• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 09 Қараша, 2020

Егерде Қазақстан кеңес өкіметі құрамына кірмегенде...

Биылғы жылдың 25 қазанында Ұлы Қазан төңкерісіне 103 жыл толады. Қазақтың қаймақтарын қалқып алып, ашаршылыққа ұрындырып, халыққа геноцид ұйымдастырған қызыл өкіметтің үлкен жеңісі тойланатын күн еді. Бір сәт ойға қаласың. Егер 1917 жылы қазақ халқы Кеңес өкіметінің құрамына енбегенде немесе автономия алғанда не болар еді?

Қазақстан халқының саны 1926 жылғы есеп бойынша 3 968 289 адам болған. Ал 1937 жылғы есеп бойынша – 2 862 458. Яғни 11 жыл ішінде 1 105 831 адамға кеміген. Соғысқа дейін, шет мемлекеттерге көшіп кеткені бар, аштан қырылғаны бар, репрессия құрбаны болғандар бар, ұзын саны 1,5 миллиондай қазақ жоқ болды. Бұл санға соғыс жылдары қаза тапқан 600 мыңнан астам қандасымызды қосыңыз. Сонда ХХ ғасырдың орта шеніне дейін 1,6 миллион қазақтан айырылған едік. Бүгінгі күні елімізде шамамен 12 764 821 қазақ өмір сүреді. Бұл – жоғарыда көрсеткен 2 862 458 адамның ұрпағы. Егер біз кеңес өкіметінің құрамына кірмегенде шамамен еліміздегі қандастарымыздың саны бүгінде шамамен 19 899 847,5 адамға тең болар еді.

ХХ ғасырдың екінші жартысында болған Семей полигоны халық санының өсіміне көп тежеу болғанын білеміз. Ел экологиясы да орны толмас зардап шекті. Индустрияландыру мен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мақсатсыз пайдаланылған дария суынан Аралдан айырылып отырмыз. Тың игеру кезеңінде Сарыарқаның қанша даласын құртты. Тілімізден айырылудың алдында қалдық. Айта берсек, жоғалтқанымызды жазып тауысу мүмкін емес.

Егер Кеңес өкіметі құрамына кірмеген болсақ, бұл мәселелердің ешбірі болмас еді. Ал одақтың құрамына кірмеудің ең үлкен жолын Алаш Орда көрсеткен. Олардың алдында үш бағыт тұрды (Бұл бағыттарды ғалым Т.Жұртбай, ХХ ғасыр басындағы Башқұрт автоно-миясының төрағасы Заки Уалиди Тоған және сол кезеңдердегі баспасөз беттеріндегі мақалалар арқылы қорытқан – филоло-гия ғылымдарының магистрі С.Шәріп):

Бірінші, патшаны тағына қайта отырғызып, одан автономия алып, Жапония жолымен дамуды жөнге қою;

Екінші, бірінші жағдай орындалмаған күнде, Кеңес өкіметінен автономия сұрау. Бұл 1918 жылы іске асар іске ұқсағанымен, Кеңес өкіметі уәдесінде тұрған жоқ.

1918 жылы 2 сәуір күні «Алаштың» төрағасы Ә.Бөкейханов пен «Алаштың» Семейдегі төрағасы Х.Ғаббасов және Ә.Ермеков үшеуі Семейден тікелей байланыс желісі арқылы Мәскеуге шығып В.И.Ленинмен, содан кейін ұлт істері халық комиссары И.Сталинмен сөйлеседі.

«Әр халықтың өз билігін өзіне береміз деп шешкен закон-жарлығымыз әлі сол қалпында, айтқанымыз – айтқан. Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпы қазақ съезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз, жалғыз-ақ Совет өкіметін танысаңыздар. Енді біздің билік береміз деген сөзімізді іске асыру керек...» – деп Ленин, Сталин қол қойған. Орындалмаған осы сөз еді.

Үшінші, екі жағдай да орындалмаған күнде, Жапоннан көмек сұрау. Яғни қазақты орыстан қандай жолмен болса да арашалап алғысы келген. Бірақ бұл жолдың өзіндік ауырлығы бар екенін Ә.Бөкейханов анық сезді. Ол өзінің «Жапон һәм Қытай» мақаласында:

«...Жапонның өз жері өзіне аз. Шаршы шақырым жерге 110 кісі келеді. Жапон жер сатып аламын десе, бостандық болады; жер асты қазына-кенді Жапон қазады; темір жол салу құқы Жапон пайдасында болады», – дейді.

Жалпысында Патша немесе Кеңес өкіметінен азаттық алғандағы Алаш Орда құрғысы келетін мемлекеттің бес басты идеясы болған.

Бірінші: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Ә.Бөкейхановтың шешімі бойынша, «қазақтың байырғы жерлерін қазақ өз бетінше техника мен ғылымға сүйеніп игермейінше жер жекеменшікке берілмейді».

Екінші: осы жердің асты-үстіндегі байлық тек қазаққа, қазақ игілігіне қызмет етуі керек. Бұл жөнінде де Ә.Бөкейханов «оның әр түйір тасының өзі қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс».

Үшінші: Ә.Бөкейхановтың жасаған жобасы бойынша, осы елдегі бір уыс жүннің өзі қазақ үстіне тоқыма болып киілуі тиіс. Яғни саяси ғана емес, экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу керек.

Төртінші: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші: бұл – түпкі мақсат. Ғылымға, ұлттық салт-сана, дәстүрге негізделген заңға сүйеніп, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Кеңес өкіметінің құрамына кірмеуге қазақ халқында мүмкіндік болмады. Бұл – өкініш. Ұлы өкініш. Бірақ сүйінішіміз де жоқ емес. Бүгінде еліміздегі идеологиялық жұмыстардың көбінің астарында осы Алаш Орданың 5 идеясы жатыр.

Төлбасы

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020
 

477 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы