• Featured
  • 06 Желтоқсан, 2019

Еркежан БЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. «Сағыныштың ес-ақылын шығармай...»

АНА ЖҮРЕГІНДЕГІ ӨМІР Бұрау түскен шыңғыруы-ай құлынның, Анашым-ай, сен бір өліп-тірілдің. Құрсағыңнан қуып шықты мені өмір, Құшағыңа тығылдым... Жаратқаннан жардем сұрап балаңа, «Өс-өс», – дедің, тіліңді алдым, жан ана. Бесігімде бір бұлқынып алдым да, Бездім-ай кеп далаға... Жүрегіңді қос қолыңа ала ұштың, Арман тұлпар, мен жаяулап жарыстым. Әліппеден бастап едім, он бес жыл, Әрең оқып тауыстым... Қос бұрымым тұтандырып жотамда от, Аспандағы ай – мен түсетін отау боп. Боздап шықтым босағадан бір күні, Босап кеттің ботам деп... Тәңірім-ау, жалғаз тілек, Бер соны, Ұзақ ғұмыр сүрсінші анам еңселі. Жан анашым, жер ананың қойынына, Қия алмаймын мен сені. ҰСЫНЫС Бір күні ұшар кеудемізден жан – ғайып, Сағындым деп айтқым келді, бар ма айып?! Жапыраққа енді айта бергенде, Өз дертімен кетті байқұс сарғайып. Ол, ол емес, мен байқұспын әсілі, Адамзаттың сен деп едім асылы. Жүректерде тұз қайнаса тіл қатпау, Мына ғасыр жалғыздықтың ғасыры. Жұртқа жаяр, өсекші ғой өлеңім, Көз жасыммен кірпігімді көмемін. Тәтті-тәтті сөздің бәрін тауысып, Қатты-қатты құшақтасам деп едім. Қиял сыйған сиямын ба құшаққа, Келші бері арманымның құсы аппақ. Жолы болғыр қайсыбіреу айтты екен, Құдай өзі жар болар деп ісі аққа. Жұлдыз толы аспаным-ай, аңсаған, Тынбай саған пенделікпен қол созам. Бұл тірліктің аты жалған, ендеше, Өкпе артпаймын алдады деп мен саған. Кірбең ғұмыр кешірмеді кім мұндай, Сен де, мен де шаршадық-ау күн алдай. Сабырға кел, келіп қайтшы мендегі, Сағыныштың ес-ақылын шығармай... СЕНІ КӨРДІМ Сені көрдім тау суындай тасындым, Дариғасы мен болармын Қасымның. Жазықсыздау сәулесі бар жалғанның, Жанарыңды жанарыма жасырдым. Еңкіш тартқан кейде ойымның иығы, Көлдің суы баспас көңіл күйігін. Қиып түсті мен білмеймін қаншама, Гүлдерді әсем осы көздің қиығы. Сен бар десем, өмір мынау тым ғажап, Қабақ түйді тереземнен түн қарап. Көңіліңнің том-том болған жырларын, Көздеріңнен оқып алдым бір қарап. Көңіліме алдамшы үміт түстепті, Жылы жаққа тым асығыс құс кетті. Қоңыр көзде шашыраған сәуле бар, Қоңыр күздің көкжиегі іспетті. АРМАН ҒАНА Бас көтертпес жүректегі мұң – пақыр, Жұбатуға ақыл бітті бір батыл. Ымырт қыздың ерініндей үлбіреп, Ықыласым сізге ауып тынды ақыр. Жасың кіші болғанымен, сіз дедім, Елесіңді есім шыға іздедім. Құлазыған махаббатты құшақтып, Сағыныштан сарғайтты ғой күз лебің. Қаламыма сия емес шер жұққан, Сарай салып сиға тарттым сөз-құстан. Құдіреттің құлға қимас сыйындай, Құрақ ұшып құрметтеуім сондықтан. Асу бермес сапар болып басталдың, Енді келсең деме мені тас бауыр. Сіз кететін есіктердің барлығын, Ашылмастай шагелеп-ақ тастармын. Ондай батыл мінез шықпас, қой менен, Теңіздерге батып тынар ой-кемем. Тағдырыңды тым тәкаппар еске алып, Өзіме-өзім қимай қалам кейде мен. Сіз биіктеп кеткен жақты бетке алып, Аңтарыла қарап қалса көп халық. Жүрегімді өртеп сонда отырам, Қаламымнан сия емес шоқ тамып. Аман болсаң барлығына көнем деп, Есіміңіз шыққан жаққа елеңдеп. Сіздің кітап сөреңіздің шетінде, Қыстырылып тұра берем өлең боп. СЕРТ Қайғыдан қара жердің ұйып белі, Көлегейлеп тастады күйік мені. Жалғыз тал қабырғамнан жаралдың деп, Қаттырақ жібердің ғой иіп мені. Жұлдыздай тамшы жасым көкте ағады, Сертім семсер, болайын оққағарың. Арыңның іргесінен аттамаймын, Аяғым дірілдейтін боп қалады. Қылқылдатып қымыз жұт қылығымнан, Секунд ойламаудың өзі күнә. Жарығым саған мәңгі қол созамын, Жазымыштың ауытқып сызығынан. Нұр күткен таң нұрынан мұң жұтамын, Назары түскен ақын жыры – Тәңір. Бір минут алыстасаң құлазимын, Бір өмір қалай енді ұмытамын. ҮЗІЛІС Түніменен түсіме ауыл кіріп, Қаумалап оятады қалың күдік. Құдай-ау қайсы маңға қалқып кеткем, Жалғыз тал жапыраққа жанымды іліп. Жанымды мұңға малып, уға малып, Жанарыма қараңғы түн қамалып. Техника ала алмас, тәңір алар, Жүрегіме мың шөгір тұр қадалып. Күн күйеді мендегі күйікпенен, Қалада қай бейнеммен иық керем. Бір бұлқынып қалуға шамасы жоқ, Бұғаудағы өзімді киік көрем. Біру айтар өзінің білгені деп, Керек дейсің бұл күнде кімге жібек. Іші-бауыры езіліп ата-анамдай, Ешкім мені сағынып жүргені жоқ. Жетім ауыл қойнауда, Қалғыған үй, Жүректі кейде адамға жау қылар ми. Айғай салғым кеп еді тауға қарап, Ұлым жылап кеткені-ай... Әлди-әлди... АЯЛА Аяла... Періштем-ай, айдан жеткен, Жайнаймын жанарыңда жайлау боп мен. Сені арқалап жүріп-ақ жауында қап, Табаным талай-талай тайған беттен. Құламадым мен бірақ аман қалдым, Сараңдауын тірліктің сәл аңғардым, Шегінсем-ақ өкшеме шеге кіріп, Аттап басып қақпанға арандалдым. Әттең, әттең сыймаған даланы кең, Қағып тастап кетер ем қаламыммен. Сен маған ұзақ қарап мұңаясың, Жаудырап бұл жалғанның жанарымен. Аяла... Бұлт боп шөкпес сор басымда, Қызыр боп жолықпай жүр жолдасым да, Топырағы жеңілдеу анашыңның, Тағдыры тым ауырлау болғасын ба? Ағызып мені алысқа кетер селі, Бұл өмірден жасымай от еңселі. Білегіммен тербетіп дүниені, Жүрегіммен көтеріп өтем сені. АЯЛА-2 Аяла, саған сырды жиі ақтардым, Домбырасыз сөз жонған тиек талмын. Өмір мені өзенге лақтырғанда, Жалғыз тал кірпігіңмен сүйеп қалдың. Уық болып ашылған түндігім-ай, Көмдіргем жер ошаққа кіндігіңді. Бұрышында бұғынып жүрегімнің, Сөйлеткен моп-момақан мұңлығым-ай. Әлди, әлди, әлдиім, әлдиім-ай, Бастырмаған қарыс адым қайғы-мұңға. Толқын жарған ақ кеме аты Аяла, Тулаған мынау өмір айдынында. Ерте, ерте, ертегі айтар еді, Жапырағын жайса әжең бәйтерегің. Шер иісі аңқиды ана тілдің, Шүлдірлеген тіліңде қайтем енді?

«Ақ желкен» журналы, №10 Қазан, 2019

926 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы