• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Қазан, 2020

Жемқор емес – ұры!

Журналистер қауымы өте жан-жақты келеді. Әртүрлі саладағы маман иелерімен араласа келе көп дүниеден хабардар боласың. 2018 жылдары «Qazyna» кітап үйінің директоры А.Шәйкен мырзадан алған сұқбатымда ол кісі: «Кез келген ұғым, құбылыстың өзіне ғана тән атауы болады. Ал атауды дұрыс қолданбау адасушылыққа апарады», – деген еді. Сол уақта сұқбатты қағазға түсіріп отырып бұл сөзге аса мән бермеген едім. Жақында жас ақын, бүгінгі қазақ әдебиетіндегі жас буынның белді қаламгерлерінің бірі Тілек Ырысбекпен кешкі серуен кезінде біршама әңгіме өрбіттік. Сөз әдебиет, мәдениеттен басталып, саясатқа жеткен тұста еліміздегі жемқорлықты да айналып өте алмадық.

– Жалаң қолмен жұлынып жатқан асфальтті көрдің бе? – деп бастады сөзін.

– Көрдім. Көзбояушылық екені көрініп тұр. Сонда да қорқынышты.
Екеуміз паркті ылдилап, жарықтау тұсындағы скамейкаға жайғасқан едік. Реңі жаңа болса да, бір-екі ағашы сынып, аяғы майысқан екен. Тілек тағы бір күрсініп алды да:

– Бүкіл әлемнің дамыған елдерінде де біздегідей тендерлік жүйе бар. Ол жақта да жемқорлық бар. Бірақ біздің, жалпы ТМД елдерінің ашкөздігі таңғалдырады, – деп бір түйіп тоқтады. Екеуміз де кешегі Кеңес өкіметіне кінә артқандай болдық. Бірақ Абай сынаған қазақ образын айтқамыз жоқ. Кеңес өкіметіне деген жеккөрінішіміз әлсіреп кетер деп ойлаған шығармыз. Десекте, жемқорлық Кеңестік өкіметпен емес, оның алдыңғы патшалық кезеңмен-ақ қанымызға біршама сіңген еді. «Ұлыққа дұрыс дүние бермесең, ісің оңғарылмайтынын» сол заманнан сезіндік. Кешегі өкімет бұл нәрсені күшейте түсті деуге аузымыз бармайды. Өйткені дәл сол одақ кезінде мұнша белең алған жемқорлық болмаған. Тіпті халықтың өзі байлық пен бар болу дегенді «қанағат» деп түсінді. Ешкім ешкімнен артық емес. Бірақ осы бір қанағатшылық қазақ бойындағы біршама мінездерді тұншықтырып келген екен. Тіпті қазақ емес, бүкіл 15 одақтас республика халқының бойындағы ашкөздікті тұншықтырып ұстапты. 15 одақтас республиканы айтар болсақ, арғы жағында тұтас адамзат табиғатын да қосып алсақ артық болмас. Яғни жұмылған жұдырық ішінде, шетелден хабарсыз, барына, бергеніне қанағат қылған халық «жекеменшік» нарық қоғамына түскенде не істерін, қалай асарын білмей қалды. 70 жылдық аштықты тойындыру оңай шаруа емес. Оны көріп отырмыз. Сол заманда-ақ асарын асап алғандар әлі күнге табаққа қол созуын, тіпті жасырын, астыртын қол созуын тоқтатар емес. Осындай ойлар шырмауынан Тілектің күлкісі сілкіп алды:

– Меніңше «жемқор», «парақор», «коррупционер» секілді атауларды бір ғана сөзбен алмастыру керек. Мемлекет қазынасынан халыққа тиесілі ақшаны өз мақсатында жұмсағандарға бір ғана атау лайық: «Ұры», – деді.

Сөзін тереңдеп сұраған сәтте: «Жемқор, парақор деген сөздер есті-ессіз адамның бәріне қарапайым мамандықтың атауы секілді естіледі. Бұл сөздер балаларға жаман сөз ретінде арнайы оқытылмайды. Ал «Ұры» сөзі балабақшадан бастап бала санасына өте негативті тұрғыда сіңіріледі. Яғни біз парақорлар мен жемқорларды тегіс «ұрылар» деп атасақ, келер ұрпақтың осы бір әдеттен арылуына көп септігі тиеріне сенем», – деп жауап қатты.
Расы солай секілді. Мемлекеттік қазынадағы халық ақшасын өз мақсатына пайдалану – жемқорлық емес: Ұрлық!

Ақша беру арқылы сот үкімін шығару, оқуға түсу, кезексіз үй алу (айта берсек көп) – парақорлық емес: Ұрлық. Біреудің бақытын, мақсатын, арманын ұрлау!

Әр нәрсені өз атымен атайық! Өйткені атауды дұрыс қолданбау – адасуға, адасу соңы құрдымға апарар...

Досхан Жылқыбай

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020

403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы