• Спорт жұлдыздары
  • 12 Қазан, 2020

Тұрсынбай Құлахмет, кәсіпқой боксшы: Токио олимпиадасына қатыспағаным кәсіпқой боксқа жол ашты

Қазақстандық кәсіпқой боксшылардың қатары тағы бір талантты спортшымен толықты. 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахметов жақында кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті. Алматыда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде өнер көрсеткен Тұрсынбаймен арнайы сұқбаттастық.

– Алматыда өткен бокс кешінде дебюттік жекпе-жегіңізді өткізіп, жеңіске жеттіңіз. Бұл жекпе-жекке дайындығыңыз қалай өтті?

– Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімді наурыз айында өткізуім керек еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілгені баршаңызға мәлім. Кәсіпқой бокстың қыр-сырын білікті бапкер Қанат Алтаевтың қоластында үйреніп жүрмін. Әуесқой бокс пен кәсіпқой бокстың айырмашылығы жер мен көктей. Мұнда әр нәрсеге егжей-тегжейлі қарау керек. Сондықтан дебюттік кездесуге 6-7 айдай дайындалдық. Жаттығуым өте жоғары деңгейде болып, жақсы бабымда шықтым. Аллаға шүкір, жекпе-жек ойдағыдай сәтті өтті.

– Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіңізді қазақ боксшысына қарсы өткізу қаншалықты қиын болды?

– Әрине, қазақ бауырымызбен жұдырықтасу аздап қиындық туғызды. Өйткені Сағадат бауырымызды бұрыннан жақсы білемін, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшы. Десек те бұл – спорт. Шаршы алаңда қарсылас болғанмен, өмірде доспыз. Бірақ Сағадатқа қарсы жекпе-жекке шығатынымды естіген жанкүйерлер арасында бұл кездесуге қарсы екенін айтып хабарласқандар да, әлеуметтік желіден хат жазғандар да көп болды. Жекпе-жектен үлкен тәжірибе жинадым. Сол үшін Сағадат бауырыма алғыс айтамын.

– Жекпе-жек барысында қарсыласыңызға аяушылық танытқандай болдыңыз...

– Жоғарыда атап өткенімдей, Сағадатпен бұрыннан таныспыз. Спорттық мансабымыз да бірдей басталды. Сол себепті аяушылық емес, оған деген құрмет болды. Өзіміздің қазақ бауырымыз, әрі кішкене кезімізден таныс болғасын басқа қарсыластар секілді қараған жоқпын.

– Кәсіпқой боксқа ауысуыңыздың басты себебі Токио Олимпиадасына қатыса алмауыңызбен байланысты ма?

– Иә, Азия чемпионаты мен әлем біріншілігіндегі жетістіктен кейін бапкерлер Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысатынымды айтты. Бірақ турнирдің уақыты жақындағанда орныма басқа боксшының баратыны белгілі болды. Кәсіпқой боксқа ауысуымның басты себебі де осы. Одан бөлек уақыт жоғалтып, келесі Олимпиада ойындарын күткім келмеді. Кәсіпқой боксқа келудегі басты мақсатымыз – әлемнің абсолютті чемпионы болу. Әлем алдында қазақ елінің мерейін үстем етіп, дүниежүзіне қазақтың мықтылығын көрсеткіміз келеді.

– Неліктен МТК Global промоутерлік компаниясын таңдадыңыз? Бұл компаниямен қанша жылға келісімшартқа отырдыңыз?

– Азия чемпионатында жеңімпаз атанғаннан кейін көптеген промоутерлік компаниядан ұсыныс келді. Соның ішінде, МTK Global промоутерлік компаниясының Қазақстандағы филиалының президенті Асқар Салықбаев ағамыз да келісімшарт ұсынды. Боксшылардың біразы мұхит асып, шетелдік промоутерлердің өтірік әңгімесіне алданып жатқаны жасырын емес. «Чемпиондық атаққа тезірек қол жеткізуге көмектесеміз, жағдайыңды жасаймыз» деп жарты жолдан келісімшартты үзе салатындар да бар. Сондықтан қазақ боксшылардың тасын өрге домалатып жүрген Асқар ағамызбен келісімшартқа отыруды жөн көрдім. Одан бөлек MTK Global әлем боксындағы ең үздік менеджерлік компаниялардың бірі екенін де ескердім.

– Әуесқой бокста 75 келіде өнер көрсеттіңіз. Кәсіпқой бокста 69 келіге салмақ ауыстыруыңыздың себебі неде?

–Кәсіпқой боксшылардың барлығы көп салмақ қуады. Өйткені бір-ақ рет салмаққа түседі. Ал әуесқой бокста жарыстың соңына дейін, әр жекпе-жекке шығарда салмақ өлшеуге тиіссің. Мысалы, жарыс он күнге созылса, он күн бойы бір салмақты ұстауға тура келеді. 69 келіде салмақ қуу аса қиын болған жоқ. Болашақта осы салмақта атой салуды көздеймін. Әуесқой бокста 69 келі «қазақтың салмағы» атанып кеткен. Енді кәсіпқой бокста да «қазақтың салмағы» атанары сөзсіз. Өйткені бұл салмақта менен бөлек, Садриддин Ахмедов, Мадияр Әшкеев және Талғат Шәйкен сынды мықтылар бар.

– Әуесқой бокста да әжептеуір нәтижеге қол жеткізіп, біраз белесті бағындырдыңыз. Ұмытылмас жеңісіңіз бен бармақ тістеп, өкінетін жеңілісіңіз жайлы не айтасыз?...

– Әрине, әр жеңістің, әр жарыстың орны бөлек. Азия чемпионатындағы жеңісімді спорттағы ең үлкен жетістігім деп айтуға болады. Ақтық сыннан кейін қолымды көтеріп, жеңістің биік тұғырында Әнұран шырқалған сәт әлі жадымда. Шүмектеп төккен тер мен күні-түні еткен еңбектің, ең бастысы үкілеп үміт артқан қазақ елінің сенімін ақтағаныма қатты қуандым. Әлем елдерінің алдында қазақтың мықтылығын көрсеткім келді. Әлем чемпионатының жартылай финалындағы сәтсіздігімді біраз уақытқа дейін ұмыта алмадым. Бір ғана қателік бүкіл жекпе-жектің тағдырын шешті.

– Спортқа қалай, қанша жасыңызда келдіңіз?

– Бала күнімде әлсіз болып, жиі ауыратындықтан әкем спортқа берген. 8 жастан бастап әкем Молдахмет бокстың әліппесін үйретіп, өзі жаттықтырды. 10 жастан бастап Жамил Джусуповтың қоластында дайындалып, кәсіпқой боксқа ауысқанша сол кісінің қарамағында жаттықтым.

– Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

– Әр спортшының мақсаты – әлем чемпионы атану. Мен де ертерек чемпиондық белбеулері үшін жұдырықтасып, әлем чемпионы атанғым келеді. Дебюттік жекпе-жектен кейін әлемдік рейтингте 150-орынға жайғастық. Бұйыртса, бір-екі жылдың ішінде әлемдік рейтингтің көшін бастаймыз.

– Рақмет!

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2020

597 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы