• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 14 Қыркүйек, 2020

Ағылшынша үйренсе, ағылшынданып кетеміз деу – артықтау

Жаппай роботтанудың соңы неге алып келері белгісіз. Өйткені бұған қатысты пікір екіұшты. Ал жаппай ағылшын тілін үйренудің соңы неге апарып соғады? Бұрын «орыс тілінсіз күнің жоқ» дейтін болса, қазір «ағылшын тілінсіз білім жоқ» деген пікір пайда болған. Ағылшын тілінің қазақ қоғамындағы және ғылымындағы рөлі, жалпы бүгінгі ағылшын тілінің беталысы туралы ағылшын тілінің бірегей маманы Асхат Еркімбаймен сұқбат құрдық.

– Шет тілін үйрену және шетелде білім алу жастарға не үшін керек?

– Ілім-білім алып, елге қызмет ету үшін керек. Бірақ «қызмет – мінезден» екенін білесіз. Қазақстанда фундаменталды ғылымның негізі әлі де қатаймағандықтан, ғылыми жаңалық ашып отырған елдердің көшінде емеспіз. Көшінде жүргендерден үйренумен келеміз. Егер ғылым-білімді меңгермесек, өзгенің ғалымына мұқтаж боламыз. Ғалым адам қоғамды, процесті зерттейді. Заманауи ғылыми зерттеу тәсілдерін, есеп-қисабын меңгергендер өз арамыздан шықпаса, өзімізді өзгенің көзімен зерттеп, тани алмаймыз. Сырттан таңылған ғылыми пайым мен көзқарасқа шырмалып, артта қалмақпыз. Ағылшын тілі – ғылым тілі. Сондықтан оны үйрену қажет. Ғылымның тілінде қарым-қатынас құру үшін керек. Өзінің осы қоғамға пайдалы екенін білу үшін қажет. Әрине, басқа жолмен де қоғамға маңызың бар екеніңді білу болар. Бірақ ғалым адам өзінің ғылыми ортасын ағылшын тілі арқылы табатын болса керек.

– Білім алудың тегін (грант) және ақылы түрінің қаржылық жағынан бөлек сапа бойынша қандай да бір айырмашылығы бола ма?

– Шетелдегі ме? Қазақстандағы ма? Білім саласының маманы болмағандықтан бұл сауалға жауап беруім дұрыс емес болар деп ойлаймын. Бірақ қазіргі уақытта университет оқытушысы да, мектеп мұғалімі де негізгі білім тасушы адам емес. Себебі қажетті білімді қазір интернеттен табу мүмкіндігі бар. Бастысы сол интернеттегі ақпараттың сапалы мен сапасызын айыра білу керек болып тұр. Оқытушы мен мұғалім тәжірибесімен бөлісетін адамға айналып бара жатыр. Сондықтан мәселе ақылы бөлімде немесе тегін оқуда емес, кім өзінің тәжірибесін бөлісіп отыр дегенге саяды. Ағылшын тіліндегі ғылымның қайнаркөзінен сусындап, жергілікті ерекшелікті бойына сіңіріп жұмыс тәжірибе жинақтаған маман ба, әлде заманауи жаңалыққа әзірге қолы жете алмай ескі тәсілді амалдап жүрген жан ба?..

– Алғашқы жиырма жылда шетелде оқыған және оқуға ынталы қазақстандықтардың көбі грантқа ұмтылса, бүгінгі таңда ақылы негізде білім алуға ниеттілер қатары артып келеді. Мемлекетті құраушы орта кластердің елден сыртта сапалы әрі қолжетімді білім алуына қандай мүмкіндіктер бар?

– «Болашақ» тәрізді мемлекет қаржысы есебінен жастарды шетелде оқытып жатқан ел саны көп емес. Сондықтан өзге елдің жастары осы уақытқа дейін өз күші мен біліміне сеніп шетелдік гранттарға құжат тапсырып оқып жүр. Кейбіреуіне оқу ақысына ата-анасы көмектеседі. Кейбірі жартылай жұмыс істеп, өз оқуының ақысын өзі көтереді. Бір қызығы, америкалықтардың бәрі бірдей жоғары білім алуға ұмтылмайды. PhD деңгейіне дейін жалғастыратындар аз. Себебі Америка қоғамы мектептегі біліммен де қоғамда өз орныңды тауып, үлес қосуға жағдай жасаған. 

«Сапалы білім» деген тіркестің өзі екіұшты. Себебі білім ол бар ақпаратты кәдеге жарату деп қабылдасақ, мәселе білімде емес. Ақпараттың сапалы яки сапасызында болады. Мұхиттың арғы жағындағының бәрі бірдей біздің қоғамды гүлдендіруге пайдалы бола бермеуі мүмкін. Егер адам шетелде тұрамын десе, оған сол шетелдің білімі сапалы болмақ. Ал Қазақстанға оралатын адам шетелде білім алмай тұрып, «оқу бітіріп келген соң елде не істеймін?» деген сауалға жауап тауып, сосын білім іздесе, сапалы болмақ. Білім тек қана ақпарат емес. Шетелде көргені, араласқан ортасы, жүрген-тұрғанының бәрі білім. Сондықтан әлдебір рейтингтің жоғары орнында тұрған университеттің білімін алсам, сапалы білім алдым деп ойлау сәл әбестік. Рейтинг тұрғысынан, әрине. Сапалы болар. Бірақ елге келіп, аса жоғары дипломымен бір түйір пайда қылмаса, масыл болып жүргеннің несі сапалы? Жай ғана колледж бітіріп, қолекі кәсіп меңгеріп, ел-жұртқа қызмет қылса, ол да сапалы білім ғой.

Асхат Еркімбай

«Грамматиканы, шақтарды, сөз құрамын білу – тіл білуге жатпайды»

– Қазақстан азаматтарының арасында IELTS пен TOEFL емтихандарының қайсысы танымал? Қайсысына көбірек тапсырады? Жалпы осы тілді білу деңгейін айқындау емтихандарының айырмашылығы мен ерекшелігі, артықшылығы жөнінде сөз етсеңіз.

– Нақтылы бір зерттеуді көрмедім. Бірақ TOEFL америкалық білім беру жүйесі мойындайтын сертификат, ал IELTS халықаралық әлеуеті бар сертификат екенін ескерсек, соңғысының танымал болатынын болжау оңай.

Шетелге оқу орнына құжат тапсырғанда ағылшын тілін білетінін дәлелдейтін сертификат сұрайтыны рас. Сонымен бірге «Не себепті осы оқу орнын таңдадың?», «Сен үшін бізге ұсыныс хат жазатын кім бар?», «Бұған дейін немен айналыстың?» деген сауалдары бар құжат сұрайды. Шындығында ағылшын тілі жөніндегі сертификат осылардан кейін төртінші орында. Себебі ағылшын тілін көп адам меңгеруі мүмкін. Бірақ екінің бірінде мамандыққа қызығушылығы, дайын тәжірибесі бола бермейді. Сол себепті кей жағдайда талапкердің ағылшын тілінен ұпайы төмендеу болып, мамандыққа қызығушылығын дәлелдейтін құжаттары жақсы болса, шақырту хат алады. Себебі тілді адам оқып жүріп те меңгереді. Әрі ешбір адам тілді толық меңгеріп болдым деп айта алмас.

– Байтақ әлемнің кілті – ағылшын тілін үйренудің өзіңіз жүріп өткен сүрлеуі қандай еді? Тіл үйренуді қалай өмірлік ғадетке айналдыруға болады? Жалықпай, талмай, іш пыстырмайтындай оқу-үйрену бойынша төл тәжірибеңізді бөліссеңіз.

– Мен де көп адам сияқты тілді қате үйренуден бастадым. Басты қателік тілді грамматика негізінде үйрену керек деген ой болды. Бір есептен, өзім филологияны оқығандықтан екі тілдің арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты біліп алсам, тез меңгеремін деген ой болған болуы мүмкін. Екінші қателік ағылшын тілін орыс тілінде үйрендік. Кеңес одағындағы білім беру жүйесінде ағылшын тілін төтесінен үйрету немесе қазақ тілі негізінде үйрету деген әдіс болмаған тәрізді. Сондықтан орыс тіліне жетік болғандар ағылшынды тез үйреніп алып жатты. Себебі шет тілін орыс тілі негізіндегі әдіспен оқыту жетілдірілген еді.

Осыдан жиырма жыл бұрын студент кезден бастап Алматы қаласындағы бірнеше тіл курсына бардым. Курстың бәрінде ағылшын тілі орысша оқытылатын. Ауылдан шыққан балаға бұл орта тосын еді. Бірақ тіл үйренсем деген қызығушылық тоқтатпады. Сонымен қатар жұмыс істеп жүргендіктен аптасына үш рет бір сағаттан тіл үйрену жеткіліксіз көрінді. Оқу бітірген соң ақшамды жинап, жарты жылға Малайзияға тіл үйренуге жолға шықтым. Малайзияда күніне бес сағат, дүйсенбіден жұмаға дейін ағылшын тілін ағылшынша оқыдым. Сол кезде алғаш рет тілді сол тілде меңгеруім керек деген ойымның дұрыстығын өзіме дәлелдедім. Себебі мектеп пен балабақшада орыс тілін бізге қазақша үйреткен жоқ. «Здравствуйте, дети!» деп орысшаны орысша үйретті. Содан болар, орысша сайрап кетпегеннің өзінде орыс тіліндегі күрделі ой иірімдерін де астарлы ойды да түсініп, еш кедергісіз көркем әдебиетін де, техникалық мәтінін де түсіне береміз. Ағылшын тілі де солай сол тілде үйретілсе, қабылдауымыз басқаша болар еді.

Бұл, әрине, сәл өзге тақырып. Себебі ғылымда ана тіл, екінші тіл, шет тіл деген әртүрлі ұғымдар бар. Қазақстандағы қазақтардың көбі үшін орыс тілі екінші тіл. Ағылшын тілі – шет тілі. Қоғам жүйесі солай. Ал Моңғолияға барсаңыз жастардың көшеде ағылшынша сөйлесіп бара жатқанын, моңғол тілінде таппаған ақпаратты ағылшыннан іздейтінін көресіз. Ұлан-Батырда болғанымда ағылшын тілі ол жақта екінші тіл тәрізді әсер қалдырды. Моңғолша білмегендіктен ол жерде ағылшыншамен емін-еркін қарым-қатынас құрдым.

Өзімнің әріптес журналист достарыма ағылшын тілін ағылшынша үйрету үшін алты апталық ағылшын @6weeksenglish деген жоба бастадық. Жобамызда күн сайын екі сағаттан тек ағылшын тілінде алты апта бойы оқу, жазу, сөйлеу және тыңдау дағдыларын қатар үйретеміз. Сабақ тек ағылшынша жүреді. Топта адам санын 8-10 студенттен асырмаймыз. Әрі Oxford кітаптарын студенттердің қолына өзіміз береміз. Себебі оқу құралы бәрінде бірдей болғаны дұрыс. Өзім Cambridge-дің CELTA атты ересектерге ағылшын тілін үйрету әдісінің сертификат иегері болғандықтан сабақ сол Cambridge әдісімен өтеді. Бұл жарты ғасырға жуық шыңдалған халықаралық тәсіл. Сертификат иесінің дүниенің кез келген жерінде ересектерге ағылшын үйретуге қауқары жетеді. Бастысы, ағылшын тілін араға өзге тілді қоспай сол тілде үйретуде жатыр. Яғни бірінші кезекте ағылшынша ойлану процесін іске қосуға тырысады. Сол кезде тіл үйренген адам сөйлегенде немесе жазғанда ойланып, өзге тілден сөздерді аударып тұрмайды. Күрделі ой орамдары мен сөз тіркестерін төтесінен тез қабылдайды.

IELTS

– Орта кластердегі қазақстандықтардың қолайына жағатын ең таңдаулы, сенімді шетелдік бағдарламалар (жеңілдік қарастырылған) қатарынан қайсын атар едіңіз.

– Тіл білу дегеніміз белгілі бір дағдыны қалыптастыру тәрізді. Жоғарыда айтып өткен IELTS тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын немесе машығын тексереді.

Адамның ақпаратты қабылдауы болмысынан әртүрлі. Бір адам сөйлегенді, енді бірі тыңдағанды жақсы көреді. Біреуге ойын жазбаша жеткізген ыңғайлы. Тиісінше, тіл үйренгенде адам өз болмысына орай жақын дағдысынан бастағаны дұрыс деп ойлаймын. Бірақ міндетті түрде төрт дағды қатар үйретілу керек. Ал грамматиканы, шақтарды, сөз құрамын білу – тіл білуге жатпайды. Тіл туралы ақпаратқа жетік екенін көрсетеді. Бұл ақпарат лингвистер, филологтар үшін маңызды. Ағылшын тілін үйреніп жүрген адамның бәріне бірдей ауыспалы келер шақтың формасын ұңғыл-шұңғыл зерттеу қажет емес. Қазақ тілінің грамматикасын жетік білмесе де, қоғамда ұшан-теңіз пайда тигізіп жүргендер көп. Сөйлеу, оқу, жазу және тыңдау дағдыларын меңгеруге септесетін негізгі қағидаларды, ержелерді меңгеріп те «тәп-тәуір сапалы білім алуға» болады.

«Палаудың да, кофенің де дәмі түптеп келгенде бірдей...»

– Бизнестің ең ізгі түрі – ағартушылыққа бейімделген табыс екені белгілі. Ағылшын тілін үйрету-оқыту саласын коммерциялық жобаға айналдыруда нені ескерген жөн?

– Кез келген кәсіптің артында қоғамдағы бір мәселені шешу деген ұстаным болады. Сол ұстанымына адал кәсіпкерлер әдетте бизнесі қай бағытта дамыса да соңына дейін төтеп береді. Адамдар әдетте өнімді емес, сол өнімнің артында тұрған идеяны сатып алады. Әйтпесе, палаудың да, кофенің де дәмі түптеп келгенде бірдей. Бірақ адамның мүддесі мен қызығушылығы сол өнімді шығарушымен бірдей болса, өнімді, қызметті сатып алады.

– Елдегі ағылшын тілін үйрету нарығы онлайн және оффлайн түрінде жылдам қарқынмен дамып келе жатыр. Бұл үрдіс қалай жалғасады, екінші кезеңінің формасы қандай болмақ? Қазақстандықтардың «ағылшыншаға ашқарақтығының» беталысы қалай?

– Қазақстан білім беру жүйесіндегі реформалар ағылшын тіліне сұранысты күшейтіп отырғаны рас. Ағылшын тіліне деген сұраныс арта береді деп ойлаймын. Карантин кезінде қашықтан білім алудың не екенін көрдік. Сондықтан білім саласында да қашықтан қызмет көрсету тенденциясы басталатын шығар деген ойдамын.

Сингапур туы

– Сингапурдағыдай ағылшынша сайрап кетуге Сарыарқа жұртына қанша жыл қажет?

– Бізге Сингапур болу қажет пе? Әрине, сингапурлықтар тәрізді ауқатты тұрғымыз келетін шығар. Бірақ оған тек ағылшын тілі себеп емес. Менің ойымша, Қазақстан тұрғындарында әзірге елдің болашағына қатысты ортақ бір түсінік жоқ. Сондықтан қазақ тілін меңгермей жатып, Сингапурдағыдай ағылшын тілін мемлекеттік тілдің бірі ретінде шығару дұрыс емес болар. Себебі Сингапур мен Қазақстан қоғамы, тарихы, мемлекет ретінде бағыт-бағдары бірдей емес. Біз посткеңестік орыстілді кеңістікте өмір сүреміз. Сондықтан жақын көрші-қолаңмен қарым-қатынас түзу үшін орыс тілі де қажет екенін ұмытпауымыз керек. Ресей күні ертең ағылшыншаға көшкелі отырған жоқ. Шығыстағы Қытайдың да ағылшын тіліне бүйрегі бұрары шамалы. Әлі біз бір қаласы ғана бар мемлекет емеспіз.

– Ағылшын тілі арқылы дүние айдынына қол жалғағанымен, жаһанданудың құрсауында ұлттық бірегейліктен көз жазып, сан алуан субъмәдениеттің тоғысында аз халықтың ахуалы құрақ көрпенің күйін кешпей ме? Шетелге тұруға ұлттық мені бекіген шақта барған дұрыс деген көзқарасқа қалай қарайсыз?

– Келісемін. Ағылшын тілі – құрал. Құралды не үшін қолданатынын түсінгендер білім алса, қоғамға тигізер пайдасы көп болмақ. Ал санасы бекімеген жастар құралдың «құлы» болып қалу ықтималдығы басым. Яғни сол тілмен бірге ділін де өзгертіп алады. Әйткенмен ортақ адами құндылықтар тұрғысынан қарасақ, қай тілдің мәдениеті болса да ізгілікке, өзара қарым-қатынас құру қажеттілігінен қалыптасқан.

– Алайда иммунитеті мықты елдердің лингвотанымдық-мәдени экспансияға берілмей ашық әлемнен өз үлесін алып қана қоймай, атсалысып жатқанын да көріп отырмыз. Осы этно-иммунитетті қалай практикаласа болады? Жеке тұлға және мемлекет үшін?..

– Когнитивті психологияда әлдебір қауымның қауіпке қарсы тұрарлықтай қауқары жоғары болса, сырттан келетін манипуляцияға оңай төтеп береді деген түсінік бар. Өкінішке қарай, әлемнің көп елінде сол қорғаныш әлсіз. Қазақстанда да сырттан келетін манипулятивті ойларға төтеп беру жағы осал. Қаңқу сөзге, даурықпаға көп ереміз. Сыни ойлау дағдысы бүгінгі ақпарат қоғамына сай емес. Бұл дегенім сырттан бір қауіп жоқ дегенім емес. Әрине, қоғам ретінде сыртқы өзгерістерге өте тез шалдығамыз.
Ағылшын тілін білгеннен үндістер өз дәстүрінен немесе еуропалықтар өз болмысынан айырылып қалған жоқ. Сондықтан қазақтар ағылшынша үйренсе, ағылшынданып кетеміз деу сәл артықтау деп ойлаймын. Түптеп келгенде, адам тілді білгенінен немесе білмегенінен әлсіремейді. Ой жүгіртпегеннен, өзгенің соқыр сеніміне ергеннен әлсіресе керек. Сол себепті сыни ойлау дағыдаларын жетілдіріп барып, білім берілсе, әр адам жаңа «құралды» не үшін қолданатынын, оның артық-кемін жақсы бағамдай алады деп ойлаймын.

– Ашық сұқбатыңыз үшін рақмет!

Күлтегін Аспанұлы

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2020

575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы