• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 10 Қазан, 2020

Жансен Жәнібекұлы: АҚШ-та теорияға қарағанда практикаға көп көңіл бөледі

Жансен Жәнібекұлы – Назарбаев университетінің түлегі. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып жүріп, физика мен математика пәндерінен республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орынға ие болған. Қазір Солтүстік Каролина штатының университетінде докторантурада оқып жатыр. Мақсаты – Қазақстандағы электроника және экономика саласын дамыту.

– Әлемдегі ең үздік білім ордасы болып саналатын Солтүстік Каролина университетіне оқуға түсу үшін не істеу қажет?

– Инженерия бағытын оқытатын шетелдік үздік университеттің грантын ұтып алу үшін негізгі үш нәрсеге назар аудару қажет: университеттегі оқу үлгерімі (GPA), ғылыми-зерттеу жұмыстары және GRE емтиханы. Оқуға түскен түлектердің тәжірибесі бойынша, грантта оқу үшін GPA 3.5-тен төмен болмауы керек. Ең бірінші қабылдау бөлімі осы GPA-ға қарап студенттерді таңдайды. Университеттегі профессорлар білім беру бағдарламасынан тыс ғылыми-зерттеу жұмысының сапасына және санына да назар аударады. Университет қабылдау бөлімінің GRE емтиханы бойынша өз талаптары бар, оны университет сайтынан біле аламыз. Нәтижесінде барлық талаптарға сай болсаңыз, профессорлармен сұқбат өткізіледі. Ол сұқбатта мамандығыңыз бойынша сұрақтар келеді.

Шетелдік оқу орнына әртүрлі стипендия арқылы да түсуге болады. Олардың ішінде Германиядағы DAAD, Англиядағы Chevening, еліміздегі «Болашақ» бағдарламасы танымал.

– Сіз ол жерде қандай мамандық оқып жатырсыз?

– Мамандығым – инженер-электрик. Өзім энергетика және электроника бағытын таңдадым. Электр көліктеріне сымсыз қуат тасымалдау құрылғыларының техникалық дизайнімен айналысамын. Қазір сымсыз қуат тасымалдау технологиясы әлемдегі Tesla, Hyundai, BMW сияқты көлік компания-ларының қызығушылығын тудырып отыр. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеуді таңдадым.

Қазір докторантурада оқып жатырмын. Бұған дейін Назарбаев Университетінде төрт жыл білім алдым. Еліміздегі ең беделді оқу орнында білім алғаныма қуаныштымын. Елде жүріп-ақ шетелдік профессорлармен жұмыс істедік. Оқуды ағылшынша аяқтағаннан кейін шетелде оқу аса қиын болмады.

– АҚШ университеттерінде студенттерге қандай жағдай жасалған?

– Студенттерге өте жақсы жағдай жасалған, оның ішінде лабора-ториялары кең әрі заманауи құралдармен жабдықталған. Біз лабора-торияда кез келген экспериментті жасай аламыз. Оған қоса лаборатория өндірістегі адамдармен тікелей байланыста. Мұнда оқып жүріп жұмыс табу туралы ойламай-ақ қоюға болады, себебі университет жұмыспен өздері қамтамасыз етеді.

Біздің елде білім беру жүйесінде теорияға көп көңіл бөлінсе, АҚШ-та 90% тәжірибе. Сол себепті біз секілді тәжірибеден өтіп қажеті жоқ, оқу орнын аяқтай сала жұмысқа тұра аламыз.

– Қолға диплом алғаннан кейін елге ораласыз ба?

– Екі жылдай АҚШ-та жұмыс істеп, тәжірибе жинасам деймін. Одан кейін елге оралып, инженерия саласын дамытқым келеді. Қазір пандемияға байланысты елдемін, оқу қашықтан өтіп жатыр. Лабораторияда жұмыс істей алмағандықтан қиындықтар туды. Бірақ профессорлармен интернет арқылы еш кедергісіз байланысқа шығып, жұмысты жалғастырып жатырмыз.

Мерей Ауғали,
Қ.Сәтбаев атындағы мектептің
11-сынып оқушысы.
Павлодар облысы
Баянауыл ауданы
Мұса Шорман ауылы

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2020

361 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы