• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 06 Қараша, 2020

Адамдардың қоршаған ортаға неге жаны ашымайтынын білдік

Журналымыздың әр нөмірінде қоршаған ортаның мәселесін жазуға тырысамыз. Өйткені бұл мәселе қазір қоғамда шегіне жетіп тұрған ең өзекті тақырыптың біріне айналды. Жас оқырманымыз кішкентай кезінен табиғатқа жанашыр болып өссе, экологияға зиян тигізетін тек адамдар екенін ұғынып жүрсе деген мақсатымыз бар.

Эколог маман Айжан Сқақованың айтуынша, экологияны қорғауға арналған түрлі іс-шаралар, заңнамалық құралдар мен мемлекеттік реттеуден бастап, мамандандырылған ұйымдардың қатаң шаралары бар.

– Саясаткерлер, шығармашылық адамдары, спортшылар да бұл мәселеге өз үнін қосып жүр. Әрине, бұл жақсы. Алайда біз неғұрлым көп естісек, соғұрлым көп ойланамыз. Бұл мәселе туралы сөйлесу мен ойлау проблемаларды шеше алмайды. Сондықтан экология туралы ағартушылық жұмыстарын үзбей жүргізу керек. Мысалы, балалар мен жасөспірімдерге ақпарат жеткізіп отырған басылым ретінде дәл осы мәселені жиі көтеріп отыру керек. Өйткені, 5, 10, 15 жылдан кейін үлкен адамға айналатын балалардың қоршаған орта туралы көзқарасы мен жауапкершілігі бала кезден бастап қалыптасады. Ал ересек адамдардың ойлау жүйесі мен көзқарасын өзгерту қиын.

Ал бұл мәселеге мемлекет қандай саясат ұстанып отыр. Бұл сұраққа да эколог жауап берді:

– Мемлекетіміздің экология саласындағы саясаты күннен-күнге айқын және қоғамдық қатынастармен, қоғамдық ұйымдармен өзара әрекеттесе жұмыс істеуде. Бұл – осы мәселеге қатысты қателіктердің аз болатынын көрсетеді. Өйткені қоғам көптеген мәселе бойынша талқылауларға қатысып, шешім қабылдауға ықпал ете алады. Мысалы, көпшіліктің алдында талқыланған Экологиялық кодекс жобасы – бұл саладағы жаңа тәсілдің жарқын мысалы деп айтуға болады. Сондықтан экология саласындағы мемлекеттік саясатты қолдаймын. Қоғаммен ынтымақтаса отырып жақсы нәтижелерге жеткенін күтемін. Осы жерде жас ұрпаққа айтарым: оқыңыз, бақылаңыз, шешімдерін ұсыныңыз, мақсатыңызға жетіңіз! Біздің қоғамның экологиялық өміріне қатысыңыз, өйткені бәріміз бір ауамен тыныс аламыз, бір көзден су ішеміз және бір жерде өмір сүреміз, – дейді экология жанашыры Айжан Сқақова.

Экологиялық сауат туралы көзқарас бала кезден қалыптасатынын жаңа эколог айтып кетті. Ал көзқарасы орныққан, қоғамда өз орнын тапқан адамдардың қоршаған ортаға деген жанашырлығын қалай оятамыз? Бұл да үлкен мәселе. Психолог Сәлима Сатылғанқызының айтуынша, қоршаған ортаны ластайтын адамдардың ішінде жек көру, өзін қадірлемеу, айналасындағы адамдарды сыйламау сезімі жатыр. Табиғатты ластау – өзін ластау. Егер табиғат таза болса, өкпесіне таза ауа барады, денсаулығы мықты болатынын түсінбейді. Яғни табиғатқа немқұрайды қарайтын адам өзіне де немқұрайды қарайды деген сөз. Егер жан дүниесі таза болса, қоршаған ортаның тазалығын үлгі арқылы көрсетеді. Әрине, мұндай адамдардың мәдениеті де, білімі де жоғары болады.

Әңгіме айналып келіп, тағы да мәдениет пен білімге тірелді. Яғни адамдардың қоршаған ортаға неліктен жаны ашымайтыны енді белгілі болды.

Соңғы кезде алматылық табиғат жанашырлары мазасыздана бастады. Өйткені қаланың шетіндегі жабайы алма алқабын әлдекімдер жау тигендей қопарып, құрылыс жүргізе бастаған. Тіпті сол аумақта орналасқан Астрофизика институты да зардап шегіп отыр. Өйткені салынып жатқан құрылыс нысандары ғылыми жұмыс жасауға айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Оның үстіне геолог мамандар таудың ортасын қазып, құрылыс жүргізу топырақ көшкініне себеп болуы мүмкін екенін айтады. Алайда бұған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Оларды да психолог айтқандай, өзіне немқұрайды қарайтын адамдар жасап отыр ма? Әлде эколог айтқандай, оларға кезінде ағартушылық жұмыстары жүргізілмеді ме екен? Экология «Ақ желкеннің» басты тақырыптарының бірі. Бұл мәселені әлі жаза түсеміз. Өйткені, нені көбірек жазсақ, оқырманымыз да сол туралы көп ойланады.

Б.Мұратқызы

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020
 

224 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы