• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 04 Қараша, 2020

Аида Кауменова, дизайнер: Мамандығымды әкем таңдап берген

Қазақстандық талантты киім дизайнері, «Алтын сапа» құрмет сыйлығының лауреаты, «Aida KaumeNOVA» брендін қалыптастырушы Аида Кауменова Алматы облысының Жансүгіров ауданында дүниеге келген. Кішкентайынан махаббат пен қамқорлыққа толы ортада өскен. Туған жерінен күш-қуат алып, бойына сурет салу өнері дарыған.

Дизайнердің cән әлемінде жолы болуына себепкер болған 2001 жылы Италияның Урбино қаласында «La Scuola di costumeo dell Carlo Bo» университетіне тегін оқуға грант жеңіп алуы. Қазіргі таңда Аида ханымның есімі Қазақстаннан бөлек, орталық Азия, Америка мен Еуропаға да белгілі. 

– Дизайнер мамандығына қашаннан қызығып, әуестендіңіз?

– Мамандығымды өзім таңдаған жоқпын. Кішкентай кезімнен суретті жақсы салатынмын. Мектепте оқып жүріп, қосымша төрт жыл өнер мектебін бітірдім. Жоғары оқу орнына түсер кезде қандай мамандық таңдаймын дегенімде әкем: «Тек өнермен айналыспай, өнерің өмірге де жақын болуы керек», – деп мамандығымды таңдап берді. Әкемді тыңдап, Алматы Технологиялық университетіне оқуға түсіп, дизайнер мамандығын алдым.

– Алғаш қандай киім үлгісін қағаз бетіне түсірдіңіз? Есіңізде бар ма?

– Ең алғаш 3-курс оқып жүргенде жеке топтамаларымды ойлап таба бастадым. Модельдердің суретін салып, «Fashion» сайыстарына қатысып жүрдім. Арнайы қосымша сабақ арқылы да бізге жақсы үйретті. Кішкентай кезімнен дизайнер боламын деген мақсатым болған жоқ, бірақ өзімді университет қабырғасында жақсы дамыттым.

– Жаңа коллекция ойлап табар алдында шабыттанасыз ба? Шабытты қайдан аласыз?

– Адамдармен араласқанда шабыт аламын. Киімдер адамға арнап тігілгендіктен, көңілінен шыққаны маңызды. Сән әлемінің жаңалығын дұрыс білу керек, заманауи топтама жасау үшін уақытпен бірге жүру аса маңызды.

– Қазақстанға белгілі дизайнер болып жеке брендті қалыптастыру үшін көп еңбектендіңіз бе?

– Он бес жыл бұрын «Aida KaumeNOVA» деген брендімді қалыптастырдым. Қалыптастырмас бұрын, фабрикаларда жұмыс істеп жүрдім. Бірақ заманауи топтамаға қазақы нақыштағы ою-өрнектерді біріктіріп, сатып алушылардың көңілінен шығатындай коллекция жасау оңай болмады. Білімімді жетілдіру мақсатында Италияда оқыдым. Қазақстандықтар бірден бізді қолдап, көтерді. Оған себеп – әр топтамамда қазақылықтың иісі аңқып тұруы деп ойлаймын.

– Бір көйлекті тігу қалай жүзеге асады?

– Бір көйлекті «дүниеге әкелу» үшін жалғыз адам жұмыс істемейді. Ұжымда бірнеше адам бар. Дизайнер эскизден бастап, конструкторға кетеді, конструктор оны пішеді, тігінші оны тігеді, декоратор әсемдейді, тіпті түйме қадайтын жеке қызметкер де бар. Дайын болған киім қоймаға барады, қоймашы оның нөмірін береді. Нөмірлер арқылы дүкендерге шығарады. Менеджерлер оны сатумен айналысады. Осылай бір киімнің өзіне қаншама адам еңбектенеді. Салықпен, маркетингпен, пиармен айналысатын адамдар жұмыс істейді. Тұрған жерімізге де өтемақысын төлейміз. Матаны шетелден аламыз. Матаны бір-екі метр-леп емес, бір түрінің өзін жүз метрден алуымыз қажет. Еңбек еткен жандардың жалақысын төлеу, осының бәрі қып-қызыл ақша. Бізге көбіне «неге сіздердің өнімдеріңіз Қытайға қарағанда қымбат?» деген сөз  жиі айтылады. Неге қымбат екені енді белгілі шығар.

– Шет елдерге сән көрсетуге шығып тұрасыз ба?

– Шет елге өте көп шығамыз. Францияда, Кореяда, Нью-Йоркте сән көрсетілімі болған. Бірақ біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда осы саланы дамыту.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Әрине, деннің саулығы маңызды. Алға әзірге үлкен жоспар құрмаймын, қазіргі заманда барымызды қолымызда сақтап, аман-есен болуымыз керек.

– Сұқбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!

Айзада Сағидолла,
Д.Рахметов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы.
Павлодар облысы
Баянауыл ауданы
Ақсаң ауылы

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020

386 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы