• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 02 Қараша, 2020

Сағындық Ғизат, мұғалім: Біздің елде оқуға түсу қиын емес

Келер жылы мен де ҰБТ тапсырамын. Бірақ алғашында дайындықты неден бастарымды, қалай дайындалатынымды білмей басым қатқан еді. Әлеуметтік желілерде, әртүрлі сайттарда жарияланған мақалаларды түгел дерлік оқып шықтым, сараладым. Бірақ айтылған кеңестен, жасалған істен еш нәтиже жоқ. Осыдан кейін мыңдаған оқушыны тестке дайындап, барлық шәкірті грантқа түскен ұстаздан кеңес алдым.

Сағындық Ғизат – Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектептің 2010 жылғы түлегі. Ғизат – ҰБТ-дан мүмкін болған 125 балдың 125-ін жинаған тұңғыш талапкер. Қазіргі уақытта «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұстанымды ту етіп, білім саласында қызмет жасап жүр. Сынақтан мүдірмей өткен кейіпкермен ҰБТ-дан жоғары балл жинаудың құпиясы һәм оқу орталықтарының беталысын талқылаған едік.

– ҰБТ-да ең жоғары балл жинаудың құпиясы неде? Дайындықты қай уақыттан бастаған жөн? ҰБТ-ға бір-екі ай қалғанда дайындалып, жоғары балды еншілеген адамдарды да көрдік және жыл бойы дайындалып, төмен балл алып қалғандарды да көрдік.

– Өз басым ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныпты оқып жүрген кезден бастадым. Мен тест тапсырған жылдары қазіргідей жағдай жасалмаған еді. Ол кезде әлеуметтік желілер түгілі, смартфондар да болмады. Тек екі жыл бойы оқулықтарды оқып, тест кітапшаларымен дайындалдым. Егер оқушы ҰБТ-ға жақсы дайындалса, міндетті түрде жоғары балл жинай алады. Ал мүлдем дайындалмай, жоғары балл алған түлектер «басқа жолмен» балл жинағандар. Оқушылардың жиі жіберетін қателігі – тестке 2-3 ай қалғанда дайындықты қолға алу. Олар бұл уақытта мектептің программасын толық меңгере алмайды. Уақытты дұрыс жоспарламаудың салдарынан 11 жыл бойы жинаған білімінің нәтижесін шығара алмай жатады.

– Биылғы ҰБТ-ға қандай баға бересіз? Көптеген өзгеріс енгізілді, оның ішінде түлектерге калькулятор қолдануға рұқсат етілген әрі ҰБТ 4 сағатқа созылды. Меніңше, бұл қуантарлық жаңалық. Бірақ сынақ өте қатал өтті, оқушылардың көбі тесттен құлады. Қалай ойлайсыз, ҰБТ-ны жыл өткен сайын қиындату дұрыс па? Оқушының сынақтан алатын күйзелісі де аз емес...

– Биыл ҰТО директоры Дидар Смағұлов үлкен реформа жасады. Осы уақытқа дейін, яғни 2012 жылдан 2019 жылға дейін оқушылардың көп бөлігі ҰБТ-да телефонның көмегімен жоғары балл алып келді. Ал биыл барлық оқушы сынақты өз білімімен тапсырды. «ҰБТ-ға телефонмен кіріп, жоғары балл жинаймын» деген оқушылардың жоспары іске аспай қалды. Осы жылы 120 мыңнан аса оқушы тест тапсырса, соның 40 мыңы оқуға түсетін шекті балды жинай алмай қалды. Сондықтан ҰБТ-ға дайындықты ерте бастау керек, жүйелі дайындық қажет. Талапкер мұғаліммен немесе ҰБТ тапсыратын оқушылармен бірге дайындалса, жетістікке жетеді. ҰБТ тапсыру қатты қиын емес. Сынақта сұрақтар мектеп бағдарламасынан келеді. Мысалы, осы уақытқа дейін Қазақстан тарихы пәнінен оқушылар 6, 7, 8, 9-сыныптардың оқулығы бойынша тест тапсырса, осы жылдан бастап 10 мен 11-сыныптардан бір-бір сұрақтан енгізіледі.

Биылғы ҰБТ өте әділ өтті. 2021 жылы тапсыратын түлектерде айтарлықтай күйзеліс болмайды. Өйткені олар биылғы ҰБТ-ның қалай өткенін, қиын әрі әділ болатынын өз көздерімен көрді. Негізінен бұл реформа маған қатты ұнады. Меніңше, Білім және ғылым министрлігі тестті қиындатып жатқан жоқ. Мысалы, оқушылар Қазақстан тарихынан Б.Жұбанышовтың кітабын жаттап алады да, сол жаттаған сұрақтары бойынша тестті белгілеп шығады. Білім және ғылым министрлігі басқа форматқа ауысып жатқаны болашақта оқушылар ойланып белгілеуі үшін тест жасамақ. Адам ақпаратты тек жаттай берсе, еркін сөйлеуден, ойлаудан айырылады, сыни көзқарасты дамыта алмайды.

Біздің елімізде жыл сайын 50 мыңнан аса грант бөлінеді. Мемлекет студенттерді тегін оқытуға міндетті емес. Мысалы, көршілес Қытай елін алсақ, студенттерге мүлдем аз грант бөлінген, олардың көп бөлігі ақылы түрде оқиды. Олар оқуға ақылы түрде түссе де қуанады, ал біз болсақ тегін грантты бағаламаймыз. Статистика бойынша, елімізде әрбір 2 грантқа 3 адам таласады екен. Ал өзге көршілес елдерде 1 грантқа 12 адам таласады. Сондықтан біздің елде оқуға түсу қиын емес деп ойлаймын.

– Сіз мыңдаған оқушыны ҰБТ-ға дайындап жүрген тәжірибелі ұстазсыз. ҰБТ-ға арналған «Ұлы дала ҰБТ» дайындық курстарын өткізесіздер. Сіздерден түлеп ұшқан шәкірттердің жетістігі қандай?

– 2012 жылдан бастап білім беру саласында қызмет етіп келемін. Елордада «Алтын белгі» орталығының негізін қалап, түлектерді дайындап жүрмін. Осы орталықтың ең үздік ұстаздарымен бірігіп, «Ұлы дала ҰБТ» оқу курсын өткіземіз. 8 жыл бойы оқушыларды офлайн түрде дайындасақ, 2020 жылдан бастап онлайн форматқа ауыстық. ҰБТ-дан 125 балдың 125-ін жинағаннан кейін оқушыларым да жоғары балл жинағанын армандадым. Сол арманыма орталықтың ұстаздарымен бірге 2016 жылы қол жеткіздік. Шәкіртім, Нұр-Сұлтан қаласындағы №72 мектептің оқушысы Ержанов Нұрасыл 125 балл жинады. Нұр-Сұлтан қаласының тарихында 125 балды еншілеген тек 4 қана түлек бар, оның алғашқысы мен болсам, соңғысы – шәкіртім Нұрасыл. 2017 жылы ҰБТ форматы өзгеріске ұшырап, 140 балға ауысады. 2017 жылдан бері оқушыларымыз 135-137 балл аралығында жинады. Өкінішке қарай, 140 балды еншілеген шәкірттеріміз жоқ, бірақ алдағы уақытта болады деген сенімдемін.

– Сіздердің орталық өзгелерден несімен ерекше? Оқушылар сынаққа дайындайтын курстарды таңдарда неге назар аудару қажет? Офлайн курстар тиімді ме, әлде онлайн ба?

– Біздің орталықтың ұстаздары – өз ісін жақсы біледі. Олардың методикасы, сабақ түсіндіруі өзгелерден ерекшеленеді. Біздің ұжым әрқашан ізденісте жүреді, әртүрлі тесттер жасаймыз, оқушыны ҰБТ-да нақты келетін тақырыптар бойынша дайындаймыз әрі олар бір көргеннен түсінетіндей сабақ береміз. Мысалы, біздің ұжымдағы тарихшы Қалжан Рахымжановты Қазақстандағы №1 тарихшы деп толық айта аламын. Өйткені Қалжан ағай сияқты қысқа уақытта барлық сыныптың тақырыбын меңгерткен ұстазды әлі жолықтырмадым. Слайд, картамен түсіндіру арқылы көп оқушының мақтауына ие болды. Басқа да ұстаздарымыз оқушыларды мықты дайындайды. Шәкірттеріміз өздері де мүлдем түсінбеген сабағын 100 пайыз ұғып кеткеніне таңғалып жатады.

Оқушылар дайындық курсын таңдар кезде мұғалімнің сабақты түсіндіру техникасына әрі жетістігіне баса назар аударуы қажет. Егер ол мұғалім дайындаған шәкірттер осы сынақтан жақсы балды жинаған болса, қорықпай курсқа қатыса беруге болады. Ұстаздар оқушылармен тығыз байланыста болуы шарт, тақырыпты жан-жақты түсіндіріп, үй тапсырмасын міндетті түрде беруі керек.

Осы уақытқа дейін тек Нұр-Сұлтан қаласының оқушыларын ғана дайындап келсем, осы жылдан бастап республика бойынша түлектерді ҰБТ-ға дайындап жатырмын. Онлайн форматқа көшу арқылы шалғай жатқан ауылдардағы қаражат деңгейі төмен отбасының оқушыларын дайындауға мүмкіндік алдық. Офлайн оқытуға әр түлектің қаражаты жете бермейді, тек біз емес, республикадағы барлық орталық айына бір оқушыдан 40-50 мың теңге алады. Ал онлайн оқудың артықшылығы – бағасының тиімді болуында әрі оқушының сабақты толық меңгеруге мүмкіндік бар. Онлайн оқытудың тағы бір артықшылығы – сабақ түсірілген видеоларды 1-2 ай өткеннен кейін қайталап көруге болады.

– Мен де биыл ҰБТ тапсырғалы отырған түлекпін. 2021 жылдың түлектеріне қандай кеңес бересіз?

– Құрметті түлектер, жалқаулыққа ұрынбаңыздар! Ертең, бір аптадан кейін дайындаламын деп жүріп уақытты өткізіп аласыздар. Дәл қазірден дайындықты қолға алыңыздар. Екіншіден, сізге дұрыс бағыт-бағдар беретін мұғалім не болмаса жетекші болуы қажет. Әртүрлі орталықтарға, курстарға қатыс не болмаса мектептегі мұғаліміңнен көмек сұра. Мысалы, бір тақырыпты өзің бір апта меңгеруің мүмкін, ал ұстазбен бірге сен ол тақырыпты бір күнде меңгересің. Балалармен топтасып дайындалсаң, тез жетістікке жетесің. Яғни өзіңе мықты орта табуың қажет. Бәріңізге сәттілік!

– Әңгімеңізге рақмет!

Мерей Ауғали,
оқушы.

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020

758 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы