• Featured
  • 28 Шілде, 2020

Жасөспірімдер қандай дағдарысты бастан кешеді?

Кез келген адам өмірінде түрлі тұлғалық дағдарысты бастан кешеді. Ситуацияға, ортасына қарай оны әркім әртүрлі өткереді. Алайда бұл көп адамның жандүниесіне із қалдырып, ұзақмерзімді жара салып кетуі әбден мүмкін. Мұнымен дер кезінде жұмыс істемесе, кейін комплекс боп қалып, үнемі мазасыздық сезіміне душар етеді. Бұл әсіресе жасөспірім кезеңде қатты байқалады. Журналымыздың тұрақты оқырманы балалар мен жасөспірімдер болғандықтан бұл тақырып бізге жат емес. Әр адам – жеке тұлға. Алайда адам тұлға боп тумайды, тұлға боп қалыптасады. Тұлғаның дамуы жайлы теориялар мен көзқарастар сан алуан. Оның өмірге келгеннен бастап қартайғанға дейінгі уақыты бірнеше кезеңге бөліп қарастырылады. Мәселен, «тұлға дағдарысы» терминінің авторы, әйгілі психолог Эрик Эриксон тұлға дамуының кезеңдерін 8 топқа бөліп қарастырған: 1) ерте нәрестелік шақ (туғаннан 1 жасқа дейін); 2) кейінгі нәрестелік шақ (1-3 жас); 3) ерте балалық  шақ (3-5 шамасында); 4) орта балалық шақ (5-11 жас аралығы); 5) жыныстық жетілу, жеткіншек жасы және бозбалалық (11-20 жас аралығы); 6) ерте ересек шақ (20-45 жас арасы); 7) орта ересек шақ (40-45 және 60 жас арасы); 8) кеш ересек шақ (60-тан жоғары). Әр кезеңнің өзіне тән ерекшелігі мен қиындығы бар. Біз алғашқы төртеуін қоя тұрып, бесінші жеткіншек жасына (11-20 жас) тоқталғымыз келеді. Жасөспірімдік кезең адам өміріндегі ең шешуші рөл атқаратын қиын да күрделі кезең. Әдетте 12-17 жас аралығын жасөспірім кезең дейді. Алайда кей балаларда одан да ерте басталуы мүмкін. Дәл осы кезеңде небір күтпеген шешімдер қабылданып, тосын оқиғалар орын алады. Психоаналитик Жанар Оспанованың айтуынша, бұл гормондардың «ойнайтын» кезеңі. Жыныстық жетілу процесі жүріп, бала бойында өзгешеліктер пайда бола бастайды. Бала өз ой-пікірін айтып, тәуелсіз болуға ұмтылады, өз «менін» іздейді. Айналасындағылармен қарымқатынас арқылы, қарсыласу арқылы өзін таниды. Егер қарсыласу арқылы бойынан батылдықты сезінсе, онда ол ұқсағысы келген адаммен өзін тең санайды. Осы кезде бала қандай да бір әлеуметтік ортаға қосылып, жаман әдеттерге үйір болуы мүмкін. Бұрынсоңды болмаған тосын қылық шығарып, өзін жаңа қырынан көрсетеді. Жасөспірімде ағзадағы эндокриндік жүйенің күрт өзгеруі салдарынан психикалық мазасыздық, уайым, ашушаңдық қатты байқалады. Олар бұл уайымнан арылуға тырысып, жиі кикілжіңге тап болады, ұжымдық төбелеске құмар болады. Сондай-ақ мұны олардың жаппай шулы рокконцерттерге, темекіге, алкогольді ішімдіктерге деген бейімділігінің артуымен түсіндіруге болады. Маманның пікірінше, қазіргі өмір салтына қарай жасөспірім кезең созылған. Бүгінгі жасөспірімдерге қарап бұл кезең 21 жасқа дейін созылғанын көруге болады. Себебі кей балалар есеюге дайын болмайды, ата-анаға да мұны қабылдау қиын тиеді. Ата-ана баланы еркіне жіберуге дайын болуы керек. Көп жағдайда ата-ананы қорқыныш билейді, баласына сенбейді. Өйткені қазір адам өміріндегі даму процесі өте тез жүріп жатыр. Технологияның жетістігі, одан бөлек өмір салтындағы өзгерістер, бәрібәрі әсер етпей қоймайды.

ДАҒДАРЫСТЫҢ НЕГІЗГІ СЕБЕБІ ҚАНДАЙ?

Дағдарыстың негізгі себептерінің бірі – шешім қабылдау. Жасөспірімге «болашағыңды бүгін таңда, ертеңің үшін қазір әрекет ет» деген сөз онша ұнамайды. Олар болашақ туралы әңгімені қабылдай қоймайды. Себебі болашақ кейінірек пайда болатын түсінік. Жасөспірім үшін маңыздысы – дәл қазіргі уақыт. Ол бүгінмен өмір сүреді, оның психикасында бүгін ғана бар. Сонымен қатар дағдарыстың болуы осы кезеңде қызығушылықтар мен проблемалар ауқымының айтарлықтай кеңеюіне де байланысты болады. Бұрын мән бермеген нәрселер үлкен мәнге ие болады. – Жасөспірім балалық шағынан біржола ажырағысы келмейді. Үлкен өмірге дайын болмағандықтан шешім қабылдауға қиналады. Сол себепті де өзін кінәлі сезініп, жолы болмай қалған адамдай мазасыз күй кешеді. Анығында бұл қалыпты құбылыс. Бұл кезеңде психосексуалды даму процесі тез жүргендіктен кейде тіпті денесіндегі өзгерістерді көріп қорқуы да мүмкін. Мұндай қорқыныштың да болуы қалыпты нәрсе. Ол жақсы көреді, ғашық болады, үрейленеді, қорқады, таңғалады. Осы сезімдердің бәрін сезініп көруі керек, – дейді психоаналитик маман. Дағдарыстың тағы бір себептерінің бірі – өзгерісті қабылдай алмау. Мәселен, жасөспірім мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына келді дейік. Бұрынғыдай еркелік пен аңғалдықты артқа тастап, бейтаныс ортаға тап болды. Қоғам адамнан басқаша іс-әрекет талап етеді. Ал бала бұрынғы қалпын сақтап қалғысы келіп, күйзеліске түседі. Бұрынғы дос-құрбылармен, таныс адамдармен қарым-қатынас азаяды. Бұл да психикаға айтарлықтай салмақ салады. Жан дүниесі балалықтан ажырай қоймаған жасөспірім үшін онда әлі қалыптаспаған әрекетті талап ету абсурд боп көрінеді. Осы кезде ол тағы да дағдарысқа түседі. Қоғам мені қабылдамайды, мен не істеп жүрмін, деп өзін жегідей жейді. Кез келген дағдарыстың артында қарама-қайшылық бар. Психика мен шынайы өмірдің арасындағы қайшылық адамның жан дүниесін астаңкестең етуі мүмкін.

АТА-АНА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСУ КЕРЕК?

Жанар Оспанованың айтуынша, өтпелі кезең бала мен ересектің арасындағы көпір іспеттес. Көпірден аман-есен өтуіне ата-ана тарапынан қолдау ауадай қажет. Оған үлкен талап та қоймай, бала ретінде де қарамаған дұрыс. Қолдау  білдіріп, өз алдына шешім қабылдауына мүмкіндік беруі керек. Жасөспірім баласы бар атааналарға сабырлық керек. Баланы ұрып-ұрсып жеңу мүмкін емес. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бұл кезде бойында не болып жатқанын жасөспірімдердің өзі де түсінбейді. Сондықтан барынша шыдамдылық танытып, бала жанының тереңіне үңіліп, бірге жұмыс істеген абзал. Негізі психолог мамандардың көмегіне жүгінген артық етпейді. Егер оған мүмкіндігі болмаса, қазір ақпарат қолжетімді ғой. YouTube-тан неше түрлі жасөспірімдерге қатысты видеосабақтарды қарап, білмеген сұрағына жауап таба алады, – дейді Жанар Оспанова. Көп ата-ана жасөспірім баласын уайым-қайғысыз, уақытын босқа өткізіп жүр деп айыптап жатады. Алайда баланың айтқанды тыңдамай, бірдеңе істеуге құлықсыздық танытуының басқа да себептері бар. Ата-ана ұсақтүйек деп санаған нәрсе бала үшін үлкен нәрсе боп көрінуі мүмкін. Оны әрдайым жаңа нәрсеге ынталандырып, қажет кезде әділ сын айтып, қажет кезде мақтап отырған дұрыс. Ең бастысы баламен шынайы, жанды қарым-қатынас құрылу керек. Дұрыс қарым-қатынас оның осы кезеңді сәтті өткеруіне көм көмегін тигізеді, – дейді психоаналитик. P.S. Кез келген тұлғалық дағдарысты жаман дей алмаймыз. Адам өмірінің әр кезеңінде пайда болатын дағдарысты дамудың алдындағы үлкен қадам деп қабылдаған абзал. Себебі ешқашан дағдарыс, мазасыз күй болмаса, даму да, өзгеру де болмас еді.

Жандарбек Жұмағұлов

«Ақ желкен» журналы, №6 Маусым, 2020

1290 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы