• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 27 Тамыз, 2020

Мұнайдардың қолтаңбасы

Мұнайдардың әуелгі мамандығы суретші екенін ести сала аяқ астынан оған ұсыныс жасадым: «Қоңырқаз» атты әңгімеме иллюстрация керек. Өзім танитын суретшілерге осы сөзді айтқым кеп тұрады. Бірақ, әрине, бәріне айта алмайсың», – дедім. Шынымды айтайын, Мұнайдардың ақындығын, жазушылығын, ТВ саласындағы қызметін білсем де, Димаш әлемге таратып жүрген «Махаббат бер маған, тағдыр» атты әннің сөзін жазған автор екенін білмеппін. Жақында ғана Ақұштап апайдан естідім. «Мұнайдардың сөзіне жазылған әнді Димаштың орындауында бүкіл әлем тыңдайды. Мұнайдар кеуделеп тұрмайды, қашан көрсең бас алмай ауыр жұмысқа жегіліп жүргені. Авторлық құқығын да қуа бермейді», – деп қазақтың Ақұштап ақыны жанашырлықпен айтқан еді. «Онда Мұнайдар нағыз қазақ екен» дедім мен.

Авторлық құқықтың игілігін игермеген, көбіне қыруар еңбегі қаламақысыз су тегін кетіп жатқан ашықауыз, нағыз қазақтармыз ғой біз. Мен оған сурет салып байқап көр деген соң, көп ұзамай, 9 қаңтарда электрондық поштама Оралдан хат түсті. Мұнайдар жазыпты: «Сәлем, Айгүлжан! «Қоңырқаз» әңгімеңді және оқып, ойда жүрдім. 25 жыл болған екен қолыма қарандаш ұстамағалы. Бес жыл суретшілік оқуын оқысам да, одан тым жырақтап кетіппін. Ойым сайрап тұрғанымен, әл-Фараби бабамыз айтпақшы, тысқа шыққанда қожырап кете береді, ол әрі сурет түрінде болғасын тіптен қиын да күрделі. Өзімше бірдеңе шимайлаған болдым. Үш кәсіби суретшіге көрсеттім. Олар обалы не керек, жаман емес деп жатыр. Әйтпесе саған жібермес едім. Енді бұлар әңгімені аша ма, жоқ па, ол енді автордың көңіл талғамына байланысты, сен өтінген соң тырысып бақтым. Ал айыптай, жазғыра көрме. Бірақ саған бек ризамын. Бұдан былай қолыма жиі қарандаш алып, сурет салмақпын. Алла бұйырса! Суреттер үйлеспейді деп шешсең менде еш реніш жоқ. Өзге мықты суретшіні табасың ғой! Менікі дос көңілін қалдырмау болды! Майлы пастель сатып алып, арнайы сурет қағазына салған жұмысым осылар», – депті.

Мұнайдар әңгімеме 8 сурет салыпты. Көргенде балаша мәз болдым. «Ақынды ақын сүйемесе, болмайды» деп Мұқағали жырлаған шығармашылық үшін құнарлы рухани бауырмалдық деп қабылдадым. Елгезек мінезіне ризамын. «Жақсы болған екен. Мен, шыны керек, қарайып қалыппын. Бірақ қолың ұмытпаған деп суретшілер айтады», – деп жауап жазды.

«Open Eurasian Literature Festival & Book Forum-2016» V халықаралық әдебиет фестивалі Лондонда өткен. Менің «Қоңырқаз» атты әңгімеме салынған суреттерімен «Иллюстрация» аталымында белгілі суретші Жеңіс Кәкенұлы II орынды иеленген болатын.

Өнер – біртұтас құдірет. Кәсіби жазушымын, соңғы жылдарда сурет салуға, иллюстрацияға айрықша қызыға бастадым. Жазуымды суретпен ұштастырып, өз мәтініме өзім иллюстрация салар ма едім! Әттең, әліпті таяқ деп танымайтын жас баланың шимай-шатпағы құсап шығарын сеземін. Әйткенмен ұлы суретшілер туралы әдебиетке бұрынғыдан гөрі тым үйір бола бастадым. Кенеттен бұл құбылыстың мәнісін ұққым келгені, бұрын бейнелеу өнері туралы түк ойламай келіп, енді мұным қалай?! 11 қаңтар күні оның сырын түсіндім. Сынықтан басқаның бәрі жұғады екен-ау! Е-е, неліктен соңғы уақытта бейнелеу өнеріне қатты қызығушылығым оянғаны түсінікті болды. Біздің үйде кескіндеме өнеріне қажет құралдар – кенеп, қағаз, түрлі-түсті майлы бояулар, қылқаламдар, көз жауын алатын әдемі қарындаштар толып тұрады. Соның ғажап әсері болып шықты. Бір қызым суретші. Былтыр Қазақ өнер университеті сценография факультетінің 5-курс студенті Назеркенің жеке сурет көрмесі өтті. Көңілі дариядай ақын Аманхан Әлім көрме туралы Фейсбуктен біле сала, Назеркенің суреттерін журналға жібер дегенде ерекше елгезектік танытып, жұмысым бастан асып жатса да құлшына жазғамын. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегенді атам қазақ осындайда айтса керек. Ол материал «Бояу тұнған бар әлемнің бейнесі» атауымен, қызымның суреттерімен «Ақиқат» журналының №4 санында жарық көрді. Көрмені көрген соң белгілі жазушы Қуаныш Жиенбай «Madeni mura» журналының №4 санына (2019 жылы) қызымның шығармашылығына арналған «Весь мир сверкает в лучах красок» атты мақаламды орыс тілінде жарыққа шығарды. Қазіргі жарнамасыз дүние олқы түсетін уақыттың бұйрығы.

Қанатты періште

Назерке енді «Жетінші құрылыққа саяхат» атты тырнақалды повесіме иллюстрациялар салмақшы. Мен айтпай-ақ мұны қызым өзі ұсынды. Бала күнімде жазған, 34 жыл бұрын 10 000 данамен шығып, творчестволық жолымды ашқан құтты кітабымды енді менсініңкіремей, қайта өңдеп жазуды ойластырып, алғашқы 33 бетін жазып қойғаныма біраз жыл өтті («Қасым» журналы, №2 (28) 2016 ж.). Аттас, бірақ су жаңа нұсқасы. Қызық болғанда, алғашқы кітабыммен аты ғана бірдей, мазмұны бөлек... Алайда, повесімнің ең тартымды тұстарын алып, жаңа нұсқасына қосамын деп шештім.

Сонымен Мұнайдарға сурет туралы берген идеям теріс болмай шықты. Ол өзінің бейнелеу әлеміне қайта бұрылғанын айтты. Мұнан артық не керек?!

Мұнайдардан «Махаббат бер маған, тағдыр» атты әннің шығу тарихын анықтап сұрадым. Мұнайдар хатқа былай деп жазыпты: 

«Махаббат бер маған, тағдыр» әні Димашқа дейін туды. Әуен авторы – композитор Айгүл Бажанова. Ол менімен Фейсбук желісі арқылы хабарласты, ақын екенсіз, сіздің бір өлең ұнап қалды, соған ән жазсам деп жазды. Бірақ ол өлеңге ән жазылмады. Арада ай өткенде дайын музыка болса мен сөзін жазайын деп композиторға өзім шықтым. Айгүл маған «Махаббат бер маған, тағдыр» әуенін жіберді, осындай сөз болса деп тілегін айтты, күйзеліс кезінде шыққан әуенім деді. Ешкімге ұсынбапты, өзінде жылдан астам уақыттан бері жатып қалған саз екен. Бұл әуенді көп тыңдадым, екі рет жазғанымды сазгер қабылдамады, үшіншісі туды, өзіме ұнады, өлеңді жаза отырып (өлең туды дейікші, жүректе туды) Жаратқанға мінәжат еттім. Мұнымен мен Аллаға, с.ғ.с. Пайғамбарыма, Отаныма, қазағыма, отбасыма деген сезімімді жеткізгім келді. Кейін өлең сазгердің ұсынысымен Димаштың қолына тиді. Оның Қытайда ән сайысында жүрген кезі еді. Бірнеше әннің ішінен біздің әнді таңдап алыпты. Конкурстың соңғы күні соны айтып шығатыны белгілі болды. Маған әнге енді бір шумақ қоссаңыз деп Димаштың командасынан хабарласты. Екі шумақ бір қайырма еді, үшінші шумақты жазу барысында: «Иә, Алла, маған ештеңе қажет емес, атақ та, даңқ та, тек осы ән Димаштай әншімізбен бірге әлемді шарлап кетсе, жар бола гөр!» – деп Алладан тіледім. Қытайдағы ән сайысына бармастан бұрын Димаш Оралда болған ба, дәл мен тұратын үйдің алдына фотоға түсіпті, оны балаларым Инстаграмнан тауып көрсеткен. Сонда «Бұл бір жақсы белгі екен» деген ой келді! Артынан Димаш біздің әнді айтайын деп жатқанда да осыны ойлағам. Мені шетелде әнімнің айтылғаны емес, қазақша, ана тіліміздегі әннің әуелегені қуантты. Осы әнмен бірге, Димаштай таза, ақ жүрек әнші арқылы ана тіліміз биікке самғаса, адамзатқа махаббат сезімі тараса деген ақ дұғалы тілегімді Тәңір қабыл алып, сол көз алдымда орындалып жатыр деп шүкір еттім. Кейін бұл ән Лондонда, Мәскеуде, Нью-Йоркте шырқалды. Интернеттен тамашалауға болады. Өзім әншіні де, композиторды да көргем жоқ, бәрі интернеттің жақсы жағы. Иә, Алланың арқасы ғой. 1991 жылы Оралда тәуелсіздіктен 90 күн бұрын дүрбелең болды, ұлт-азаттық көтерілісі деуге әбден болады. Орыс-казактарының кей шовинистік, сепаратистік пиғылдағы топтары Оралды бөліп алмаққа, автономиясын құрмаққа, не керек, қазақ жерін біржолата тартып алмаққа әрекет етті. Сол кезде жаспыз, біз қарсы көтерілдік. Қыркүйек оқиғасы елдің есінде. Оқиғадан соң бір ай өткенде, 1991 жылы саяси наразылық аштық акциясына өз еркіммен қатыстым. Ұлтым, жерім үшін өлімге бас тігу маған тағдыр көрінді. Ондай қайталанбасын, бірақ ел басына күн туса ойланбастан қазақ азаматы істеуі керекті істеуге бармын, шыбын жанымыз Махамбеттерден қымбат емес. Біз олардың қара тырнағына да татымайтын қазақпыз ғой».

Әуелеп ұшқан алты қаз

Туған еліңнің саналы азаматы болуға не жетсін. Біздің жемқорлық бүлдірген екіұдай қоғамда дәл осылай ойлайтын адал сүт емген қазақ баласы көбейе берсе, еліміз кертартпа қара күштерге, олқылық, кемшіліктерге қарамастан, алға озып, экономикасы мен мәдениеті өркендейді, рухы асқақтай түседі.

Әуелі «Махаббат бер маған, тағдыр» атты әнді тыңдағасын, оның астына жазылған пікірлерді шолып шықтым. Пікір самсап тұр, бәрі дерлік шын жүректен ақтарылған сөз, бас жағын асығыс оқыдым. Ең бірінші пікір маған дұғадай әсер етті. Игорь Попов есімді жан: «Я казахский выучил бы только за то, что на нем исполнял песни Димаш», – деп жазғаны көкейге қона кетті. Көктен іздегеніміз жерден табылса! Иә, Сәт! Жарты әлем қазақ тілін үйрене бастаса, шіркін! Қазақтың өз ішінен де ана тілін өлген тіл санап жүрген адасқандар жетеді. Солар ана тілі арқылы берілетін небір нығмет, береке, несібеден құр қалып, құнардан айырылып жүргенін сезбейді де! Әлемде жаңа рухани кеңістіктің аңсарлы аймағы, алтын өзегі ендігіде мына біздің Қазақ әлемі, Қазақ мәдениеті боларына менің еш күмәнім жоқ. Қаптап жатқан негатив пікірлерге, құбылыстарға қарамастан анық солай ойлаймын.

Мұнайдардың шығармашылық өмірі Орал қаласында өтіп жатыр. Ақын, жазушы, тележурналист, қоғам қайраткері. Мұнайдар Мұқамбетжанұлы әдеби ортада Мұнайдар Балмолда есімімен белгілі. Ол 1969 жылы 14 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келді. 1986 жылы Махамбет атындағы БҚМУ-дың көркем сурет және графика факультетіне оқуға түсті. Мұнайдар жұбайы Венера Өтегенқызы екеуі үш перзент тәрбиелеп отыр. Оның «Сырым батыр», «Махамбет», «Махамбеттер тірі екен», «Буыршын мұздан тайған күн», «Шығыс шолпаны», «Қос қыран» атты деректі және «Қағаз ұшақ», «Ақ қоян», «Жаяу әскер» атты үш көркем фильмі жарыққа шықты. «Қағаз ұшақ» фильмі республикалық «Дидар» жастар кинофестиваліне қатысып, марапатталды. «Көкбөрі», «Ақ тұлпар» атты өлеңдер мен әңгімелер жинағы 2006, 2010 жылы оқырман қолына тиді. 2017 жылы «Он төрт» атты тұңғыш тарихи романы жарық көрді. Одан кейінгі жылдары «Қыран қанатындағы күй» әңгімелер жинағы және «Абадан» атты бөрілер тіршілігінен сыр шертетін романы шықты. Бұдан бөлек баспаға дайындалған және 3 кітап бар.

Ақынның «Елге сәлем», «Жарығым», «Ақ маңдай» әндерін «Жігіттер» квартеті орындап жүрсе, бірнеше әні «Шалқар» радиосының қорына тіркелді. Тамара Асар «Мен саған жетем» деген әнін, Қарақат Әбілдина «Беу, дүние» әнін шырқап жүр. «Әлди» деген әнді Мәдина Сәдуақасова дайындап жатыр. Балаларға арнап жазған туған жер, ана, бақытты балалық тақырыбындағы 30-ға тарта әні балабақша мен мектептердің ән сабағында үйретіліп, шырқалып келеді және балалар облыстық, республикалық және халықаралық ән байқауларында жүлдеге ие болып жүр.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2020

606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы