• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 11 Қыркүйек, 2020

Біздің уақыттың батырлары

Құндылықтар алмасуы

Ел басына күн туған шақта немесе заман ауысқан тұста құндылықтар мен «батырлар» да өзгермек. Кеңес өкіметі тұсында қарапайым еңбек адамы үлгі саналса, нарыққа ауысқанда қалталы азаматтар ұрпаққа үлгі биігіне көтерілді. Дегенмен, алғашқы уақытта ұрлық-қарлықпен қалта томпайтқандарға жиіркенішпен қарайтын еді жұрт. Қазіргі ұрпақ оларға «уақытының олқылықтарын» дұрыс пайдалана білген «ақылды» адамдар ретінде қарай бастады. Бұл тенденция батыстың әлеуметтік философиясының дендеп енуімен тіптен белең алып бара жатыр. Десек те, қазіргі төтенше жағдай адам санасындағы «құндылықтар» қоймасын қайта қарауға итермеледі. Коронавирус жұқтырғандар саны сәт сайын көбейіп, көз жұмғандар күн сайын артып жатқан заманда қарапайым халық көзіндегі батырлық тұғырына дәрігерлер көтерілді. Ал олардың тасасында, қара халыққа көрінбей ғалымдар жұмыс атқарып жатыр. Яғни бұл өтпелі кезеңнің нағыз батырлары аурумен бетпе-бет күресіп жатқан дәрігерлер мен майдан тылында соғысып жатқан ғалымдар екеніне дау жоқ. Осы қатарға қоғамдық көлік және
такси жүргізушілерін де қосып жүргендер баршылық. Тіпті Мәскеу қаласында қарапайым курьерлерге арнап тұңғыш ескерткіш орнатылды. Оның тұғыртасында: «Оқшаулануды мүмкін еткендер үшін», – деп жазылған.

Тарихқа көз жүгіртсек...

Курьер сөзі француз тілінде «желаяқ», латын тілінен аударғанда «жүгіру» деген мағына береді. Анықтамалықта
бұл мамандық: «Қызметтік қағаздар мен хаттарды және жеңіл жүктерді жеткізуші» деп көрсетілген. Жеңіл жүктердің не екенін (көбіне тағам) біз білеміз. Ал курьерлердің қызметтік қағаздар мен хаттарды жеткізушілік қыры қазіргі таңда өз маңызын жоғалтқандай көрінеді. Ал тарихта курьерлер аса маңызды, мемлекеттер арасындағы дипломатиялық хаттар мен құпия қағаздарды жеткізуші қызмет атқарған. Бір сөзбен айтқанда,
дипломатиялық пошта қызметкерлері еді курьерлер.

Ресейде курьерлік қызмет 1701 жылы жолға қойылып, олардың екі түрі болған. Әскери хаттарды жеткізуші курьерлер фельдъегер деп аталса, дипломатиялық хат жеткізушілер – дипкурьер деп аталды. Ал Ұлы дала төсінде аты басқа, қызметі бір «үкілі пошта» Шыңғысхан заманында пайда болған.

Бүгінгі күні де әлемнің көптеген елінде қызметтік қағаздар мен маңызды құжаттарды жеткізуші курьерлік қызметтер бар. Ол қарапайым поштадан жылдамдығы мен жеткізу қауіпсіздігі тұрғысынан көш ілгері. Мұндай жеткізуші қызметтердің ішіндегі ең танымалы FedEx компаниясы болса керек. Ал оның танымалдығы «Аластатылған» атты фильмнің шығуымен тіпті өсіп кетті. Робинзон Крузо секілді аралда жалғыз қалған кейіпкердің Уилсон атты доптан жасалған досымен сөйлесіп жүретін Том Хэнкстің киносын сіз де көрген боларсыз. Режиссерлер мен сценаристер кино картинада курьерлік қызметтің маңыздылығын толық ашып көрсете алған.

Кеше... Бүгін...

Курьерлердің қандай маңызды іс атқарғанын және олардың жұмысы аса қауіпті болғанын тарихтан түсінген
боларсыз. Екі мемлекетті жауластыратын да, достастыратын да хат соның қолында. Немесе соғыс кезінде билеушіден келетін жарлық, бұйрық та курьердің мойнында болған. Егер бір мемлекеттің курьерін өлтіріп, оның қолындағы хат мазмұнын өзгертер болса, соғыс басталып немесе соғыста жеңіліс табудың қаупі жоғары болған. Ескі замандардағы ең қорғалатын адам да және ең көп қастандық жасалатын адам да курьержеткізушілер, хабаршылар болатын. Заман түзеле келе бұл мамандық иелеріне төнген қауіп көп сейілді. Оның үстіне
курьерлік қызмет дипломатиялық хаттар мен маңызды құжаттарды тасуға емес, ендігі жерде тағам және басқа да қарапайым заттарды жеткізуге мамандана бастады. Десек те, курьерлерге қауіпті іс атқаратын кезең қайта туғандай. Олар асқан қарқындылықпен таралып жатқан коронавирус кезінде бастарын қатерге тігіп жұмыс атқарды. Иә, карантин кезінде бірден-бір тоқтамай, керісінше жандана түскен қызмет болса, ол курьерлік қызмет еді.

Тағам, киім, жалпы қажетті кез келген дүниені табалдырығыңызға әкеп беретін жеткізушілер, курьерлер кезінде дәрігерлерден кейінгі батырларға айналды деп жүр қазір көп сарапшылар. Мәскеудегі ескерткіш осының үлкен дәлелі. Ал сіз қалай қарайсыз? Көкейде туындаған сауалдарға жауап іздеп, ашылғанына аз уақыт өтсе де, танымал жеткізу желілерінің біріне айналған Glovo қызметіне хабарласып, бірнеше сауал жолдадық. Бізге Glovo жеткізу қызметінің Қазақстандағы бас директоры Карим Бугуспаев жауап берді.

Карим

– Сіз үшін курьер деген кім? Олар бұл салада ақша табу үшін ғана жұмыс істей ме, әлде қала кезіп, адамдарды қуантқанды шын жақсы көретіндер де бар ма?

Әрине, кез келген адам ақша табу үшін жұмыс істейді. Бұл тек курьерлік қызметке ғана байланысты нәрсе емес екенін білесіз. Ал біздің Glovo жеткізу қызметінің курьерлері ішінде тек қосымша пайда үшін емес, негізгі ісі ретінде айналысатындар да баршылық. Олардың көбі жақсы жетістіктерге жетіп, өмір сүру деңгейі жақсарып келе жатыр. Мысалы, Ержан атты қызметкерімнің жігері мен еңбекқорлығына өзім таңғалам. Егер әсірелей айтар болсам, ол жұмысқа жаяу кіріп, қазір мотоциклмен адамдарға қажетті дүниелерін жеткізіп жүр.

«Олар жұмысын жақсы көре ме?» дейсіз... Нақты жауап беру қиын. Әрбір курьердің, әрбір тапсырыстың, тіпті әрбір тұтынушының өз тарихы бар. Олар бір-біріне ұқсамайды. Мысалы, біздің курьерлер бір емес, бірнеше рет адам өмірін өлімнен арашалап қалуға себепкер болды. Қонақ келмейтін, қарт аталар мен апалар тұратын үйлерге тапсырыс жеткізу кезінде мұндай жағдайлар болып тұрады. Сыртқа шығуға қауқарсыз адамдарға тағам, туыстарынан сыйлық, гүл немесе дәрі жеткізген уақыттарда тапсырыс алушылардың көзіндегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Жұмысын жақсы көре ме?» деген сауалға орала келе айтарым, біздің курьерлеріміз адамға бақыт сыйлауға құштар және біреуге бақыт жеткізгеніне өздері де бақытты.

– Карантинге дейінгі курьерлер мен карантин кезіндегі курьерлер арасында қандай айырмашылық бар?

Карантинге дейін курьерлер жәй ғана курьер болатын. Елеусіз ғана өз жұмысын атқарып жүрген сары-қызыл сөмке асынғандар... Ал карантин кезінде олар нағыз «батыр» деңгейіне көтерілді деп айта аламын. Үйден шығудың өзі қорқынышты көрінген шақта курьерлердің көмегі көп болды. Дәрі-дәрмек, қарттарға алыстағы
балаларынан азық-түлік жеткізу үшін біздің қызмет ауадай қажет еді. Бұл кезең курьерлерге деген құрметтің пайда болуына алып келді.

– Мәскеуде курьерлерге арнап ескерткіш орнатылғанын естіген боларсыз. Бұл турасында сіз қандай пікірдесіз?

Бастаманы толықтай қолдаймын. Курьерлер карантин кезінде тоқтаусыз жұмыс істеуімен қоғамға көп көмегін тигізді. Жоғарыда атап өткен дәрі-дәрмек, ас-ауқат, азық-түліктен бөлек, курьерлер бір-біріне құнды да құпия заттарын бергісі келген адамдардың арасындағы көпірге айналды. Сонымен қатар Glovo жеткізу қызметі дәрігерлер мен дәрігерлердің отбасы, балашағасына қайырымдылық акция аясында сыйлықтар жеткізіп тұрды. Әлі күнге дейін біздің қызмет #berik_bol_almaty әлеуметтік жобасы аясында дәрігерлерге ыстық ас жеткізіп келеді.

– Курьерлік қызметке карантин кезінде қаншалықты сұраныс артты?

Екі айлық толық карантин кезіндегі біршама көрсеткішке тоқталып кетейін. Жалпы біздің қызметке деген сұраныс 34%-ға, орташа чек көрсеткіші 24%-ға, қағаз ақшасыз төлем 7%-ға өсті. Сонымен қатар, мобильді қосымшамызды жүктеу 2 есе артты. Осы уақыт аралығында курьерлер 600 мың литр антисептик, 20 мың қолғап, 15 мың маска пайдаланған. Елімізде карантин кезінде 1500-ге тарта Glovo курьері жұмыс атқарып, олардың үш мегаполистегі жүріп өткен жолының жиыны 850 мың шақырымға жетті.

– Біздің қоғамдағы курьерлерге деген көзқарас пен қарым-қатынас қандай?

Glovo мобильді қосымшасына тұтынушыларымыздың өтініші бойынша «шайлық беру» функциясын енгіздік.
Меніңше, тұтынушылардың бұл мәселені енгізуді сұрауы – курьерлерге деген еліміздегі көзқарастың айқын көрінісі болса керек. Біздің курьерлердің, жалпы адамдардың бәрі ақша табу үшін жұмыс істейтінін айттық қой. Ал қосымша, есебіне кірмеген ақшаға кім-кімде қуанары анық. Курьерлер де мұндай дүниені қуана қабылдап, жұмыстарының еленгеніне алғыс білдіріп жатады.

– Карантин кезінде курьерлерге деген талап өзгерді ме?

Әрине. Кез келген өзгеріс талаптарды қайта қарауға міндеттейді. Мысалы, біз курьерлеріміздің санитарлық нормаларды сақтауын жіті қадағалап отырдық. Олардың тауарды тапсырыс берушілерге қашықтан беруін, антисептик қолдануын, тапсырысты дайындап беретін қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтық сақтауын
және маска мен медициналық қолғап киюін талап еттік. Бұл талаптарды қызметкерлеріміз өте жақсы қабылдады.

Ержан

* * *

Карим Бугуспаевпен арамыздағы сұқбат осылай қысқа қайырылды, десек те біраз мәселеге көз жеткіздік. Қазақстанда бір ғана Glovo емес бірнеше жеткізу қызметі жұмыс атқарады. Білуімізше, олардың да орташа көрсеткіштері біз сұқбат құрған қызметтің көрсеткіштеріндей өскен. Яғни курьерлер карантиндік кезеңнің шын қажетті қызметкерлері болған. Сарапшылар айтып жүргендей «батыр» деңгейіне көтерілді ме? Бұл сауалды Glovo жеткізу қызметінің курьері Ержан Қыпшақбаевқа да қойып көрген едік.

– Мәскеудегі курьерлерге арналған ескерткішті естіген боларсыз. Сіз өзіңізді карантин кезеңінің дәрігерлерден кейінгі батыры санайсыз ба?

Кез келген адамның бойында батыр болуға талпыныс барына сенемін және оны құптаймын. Бірақ өзімді батыр сезінгем жоқ. Мен тек жұмысымды атқардым. Ал менің жұмысымның ел басына қиын күн туғанда біреуге көмегі болса, шын қуаныштымын.

– Біздің де елімізде осы тектес ескерткіштің орнатылғанын қалайсыз ба?

Өзін батыр санамайтын мен үшін бұл тым биік марапат көрінеді. Бірақ неге орнатпасқа? Қала көшелеріне назар салыңызшы. Курьер өте көп. Олар да осы қоғамның мүшесі. Ал мемлекеттің өз халқын қуантқанында тұрған не бар?

– Қазақ қоғамындағы курьерлерге деген көзқарас пен қарым-қатынасқа көңіліңіз тола ма?

Әртүрлі жағдай болады. Бірақ курьер жұмысын адал әрі жақсы атқаратын болса, оған деген көзқарас та, қарым-қатынас та сәйкес деңгейде болмақ. Меніңше, соңғы жарты жылдық курьерлердің қажеттігі мен олардың қоғам
өміріндегі маңыздылығын анық сездірген кезең болды. Осы тұрғыда көп адам курьерлерге деген көзқарасын жақсы жағына қарай өзгерткен шығар.

* * *

Көшедегі жағдайды көре отырып, екі бірдей маманмен кеңесе отырып, ойымыздың қорытындысын оңай табуға болар еді. Бірақ курьерлер қауымын «батыр» атап, қарабайыр және пафосты қорытынды жасауға қол бармайды. Өйткені Карим Бугуспаев өз қызметкерлерін «батыр» деңгейіне көтерсе, қарапайым курьер Ержан өзіне мұндай мадақтың тым биік екенін айтып отыр және көптеген әлеуметтік сауалнамаға жауап берген
курьерлердің пікірі де осыған саяды. Сонымен курьерлер карантин кезеңінің дәрігерлерден кейінгі батырлары ма, жоқ па?

«Батыр» деген сөз ел қорғаған, халқы үшін басын қатерге тіккен тұлғаларға айтылатын еді. Олар бұл іске намысы үшін, жерін жаудан қорғау үшін баратын. Жаугершілік заман өтіп, білім мен ғылымның заманы туғанда біз ұлтқа қызмет етіп, оны жарқын болашаққа бастау үшін еңбек еткен тұлғаларды «батыр», қайраткер деңгейіне көтердік. Карантин кезеңінде аурумен бетпебет қалып, антына адалдығын танытып жатқан дәрігерлерді «батыр» деп отырмыз. Осы категориядағы тұлғалармен курьерлердің нендей ортақ тұстары бар?

Иә, курьерлер де басын қатерге тігіп жұмыс істеп жүр. Бірақ оларды ұлттық, қоғамдық мәселелер ойландыра ма? Олардың тапсырыс жеткізе жүріп, қиын жағдайда қалған адамдарға көмегін ерікті әрекет санай аламыз ба? Олай деу қисынға келмейтін секілді. Ендеше ойды қалай түйіндеуге болады?

Біздіңше, курьерлерді сарапшылар атап жүргендей «батылдыққа» итермелейтін материалдық дүние. Яғни халық өзіне қажетті батырларды өз ақшасына сатып алды деуге болатын шығар. Әрине, дәрігерлердің де
айлықтарын өсіріп, ынталандырып жатқанымыз белгілі. Бұрынғы ел қорғаған батырларға да сәйкесінше сый көрсетілген. Бірақ мұндай сыйдың бәрі ынталандыру үшін, алғыс есебінде болған.

Сөзімізді түйіндей келе, курьерлер – халықтың өз қаражатына қолдан жасаған батырлары дегіміз келеді. Олардың әркеттері мен халыққа жақсылығын ұмытуға, жоққа шығаруға әсте болмайды. Олардың қажетті
дүниелерді жеткізуін ақылы жұмысы ретінде бағалап, қиын жағдайдағы адам үстінен түскенде қажетті көмек көрсете алғанын әрбір курьердің адамгершілігіне сүйеуге болатын шығар.

P.S. Нарықтық қоғам өз батырларын да ақшаға сатып алады. Бұл ақы алғыс емес, алдын ала қызметке төленетін ақы. Иә, дәрігерлерден соң курьерлер, такси және қоғамдық көлік жүргізушілері бүгінгі қиын жағдайда қалған қоғамның сөзсіз батырлары. Бірақ аздаған ерекшеліктері мен өзгешеліктері бар батырлар!

Досхан Жылқыбай

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2020

875 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы