• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 11 Қыркүйек, 2020

Кибер әдебиет

Кибер мәдениет – кибернетика ғылымы негізінде дүниеге келген сандық заманауи техника (смартфон, компьютер) арқылы туындайтын мәдениеттің жаңа түрі. Осы жаңа мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде кибер әдебиетті атауға болады. Бұл жаңа бағыт турасында біз Әдебиеттану мамандығы бойынша философия докторы Гүлмира Рзаханқызы Сәулембекпен сұқбат құрған едік.

– Кибер... бұл сөздің бүгінде жалғанбаған түбірі қалмады. Қайбір саланың болсын, осы сөзді алдына қоя салсақ, жаңа бағыт шыға келеді.

– Бұл сұрақтың жауабы оңай. Біз адам мен кибернетика ғылымы негізінде жасалған заманауи техниканың бірігіп, тұтас ағзаға айналу заманындамыз. Бүгін кез келген өнерге жаңа технологиялардың қатысы бар десек, осы құралдарды пайдалана отырып жазылыпжасалған туынды «кибер туынды» болып шыға келеді. Әдебиет те солай. Біз көбіне терминдерді орыс тілі арқылы қабылдаймыз. «Кибер» ағылшынның Cyber (сайбер) сөзінен шыққан. Егер бұл терминді Еуропадан тікелей үйренген болсақ, «Сайбер әдебиет» деп атар ма едік. Терминнің қазақ әдебиетіне енуі осылай болғанда, кибер әдебиеттің өзі интернетте жарияланған әдеби туынды болып саналады. Жалпы бүгінгі күнгі интернеттегі әдеби туындыларды Ресей ғалымдары екіге бөледі. «Кибература» және «Сетература». Қазақша «кибер» және «желілік әдебиет».

Осының сетературасы, яғни желілік әдебиет – жалпы ғаламтордағы әдеби туындылардың жалпы атауы. Екеуінің айырмашылығы мынада: желілік әдебиеттің қаласаңыз қағаз нұсқасын жасауға болады. Яғни, сіз оны қағазға шығарып немесе қағаздағы әдебиетті желіге басып шығара аласыз. Бұл желідегі әдебиет болып саналады. Ал кибер әдебиеттің (кибература) қағаз нұсқасы болуы мүмкін емес. Ол тек желіде таралған әдебиет түрі. Ол интернетте, желіде туғандықтан, тек компьютер немесе смартфон арқылы ғана оқылады. Оның себебі, кибер әдебиеттің көп қабаттылығында жатыр. Мысалы, бұл бағыт туындыларында гиперсілтемелер болады. Классикалық әдеби шығармаларда бір суретті немесе әуенді сөзбен суреттейтін болса, кибер әдебиетте сол әуеннің немесе картинаның сілтемесін бере салады. Яғни сіз интернетке жалғанбасаңыз, ол сілтемелерді аша алмайсыз, сәйкесінше толыққанды шығарманы оқи алмайсыз.

кейіпкер

– Кибер әдебиет қажеттіліктен туған дүние ме?

– Өзіңізге белгілі кеңес заманында баспадан кітап шығып, ол кітап дүкендер мен кітапханаларға таралатын.
Оқырманы – бүкіл халық. Ал қазір плюралистік, әртарапты даму жолына түстік. Әркімнің өз оқырманы бар. Біреуге шығармаңды таңа алмайсың. Бұл жағдай батыста тіптен ерте басталды. Бір ғана мысалын айта кетейін.
«Underground әдебиеті» деген бағыт бар. Былапыт, анайы сөздер мен сюжеттерге құрылған әдебиет бұл. Оның да өзінің оқырманы бар. Сол секілді интернет пайда болған уақытта кітап шығаруға қаражаты болмағандар
шығармаларын желіге жүктеді. Яғни жазушылар арнайы өзінің сайтын немесе блогын ашып, шығармаларының
жалпыға бірдей қолжетімді болуымен көпшілікке ұнай кетті. Осылай «желілік әдебиет» дүниеге келсе, осы бағыттағы эксперимент ретінде кибер әдебиет дүниеге келді. Кибер әдебиет жазушылардың оқырманымен
қауышуына жаңа өріс ашып қана қоймай, ғаламтордың көмегімен түрлі тәжірибелер жасауына мүмкіндіктер берді. Бұл әдебиеттің оқырманының дені интернетті, жаңа технологияны түсінетін жастар.

– Кибер әдебиет ағым ба, бағыт па?

– Әртүрлі пікір бар. Әдебиеттегі өзіндік типтік ерекшеліктері айқындалған жаңа тенденция десек болатын шығар. Бұл кешенді түрде зерттеуді талап ететін мәселе. Біріншіден, бұл әдебиетті біз қағаз нұсқадағы әдеби туындылармен салыстыра алмаймыз, оның компьютерден тыс өмірі болмайды. Екіншіден, бұл сипаттағы шығармалардың көлемі шағын. Бұл сыртқы пішіндік ерекшелігі. Қабылдау мәселесіне келсек, қағаз бетіндегі шығармада оқырман туындымен оңаша қалса, мұнда автор-туындыоқырмандар байланысына негізделеді. Одан кейінгі ерекшелігі ретінде кибер әдебиеттің бірнеше өнердің үйлесімінен тұратын, синкреттілігін айтуға болады. Дәстүрлі шығармалардағы суреттеу арқылы берілетін әсерді технологияның арқасында суретпен, көңілкүйді әуенмен бере салуы мүмкін. Бір ғалымдар кибер әдебиетті формалық қана ізденіс деп тауып, мазмұн мен әсері тұрғысынан қарапайым әдебиеттен айырмасы жоқ дейді. Меніңше олай емес. Мысалы, әдебиетте
интертекст деген түсінік бар. Мәтін ішіндегі мәтін. Желідегі әдебиетте бұл сілтеме арқылы гипертекст болады. Ал кибер әдебиеттің интермедиалдылық (интермедийность) қыры бар. Яғни ондағы сілтеме астарында мәтін емес, сурет, музыка, тіпті кино болуы мүмкін. Ал мұндай мол ақпаратты қарапайым қағаз түріндегі шығарма бере алмайды. Оқырманның алатын эстетикалық әсері өзгеше болары анық. Сонымен қатарқаламгерлердің
ғаламтор әлеуетін пайдалана отырып, жасаған ізденістерінің нәтижесінде көптеген жанрлардың өзгеріске түскенін байқаймыз.

– Оқыған нәрсені сөзбен суреттемей, бірден көз алдыңа әкелу немесе естірту оқырманның елестету қабілетін шектемей ме?

– Мысалы, ауыз әдебиеті дәуірін алып қаралық. Осы кезеңдегі адамдардың есте сақтау қабілеті, зейіні, елестетуі ғажайып болды. Шағын жанрдағы шығармаларды былай қойғанда, көлемді жырдастандар жатталып халық арасында таралды. Жазбаша әдебиеттің келуімен орасан зор есте сақтау қабілетімізден айырылдық. Яғни жазба әдебиеті үшін жадымызды, құймақұлақ қасиетімізді құрбандыққа шалдық. Кибер әдебиетте де осылай бір дүниені құрбандыққа шалуға тура келетін шығар. Бірақ, бұл әдебиеттің синкреттілігін де айта кеткен жөн. Бұрын жыршыны көріп, онымен бетпебет отырып естіп һәм көріп отырып эстетикалық әсер алсақ, кибер әдебиетте де оқимыз, естиміз, көреміз, тіпті автормен онлайн режимде бетпе-бет кездесеміз.

Қалай болғанда бұл әдеби тенденциядан бас тарта алмаймыз. Өйткені тұтас өміріміз техникамен, компьютер, смартфонмен байланысты. Мына карантин кезі бізді тіпті басқа кезеңге аяқ бастырды. Вебинар, онлайн дәріс, онлайн конференция дегенді бұрын-соңды білгенімізбен, қолданбаған едік. Үйрендік. Енді конференция үшін командировка алып, жол азабын тартудың қажеті жоқ. Әдебиетіміз де осылай мобильді түрге ауысады. Тұтас әдебиетіміз осы бағытқа ауысып кетеді деуден аулақпын. Бірақ бұл бағыт қалыптасады және қалыптасып та жатыр.

– Қазақ әдебиетінде кибер әдебиет өкілдері бар ма?

– Желілік әдебиеттің өкілі ретінде желіде шығармасы жарияланған кез келген жазушыны айтуға болады. Ал кибер әдебиеттің өкілі ретінде Мерей Қосын есімді жас қаламгерді айта аламын. «Massaget.kz» сайтында жеке блогы болды. Бірақ техникалық ақауларға байланысты, сайттың дизайны жаңарған шақта гиперсілтемелер жұмыс жасамай қалды. Бұл кибер әдебиеттің ең кемшін тұсы десек болады. Кейіннен бұл автор драматургия бақ сынап, кибер прозадағы бастамасы жалғасын таппаған секілді. Әлде ізденіс үстініп жүр ме, маған белгісіз.

– Кибер әдебиетті бүгінгі постмодернизм бағытымен байланыстыруға бола ма?

– Иә, ішінара постмодернистік бағытпен тоғысатын тұсы кездеседі. Себебі автор қаласа, әрбір оқырман кибер шығарманың серіктес авторы бола алады, яғни оқырмандар өзінше қорытып, өзінше дамытып шығарманың
бірнеше нұсқаларын жазып шығу мүмкіндігі бар. Мұнда постмодернизмнің әйгілі «автордың өлімі», «шығарма-мәтіндерден құралатын құрақ көрпе» деген тұжырымдамаларының жүзеге асатынын байқауға болады. Әдебиеттің халыққа қолжетімді болуы үшін басталған бұл әдебиет түрінің ертең қандай сипат алып кетері белгісіз. Бүгінгі қазақ жастары арасында осындай эксперименттерге ашықтығының арқасында постмодернизмді әдебиеттің ең керемет бағыты ретінде қарап, тамсану басым да, тереңіне үңілу кемшін.

– Постмодернизм модернизмнің заңды жалғасы ма, әлде оған қарсы бағыт па?

– Бұл туралы талас көп. Бірі жалғасы дейді. Бірі қарсы бағыт дейді. Меніңше, екеуінің ұқсастығы да бар, бір-біріне қарсылығы да бар. Модернистік шығармада сюжет тұтастығы сақталса, постмодернистік шығарманың басты ерекшелігі түрлі деңгейдегі құрылымның бұзылуы арқылы оқырманмен ойынға негізделуінде. Философиялық тұрғыдан келсек, модернистер Құдайды жоқ деп танып, тек ғылымға сүйенетін болса, постмодернистер «жоқ пен бардың арасындағы» күмәнға батырады. Айтып кеткеніміздей, модернизмде иерархия болса, постмодернизмде анархиялық сипат басым. Яғни әркімнің өз үні бар. Әр діннің өзінің айтары бар. Абсолютті ештеңе жоқ. Осы тұрғыдан келгенде постмодернизм Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі адамзаттың теңдігін жырлаушы бағыт ретінде қалыптасқан болатын. Бұл бағытта ешнәрсені жоққа шығаруға болмайды. Тек күмәндануға мүмкіндік бар. Жалпы айтқанда постмодернизм – күмәнға құрылған бағыт.

– Постмодернизм анархиялық бағыт деп қалдыңыз...

– Анархиялық бағыт дегенім, оның әдебиеттен кез келген бағытқа, жанрға жол беруінде. Жоғарыда айтқан
«Underground әдебиеті» оқырманға ешбір эстетикалық өнер тұрғысынан әсер етпейді. Бірақ постмодернистер олардың да айтары бар дейді. Яғни ешнәрсеге шектеу жоқ. Шығарманың моралдық, тәрбиелік қыры маңызды
емес.

– Сонда біздің әдебиет осы бағытқа талпынып жатыр ма?

– Иә. Сондықтан бізде сүзгі болуы керек. Қай идеясын аламыз, қай идеясын жоққа шығарып, қабылдамаймыз, осы бағытта ойлануымыз керек. Оның үстіне постмодернизмнен енді қаша алмаймыз. Өйткені, өзіміз сол постмодерн қоғамға келдік. Сол қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Постмодерннің негізгі айшығы күмән десек, бүгінгі өміріміз де күмәнға толып кетті. Адамдар бір-біріне сенуден қалып, бір-бірінің әрекетін бағатын уақытқа
жеттік. Дүкенде дүкеншіден күдіктенесің, жұмыста әріптесіңнен күдіктенесің... Тіпті көшедегі қайыршыға тиын тастап тұрып та күдіктенеміз. Ал мұндай күдік мен күмән толған қоғамда өмір сүрген жазушы шығармасына әсер етпеуі мүмкін емес.

– Ол туынды қандай формада дүниеге келеді деген тағы бір сауал туады. Бүгінгі дамып келе жатқан ұйқассыз өлең болып жазыла ма, әлде тіл мен ой көркемдігі төмен прозаға айнала ма?

– Кесіп айту қиын.

– Осы тұрғыда адамның тұтас симметриялығын алға тарта отырып, бір мәселені айтқым келеді. Сұлулық сыры – симметрия десек, поэзиядағы ұйқас, прозадағы көркемдікті өзінше симметриялық дүние деуімізге болар. Сол прозадан көркемдік, поэзиядан ұйқас кетуімен біз адам бойындағы симметриясын, симметрияға бағындырылған табиғатын бұзып алмаймыз ба?

– Керісінше, адам бойындағы симметрияның бұзылысы көркем шығарманың симметриясының бұзылысына алып келіп жатыр. Белгілі бір деңгейде оған куә де болып жүрміз. Бұл құбылыс сыртқы әсерден болып жатыр. Ештеңе де кездейсоқ туындамайды. Бүгінгі адам бойындағы қатігездік кездейсоқ шыққан дүние емес. Адам
психологиясының бұзылуынан бастау алып отыр мұның бәрі. Ұлттық тұрғыдан айтар болсақ, постмодернистік һәм батыстық «why not?» («неге олай болмасқа?» немесе «несі бар?») ұстанымы бізге де келді. Қазір қыз күйеуден қайтып келсе де, баласы оқудан шығып келсе де, жұрттан ұялудан гөрі «Несі бар екен?» деген ой басым болып барады.

– Бүгінгі күмән толы кезең ұрпақ санасына сіңеді. Олар бізден бетер күмәнмен өмір сүрмек. Оның үстіне смартфонмен ғана байланысқа түсіп, ойынға қанбаған, өзге балалармен қосылып ойнамаған ұрпақ өсіп келеді. Осы ұрпақ жетіліп, ғасыр ортасы адамзаттық депрессияға ұрынбас па екенбіз?

– Әбден мүмкін. Оның элементтері бүгіннің өзінде бар емес пе?

– Маған модернизм әдебиеттің ең биік кемел бағыты секілді көрінеді. Оның біз үшін басты олқылығы Құдайды жоққа шығаруы болса, Құдайсыз, ғылымға негізделген қоғам құруға болатын шығар.

– Олай болуы мүмкін емес. Біраз уақыт бұрын бір ғылыми зерттеу оқыдым. Ол зерттеуде өте кішкентай қанатты жәндік туралы жазылған. Ол алдымен өзіне үлкен етіп ұя жасайды. Содан кейін өзінен бірнеше есе үлкен қоңызға шабуыл жасап, есебін тауып басына қонып алып, миына уын жайып, өзінің жекеменшік мәңгүртіне айналдырады. Оның уытының қуаты сондай көбірек жайылса, қоңыз өлетін екен, бірақ ол мөлшерден асырмайды. Осылайша қоңыз оған бағынып, ұясын өз аяғымен барады. Ұяға енген қоңыздың денесіне өзінің ұрығын тастайды да, ұяны сыртынан шыға алмастай етіп бекітеді. Қоңыздың тәнінде оның балалары өсіп шығады. Одан өсіп шыққан ұрпағы да соны қайталайды. Осы құбылысты қалай түсіндіруге болады? Құдайсыз мына әлемді, жаратылысты қалай түсіндіре аласың? Ғылым Құдайды алмастыра алмайды. Жалпы ешбір өнер, ешбір ғылым атаулы адамзат санасындағы Құдайды алмастыра алмақ емес. Сондықтан модернизмді адамзат үшін кемел бағыт санау дұрыс емес. Ол тек әдебиеттің бір бөлшегі ғана.

– Сөзімізді қорытындылай келгенде, постмодернизмді, кибер әдебиетті қанша даттасақ та, ол келетін жаңалық екеніне дау жоқ. Солай ма?

– Келері сөзсіз. Алдыңғы сөзімізде «біз постмодерн кеңістікке, оның дәуіріне кірдік» деп айтып кеттік қой. Ал қоғамдағы үдеріс жазушының санасына, оның шығармасына тікелей әсер етеді. Осы орайда тағы да сол сүзгі туралы сөзге тірелеміз. Экспериментке ашықтығымен қызықтыратын бұл бағыт, кейде әсіре гумандылығының арқасында ділімізге тым жат дүниелер әкелуі ғажап емес. Соны електен өткізіп отыру қажет. Кез келген жазушы, қалам иесі адам алдында, адамзат алдында өзін жауапты сезінуі керек. Постмодернизм ізгілікке үндемейді дей алмаймын, бірақ бұл бағыттың негізінде жаратылыстың тепе-теңдігін бұзуға талаптанатын тұжырымдары баршылық. Сөз – құдірет. Сондықтан жазушының, әдебиеттің тәрбиелік функциясын жоққа шығаруға болмайды.

Сұқбаттасқан
Досхан Жылқыбай

«Ақ желкен» журналы,

№6 Маусым, 2020

3630 рет

көрсетілді

21

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы