• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 08 Қазан, 2020

Бала және кітап

Кеңес кезінде қазақтың әр үйі газет-журналға жазылды десек өтірік емес. Ол кездегі пошта жәшіктері тек республикалық қана емес, одақтық газет-журналдарға да толып тұратын. Маңдайынан тері сорғалаған пошташылар былғары сөмкелерге газет-журналдарды толтырып алып, үйді-үйге тасығаны алдыңғы буынның есінде шығар. Қала халқы ғана емес, жайлаудағы шопандарға дейін Мәскеу, Ленинградтан шығатын газет-журналдарға жазылатын.

1991 жылдан бастап Қазақстанда газет-журнал ғана емес, жалпы кітапқа сұраныс төмендеді. Бұрын кітапты тек классиктер жазса, ішкен-жегенін тіркеп, баспаға ұсынатын жазарман көбейді. Газет-журналға халықты насихаттау, үгіттеу арқылы әрең жаздыртатын заман туды. Газетке өз еркімен жазылатын отбасылар азайды. Уақыт өте келе республиканың кейбір аймақтарында ірі газеттерді де ешкім оқымайтыны туралы мәселелер көтеріле бастады. Кітап оқымайтын ұрпақ қалыптасып, қазақ ақын-жазушылары ғана емес, әлем классиктерінің атын білмейтіндер қызмет тетігін қолына алды.

Бүгінде кітапханаларға қарасаңыз, қазақ балаларын аз көресіз. Қазақ балалары кітапханаға барған күннің өзінде кітапты мұғалімнің мәжбүрлеуімен, мектептің тапсырмасын орындау үшін ғана амалсыз іздейтін сияқты. Кітапханадан балаларына кітап алып беріп жатқан үлкендерден «мұғалімнің тапсырмасын орындау үшін келдік» дегенді естисіз. «Кітап тақтан да қымбат» деуші еді бұрынғының ойшылдары. Қазір ересектер балаға кітаптың маңызынан гөрі ақша мен мансаптың маңызын жиі айтады.

Алайда ақша өміршең емес. Қазіргі қазақ қоғамында материалдық зат үстем болғанымен, әлемнің көптеген елінде рухани байлықты құрметтеу дәстүрі сақталған. Мысалы, Жапонияда баланы кітапқа құрсақтан тәрбиелейді. Ал кітапханаларда еңбектеген балаларға арналған бөлімдер ашылған. Кітап оқуға қолайлы бөлмеде анасы сәбиіне суретті кітаптарды көрсетіп, оқып береді. Жапон мектептерінде оқушыларды кітапқа қызықтыратын арнайы дәрістер бар. Жалпы кітапханаға жапон оқушылары көп барады. Еңбекқор жапондар білімге құмар, білімді адамдарды құрметтейді, сондықтан кітап оқуға да көп уақытын бөледі.

Кітабы бар үйде өскен баланың кітабы жоқ үйдің баласынан гөрі парасатты боп жетілетінін шет ел ғалымдары да зерттеулерінде келтіруде. Ұлыбритания ғалымдары арнайы зерттеу жүргізіп, кітабы көп отбасының балалары шығармашылық тұрғысынан қабілетті боп өсетінін анықтаған. «Бала әдеби білімді, математикаға қабілетті болуы үшін үйдегі кітап сөресінде аз дегенде 80 кітап болуы керек» дейді олар. Сондай-ақ ағылшын ғалымдары адамның интеллектуалды, кәсіби тұрғыда білімді болуына колледж бен университеттен бұрын үйдегі кітапхананың ықпалы зор екенін айтуда. Ғалымдар 2011-2015 жылдар аралығында 160 мың адамды зерттеген. Нәтижесінде үйінде 80-нен көп кітабы бар адамдар әдеби білімді, математикаға жүйрік екені анықталған. Демек, мектеп пен университеттегі оқулықтардан басқа кітап бетін ашпаған кісілердің ақыл-ойы таяз болады.

Австралия ұлттық университетінің зерттеушісі Джуанна Сикора да үйінде 80-350 кітабы бар адамдардың қарым-қабілеті басқалардан артық деп пайымдайды. Норвегия тұрғындарының – 14, шведтердің 13 пайызының үйінде 500-ден астам кітап бар екен. Ғалымдар үйдегі кітап санына байланысты басқа да елдерге зерттеу жүргізген. Сөйтсе Чили, Грекия, Италия, Сингапур, Түркия сияқты мемлекеттердегі тұрғындардың көбінің үйінде кітап саны 80-ге жетпейді екен.

Кітаптың теледидар, компьютерден гөрі пайдалы екенін Ресей ғалымдары да айтып жүр. Қазіргі заманда кісілер кітап оқығаннан гөрі теледидарды көп қарайтыны белгілі. Ресей ғалымдары ұдайы теледидар қарау адам миын істетпеудің ең тиімді әдісі дейді. Теледидардағы бағдарламалар арқылы ақпарат алу адамды жалқаулыққа тартады. Теледидарға құмар бала өскенде өздігінен әрекет ету қабілеті төмен, қоғамнан дайынды күтетін жалқау милы боп шығады. Бүгінде талай қазақ баласы теледидармен тәрбиеленіп жатқаны рас. Қажетсіз фильм, бос сөзді бағдарламаларды үлкендер баламен бірге отырып тамашалауды әдетке айналдырған. Ал кітаптың адамның көкірек көзін әлемге ашатын, ми жұмысын шынықтыратын пайдасы бар.

Иә, соңғы отыз жылда қазақ отбасында балалардың кітап оқымау мәселесі жиі көтерілуде. Балаға кітапты қалай оқытамыз деген мәселе туралы айтқанда, әрине, алдымен ата-ананың өзі үлгі көрсетуі керек. Әке-шешесінің кітап оқып отырғанын көрген балада кітапқа деген құрмет сезімі пайда болады. Өзі тәрбие көзін тек қана теледидар деп білетін танымы таяз әке-шешеден туған ұл мен қызға кітапты қанша тықпаласаң да оқымасы анық. Ресей ғалымдары кітап сөресін бала көретін орынға, яғни қонақ бөлмеге қоюға кеңес береді. Үстел үстінде қашанда кітап жатқаны дұрыс. Бұл баланың кітап әлеміне қызығушылығын тудырады.

Неміс ғалымдарының соңғы зерттеулеріне назар салайық. Германиялық мамандар 32 Еуропа мемлекетіндегі 15 жасар 100 мың жеткіншектің тіршілік дағдысын зерттепті. Нәтижесінде балалар неғұрлым компьютер мен теледидарға әуес болса, оқуға деген қабілеті соғұрлым төмен болады деген қорытындыға келген. Неміс ғалымдары оқыту процесі компьютерге негізделген мектептер мен бұрынғыдай оқулықтар мен кітаптарды пайдаланатын мектептерді салыстырып зерттеген. Бүкіл оқыту жүйесі компьютерге негізделген мектептердің оқушылары да қабілет жағынан нашар көрінеді. Кітабы көп үйдің балалары қатарластарына қарағанда ой санасы сергек екенін неміс академиктері де мойындап отыр.

Балаға кітапты қалай оқытқан дұрыс?

Балаға алты жасқа дейін ертегілер мен жеңіл әңгімелерді ата-анасы оқып бергені дұрыс, әрине. Жай оқып қана қоймай, мәтіннің мазмұнын сұрап, кітаптың идеясын баланың өзіне айтқызу керек. Оқиғаның ары қарай қалай өрбитіні туралы сұрақтар қойып, кітапты баламен бірге талқыласа, ойлау қабілетінің артуына бұл да әсер етеді. Сондай-ақ оқыған кітабындағы кейіпкерлер мен оқиғаны қағаз бетіне түсіруге баулу баланың суретшілік қабілетін оятуы мүмкін. Тіптен суретші болып кетпегеннің өзінде көркемдік ойлау қабілеті жетіледі, шығармашылық еңбектің қадірін біледі. Балаға аты белгілі бір жазушыны үнемі тықпалап, «оқы» деп зорлауға болмайды. Ғылыми-танымдық, көркем әдебиеттен бастап суретті кітаптар, анықтамалық кітапшаларды да көрсетіп, қызығушылығын оятқан дұрыс.

Балаға мектептен тыс білімді қалай беремін дегенде, бұл аса қиын мәселе емес. Тәрбиенің басы дастарқаннан басталады емес пе? Ас ішіп отырғанда баладан оқыған кітаптары туралы сұрап, ортақ тақырыптарды талқылау білім көкжиегінің кеңеюіне ықпал етеді. Дастарқан басында әкесі әдебиет пен саясаттағы ұлы адамдар өмірі туралы, ертедегі батыр бабаларымыз жайында тағылымды дүниелерді мысал келтіре отырып әңгімелесе, баласы ұйып тыңдар еді. Анасы да өз өмірінде кездескен ұлағатты адамдардың іс-әрекеті туралы сөз қозғаса, бала үшін ғибрат қой.
Кеңес кезінде ең жақсы сыйлық кітап болатын. Адамдар бір-біріне кітап тарту еткенді және сыйлыққа кітап алғанды ұнататын. Қазіргі қазақ қоғамында кітап бағалы сыйлық саналмайды. Ал Ресейде әлі күнге дейін кітапты құрметтеу дәстүрі бар. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының 2019 жылы жүргізген зерттеуі бойынша, федерация тұрғындарының 74 пайызы кітапты ең жақсы сыйлық деп бағалайды екен. Сауалнамаға жауап бергендердің 51 пайызы баласына сыйлық ретінде кітап әпергенді дұрыс деп біледі.
Қазір ақпаратты тек қана кітап пен баспасөзден алатын заман емес. Ғаламтордан бөлек электронды кітаптар да кең таралуда. Алайда шет ел ғалымдары электронды кітаптан гөрі баспадан қағазға басылып, түптеліп шыққан кітап анағұрлым тиімді екенін айтуда. Батыс ғалымдары осы тақырыпқа арнайы зерттеу жүргізіпті. Нәтижесінде электронды кітаптан алған ақпарат бала миында ұзақ сақталмайтыны анықталған. Планшет пен компьютердің алдында ұзақ отырудың денсаулыққа зияны бөлек әңгіме. Сондықтан «шынайы кітаптарды қайтадан қолға алатын уақыт келді» дейді зерттеушілер.

Еуропада жүргізілген бұл зерттеуге 37 отбасы қатысқан. Оларға электронды және қағаз түріндегі кітаптарды оқу ұсынылған. Зерттеу қорытындысы бойынша отбасында қағаз кітап оқуға деген қызығушылық жоғары екені анықталған. Педиатрия жөніндегі бас маман Тиффани Мюнцердің ойынша, мобильді қосымшалар мен электронды кітаптар ата-ана мен бала арасындағы қатынастың алшақтауына әкеледі.

Сондай-ақ баланың қолына планшет ұстатып қою оның кітап оқуға қызығушылығын төмендетеді. Бала планшетттің ішіндегі қызықтарға алаңдап, кітаптан алыстай береді.

«Он том кітап оқу мың ри жол жүргенмен тең» деген екен жапон суретшісі Томиока Тэссай. Иә, терең білімді, қиялы ұшқыр, жасампаз азамат болып ержетсін десек, баланы кітапқа баулиық!

Шарафат Жылқыбаева

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2020

769 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы