• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 24 Қыркүйек, 2020

Үздік жас қаламгерлер кімдер?

«Ең ұлы ақын – жас ақын» дейді Ұлықбек Есдәулет. Жас қаламгерлерді оқу – классикалық әдебиетті оқығаннан әлдеқайда ләззатты секілді, меніңше.

Жас қаламгерлерді, әсіресе жас ақындар мен жас жазушыларды оқырманына таныстырып отыру – «Ақ желкеннің» қалыптасқан дәстүрі. Оның ішінде өлеңге енді ғана қадам баса қойған емес, өз замандастары арасында шығармашылығымен дараланған, тіпті аға буынның да батасын алып үлгерген жастардың дені алдымен «Ақ желкенде» жарияланады. Қазіргі мүйізі қарағайдай ақын-жазушы атанғандардың барлығы дерлік кезінде «Пионер» бетінде жарқырап шыққан. Сол тұстағы ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған айдардың атауы «Ақ желкен» атауы болатын. Міне, сол атау тұтас журналдың атына айналғалы отыз жылға таяпты. Қазір «Мәртебелі поэзия» және «Бүгінгі проза» айдарлары тұрақты жүріп отыр. Себебі, тәуелсіздік қарсаңында және кейін өмірге келгендердің ішінде әдебиетке ден қойғандардың қарасы көп.

Жас қаламгерлердің шығармашылығын жариялап қана қоймай, олардың рейтингін түзіп көру де «Ақ желкеннің» дәстүрлерінің бірі. Осыдан он шақты жыл бұрын «Бүгінгі ең мықты прозаик кім?», «Бейбіт Сарыбай мықты жазушы бола ала ма?», «Бүгінгі күннің ең мықты ақыны кім?», «Ерлан Жүніс басқаларға қарағанда ақынырақ» деген атаумен «Ақ желкенде» жарық көрген мақалалар әдеби ортада ары қарай талқыланып кетіп жатты. Оны әлеуметтік желідегі пікірлерден байқадық, журналдың сайтында әлі де пікірлер жазылып жатыр.

Әрине, белгілі бір топтың дауысы бағаның үлкені емес. Дегенмен оқырманның жас ақын-жазушылардан кімдерді оқитыны, қалай бағалайтыны жөнінде әңгімелеп қоюдың артығы бола қоймас. «Ақ желкеннің» Фейсбук, Инстаграм, ВКонтакте желілеріндегі парақшасында оқырманға сауал тастадық. «Үздік жас қаламгерді таңдаңыз» деп берген сауалымызға бірқатар оқырман қатысты. Қайталап айтамыз, біздің мақсатымыз жастардың арасына іріткі салу емес және бұл дауыстар санына қарай қаламгердің деңгейін білдірмейді. Әлеуметтік желіге салған соң оның жауабын да беруіміз заңды.

Жас қаламгерлердің кітабы көптеп шығып жатыр. Алайда, ол кітаптар туралы мақала немесе рецензия жоққа есеп. Мұндай кітаптар әдебиет сыншылары мен қаламгерлердің тарапынан талқыға түсуі тиіс деп ойлаймыз. Бұл әуелі авторды шыңдай түседі. Біздің мақсатымыз осы – жастарды шыңдау.

Сонымен, дауыс бергендердің саны келесідей болды:

Жас ақындар: %
Еділбек Дүйсен 19
Абзал Сүлеймен 17
Асылан Қуанышұлы 18
Батырхан Сәрсенхан 12
Айбол Исламғали 10
Асылан Тілеген 7
Дәурен Тілеухан 7
Әсел Кәрібай 6
Бекзат Смадияр 4
Шерхан Талап 3
Еламан Төлеутай 3
Ақжан Аманжол 3
Нұртас Тұрғанбек 3
Жандарбек Жұмағұлов 3
Файзулла Төлтай 3

Жас жазушылар: %
Асылан Қуанышұлы 17
Еркін Жантас 5
Досхан Жылқыбай 4

Сонымен қатар оқырман таңдауының ішінде Ақжол Түменбай, Биболат Сәтжан, Абылайхан Қуанышев, Әлімжан Шөңгербай, Әлішер Рахат, Берікбол Батан, Мәжиасқар Қанжарұлы, Саян Есжан, Қуаныш Жазай, Әділет Орынбасарұлы, Марғұлан Ақан, Манас Қайыртай, Ерболат Қарақойшы, Бауыржан Ширмединұлы, Темірлан Қылышбек, Ботакөз Бексары, Мейіржан Жылқыбай, Жанерке Ғинаят, Марлен Ғилымхан, Ләззат Мақаш, Нұркен Нұрғазы, Нұрболат Жолдасбек, Ернағыз Жанатқан, Ислам Шілдебай, Әлихан Нұрбергенұлы, Ақбота Бексары есімді жас қаламгерлер бар. Оқырмандар жастардың шығармашылығы туралы бір-екі ауыз пікір жазбай-ақ, аты-жөндерін белгілеп қана құтылыпты.

Марқұм Аманхан Әлімұлы ағамыз жас ақындардың шығармашылығы жөнінде әңгімені жиі қозғаушы еді. «Ақ желкеннің» бетінде ағаның ащы да айтқан, жұмсақ та жеткізген пікірлері көп басылды. Қандай мінберге шықса да, жастардың шығармашылық бағыты жөнінде ой қоса кетуден шаршамайтын. Оның бәрі жастарды қайрай түсті деген ойдамыз.

Осындай мақсатта аға буыннан пікір алуды жөн көрдік. Жастар бұл пікірлерді дұрыс қабылдайды деп сенеміз.

Сәкен СЫБАНБАЙ, жазушы:

Тілі болмаса, оның несі проза?

Жас қаламгерлердің жазғандарымен түгел танысып, тұрақты қадағалап жүрмін дей алмаймын. Ара-тұра баспасөзде немесе ғаламтор сайттарында жарияланған дүниелерін көріп, оқимын. Көбінесе көңілім тола бермейтінін де жасырмаймын. Олардың сөз саптау, сөйлем құраудағы олқылықтары мен орашолақтықтары туралы қазір аузы бардың бәрі айтып жүр. Бір жағынан, ертегі тыңдап, жыр жаттап өспеген шығар, қазақы тілдің қайнарынан қанып ішпеген шығар, жас шығар, бірте-бірте қалыптасатын шығар – оларды да түсінгің келеді. Екінші жағынан, дәл осылардың жасында бастаған бүгінгі классиктеріміздің алғашқы туындыларын оқып отырып, ондағы тілге, шеберлікке сүйсіне отырып, «әу бастан бар нәрсе бірден-ақ байқалады, ал туасы жоқ нәрсе қанша күтсең де өздігінен пайда болмайды» деген сөз рас па деп қаласың.

«Бүгінгі прозашыларда тіл жоқ» деген әңгімені естісе болды-ақ, «Қазір Әуезов, Мүсірепов, Кекілбаев, Бөкеев секілді салақұлаш салалас құрмалас сөйлем құрып, қызыл тілді қымызша сапырып отыратын уақыт емес, қазір нақтылық керек» деушілер көбейе бастапты. Біріншіден, Мұхтар мен Ғабит те, Әбіш пен Оралхан да қызыл тілді құр безеген жоқ, олардан сөйлем ырғағын бұзып тұрған басы артық сөз табу мүмкін емес. Екіншіден, «көркем шығарманың тілі» деген «салақұлаш құрмалас сөйлем құрау», «тілдік қорыңдағы сөз атаулыны шығармаға оңды-солды төге беру» деген сөз емес қой. «Тек ең қажет нәрсені ғана айту, артық ештеңе айтпау – міне, нағыз шешендік дегеніміз осы» деген Ларошфуко. Сөз бен сөз бір-біріне сәулесін шашып, бірін-бірі жетелеп, өзара жымдасып, үйлесіп тұрса ғана оқитын дүние тумай ма? Оқиғаны ойнату, кейіпкерді мінездеу, тағдырды көрсету, түпкі ойды астарлай келе ақырында аңғарту – бәрі де керек, бірақ осының бәрі оқырманды оқуға ынтықтырып, жетелеп әкететін (мейлі, қарапайым-ақ болсын) жатық тілмен өрілмесе, өрнектелмесе, оның несі проза? «Болған оқиға ізімен», «Қаз қалпында» немесе «Еске түскен жайт еді» деп жаза бермей ме?

Дегенмен, өзім оқыған қыз-жігіттердің ішінде ізденіс үстінде екенін байқатқан, қадамы тәуірлері де бар. Мәселен, Есбол Нұрахметтің «Табақ бет, таңқы танау» атты әңгімесі елең еткізді. Айтары бар, тосын шығарма екен. Арман Әділбектің «Жоғалған бөлмелері» де есімде ерекше қалды. Арманның оң жамбасына сын жазу да келетін тәрізді, мақалаларынан байқаймын. Бақытгүл Сәрмекованың әр жерде жарияланған бірнеше әңгімесін оқыдым – қысқа да нұсқа, сауатты, шымыр жазады екен, ұнады. Әлихан Жақсылықтың «Жан азасы» мен «Алты құрлығы» – ойлы шығармалар. Мұнда психология мен философияға ұмтылыс бар. Ой тартысын мықтай түсу, сюжетті шиеленістіру, диалогтарды жүйелі де шынайы құра білу жағынан ақсап жатқан тұстары жоқ емес. Алайда ізденісіне ризамын. Шеберлік жазу барысында шыңдала береді.

Досхан Жылқыбайдың «Кванты» мен «Матрицасы» – прозаға бір мықтының келгенін айғақтайтын шығармалар. Тілі жатық, кейбір «әңгімелердің» іші-бауырыңды солқылдатып, ішегіңді аузыңнан шығара жаздайтын ойлы-қырлы, кедір-бұдыр «тастақты жолсызынан» соң Бурабайға апарар айнадай даңғылға түскендей, кекіліңді керім самалға таратып тартасың да отырасың. Досханның прозасы – интеллектуал проза. Ол өз әңгімелерінде ірі де күрделі мәселелерді қозғауға, озық ойларды көтеруге ұмтылады, оған өресі жететінін сезінеді. Бізге осы Досхан, Әлихан, Арман, Есбол секілді жан-жақты ойлай алатын, көп саладан хабары бар, білімді, зерделі жігіттер керек. Рас, екінің бірінің биік идеяларды қамтуы міндетті емес, бірақ қарапайым, тіршілік тақырыптарына да осындай дайындықпен, осындай ыждағатпен кірісуге болады ғой!

Ал, жалпы алғанда, оқыған дүниенің бәрі бірдей көңіл көншіте бермейтінін тағы қайталаймын. Үйде отырып та жұмыс істеп жатқандықтан, шаруа көп, уақыт шамалы, сонда да бір ауық назарды басқа жаққа аударайын, сергиін деп, ғаламторда көзіңе түскен көркем дүниені оқығың келеді. Қайдағы сергу... Қайта сергелдеңге түсесің. Көбінің тілі жұтаң, мәтінмен жұмыс істей алмайды, сөйлемді телеграфтық хабарлама секілді тақ-тұқ құра салу, сыдырта баяндап өте шығу жиі кездеседі. Қисайған шеге секілді қиқы-жиқы сөйлемдер, кейіптелмеген кейіпкерлер, нанымсыз оқиғалар, жасанды диалогтар, көмескі ой, күңгірт әлем... Ақырында, біреу қинап отырып, ауыр жұмыс істеткендей, титықтап, шаршайсың. Мен солардың көбін әңгіме деп те есептемеймін. Әйтеуір әңгіме жазуға деген талпыныс... Тапыл-тұпыл басқан бастапқы қадамдар ғана сияқты...

Ақберен ЕЛГЕЗЕК, ақын:

Жастарды сынағаннан гөрі бетін қақпай белін буу керек

Әдебиетте буын алмасу – заңды құбылыс. 2000-жылдардың басында келген біздің буыннан кейін де екі-үш буын ауысты. Кейінгі «жас ақын», «жас жазушы» деп аталып жүрген бірқатар қыз-жігіттердің үлкен шоғыры бар. Олар, қателеспесем, 2010 жылдан кейін әдебиетке аяқ басқан жас азаматтар. Аяқалыстары өте жақсы. Оларды ерекшелеп тұрған нәрсе – дүниетанымының өзгешелігі. Әдебиетке, мәтінге, өлеңнің немесе прозалық шығарманың формасына көзқарастары басқа. Біз классикалық шығармаларды көп оқысақ, бұлар әлемдегі қазіргі әдеби процестен хабардар, жаңа заман әдебиетінің тенденцияларын жақсы біледі. Көбі тіл біледі, сол арқылы кей шығармаларды түпнұсқадан да оқи алады.

Тек қана әдебиетте емес, ғылымның әртүрлі саласынан хабары бар қыз-жігіттерді де байқаймын. Ол, әлбетте, шығармаларында көрініс табады. Айталық, Досхан Жылқыбай деген жігіттің әдебиет қана емес, жаратылыстану ғылымдарына ден қойып жүргенін байқаймын. Соның ішінде квантофизиканы жақсы оқып, сол туралы ойланып жүргені қуантады. Оны «Матрица», «Квант» әңгімелерінен аңғаруға болады. Қазір ешкімді таңғалдыра қоймайтын махаббат лирикасы, азаматтық лирикаларды емес, осындай ғылыми дүниелерді әдебиетке әкеліп жатқанына қуаныштымын. Асылан Тілегеннің өлеңдеріндегі формалық эксперименттерді алғашқы кітабынан байқағанмын. Мүлде басқаша ой қорытып беру, тосын теңеулерді айту сияқты өзгешелік бар. Жаңашылық пен дәстүрдің синтезі бар. Біз постмодернизм деп тамырымыздан ажырап кетпеуіміз керек. Нұртас Тұрғанбек әдемі лирика жазып жүр. Оның лирикасы таптаурын теңеулермен емес, қалалық пейзаждық лирикамен қабаттасып жатады. Заманауи технологиялар мен қалалық архитектураны енгізіп, адамға мұң сыйлайтын лирика жазып жүр. Нұрболат Жолдасбекұлының өлеңдерін қуанышпен қабылдадым. Ақ өлеңге де ұқсамайтын, қара өлеңнің де шеңберінен шығып кеткен кең тынысты өлеңдер жазады. Сол жігіттен көп үміт күтемін. Қазір Түркияда жүрген Файзолла Төлтай деген жігіттің поэтикалық талпыныстары қатты ұнайды. Оның да әлемдік әдеби процестен хабары бар екені көрінеді. Кезінде өзіміз жақсы көріп оқыған Мұхамед Салықпен араласып жүр, оның да ықпалы болады деп ойлаймын. Ол тек бізге олжа әкеледі. Тараздық мектептен болғаннан кейін бе екен, Нұрболат екеуінің өзара ұқсастықтары да бар секілді. Бұл буыннан сәл үлкен Олжас Қасымның дәстүрлі поэзиясы ұнайды. Айжан Тәбаракқызының өлеңдерінің өзінше бояуы, ойы бар. Арғы беттен келген қыз-жігіттердің біразының талпынысы ұнайды. Ретбек Мағаз деген жақсы ақын бар. Әріби Дауыл деген жігіттің жыраулық сарындағы өлеңдері ұнайды. Осы буын ішінде өзгеше тағы екі ақынды атасам болады. Олар – Айбол Исламғали мен Шерхан Талап. Шерхан – ойлы, ақылға құрылған алыпұшпа емес, жүйелі өлеңдер жазатын ақын. Ойлы ақын, байқампаз ақын. Аз жазса да саз жазатын ақын. Ал Айболдың ойлау жүйесі өзгеше. Бродскийді аудару сияқты қабырғалы дүниелерге ұмтылады. Оның «Көктемгі идиллия» деген кітабы елеусіздеу қалып қойды. Әйтпесе оның ішінде формалық эксперименттер, сәтті теңеулер бар. Сосын ол көп оқиды.

Жаңа поэзия тұрғысынан өңірлерде мықты мектептер қалыптасып жатыр. Соның ішінде Қарағанды облысында, Семей қаласында, Орал қаласында жас ақындардың мықты шоғыры қалыптасып келе жатыр. Олардың ішінде Жанат Жаңқашұлы, Жәнібек Әлиман, Әділет Шопен, Мерей Қарт, Бауыржан Игілік, Мәрлен Ғилымхандар жақсы жазып жүр.

Өздері атап алған «Солақайлар мектебі» деген бір қызық топ бар. Олар аудармамен айналысып жүр, оны қолдаймын. Әлем ақ өлең формасына баяғыда өтіп кеткен. Бірақ ақ өлеңді жазғанда оны прозаға немесе мақалаға айналдырып алмау керек. Ақ өлеңде поэтикалық ырғақ, поэзияға тән әуез, динамика болу керек. Ой болу керек. Ақ өлең екен деп баяндап қана отыруға болмайды. Жігіттер осы жағынан қателеспесе екен деймін.

Мен әдебиет сыншысы емеспін, сол себепті нақты мәтінмен талдап айта алмаймын. Әдебиеттің дамуына үлес қосып жүрген жігіттердің еңбектерін бағалап, соған қуанамын. Кез келген қалам ұстаған адамды құрметтеймін. Себебі оның артында тағдыр тұр, қаншама кітап оқыған ұйқысыз түндер, үлкен арман-мақсаттар, әдебиетке деген махаббат тұр.

Жастарды сынағаннан гөрі бетін қақпай, белін буу керек. Аға буынның міндеті – қисайып бара жатқан жерін түзетіп отыру. Жерден жеті қоян тапқандай сынап-мінемей, керісінше, өзінің жазғандарымен үлгі болып, тәрбиелеу керек деп ойлаймын. Мен осындай ұстанымдамын. Әдебиетті дамытамын деп жанкештілікпен келген жас қаламгерді жылы сөзбен қолдап отыру керек. Кем-кетігі болса, жеке айту керек. Эпистолярлық жанр деген бар, хат жазу керек дегендей ойдамын. Жалпы, жастардың аяқалысы ұнайды. Олардың санасы еркін, азат. Әбден қалыптасып қалған қасаң қағидалармен былғанбаған санамен әдебиетке келіп жатыр. Ал бұл әдебиетті тек дамытады деген сенімдемін.

Дайындаған
Теміртас Біржан

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2020

1457 рет

көрсетілді

19

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы