• Featured
  • 05 Желтоқсан, 2019

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ. «Үлкендер алдамайды»

Жоқ, үлкендер алдамайды. Өткенде ғана анасы әнші боласың деді, міне, «Әнші балапан» байқауынан бас жүлдені қанжығасына байлады. Ауырып жатқан атасы кеше мына жаңалықты естіп, қуанғаннан жазылып та кетті. Бәрінен бұрын әжесінің байғазыға деп қағаз ақша бергенін айтсаңшы! Қонақ қарасы азайғанда оны уақтап жыртып, лезде «көбейтіп» ала қойды. Енді күз келсе болды, мектепте алғаш танысып, достасқан балаларға балмұздақ сыйламақ. Күн қытықтап оятқанда Мұраттың ең бірінші ойлағаны осы еді. Әдетте құлағының түбінен ызыңдап, мазаны алатын шыбынды да бүгін сүйіп алғысы кеп тұр. Дегенмен, жеңісті болған кешегі күнді ұзарту үшін әлі де болса жата бергісі бар. Төсектен тұрса «бүгін» болып кететін секілді, оянғысы келмеді. Мектепке баратын күнді де ойлап қояды соның арасында. «Ертеңнің» ерте келуі үшін «бүгін» тезірек болуы керек. Ақыры, кірпігінің арасына тұрып қалған ұйқыны жаңа сауылған ешкі сүтінің иісі тырнап ашты. – Әжесінің құлыны оянды, келін, оттағы сүтті түсіре ғой, – деді белі қасықтай бүгілген кішкене ғана ақ мамасы. – Кімнің баласы дейді? – Әжесінің баласы, басқа кімдікі болушы еді?! – Өй, саған бала қайда, бұл менің өз балам, «кәк» дегенде аузымнан түсіп қалған. Солай емес пе, балам? – деді шахмат тастарын орын-орынына жайғастырып жатқан жерінен жалт бұрылған атасы. – Көрмейсің бе, өзіме тартқанын. Бойы да өзім секілді бір тұтам, әншілігі де аумаған өзім. Сенің домбыра тартатының болмаса, бойың да ұзын, дауысың да жоқ... – Кім аспаннан салбырап түсіпті. Бұл – бала ғой, өседі әлі. Бар-жоғы бесте емес пе?! Анадан осылай туып, сол боймен қалған мына сен шығарсың, менің балам аузымнан түскенде алақандай ғана болған. Қарамайсың ба міне, сымдай тартылып келеді. Домбыраны да үйретерміз. Желең жігіт болған шағында мен құсап «Ерке сылқымды» тартып, сұлу қызды келін қылады бізге. Қара да тұр! – Айтсын, айтсын! Тек Алла абыройынан айырмағай да... Жазған бала екеуіне кезек-кезек қарап, қайсысының мойнына асыларын білмей ұзақ тұрып қалды. Баласын қызғанды білем, атасы жанқалтасына қолын сүңгітіп жіберіп, ішінен Мұраттың сүйіп жейтін кәмпитін алып шықты. Тосын сыйлыққа қуанған ол атасының қолынан ұстап бірге сыртқа шықты. Әжесі сияқты беті-қолын жумақ болған, алайда атасының қара жұмыстан күс-күс болған қайратты алақаны Мұраттың бетін тырнап өтті. Ауырсынғаннан қабағын кіржитіп, басын тартып ала қойды. – Ауырып кетті ме? Ә, бұл не көрмеген қол! Бүтін бір отбасыны осы алақан асырады ғой, шіркін! – Жоқ, ә! Жәй, көзіме бірдеңе елестеп кетті. – Солай ма? Жақсы, қазір екеуміз ауқаттанып алайық, сосын теңізге барамыз. Теңіздің таңғы ауасы – шипалы. Жәй қарап отырсаң да көкірегің кеңіп сала береді. Бір сүңгіп шығып, арқаңды күнге беріп отыршы, бойдағы салқынның бәрін сорып алсын! Аттай болып мен де шауып кетермін-ау, тіпті! Мұрат атасының қулығын енді аңғарды. Жаңа ол бұны беті-қолын жуып беру үшін қолынан жетектеген шығар десе, қолынан жетектеген боп өзіне сүйеніш еткен екен ғой! «Қазір тездетіп сүтімді ішіп, атамды жағаға апармасам, тағы да жатып қалатын түрі бар». Айтқандай, әне: көк дарбазаны атасы мен немересі екеу боп аттап, теңізге беттеп барады. – Ата? – деді бір уақытта жаздық жейдесін арқасына іле салған Мұрат көз ұшындағы теңізге қарап. – Иә? – Теңіздің артында не бар? – Теңіздің артында жер бар. – Сонда күн сол жерге барып ұйықтай ма? – Қайдам, оған ұйқы қайда. Біз ғой табиғат-анаға ұйықтап жатып та тыныштық бермейтін. Ол жақта да адамдар бар, оларға да жарық болуы керек. Күн бізден кетіп, соларға барады... – Әкем де сол жақта ма? – Иә, шырағым! Әкең сонда балықтарды жемдеп жүр, – деді ауыр күрсініп. Осыдан кейін атасы тұйықталып қалды. Әрі қарай жарытып ештеңе айта қоймады. Тек көзінің қарасы болған баласына үнсіз ғана құмнан сарай соғып берді. Хан сарайын. Бұл сенің болашақ үйің деп қояды және. Үлкендер алдамайды ғой... Қайтарда атасының бағанағыдай емес, тыңайып қалғанын байқады. Дегенмен дауысы сәл қарлығыңқы шыға ма, қалай? – Балам, – деді ол, тамағын бір кенеп алып – асықпа, шырағым. Мен де сол балық жемдеуге кететін шығармын... – Сонда теңіздің арғы жағына ма? Бәрібір қуырып жейміз ғой соларды, жемдеп не керегі бар? – Әй, Мұратым, бұл бір өзі айналмалы дүние, біз балықтарды жемдейміз, кейін ол бізді... – Қызық екен, мен де барып жемдесем бола ма? – Біз сол балалар тойсын деп кетеміз ғой, сендер ауқаттанып алып, үйдегі, елдегі адамдарға тіреу болсын дейміз де. Ол жаққа асықпа, бәрінің уақыты келеді. Атасы тағы да бір терең күрсінді. Есіне әлдене түсіп кетті ме, Мұрат үйге еркелей басып жүгіре кірді. Қонақ бөлменің төр жағында, құранның қасындағы домбыра көрнекілік үшін ғана ілініп тұратын. Атасы оған қол апара бермейді. Шалық буған шамандай есіктен кіре сала көкірегіне құлақ тосты. Ішінде қаншама әуен құмығады. Солығы басылмаған баладай көрінген оны қалай жұбатарын білмей шанағын басқан шаңды жанындағы кітаптың қалтасына сүртті де, орнына қайта іліп қойды. Терезеден түскен нұр әкесінің портретінің әйнегіне соғылып, шашының арасынан өтіп барып, домбыраның ойығына құйылып жатыр. Әлде керісінше ме, әйтеуір, осы нұрлы сүрлеуге түсті де, қарама-қарсы қабырғадағы әкесінің сүгіретіне көз матырып алды. – Әкең, жарықтық, домбыраны жақсы шертуші еді. Бұл үйден енді ондай күйші шыға ма, шықпай ма – бір Құдай біледі... Артынан үнсіз ғана бақылап жүретін атасының тосыннан басталатын әңгімелеріне үйреніп қалған Мұратқа оның қалай келіп қалғаны емес, әкесінің қандай адам болғаны қызық қой, үнсіздік нотасын сұрақпен жалғап жіберді: – Сонда, мына аспапты әкем қалдырып кетті ме? – Жоқ, атамнан қалған. Әкеңе менің әкем берді. Өзінің атасы. – Неге ол сізге қалдырмады? – Ол кезде есеп-қисапқа қызыққан маған домбыра керек болды дейсің бе?! Бір жағынан қатарластарыма гитара ұнайтын. – Онда неге үйде гитара жоқ? – Кісілер келсе ұят та... Олар шалы бар үй деп келеді. Әні-міне сексенге қадам басатын шалдың гитара даңғырлатып отырғаны күлкілі емес пе? – Ой, ата, сіз де қызықсыз. Домбыраны да жөнді шерте алмайсыз ғой бәрібір? – Оларға соның өзі қызық қой, – деді жымиып. – «Ерке сылқым» ше, тартып білмесеңіз әжем үнемі айтып отыратын ба еді? – Ой, әжеңе «шөп те өлең, шөңге де өлең» ғой. Оған өз нұсқамдағы «ерке сылқымды» тартып бергем, – деп тағы бір жымиды. – Мұны енді маған қалдырасыз ба? – Жоқ, бұл ескірді... Ескіргені рас еді, үлкендер алдамайды ғой... Ұйықтарда әдеттегіше атасы мен әжесінің ортасында жатты. Адам үлкейген сайын бала боп кете ме, әйтеуір, екеуінің-ақ тартысы бітпейді. Сондағысы «Мұрат менің балам», «Жоқ, менің баламның» кері. Ақыры болмаған соң елдің баласы болсын деген мәмілеге келеді. Сонсоң екеуі бір-бірімен жарысып ертегі айтып береді де, Мұраттан бұрын өздері ұйықтап қалады. Ал ол болса тыстан естілген түрлі дауыстан қорқып, атасының бауырына тығылыңқырап, көзін тарс жұмып жатып алды. * * * Жанарын осыдан кейін мүлде ашпаған секілді сезінді өзін. Бір-бірінен аумайтын күндер кірпігінің ұшынан домалап түсе берді. Еш өзгеріссіз. Тек бүгін ғана жүрегіне әлдеқандай жайсыздық орнады. Онсыз да қонақ арылмайтын үйге бір күнде пәленбай қонақ келді және ешқайсысы бұдан «насыбай» сұрап «әурелеген» жоқ. Жәй ғана басын төмен салып әжесіне жақындай береді бәрі. Жөпелдемеде атасын да таппай қалды. Сарайға барып іздеді. Жоқ. Мал қораға барды. Жоқ. Таппаған соң балтасын бір көтеріп, бір түсіріп, көтерген сайын «қылдай қыпылдап тұрған жүзін көрдіңдер ме» дегендей күнге маңдайын шағылыстырып әуреге түсіп жатқан қазан басындағы ағаларына барды. – Атам қайда, аға? – Атаң ба, ол... ол деген... Ана аузына темекі қыстырып алған мұртты сарыны көріп тұрсың ба? Содан сұрашы, айналайын. Атаң маған айтпай кетіпті. Бір білсе, сол шал біледі. – Ал, мына адамдардың бәрі неге көңілсіз? – Ой, сенің де сұрамайтының жоқ екен, – қапелімде не айтарын білмей беті тотыққан көкесі кібіртіктеп қалды, – оны да сол шалдан сұрай ғой. Бәрін түсіндіріп айтып береді. Мұрат әркімге бір бұйрық беріп болып, көзіндегі мұңмен жалғыз алысып тұрған сары шалға барды: – Көке, атамды көрмедіңіз бе? – Атам дейсің бе? Ол... Ол әлгі... Саған көп ойыншық әкелемін деп Астанаға кеткен бүгін, – деді де көк жүзіне аппақ тыртық қалдырып кетіп бара жатқан ұшақты сұқ саусағымен нұсқап – әне, анау ұшақтың ішінде отыр. Жақсы жетіп, жайлы орналасса болар еді... – Маған ойыншық емес, атам керек. Қашан келеді? Адамдар неге көп келіп жатыр? – Адамдар сол Астанаға сәлемімізді жеткізсін деп келіп жатыр. Мен де білмеймін қашан келетінін. Әйтеуір бір көрісесіңдер ғой. Осы уақытта анасы ту сыртынан келіп қалған еді: – Құдай сақтасын, ата! Балаға не айтып тұрсыз! Көрісетіні несі? Қайдағы-жоқты қайдан айтып! Одан да осы баланың амандығын тілемейсіздер ме?! Жүре ғой, ботам, кейін бәрін айтып берем. Ал, мына көкеңнің ойыншық алып келеді дегенінен басқа сөзіне сенбе! – Сонда мені алдады ма, мама? – Жоқ, үлкендер алдамайды... * * * Содан бері, міне, аттай бес жыл өтіпті. Аспанды кере қарыс қып сызып кететін ұшаққа телмірумен Мұрат та он жасқа жетіпті. Бірақ құшағын ойыншыққа толтырып келетін ата да жоқ, балық жемдеп келетін әке де жоқ. Ол үйдің алдына шығып көкке қарап бар дауысымен айқайлады: «Ата, мен ертең Астанаға баратын болдым! Үлкендер алдамайды деп айтып едің ғой! Мен де өстім! Енді мен де ешкімге өтірік айтпаймын! Естисің бе? Ойыншықтарыңды дайындап қой, өзім барып алып кетемін. Қолтығыңнан демейтін ешкім болмай, келе алмай жатсың ба?». Ақ жаулығы желбіреп әжесі көріп тұрды бәрін. Екі көзі мөлдіреп, не дерін білмеді. Дейтін де еді, бірақ баланың алдында жылап жіберемін бе деп қорықты. Орамалының ұшымен бетін бір сүртті де шәйға шақырған болды. – Қарағым, ертең жарысқа барғанда бізге еркелегеніңді салма! Сен үлкен жігіт болдың, әніңді айтып болған соң апайыңның қасынан қалма! Тілін ал! Астана деген үлкен қала, сенің теледидардан көргеніңдей емес! Сақ жүрерсің, құлдығым. – Уайымдамаңыз, әже. Өстім ғой мен. Атамды да тауып алып, өзім әкелемін үйге. Беймарал... Әңгіме осымен тәмәм. Күннен-күнге атасынан айнымай бара жатқан Мұратқа көп сөйлеп, ойынан қайтара алмасын түсінген әжесі үндемеді. Мүмкін, бала көңілдің сеніміне селкеу түсіргісі келмеген болар. Мүмкін, әулеттің соңғы тұяғын қалай жеткізсем деген ойлар қажытқан болар... Терезе сыртынан күн ұяла қарайды, сәуле-қолымен арманынан қиялы басым баланың еңбегінен болар-болмас сыйпайды. Әрине, атасының қара жұмыстан күс-күс болған қайратты алақанындай жұмсақ болсын ба?! Мұрат «Өнерлі өрендер» байқауына, Астанаға барғанында да күн осылай мейірленіп тұрған. Неше түрлі ою көмкерген сәулетті де дәулетті көрінетін биік-биік ғимараттар мен жұпар аңқыған гүлзарлардың арасында жүріп те әуе жолына қарауды ұмытпаған Мұрат атасын есінен шығарған емес. Қала далиып жатқан кең жазира даладай емес екен, атасының келе алмай қалуының себебін түсінгендей болды. Адасып қалған шығар. Дегенмен, әжесінің айтқанын да орындауы керек. Апайының тілін алып, байқау қорытындыланған соң бірден жетекшісімен бірге үйіне қайтады. Мұның келетінін біліп, күтіп жатқан атасы жарысқа іздеп келеді. Сол үшін де жақсы етіп орындап шығуы ләзім! Әжесі солай дейді. Ал, үлкендер алдамайды. Осы ойлардың жетегінде өзі өнер көрсететін ми пішінде салынған жүз терезелі салтанат сарайына қалай келгенін байқамай қалды. Ғимараттың алдында ығы-жығы қалың нөпір. Таңғалудан жалықпайтын аңғалақ көздер өздерінің де Мұрат секілді байқауға алыстан келгендігін, Астананы алғаш рет аралағандарын айқайлап айтып тұрғандай. Табалдырығынан оң аяқпен имене аттады. Әр жерден сығалаған камералар үрейдің отын үрлейді. Кеудесіне түйдектеліп алып-ұшпа сезім құйылып жатыр. Ойланып көріңіз, ол бірнеше минуттан кейін сахнаға шығып өнер көрсетеді және бұған мың жанардың бізі қадалмақ. Олардың ішінде атасы болуы мүмкін екендігін де айта кету керек! Болмай қалса ше? Толқын-толқын сезімдер жанының жағалауын шайып өтті. Бар денесін аяғына тапсырған, өзі ауада қалықтап кетіп бара жатқандай. Аяғы болса, амал жоқ, әжесінің тапсырмасы бойынша апайының қасынан бір елі қалмауға «міндеттелген», өз-өзін сүйретіп келеді. «Көңіл ашар» күйін естігенде барып, есін бір-ақ жинады. Оркестрдің алдына бірінен бірі өткен сұлу қыз бен жігіт шығып, өлең оқи бастады. Алғашында екеуінің мәнеріне таңғалмасқа шарасы қалмаған Мұраттың жеңістен үміті үзілгендей еді, сөйтсе олар жүргізушілер екен. Ал қазылар алқасында кім жоқ деңіз: арысы – теледидардан түспейтін жыраулар, берісі – өзі сүйіп тыңдайтын дыраулар. Бәрінің есім-сойы аңыз боп тараған майталмандар. Көк сүңгісін көлденең ұстап, көгесем қырды саяқ кезген баяғының баһадүрлерінше ішкі иірімдеріне сабырын қарсы қоймаса, жүрегіндегі діріл ән айтуға біраз кедергі келтіргелі тұр. Мұрат бір сәт көзін жұмды да, қолын кеуде тұсына апарып, терең тыныс алды. Апайына қарап еді, ол бұған көз қырын салды да, енді өнерін көрсетіп жатқан байқауға қатысушыға қарап отыра берді. Шыдай алмаған Мұрат оның иығынан түртті: – Апай, менің әжемді танисыз ғой, атам бүгін осында келу керек еді. Мені таба алмай жүрген болар, залды бір шолып шығасыз ба? – Кімді қара дейсің, Мұрат, әжең ауылда қалды ғой? – деді апайы. – Жоқ, әжем емес, сол кісінің күйеуін айтам. Атамды. Келуі керек еді... – Ойбай-ау, ол кісі тірі ме еді?! Мен пақыр оны өліп қалған шығар десем... Жақсы, онда сен осында отыра тұр. Мен барып көріп келейін. Егер атыңды атап шақырса, шыға берерсің. Қорықпа, бәрі өзің секілді адам. Өзіңе сенімді болсаң, жеңесің! Ұмытпа! Ал, сәттілік! «Өліп қалды деп ойласам» дей ме? Құдай бетін әрі қылсын деді, әжесінің күндіз-түні аузынан тастамайтын сөзі таңдайға келіп. Бірақ, өліп қалса... – Байқауға қатысушы Мұрат Аңсағанұлы. «Бұл ән – бұрыңғы әннен өзгерек» әнімен! – жүргізушінің дауысын ести сала орнынан атып тұрды. Жаңа он метрдей жерде тұрған сияқты еді, сахнаға барар жол бұндай ұзақ болар ма. Аяқ-қолы дірілдеп, жан-жағына жалтақтап әрең жетті. Мүлде бейтаныс жанарлар атып жіберердей сезіледі. Құлағына атасының «асықпа, шырағым!» деген дауысы келді. Айналаны көзімен бір шолып өтті де, әнін баяу бастап кетті... Сахнадан түсе бергенінде апайы құшақтап алды. Ләм деуге дәрмені жетпей сұраулы жүзбен қарап, басын шайқады. Ауылға жалғыз қайтатынын бұрын да сезген, тек сенгісі келмеген. Жүрегінің бір шеті бос қалатынын білмеген. Ол енді бәрін түсінді. Әкесінің қай балықты жемдеп жүргенін, атасының да айтқан теңіздің арғы жағын, ұшаққа отырып кеткен балалық шағын – бәрін-бәрін. Түсінді де, түйсінді: Мұраттың енді жаман адам, ерке де, күйгелек болуына хақысы жоқ. Болашаққа берілген мүмкіндіктерді қапы жіберуіне болмайды. Жақсы оқып қана қоймай, білімді азамат болып шығуы керек екен! Иә, оны сары шал алдамаған еді. Мұрат, міне, байқаудан бас жүлде алып, сыйлыққа компьютер иемденіп қайтты. Астанадан үлкен ойыншық алып келеді... Өзі... Үлкендер алдамайды ғой!

«Ақ желкен» журналы, №11 Қараша, 2019

1257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы