• Мәртебелі поэзия
  • 13 Желтоқсан, 2019

Құндыз ЖҰБАЕВА: «Көңілшек бұлттай келеді қалыпқа бәрі...»

Жұбаева Құндыз Естерекқызы 1992 жылдың 29 желтоқсанында Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Кемерши ауылында дүниеге келген. 2014 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дің филология факультетін тәмамдаған. Студенттік жылдарында «Бәйшешек» Алматы қалалық жас әдебиетшілер бірлестігіне мүше болды. «Сағыныш хаттары» кітабының авторы. *** Неткен төзім, неткен төзім шынар түп, Бiр үміттi күткен болып күн арты, Сiздi қимай, Тағы алданам Өзiме, «...Ол да Мұңнан қашық емес шығар...» – деп. Мен сүйiнген Сөздi бiреу ұғар деп, Жанарыңыз бiреудi өртеп тынар деп, Мұң үрлеген қырық құрақ көңілге, Қызғаныштан қырық атан жүк артып, Сiздi ақтаймын... Тағы алданып Өзiме, «Сағыныштан қашық емес шығар деп...» Жер де орнында, Сiз барда Аспан, мынау Көк... Тас басында таудай сезім мұнартып, Тебiренсе... «...қырық құрақ көңілден, Қауызына көбелектің қанатын, Қондырмастан солып кеткен гүл артық» – дей алмаған, Осы хұсни жүрекпен, Сiздi ақтаймын, «Сүйсе... сүйген шығар» деп... *** Жаным ада – Жазғырудан, кектен де, (Жарамды осып кетсе-дағы көп пенде...) Сырты – бүтін, іші – дүлей бүлік боп, Қала берем... Сабыр дейтін серт менде. Бар шаттығын төксең де үйіп ғаламның, Бір Үмітті жалғай алмай Көктемге – Кейде бар ғой... амал таппай қаламын, Жалғыздықта, Жан ауырып кеткенде... *** Бүгінде... Сергелдең еткен сезім де ермек, күй ермек, Жалғаны жаттың жанымды осып күлер кеп, Жарым деп сенген, Жарасын тырнап салса да, Шаттықтан басым айналып тұрып соншама, Өмірден артық, өзімнен артық сүйем деп... Айтқаным есте, Демеймін сөзден жирендім... Шылбырында қап Күйкі-күн, тірлік-күйбеңнің. Отқа да шоққа тәнімді төсеп үйрендім... Арылып болмас жайым бар осы күйден мен, Жабырқау жүзім, құлпыртып қызыл кигенмен, жараспады ол да... Жанымды тұрған сыздатып Жарам бар еді... таңуға келмес жейдеңмен. Ал, айтыңызшы, не таптым сонда мен Сізді, Өмірден артық, өзімнен артық сүйгеннен... *** Түп-түзу жол көрсетіп, Тұйықта Ес алдайды. Бұл менің жолым емес, Жүрмеймін, баса алмаймын. Бұл жолда болу керек, Құлаған іздерім де. Құрбылар жүру керек, Мұңы бар көздерінде. Қуанған кезім қайда, Кеудеңнен көкке ұшардай. Өртенген өзім қайда? Құлаштап от құшардай. Бұл менің жолым емес, Бар еді белесі оның. Әй, ақыл, көрсетпейсің, Көзіме неге соны. Белес – ол, асу қиын, Арыңды белден басып. Қай тасқа соғылмады, Өзіңсіз жүрген басым. Бұл менің жолым емес, Қалайша сынағаның?! Төгілген жасым қайда, Төгілген күнәларым. Түп-түзу жол көрсетіп, Тұйықта Ес алдайды. Бұл менің жолым емес, Жүрмеймін, баса алмаймын. *** ...Қайырмасына қосылып сан ұққан әннің, Сағаттай соғып тұрам да, тынып қаламын. Сүюдің тілін білгенше өкініш, қайғы, Көбелектейін құштары-ай Жарыққа жанның. Тұнығына тас лақтырып алып Ғаламның, Біреудің көрсем Тірліктен қамыққан жанын. Егіліп қайтем?! жаумай-ақ тарқап кететін, Көңілшек бұлттай келеді қалыпқа бәрі.

«Ақ желкен» журналы, №12 Желтоқсан, 2019

1152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы