император І Николай таққа отырысымен Жәңгір Бөкеев ханға жоғары мәртебелі қазақ үйін тарту етсем деген жақсы бір ой келеді. Сол кездегілердің суреттеп жазғанына қарағанда Император ағзамға арнап Жәңгір Бөкеев Хан жасатқан киіз үйдің аумағы 34 аршын, биіктігі 5 аршын 5 вершок еді. Қазақ үйдің құрамы: керегесі қызыл сырмен сырланып сүйектелген. Керегенің сүйекті әшекейіне шыны мен жұқа фольгадан әртүрлі дөңгелек бейнелер оймышталған. Кереге торкөздерінің бір-бірімен қиылысқан шабақтары тесіліп, қайыспен тартылып, түйінделіп бекітілген. Керегенің сырт жағы дөңгеленіп келеді де жоғарғы жағына уықтарды тартып бекітетін әр түсті уық баулар байланған. Үйдің уықтары да иіліп, бәрі қосылып дөп-дөңгелек шеңбер құрайды. Уықтар да сырланып, бел ортасына дейін әшекейленген, саны – 135. Уықтардың ұшталған қаламы шаңырақтағы қаламдықтарға кигізілетін болса, төменгі түп жағы керегенің басындағы қайыстан істелген уық баулармен бекітіледі. Киіз үй есігінің қос босағасы, маңдайшасы айна шынылары және сүйекпен әшекейленіп, олардың ара-арасы жылтырауық жұқа фольгамен оймышталып, босаға түгелдей апталған. Ал есіктің өзі ақ кенептен, сырт жағы қызыл мәуіті мен қара барқытпен, әртүрлі әсем ою-өрнектермен өрнектеліпті. Есіктің ішкі жағы қызғылт түсті сахтиянмен қапталып, есік жиналған алтын шашақты жібек баумен үйдің белдеуіне байланады. Босағаның табалдырығы ағаштан, көк сырмен сырланған. Киіз үйдің шаңырағы да сүйек, шыны, фольгамен апталған, шеңберінің көлемі 13/14 аршын. Шаңырақтағы бір-бірімен қиылысқан күлдіреуіштер төбесі дөңгеленген үйдің ұшар биік күмбезін құрайды, ал ішке қаратылып күлдіреуіштерге бекітілген, үйге жарық түсіп, түтін шығатын төрт тақтайша да есікке ұқсас әшекейленген. Үйдің негізгі сүйегі (кереге-қанаттар, сықырлауықтар мен уықтар) шаңыраққа дейін шығыс мәнерінде оюланған төрт жалпақ құр баулармен шалмаланыпты. Құрылып болған үйдің сүйегіне ақ киізден туырлық, үздік, түндік жауып, олардың сыртынан бірі өрнектеліп есілген, екіншісі қызғылт мәуітімен қапталған басқұр баулармен бастыра бекітіпті. Үйдің сүйегіне жайылған киіз ішкі жағынан қызғылт және көкшіл түстегі туырлық, үздік және түндік баулар, балақ бау, иық бау, жел баулармен уықтарға байланыпты. Алтын шашақты, жалпақ үй жібек бау шаңырақтан төмен түсіп, үйдің ішкі жасауымен үйлесім тауып тұр. Үйдің еденіне ауғанның тоғыз қалы кілемі төселіпті». Осыдан соң мақала соңында патшалық тарапынан Бөкей хандығына мол ақша беріліп, хан сарайының құрылысы басталғанын айтады. Ал қазақ өлшеміндегі 1 аршынның 71 сантиметрге тең екенін айта кетейік. Ал енді есептей беріңіз...

Сарай ақындарының орданы суреттеуі

Сәбит Мұқанов «Жәңгір сарайының ақындары» мақаласында Байтоқ және Жанұзақ деген екі жыраудың өлеңдеріне назар аударады. «Патша үкіметінің Жәңгір ханға жер беруін, тұрақты орда, қала салып беруін Жәңгірдің орда ақыны Жанұзақ жырау ханның өз алдында былай деп сипаттайды: «Айт десеңіз айтайын, Мажовой* салған жеріңнен, Ит терісі булантпен, Патшаның тура өзіне берілген, *** Фарманы салған көк ала үй, Төбесін зағпыранның суымен сылатқан. Мұржасын алтын бумен бұлатқан. Алдындағы мешіті, Жаннаттың өз үйіндей дулаған, Қыймалы кибіт, қыюлы үй, Қыйып салған ұстасы, Көк алалы биік үй, Көрмеген биік шандоз үй, Есендікке салған үй, Дәулеті артық иемнің... Ши алтынға малынған, Сары алалы монша зал үйі, Салқындыққа салған хан үйі. Сары алалы қапу ашылып, Старшина билер қабырғадан Қол қусырып бас ұрып, Алақандай қағаз, анық мөр, Иемнің өз қолынан шашылып, Шамшырағын шын алтынмен булатқан, Үстелін жібекпенен торлаған, Пешін шынаяқтан құраған. Түтіндігін зағпыран суымен сылаған, Бағаналы құдық тарттырып, Баспасына жібек арттырып, Сарайының басына, Кетпес сырлар жақтырып...» Көк-алалы үйдің ішінде, Алтынды тақтың үстінде, Ал мен гүлге бөленіп, Күнінде бармай тапқан жаннатым. Бұлайша сипатталған орда бұрынғы көшпелі ауылдағы «тоқсан басты» керегенің ордасы емес, кәдімгі Еуропаның атақты қалаларында кездесетін, көркем архитектурамен салынған орда. Мұндай орданың өзіне лайық қора-қопсысы, сарайы, ауласы, тағы басқа жабдықтары болмақ қой, ондай салтанатты жабдықтардың Жәңгір ордасының маңында түгел болғандығын Байтоқ жырау былайша сипаттайды: «Ол салдырған сарайдың, Айналасы айшылық, Көлденеңі күншілік. Көргендер көзі қыйып кете алмас; Кете алмасын әбден білемін, Аспаннан борай да борай қар жауса, Басынан борасын борап өте алмас...» Қос ақынның да мадақ жырлары ұзақ. Жетпіс түрлі ағашы бар бақшаны да суреттейді. Ал Жәңгірдің немересі Шәңгерей ақын бір өлеңінде былай дейді: «Нарынның қызыл құмында, Ай белгілі ақ мешіт, Алпыс бөлме, жүз есік, Салынған екен көк орда». Десе де Сәбит Мұқанов хан сарайының дәл мұндай болғанына күмән келтіреді, ақындар тым әсірелеп жіберген деген пікір айтады. Ал енді бір деректер 1833 жылдан ордада тұрақты жәрмеңке боп тұрғанын айтады. «Көктемде және күзде ішкі Ресей қалаларынан, Хиуа, Бұхара хандықтарынан көптеген алыпсатар ағылып келіп, мал өнімдері мен аң терілерін алса, өздері жергілікті халыққа зергерлік жиһаз, тұрмыс жабдықтарын жеткізеді. Төрт жыл аумағында хан базары екі миллион сомның сауда-саттығы жасалатын үлкен орталыққа айналады. Жәңгір ханның халық мүддесін көздеп, мықтап қолға алған мәселесі – денсаулық сақтау. Себебі ол кезде өңірде отыз мыңдай отбасы өмір сүргеніне қарамастан олардың денсаулығын сақтау шешімін күткен күрделі мәселе еді. 1838 жылы аурухана, дәріхана аштырды. Соның арқасында сахара адамдары бақсы-балгерлерге қаралуды қойып, дәрігерлер көмегіне иек арта бастайды», – деп жазылыпты профессор Сұлтанмұрат Сабыров мақаласында. Ал 1841 жылы ордада орыс-қазақ мектебі бой көтереді. Жәңгір өзі сонда мұғалім болып, тіпті емтиханды да өзі алатын болған екен. Жәңгір сарайында көздің жауын алатын қымбат жиһаздардың болғанында дау жоқ. Олардың біразы қазір де музейде тұр. Тіпті Фатима ханымның күйсандығы да бүгінгі күнге жетіпті. «Музейде сарайда қонақ болғандардың естеліктері бар. Солар үйдің қызыл ағаштан салынғанын, жиһаздардың Франция мен Мәскеуден әкелінгенін, түрікмен кілемдерінің ілінгенін жазыпты», – дейді музей қызметкерлері. Әлбетте, деректерде айтығандай 400 ғимараты бар сарайдың соншалықты көз тартар болғанына сенгіміз келеді. Хан сарайының артында үлкен көл болғаны, оны қыста мұз айдыны қылатыны туралы да дерек бар. Қазір Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешенінің басшылығы үлкен жоспарын дайындап қойыпты. Соның ішінде осы көл, бассейндер бар. «Мұның бәрі болғаны ақиқат, жазба деректер бар», – дейді қызметкерлер. Хан сарайының маңына, құмға әкеп қалың қарағай отырғызған Жәңгірдің шын мәнінде Еуропа стиліндегі орда жасамақ болғанын байқаймыз. Сол хан тоғайы құмда әлі де жайқалып тұр. Бәрінің айғағы секілді еңселі, мәуелі...

Асылан ТІЛЕГЕН

Ақ желкен» журналы, №7 Шілде, 2019

3779 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы