• Спорт жұлдыздары
  • 06 Қараша, 2020

Рекорд жаңартқан қазақ шабандозы

Бауыржан Мырзабаев – Еуропаға әйгілі шабандоздардың бірі. Бірнеше мәрте Еуропаның үздік шабандозы атанған Бауыржан ат құлағында ойнау қанымызда бар екенін дәлелдеп жүр. Екі мәрте Еуропа чемпионы атанған Бауыржанды әңгімеге тарттық.

Германияда тұратын Бауыржан Алматы облысында дүниеге келген. Бала күнінен атқа шауып, шабандоз болуды армандаған отандасымыз арман қуып шетелге кеткен.

– 1992 жылы Алматы облысына қарайтын Кербұлақ ауданының Шұбар ауылында дүниеге келдім. Үйдің үлкенімін, інім және екі қарындасым бар. Ауылда өскендіктен кішкентай кезімізден жылқыға жақын болдық. Әкем де ат баптап, жылқы жүгіртетін. Жеті жасымнан бастап аламанға шаба бастадым. 2007 жылы Алматы қаласындағы ипподромда бәйгелерге қатыстым. Шыны керек, шетелге кетуіме бала күнгі арманым түрткі болды. Кинодан шетелдің жокейлерін көріп, сондай болсам деп армандайтынмын. Алматы ипподромының директоры болған Нұрлан Тілеулесов ағамның көп көмегі тиді. Арманымның орындалуына үлкен ықпал етті. Негізі Англияға кетуім керек болған. Бірақ құжаттар дұрыс болмай, бара алмадық. Сөйтіп 2009 жылы Чехияға қоныс аудардым.

Чехиядағы жокейлер мектебін тәмамдағанмен, Бауыржан бірден бәйгеге қатыса алмаған. Қазақстаннан келген қарапайым баланы ешкім атына мінгізгісі келмеген екен.

– 2012 жылы Чехиядағы жокейлер мектебінде емтихан тапсырып, сол жақтың лицензиясын алдым. Негізі лицензия алу үшін 9-сыныптан кейін үш жыл оқып, емтихан тапсыруың керек. Бірақ елде жүріп қатысқан бәйгелердің арқасында толық оқымай, тек емтиханнан өттім. 2012 жылдан бастап лицензиясы бар шабандоз бола бастадым. Бірақ бапкерім жокей болғанымды қаламай, көп мүмкіндік бермеді. Өзінің көмекшісі болғанымды қалап, қара жұмыс істеткісі келді. Сол жылы алты ұшқыр бәйгеде жеңімпаз атанып, өзімнің мықтылығымды көрсете бастадым.

Лицензия алған жокейлердің барлығы бәйгеге қатыса бермейді. Өйткені бәсеке өте жоғары. Тек мықтылар ғана бәйгеде бағын сынайды.

– Лицензия алғаннан кейін де жокей болу оңай емес. Өзің секілді шабандоздар арасындағы бәсекеде озуың керек. Жәй ғана шабандоз болсаңыз, сізге ешкім атын бере бермейді. Мысалы, 100 жокей болса, шабатын аттың саны он-он бес-ақ. Сондықтан атсыз қалмас үшін шеберлігіңізді шыңдай түсуіңіз керек. Дұрыс шаппасаңыз, атпен тіл табыса алмасаңыз, келесіде ат иесі сізге жүйрігін бермейді. Басқа бір жокейге тапсыруы мүмкін. Басында ең нашар, бәйгені ұту мүмкіндігі аз аттарға шабасың.

Чехиядағы ең көп бәйгені ұтқан Бауыржан бір жылдың ішінде чемпион атанып үлгерген. Франция, Чехия, Польша сынды мемлекеттерде де атқа шауып, үздік шыққан.

– 2013 жылы алғаш рет Чехия чемпионатында топ жардым. Жылдың қорытындысы бойынша ең көп бәйге ұтқан жокейді чемпион деп таниды. Ат бапкерлері де, аттың иесі де тура осы ереже бойынша жеңімпаз атанады. Жеңімпазға чемпиондық дәреже мен ақшалай сыйлық беріледі. 2013 жылы 35 бәйгені ұтыппын. Содан кейін де екі жыл қатарынан чемпион болдым. Одан бөлек ең ірі жарыстардың бірі саналатын Еуропа чемпионатында жеңімпаз атандым. 2016 жылы өткен бір күндік додаға 15 мемлекет қатысты. Әр мемлекеттен 1 шабандоз қатысатын сында Қазақстан атынан шықтым. Бір күнде 7 бәйгеге қатысып, содан ең көп ұпай жинаған адам жеңімпаз болады. 2018 жылы екінші рет «Еуропа чемпионы» атағын иелендім.

2017 жылдан бері Германияда тұратын Бауыржан ол жақта да мықтылығын көрсеткен. Германияда өткен шабандоздар байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Тіпті көптен өзгермеген рекордты жаңартқан екен.

– 2017 жылы Германияға қоныс аударып, осы жақтағы бәйгелерге қатыса бастадым. 2019 жылы Германия чемпионы атанып, 12 жыл бойы бұзылмаған рекордты жаңарттым. Германия чемпионатының тарихында ешкім бір жылда 100-ден аса бәйге ұтпаған екен. Мен 111 бәйгеде бірінші келдім. Одан бөлек бір күнде сегіз бәйгеге шауып, соның алтауында жеңімпаз атанған кезім болды. Қазір әжептеуір танымал болдық. Негізі додалардың ең үлкені Жапонияда өтеді. Бірақ бұл бәйгеге қатысу үшін әуелі Германияның чемпионы болу керек. Чемпион болған соң ғана Жапонияға үш айға лицензия алуға рұқсат етіледі. Қазіргі таңда қаржы жағынан да, аттардың деңгейі жағынан да ең үлкені осы Жапониядағы сайыс саналады. Германия чемпионы атану арқылы Жапониядағы жарысқа жолдама иеленген болатынмын. Әлемдегі пандемияға байланысты ол жақтағы жарыстардан құр қалдық. Бұйыртса, Жапонияны да бағындыруды көздейміз.

Бауыржанның өзі мінетін тұрақты аты жоқ. Уақыты тығыз болғандықтан ат ұстауға да мұршасы келмейді. Оның қай атқа шабатынын менеджері шешеді.

– Ат баптауға, оны бәйгеге қосуға мүлдем араласпаймын. Менің міндетім – тек атқа шабу ғана. Қазір бір бәйгеге қатысып келсем, келесі бәйгеде қандай атпен шабатынымды өзім де білмеймін. Бір апта бұрын бәйгеге қосылатын аттардың тізімі жарияланады. Сол кезде ат бапкерлері жеке менеджеріме хабарласады. Бір күнде 6-7 атқа шабатын болсам, барлығының бапкерімен, иесімен келіседі. Ал көптеген бапкер мен ат иесі өз атына сай шабандоз іздейді. Тек бәйге кезінде ғана тақымымыз тиіп, басқа уақытта түрін де көрмейтін небір жүйріктер бар.

Кейіпкеріміз қазақы жылқы мен таза қанды ағылшын жылқыларының айырмашылығын және ұшқыр бәйге мен аламанның аражігін ажыратып берді.

– Шыны керек, таза қандылар мен қазақтың қарапайым жылқыларын салыстыруға келмейді. Біздің елдегі бәйгеге қосатындардың барлығы шетелден сатып алған таза қанды аттар. Шетелде 4-5-орын алатын, көрсеткіші төмен аттар Қазақстанға сатылып жатыр. Қазақы қарапайым жылқының айырмашылығына келер болсақ, біздің жылқы салт мініп жүруге және соғымдағы қазы-қартасымен ғана ерекшеленеді. Қазақтың қарапайым жылқысы ұшқыр бәйгеге жаралмаған. Қазір аламанға да, ұшқыр бәйгеге де ағылшын аттарын қосады. Ал біздің аламан бәйге мен шетелдің ұшқыр бәйгесінің айырмашылығы үлкен. Мысалы, мұнда қашықтық та, шабандоздың атқа отырысы да, салмағы да, бәрі қатаң тәртіп бойынша есептеледі. Біздің аламанда кімнің шабандозы жеңілдеу, кім 18 жасқа толмаған, солар шаба береді. Ал шетелде арнайы лицензия алып, барлық талабын орындап қана шабасың. Ұшқыр бәйгеде тәртіп қатаң, ал аламанда баланы мінгізесің де, жібересің. Ол баланың бәйгеге қалай шабатыны өз үйренгені бойынша болады. Ондай баладан жауапкершілік те талап ете алмайсың. Ең қиыны өсіп, салмақ қосқан соң ол атқа шаба алмайды, не жокей бола алмайды. Белгілі бір уақытта ғана шабандоздықпен айналысады да, соңында қалады. Ары кетсе бапкер болады. Онда да өзінде аты бар болса ғана. «Бәйге, бәйге» деп жүрген бала сабақты та оқымай, жасы келген соң бәйгеге де шаба алмай, жарты жолда қалады. Ал ұшқыр бәйгенің шабандозы, яғни жокей болу – барлық талабын орындап отырсаң, өмір бойы айналысатын кәсіп. Мысалы 40-50 жасқа келсе де жокей болып, бәйгеге қатысып жүргендер бар.

Қазақтың нағыз шабандозы Бауыржанға тек сәттілік тілейміз.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020
 

951 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы