• Маман кеңесі
  • 20 Сәуір, 2020

Карантин кезінде күйзеліске түспеу үшін не істеуге болады?

Дүниежүзін дүрліктірген COVID-19 пандемиясы әлем халқын үйінде отыруға мәжбүрледі. Қазақстанда да 16 наурыздан бастап мемлекет басшысының бұйрығымен төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгені белгілі. Бұл жағдай адамдарға қалай әсер етуі мүмкін? Өмірінде бірінші рет карантинге тап болғандар күйзеліске түспес үшін не істеу керек? Біздің сауалымызға психолог маман Ая Нұрдәулетқызы жауап берді.

– Дәл қазіргі уақытта карантин адам психологиясына қалай әсер етіп жатыр деп ойлайсыз?

– Әрине, елдің күнделікті өмірі өзгерді, жұмыс, оқу жоқ. Бәрі оқшауланып, үйінде отыр. Ертеңгі күннің қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Осының бәрі адамды мазасыз күйге түсіреді. Әдетте көп адам күйбең тіршілікпен жүріп кешегіні ойлап, болашақты уайымдап, дәл қазіргі өміріне мән бермейді. Ал енді карантин енгізілгесін бұрынғы қарбалас тіршілігі тоқтады, өз-өзімен қалуға тура келді. Ішкі жандүниесіне үңілмеген адамға оңай тимесі анық. Мұны былай түсіндіріп көрейік. Баланың кішкентай кезінде (әдетте екі жасқа дейін, бала емшектегі уақытта) анасы күйзелісте болса, сол кездегі уайым баласына беріліп, ол қазіргі асыра тамақ жеу немесе ашушаңдық түрінде көрініс табуы мүмкін. Себебі нәресте үшін анасын емуі балаға тыныштық күйін береді, бала содан нәр алады. Сондықтан бұл қажеттілік фиксациясын адам тамақтану арқылы төмендетеді. Кей адамдар дағдарыстан қалай шығамын, балаларымды қалай асыраймын деп кәсібі мен жұмыс жайын уайымдайды. Бұл да адамзаттың ең алғашқы фундаменталды, яғни тірі қалу үшін туындайтын қауіпсіздік сезімі. Бұл қалыпты сезім болуы мүмкін, бірақ адам «дағдарыс келді, болашақ жоқ, ақша да, тамақ та болмайды» деп үрейге бой алдырса, онда айналасына сенуден қалады. Бұл психология ғылымының пайымдауынша, нәресте кезінде анасының ұзақ уақыт қасында болмауы немесе анасының эмоционалдық суық болуынан болуы мүмкін.

– Қазір оқушылар қашықтан оқып жатыр. Үнемі мектепке барып-келіп оқуға дағдыланған ойын баласына мұның кері әсері бар ма?

– Бастауыш сыныпта оқитын балалар бұл жағдайда ең ұтымды позицияда деп ойлаймын. Себебі ата-анасы, жақындары қасында. Алайда жасөспірім балалар үшін қиындау. Себебі, осы жаста жасөспірім өз шекарасын қорғап, ата-анасымен дауласуы да мүмкін. Жасөспірім шақта ата-ана емес, достары, сыныптастары маңыздырақ. Егер ата-ана баласына қолдау білдірмесе, жасөспірімге моральдық әрі психологиялық жағынан қиындау болмақ. Осы кезде ата-ана баланың шекарасын сыйлап, ашуланбай, ересек адам ретінде қабылдап, оның сеніміне кіруі қажет. Сонда ғана бала ата-анасының қолдауын сезініп, осы кезеңнен жеңіл өтеді.

– Карантин кезіндегі адам мен карантиннен кейінге адамның өмір салтында немесе психологиясында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Егер саналы адам болса, ол өз құндылықтарына көзқарасын өзгертеді. Себебі оқшаулану адамға көп ой салады және көп нәрседен қол үзіп қалады. Күнде бірге болған соң үйдегілермен бұрынғыдан да жақын қарым-қатынас жасайды, алыстағы ағайын-туыспен де болашақта басқаша араласуы мүмкін.

– Карантин кезінде күйзеліске түспеу үшін не істеу керек?

– Әдетте уақыт жетпей немесе көңіл бөле алмай жүрген үйдегі шаруаларды бітіруге болады. Кесте құрып, күнде жоспар қойған дұрыс. Сонда адам күнінің қалай өткенін, уақыты мен қуатын қайда жұмсап жатқанын біледі де назары шашырамайды. Кітаптардың тізімін жасап, оны қанша күнде бітіруге болатынын жоспарлау, пай- далы онлайн курстар мен сабақтарды жоспар бойынша орындап отыру қажет. Бұл күнделікті үйдегі өмірімізді реттеуге көмектеседі. Егер ештеңе істегің келмей жалқаулық басса, оған да рұқсат беріп, өзіңмен келісім жасауға болады. Мысалы, «жарайды, екі немесе үш күн жалқаулан, сосын мыналарды жасап тастайық» деп келісуге болады. Өзіңмен келісімге келу жақсы жұмыс істейді. Осы айтқандарды орындап, тексеріп көруге болады. Бәрі дұрыс болса, жұмыс өнімділігі артып, өзін-өзі бағалау көрсеткіші төмендемейді.

Дайындаған Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №4 Сәуір, 2020

915 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы