• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Қыркүйек, 2020

Теріс діни ағыммен қалай күресеміз?

Редакциямызға бір хат келді. Авторы жазылмапты. Бірақ осы хатты жариялауын өтінген екен. Хатты оқып отырып, ондағы мәселені жан-жақты талқылауды, мамандармен кеңесе отырып мақала жазуды қолға алдық. Шынында, бұл бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Әуелі хатқа назар аударайық...

«Аға, мен сізді әлі түсіне алар емеспін... Сіз неге ол жерде отырсыз? Қарғыс атқыр сол жерді тілеп алған өзіңіз екенін түсінесіз бе?! Әйтпесе, тыныш жүрген адамды ол жерге ешкім сүйремес еді ғой. Жарайды, бір рет қателескен екенсіз. Екінші рет қайта баруыңызға не себеп? Бірінші соттан босап шыққаныңызда қандай қуандым десеңізші! Ортамызға оралады, енді басқаша өмір сүреді деп сеніп едім ғой. Біздің қуанғанымыз түк емес, анамды айтсаңшы. Қуаныштан талып қалды сол жерде. Сіз де жылап тұрдыңыз. «Мен бәрін түсіндім. Дұрыс емес жолда болғанымды мойындаймын. Ал қазір бәрі басқаша екеніне көзім жетті. Шыққан соң басқа бауырларыма мұның теріс жол екенін түсіндіремін» дедіңіз емес пе еңкілдеп тұрып?! Қайда кетті сол сөзіңіз? Көзіңізден жас парлап тұрып айтқан сөзіңізге бәріміз сеніп едік қой. Бізді қойыңызшы, сонда анамды да алдағаныңыз ба? Босап шыққан соң, әлгі әумесерлерге еріп, өзен жағалап қара ту көтеріп, баяғы әніңізге қайта басқаныңызды еш түсіне алар емеспін. Сіз анамды қоса алдадыңыз. Ал анамның оған әлі сенбейтінін, сіз туралы біреу теріс айта бастаса-ақ болды, қорғаштап шығатынын да білмейсіз.

Пойызбен сонау екі күндік жерге қыстың боранды күндерінде де тамақ тасып жүргенін, ана жүрегінің баласын ешқандай жамандыққа қимайтынын қалайша түсінбейсіз? Пойызбен, одан қалса жаяу-жалпылап, абақтыда отырған сізге тамақ тасимын деп денсаулығынан айырылды анам. «Үйдің дәмін сағынған болар, құлыным, барып қайтайыншы» деп, ешкімді тыңдар емес. Ал сіз соны түсінесіз бе? Анамызға жаныңыз ашымай ма? Сонда сіздің дініңіз осы ма? Ананы құрметтемейтін, бауырларының сөзіне құлақ аспайтын, үлкенге қарсы дауыс көтеретін қандай дін ол? Қара туда неңіз бар?

Менің сізге деген ренішім әлі тарқар емес. Бір туған бауырым болсаңыз да, анамның қиналғанын көрсем, сізге деген өкпем арта түседі. Сізден керемет балуан болады деп үміт күткен әкемді де тыңдамадыңыз. Жалғыз әкем емес, бүкіл ауыл сіздің болашағыңызға сеніп еді. Облыстық, аймақтық жарыстардан медаль тағып келгеніңізде елдің атын шығаратын балуан болады деп мақтасты емес пе?! Мен де сіздей болсам деп қазір күрес үйірмесіне қатысып жүрмін. Бірақ мен анамды сіз секілді қинағым келмейді. Сіз ауыртқан оның жанын емдеп алғым келеді...»

Міне, осындай жан тебірентерлік хат бізді бей-жай қалдырмады. Рас, өзге діннің құрсауына түсіп, адасып жүрген қандастарымыз аз емес. Оқырман бұл хатты жасөспірімдерге де сабақ болсын деп жолдаған екен. Біз де бұл тақырыпты әрі қарай қаузайық деп қолға қалам алдық.
Теріс діни бағытқа үндейтіндердің негізгі алаңы – әлеуметтік желілер. Интернет желісінде өріп жүрген діни уағыздардың бәрі бірдей «сүттен ақ, судан таза» емес. Оның ақ-қарасын ажырата білмек керек. Әйтпесе, дүниені енді танып келе жатқан жасөспірімге оның бәрі ащы шындық көрінуі мүмкін. Еліміздің әр аймағында интернет-кеңістікте діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оған қарсы насихат жұмысын жүргізетін арнайы орындар бар. Алдымен солардың пікіріне назар аударайық. 

Руслан Қайыргелді,
Алматы қалалық дін істері басқармасы жанындағы «Кеңес беру және оңалту» орталығының директоры:

Руслан Қайыргелді

ӨКІНЕДІ, БІРАҚ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ КЕРЕК...

– Интернет – ешкімге бағынбайтын жүйе. Теріс ағымның көбеюінің бірден-бір себебі, негізгі тетігі – интернет желісі мен ондағы теріс уағыздар. Өкінішке қарай, жасөспірімдер оны ажырата алмайды. Мектептегі дінтану пәндерінің оқытылуы да лайықты деңгейде емес. Сондықтан біз оларға ата-аналар арқылы ғана айта аламыз. Сайтымыз арқылы «Балаларыңызға абай болыңыздар!» деп насихат айтамыз, басқаға шамамыз келмейді. Мектепте діни сабақтардың сағаты артар болса, теріс ағымдарға тосқауыл болар ма еді, бәлкім.

Интернетке кез келген адам діни уағызын сала алады. Ал мешіттерде Діни басқарманың қызметкерлері ғана уағыз жүргізе алады. Ресми сайттарда да солай, сабақ та жүргізуіне болады.

Теріс ағымға ілесіп кеткен қандастарымыз аз емес, рас. Олардың көбі – 18 бен 40 жастың аралығындағы азаматтар. Қамауда отырғандармен жиі кездесіп, жұмыс істейміз. Көбі өкінеді, әке-шешесі де қайғырып жатады. Бірақ заңның аты – заң, олар тиісті жазасын алуы керек.

Егер сізге біреу бір нәрсені уағыздап жатса, «әділдік бар, керемет өмір, ислами заңға сәйкес өмір бар, басқа жаққа көшейік немесе соған әрекет жасайық» деген секілді насихат айтып жатса, ол адам сізге жақсылық тілеп жатқан жоқ. Ол іс-әрекетін, жаман пейілін сіз арқылы іске асырмақшы деген сөз. Әсіресе, интернетте жазып жатса, одан абай болу керек.  

Мұхиддин Исаұлы,
дінтанушы, Нұр-Мүбәрак 
Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы:

Мұхиддин Исаұлы

ТЕРІС АҒЫМҒА ТОСҚАУЫЛДЫҢ БАСҚА АМАЛЫ КЕРЕК

– Телеарналарда көрсетіліп жатқан фильмдердің діни атрибуттары бар. Жасөспірімдерге солардың әсері болуы мүмкін. Одан бөлек көрсетіліп жатқан мультфильмдерде де басқа діндердің атрибуттары жүр. Олардың бәрі әсер етпей қоймайды. Ал ислам дінінің атрибутын көрсететін мультфильмдер жоқтың қасы. Интернеттегі діни уағыздар негізінен мектеп бітірушілер мен 25 жасқа дейінгілерге әсер етеді. Әрине, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекіткені бар. Бірақ одан бөлек әркім білгенін айтып жүрген уағыз да өріп жүр. Олардың әсері кемшін емес. Бірақ оларға қалай тоқтау саласың?! Мысалы, өткенде Дарын Мүбаровтың құран бағыштауға болмайды деген уағызы шықты. Ал біздің ата-бабамыз аруаққа құран бағыштауды негіз санайды. Біздің бүкіл зиялыларымыз – хандарымыз, билеріміз, Абай, Мәшһүр Жүсіп, еліміздің кешелі-бүгінгі басшылары Құран бағыштауға үлкен мән береді. Ол біздің өмірлік ұстанымымыз. Ал осыны біреудің теріске шығарғаны қоймайды. Оның үстіне Дарын Мүбаровтың танымалдығы да бар. Ираннан келген тағы бір молда бар еді. Ол да әлі күнге сол жақта отырып уағызын жіберіп тұрады. Оның да кері әсері жастарға қатты тиіп жатыр. Олардың бәріне тосқауыл бола алмайсың...

Ондайға тосқауыл қоюдың басқа қадамын жасау керек. Мәселен, ұлттық идеология керек. Исламның біз қабылдаған матуриди түсінігі қазақтың салт-дәстүрінде жатыр. Салт-дәстүрімізді, ата-бабаларымызды насихаттайтын мультфильмдер мен фильмдер көп түсірілуі керек. Абай мен әл-Фарабиді қиындатпай, оңай жолмен мектеп бағдарламасына енгізу керек. Ал мектеп бағдарламасындағы «Дінтану» пәнінің түк те пайдасы жоқ. Аты бар, заты жоқ пән болып тұр. Оны алып тастау керек. Оның орнына «Абайтану», «Фарабитану» енгізсек, қандай ғажап болар еді. Балаларды ғылымға тәрбиелейміз. Мешіттердегі діни уағыздың бірсарынды болғаны жарамайды. Өйткені дін деген бір молдадан тұрмайды. Дін – өмір. Дін – ғылым. Дін – математика. Дін – физика. Алла Тағала Құранда ең әуелі «Оқы, оқы, оқы» деп не үшін айтты? Құдай Тағаланың екі кітабы бар. Бірі – Құран, екіншісі – Жаратылыс кітабы. Құранды түсінуің үшін жаратылысты оқуың керек. Жаратылыс кітабын түсіну үшін Құранды оқуың керек. Мектеп деген сөздің өзі «кітап оқылатын орын» деген сөз. Ал кітаптың бір атауы – Құран. Сондықтан мектептегі барлық пән – Алла Тағаланы танытатын кітаптар. Міне, жасөспірімдерге осылай түсіндірсе, олар мектепте өздерін ғибадатханада отырғандай сезінер еді. Бұл түсінік бұрын бізде болып еді. Ахундар мектебі, Бекет ата мектебі болып еді. Мысалы, Бекет ата мектептерінде үш пән оқытылған. Біріншісі – руханият, екіншісі – шариғат, үшіншісі – жаратылыс пәндері. Үшеуін қосып оқытты. Ал бүгін осы үшеуі бөлек кетті. Руханият сопылық боп өзінше кетті. Жаратылыс пәні мектепке кетті. Ал шариғат мешітке кетті. Осылардың басын қосып жастарға түсіндіру керек. Сонда дұрыс қоғам орнайды. Дін – біздің дәстүрімізде. Дін – ата-бабамыздың ақ батасында, шешендігінде, өнерінде.

Шетелден оқу бітіріп келген шәкірттер басқа елдің түсінік-пайымын, мәдени құндылықтарын бізге дін деп түсіндіріп жатыр. Олай емес қой. Біздің өзіміздің қазақы түсінік-пайымымыз бар. Оны қазақылық дейді. Оның пайымы терең. Осыларды жастарға дұрыс түсіндіре алсақ деймін. Діни басқарманың өзі ресми түрде уағыз айтсын, бірақ ата-бабамыз туралы айтсын да. Бекет атаны, Әлмерек бабаны неге айтпасқа?! Үш биімізді, шейіт боп кеткен қаншама батырларымызды неге айтпасқа?! Арабтың, парсының немесе түріктің әулиелерін айта береді. Қазақта әулие болмаған ба?

Қазір мынадай жағдай бар. Үйінде атасы отыр, бірақ сол үйдің баласы дінді көшеден немесе ютубтан үйренеді. Сөйтеді де атасына қарсы әңгіме айтады. Өткенде қажылықта жас жігітпен бірге болдық. Сонымен әңгімелесе келе, Бекет атаның жолының дұрыстығын айттым. Әлгі жігіт таңғалып, «ұстаз, сіздің айтып отырған әңгімеңіз менің атамның айтып жүрген әңгімесімен бірдей ғой» дейді.

Былтырғы дерек бойынша, Қазақстанда теріс діни ағымды ұстанатындардың саны 20 мыңнан асады екен. Олардың көбі – жастар. Жастардың бәрі әлеуметтік желілерді тұтынатын болған соң негізгі шабуыл да сол жақта екенін ұмытпайық!

Дайындаған
Асылан Біржанұлы

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2020

464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы