• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қазан, 2020

Жасөспірімдеріміз патриот па?

Уақыт өзгерген сайын түсініктер де өзгереді. Араға жылдар салып, мәдени құндылықтарға да көзқарас өзгеретіні өтірік емес. Мәселен, бұрын ұят деп есептейтін дүниелердің кейбірі қазір «ұят емес». «Ұятмен»
деп аталатын жаңа сөздің пайда болғаны – осының айғағы. Отанымызға, қоршаған ортаға халық тарапынан ауадай қажет қатынастарды реттеп отыру үшін «патриотизм» деген түсінікті қолданып жүрміз. Осы сөз айшықты көрінеді деп оны қазақшалаған да жоқпыз. Ал бұл түсінікті жасөспірімдер қалай түсінеді?! Мұндай түсінік ойында бар ма? Қазіргі жасөспірімдердің бұған көзқарасын білу үшін әлеуметтік желідегі парақшамызда сауал тастадық.

– Көпке топырақ шашпаймын, алайда біраз адамның жүрегінде патриоттық сезім жоқ. Патриотпын дейді, ендеше неге өз ана тілінде сөйлеуге намыстанады? Қазір көпшілігі өз тілінде сөйлеуге намыстанып, өзге тілде сөйлейді. Бұл мүлде дұрыс емес! Біз тілімізді жоғалтпауымыз керек. Тіл жоғалса, онсыз ешкім емеспіз. Яғни тіл мен халық қатар өмір сүреді. Отанымызға, халқымызға, ана тілімізге адал болайық. Әрине, өзге тілдің бәрін біліп, үйрену қажет. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген бар ғой. Мен ана тілімді өзге тілге айырбастамаймын. Өзімді елімнің патриотымын деп сенімді айта аламын, – дейді Алматы қаласындағы №202 мектептің 10-сынып оқушысы Айымжан Жұмахан.

Айымжанның айтқаны рас. Патриот болуды ана тілімізден бастайық дейміз де, кез келген жерде алдымен өзге тілде сөйлейміз. Мысалы, кез келген нәрсеге тапсырыс бергенде қай тілде сұрайтыныңызды ойлаңызшы. Тіпті банкоматқа барғанда қай тілді таңдайтыныңызға немесе қолыңыздағы смартфонның тіліне мән беріңіз. Ал келесі пікірдің иесі патриотизмді еліктеуден де көреді.

– Мен патриотизмді сонау Қазыбек бидің Қалмақ ханынан сескенбестен, ұлтымыздың өршілдігін, тектілігін жауды жасқандыра айтқанына теңер едім. Сондай халықтың ұрпағы – мына біздің де бойымыздан бұл қасиет жоғалмауы тиіс. Иә, «жоғалмауы тиіс» дейміз-ау, дегенмен патриот жастар көп пе? Өз замандастарыма келер болсам, бес саусақ бірдей емес. Әрбірінің айтары, ойлаған ойы әрқилы. Бірі K pop, Q pop жанрларына, екіншісі шетелдік актерларға еліктеп жүргені. Бұл типтегілерді патриот деп айта алмасым анық. Елімізде де еліктеуге тұрарлық азаматтар, актерлар мен әншілер жетерлік. «Реал Мадрид» пен «Барселона» құрамаларына емес, «Астана» мен «Қайрат», «Ордабасы» футбол командаларына неге жанкүйер болмасқа? Еліміздің тұлғаларына тәнті болу, қолдау білдіру жүрек түкпіріндегі патриоттық сезімді тербетуі мүмкін, – дейді Түркістан облысының Шардара ауданынан хат жазған Жазира Бекболатова.

– Қазіргі таңда «Тикток» желісінде ұлы тұлғаларымызды мазақ етуде. Сол ұлы тұлғаларымыздың білімімен
сусындап келе жатқанымызды ұмытпайық, – дейді Айымжан Жұмахан. Расында бұл соңғы кездегі өзекті тақырыптың біріне айналды. Бұған дер кезінде тоқтау салған дұрыс. Мұндай әлеуметтік желілердің алдағы уақытта неше атасы жарыққа шығады. Соның бәрінде әлгіндей қылықтарды жасайтын болса, патриотизмнен жұрнақ та қалмайды. Тақырыпқа мұғалімдер қауымы да пікір білдірді.

– Менің ойымша, патриотизм – Отаныңа жақсылық жасауға мүмкіндігің болмаса да, еш жамандық жасамау, – дейді Алматыдағы №4 орта мектептің ұстазы Ғабит Төлегенұлы. – Мінберде тұрып ұлттың қамын
айтатын мүмкіндігің болмаса, ас үйде отырып үстелді төмпештеме.

Патриотизм деген – өзіңді жақсы көру. Дұрыс киін, дұрыс жерден тамақтан, дұрыс жүр. Дұрыс өмір сүрсең,
адамдар саған ұқсағысы келсе, патриотизм деген сол! Отаныңа сөз келтірмеу деген – ошағыңның отын өшірмеу.

Мұғалімнің айтқанымен толықтай келісуге болады. Патриотизм, отаншылдық деген ұғымдарды үлкен әріппен жазып, ол туралы күштеп шығармалар жаздырып, оқушылар алдында мінберлерде сөз ала бергеннен гөрі, оған басқаша көзқараспен қарау керек. Басқаша көрсету керек. Мәселен, үндістандық актер, режиссер Амир Кханның фильмдеріне назар аударыңызшы. «Күрес» (Интернеттегі атауы – «Дангал» – ред.) деп аталатын
фильмін алайық. Фильмде апалы-сіңлілі балуан қыздардың өмірі баяндалады. Өмірде болған оқиға желісімен
түсірілген. Екі қыз да біршама жетістікке жетеді. Екеуін де әкесі (рөлде Амир Кханның өзі – ред.) жастайынан тәрбиелейді. Фильмнің соңында әпкесі олимпиаданың финалына шығады. Финал басталарда әкесінің қызына көмектеспеуі үшін жағымсыз кейіпкер әкесін алдап қамап тастайды. Сол финал өтіп жатқан ғимараттың қуықтай бөлмесіне қамалып қалған әке шығарға амал таппайды. Қызының қалай күресіп жатқанын көре алмайды. Соңында қызының жеңіске жеткенін бүкіл ғимаратқа естілген әнұран арқылы біледі. Үндістанның әнұраны. Фильмді мүлде басқа мемлекетте отырып көріп, ерекше тебіренесіз. Міне, өнер арқылы да патриоттыққа үнсіз тәрбиелеудің бір жолы. Сондықтан жасөспірімдерді патриоттыққа тәрбиелеудің басқа да жолдарына үңіліңіз.
Замандастарыңыз сіздің айтқаныңызбен келіспесе, басқаша әрекет етіңіз.

Асылан Біржанұлы

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020

1632 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы