• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 03 Қараша, 2020

Жәнібек Үсенбек, түрік тілінің маманы: «Бір айда тіл үйрену мүмкін емес»

Қазір түрік тіліне қызығатындардың саны артты. Сәйкесінше, оны үйрететін курс та көп. Заманның тіліне айналған ағылшын тілімен қатар түрік тілін де үйренгісі келетіндердің көбею себебі неде? Еліміздегі түрік тілі курстары қандай? Адам тілді қанша уақытта меңгере алады? Осы және өзге де сұрақтарға TİKA, TÖMER, YUNUS EMRE ENSTİTÜSÜ түрік тілі курсының түлегі, түрік тілінің маманы Жәнібек Үсенбек жауап берді.

– Түрік тілін үйренуге не себеп болды?

– Түрік тілі – түркі тілдерінің оғыз тобына жататын, Батыс Азия мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа аймағын, ең негізгі мемлекет ретінде Түркия елін мекендейтін түрік халқының ана тілі. Сөйлеуші саны – шамамен 85 миллион адам. Бастапқыда бауырлас халық тілі түрікшені қазақтың көне тілі Орхон-Енисей ескерткіштері тілін тану, зерттеу, сезіну үшін үйрене бастадым. Өйткені «түркі» деген ұғымды түріктер бүгінгі күні жандандыра білді. Бірақ уақыт өте келе түсінгенім, көне түркі тіліне ең көп ұқсас қазақ тілі екен. Күлтегіннің, Білге қағанның сөздерін оқып көрсеңіз, менімен келісетініңізге сенімдімін. Мұның да себебі түркінің атамекені – Қазақстан болғаны. Түркі жұртының бесігі – Алып Алтайдың қай жағына қарасаңыз да, қай елге қарасаңыз да, қазақтар мекендейді. Қазақ халқы ешқашан түркі жұртынан өзге жұртпен шекаралас болмаған. Қай кезеңде де біздің көршілеріміз: оңтүстікте – өзбек, оңтүстік-шығыста – қырғыз, ұйғыр, солтүстікте, шығыста – Сібір түркілері, батыста – түркімен, ноғай, татар, башқұрт бауырларымыз. Қазақстан – ежелгі ер түріктің орталығы, көне түркі тілінің мұрагері.

Түркі тілдерінің ішінде қыпшақ тобының негізгі тілі – қазақ тілін, оғыз тобының негізгі тілі – түрік тілін білгеннен соң, сіз шамамен бүкіл түркі жұртының тілін түсіне бастайсыз. Сонымен қатар түркітану, тарих, археология, әдебиеттану ғылымдарында түрік тілінің сізге тиер пайдасы мол болады. Өйткені оларда бұл салалар бойынша көне дәуір, орта ғасыр кезеңі жақсы зерттелген. Сол дәуірлерге тиесілі көне түркі тілдерінде жазылған ескерткіштерді аударып, әсіресе тіл тұрғысынан көп зерттеу жүргізген. Сондықтан болашақ зерттеушілерге түрік тілін үйренуге кеңес беремін.

– Адам бір тілді қанша уақытта үйрене алады?

– Тіл үйрену мақсат емес, мақсатқа жету құралы екенін білуіміз керек. Ол мақсатқа жетелейтін екі нәрсе: құштарлық пен қажырлы еңбек. Кез келген жаңа дүниені үйренгенде біз оған күнде уақыт бөлуіміз қажет. Тіл үйренуде жүйелілік өте маңызды. Қарапайым түрде жаңа тілде сөйлей бастау үшін сіз бір жылыңызды жұмсайсыз, еркін сөйлеу үшін үш жыл қажет болады, ал оны мүлде ұмытпас үшін бес жыл уақытыңызды сарп етесіз.

– Қазір «екі айда түрікше сөйлеп үйрен», «бір айда түрік тілінің бір деңгейін аяқта да еркін сөйлес» деген секілді курс-марафон өте көп. Тілді бір айда үйреніп кету мүмкін бе?

– Қазір бес күнде, екі аптада, бір айда тіл үйретемін деген онлайн курс өте көп. Олардың білім беру сапасын ешкім тексеріп жатқан жоқ. Бірақ ең қызығы, бүгінге дейін ешкім бір тілді бес күнде үйрене алмаған. Себебі бұл – адамның мүмкіндігінің сыртында қалып отырған қабілет. Бір тілді жылдап емес, он жылдап үйрене алмай жүрген қаншама адам бар. Ағылшын тілін мектепте, университетте 15 жыл оқыса да, әлі күнге дейін жөнді білмейтіндер бар. Мұны айтып отырған себебім – тіл үйрену үшін уақыт пен еңбек керек. Қандай методика болса да, 5 күнде, 1-2 айда тіл үйрену мүмкін емес. Бұл қазіргі уақытта толып кеткен маркетологтардың оқыту бағдарламасы деп сенімді түрде айта аламын. Оқыту бағдарламасын маркетологтар емес, педагогтар жасауы керек. Ешкімнің еңбегімен ойнағым келмейді. Бірақ қазіргі онлайн оқытушылар адал болып, оқушыларын, оқырманын алдамаса екен деймін.

Қысқа мерзімді онлайн курстар белгілі сөз тізімін ұсынуы немесе ұмытылған білімді жаңғыртуға көмектесуі мүмкін. Бірақ ондай қысқа мерзімде «тілді меңгеру» – артықтау. Жалпыеуропалық шет тілін білу жеткіліктігі (Common European Framework of Reference, CEFR) жүйесі бойынша тіл білудің негізгі 6 деңгейі бар:

A – Бастауыш деңгей, A1 – тірі қалу деңгейі, A2 – ортаңғы алды деңгейі;

B – Өз-өзіңізге жету деңгейі, B1 – ортаңғы деңгей, B2 – ортаңғы жоғары деңгей.

C – Еркін, C1 – кәсіби білу деңгейі, C2 – тіл тұтынушысы деңгейі.

Осы көрсетілген деңгейде кемінде 100 сағат сабақ болуға тиіс. Түркияда немесе басқа елдерде университетке түспес бұрын бір жыл дайындық курсын оқиды. Яғни бір жыл бойы тек қана тіл үйренеді. Сондықтан тіл үйренуші адам тіл үйрететін орталықты, ұстазды іздегенде абайлағаны жөн.

365info.kz

– Сіздің онлайн түрік тілі курсыңыз бар екенін білеміз. Онлайн тіл курстарының артықкем тұсы қандай?

– Әрине, онлайн курстың артықшылығы да, кем тұсы да бар. Артық тұсы – онлайн оқу тиімді, кез келген уақытта, кез келген жерде үйрене алады, ал кемшілігі – көп адам басында қызығып оқиды да, артынан тастап кетіп жатады, тапсырманы тұрақты, уақытында орындамайды. Оның барлығы адамның өзіне байланысты. Түрік тілін еуропалық стандарт бойынша заманауи әдіс-тәсілмен оқытамын. Әсіресе тілді жақсы игеру мақсатымен «киномен тіл үйрену» әдісін белсенді түрде қолданамын. Онлайн курсым филолог, түркітанушы, тарихшы, мәдениеттанушы, журналист, кәсіпкер, педагог және де түрік тіліне қызығатын барша адамға арналған.

– Көп адамның проблемасы – тәртіп. Бір ай тоқтамай оқып, келесі айда тастап кететін кездер болады. Мұның басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Кез келген жаңа нәрсені үйренгенде тұрақтылық пен жүйелілік маңызды. Күнделікті тісіңізді таңертең қалай жусаңыз, тіл үйренуді де дәл солай күнделікті ісіңізге айналдыру керек. Әлбетте, бір күннің көп бөлігін тек қана тілге арнасаңыз, бір апта не бір айдан кейін тастап кетесіз. Өйткені тез жалығасыз. Тіл үйрену процесі қызықты болуы шарт. Жаңа тілмен бірге жаңа эмоция, жаңа ақпарат, жаңа таныстар пайда болуы тиіс. Күн сайын белгілі мөлшерде жалықпайтындай кино, музыка, кітап, радио пайдалансаңыз, керемет болары сөзсіз.

– Тағы қай тілдерді үйренгіңіз келеді?

– Мүмкіндік болса, қазіргі тілдерден араб тілі мен парсы тілін үйрену жайлы ойланып жүрмін. Ал көне тілдерден – көне түркі тілін, қарахан, хорезм, қыпшақ, шағатай тілін (орта ғасыр әдеби түркі тілі) үйрену жоспарда бар.

Жазып алған
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2020

5570 рет

көрсетілді

1934

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы