• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 09 Қараша, 2020

Ақшолпан Рәсіл, математика пәнінің оқытушысы: Математика – ғашық болатын ғылым

Кейіпкеріміз Ақшолпан Рәсілмен бір жоба барысында кездейсоқ таныстық. Ол математиктер отбасында дүниеге келген. Сіңлісі Ақнұр өткен жылы КТЛ-да 8-сыныпта оқып жүріп, 10-сыныптардың математика олимпиадасына қатысыпты. Ал інісі Бақтияр болса, 5 жасынан күрделі көбейту, бөлулерді (15*13; 122*16 ) ойша жылдам есептеген екен. Өз қалауымен математика саласын таңдаған Ақшолпан қазір докторантурада оқып жатыр. Сүлеймен Демирел университетінде математикадан сабақ береді. Жас математик «Ақ желкеннің» оқырмандарына математика туралы кеңірек айтып берді.

Математика дегенде академик Асқар Жұмаділдаевтың есімі бірден есімізге түседі. Академик бір сұқбатында қосымша сабақтардың көбейіп кеткенін, қазіргі оқушылардың мектепте оқып отырған сабағын ұқпайтынын ашынып айтқан еді. Ақшолпанның айтуынша, оның бірнеше себебі бар.

– Қосымша сабақ алу тек математикада ғана емес, барлық пәнде бар. Оның әртүрлі себебі бар. Біреуінде проблема мұғалімде болуы мүмкін. Мұғалім дұрыс түсіндірмегеннен соң оқушы да жеткілікті деңгейде түсіне алмауы мүмкін немесе сабағын жақсы білгенмен, түсіндіру методикасы дұрыс емес болуы мүмкін. Әрине, барлық мұғалім бірдей емес. Тіпті баланың ынтасына да байланысты екенін естен шығармаған жөн. Сабаққа деген ынтасы жоғалған кезде тақырыптарды дұрыс меңгермей қалады. Өтпелі кезеңде жүрген оқушының оқуға зауқы соқпайды. Сондай-ақ қазір баланың назарын бұзатын (интернетке тәуелділік, басқа қызығушылықтардың пайда болуы) факторлар бар. Соңғы себептердің бірі ретінде баланың мүлде ол пәнге қызықпауын айтуға болады. Баласының үлгерімі нашарлап кеткесін ата-анасы мәжбүрлі түрде қосымша сабаққа береді. Сондықтан бұған біржақты қарауға болмайды деп ойлаймын.

Асқар ағамыз тағы бір сұқбатында қазаққа ақын емес, технократ керек екенін айтқан болатын. Ол сұқбаты қоғамда қызу талқыланды. Жас математиктен бұл пікірге деген көзқарасын сұрағанымызда, ол да академиктің пікірін қолдады.

– Асқар ағамыздың сөзін қолдаймын. Меніңше, ол кісі «қызыл сөздің» уақыты өтті дегісі келген болуы керек. Технократ керек дегені жаңалық ашатын адам керек деп айтқысы келген болар, бәлкім. Қазақта жаңалық ашатын адам жоқтың қасы. Біз өндіруші емес, тұтынушы елміз. Көп нәрсені шетелден көшіреміз немесе дайын нәрсені сатып аламыз. Сол себепті сөзден нақты іске көшетін уақыт келді деп ойлаймын. Әрине, ақындар керек емес демеймін. Дегенмен ендігі ұрпақ жаңа заманға бейімделіп, адамзатқа пайдасы бар іспен айналысқаны дұрыс сияқты. Академиктің сөзінің астарынан осыны байқадым.

Ақшолпан қазақ математиктерінің халықаралық сыйлықтарды алып, әлемдік деңгейге жету үшін ғылымға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінуі керек деп санайды.

– Қазақстанда да әлемге танымал математиктер жетерлік. Олар да белгілі бір деңгейдегі халықаралық сыйлықты алып жүр. Одан кейінгі келген жас буынның ішінде жақсы математиктер бар. Әркім өз деңгейінде еңбек етіп жатыр. Жалпы халық олардың бәрін бірдей тани бермейді. Елімізде ғылымға әлі де болса көңіл бөлінбей жатқанын мойындауымыз керек. Халықаралық деңгейге шығу үшін мемлекет тарапынан жақсы қолдау болса, ғылымымыз одан сайын дамыр еді. Бірақ ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Бұрынғыға қарағанда ілгерілеу бар. Қазір жоғары оқу орындарында грант көп бөлінеді.

СДУ оқытушысы мамандығын қатты жақсы көреді екен. Оның сөзінше, сүйікті ісіңмен айналысу бақыт гормонын бөліп қана қоймай, жақсы табыс та әкеледі.

– Адам өміріндегі ең маңызды нәрсе – өз ісін табу деп ойлаймын. Егер шынымен сүйікті ісіңді тапқан болсаң, сенен бақытты адам жоқ. Сүйікті ісіңмен айналысу рақат сыйлайды, ақша әкеледі. Мен мамандығымды сүйемін. Сол себептен де артықшылығын ғана көремін. Студенттеріме есеп шығарғанды, жаңа нәрсені үйренгенді және үйреткенді жақсы көремін. Барлық ғылымның негізі – математика. Биологияны да, физиканы да, химияны да математиканы жақсы білген адамдар оңай үйренеді. Себебі бәрі есепке құрылады. Бәлкім мұны осы саланың артықшылығы деген дұрыс шығар.

Қазір Америкада тұратын қазақ математигі Уәлібай Өмірбаев әлем ғалымдарының басын қатырған «Нагата проблемасын» шешкен екен. Шешілмей жатқан қаншама есеп бар? Кейіпкерімізден үлкен ғалым ағаларына еліктеп осындай дүниелермен айналысқысы келе ме, жоқ па, оны да сұрадық.

– Әлем ғалымдарының қандай есепті шеше алмай жүргенін білмеймін. Мынау деп нақты айта алмаймын. Математиканы үлкен іргелі ғылым десек, ол өз ішінде бірнеше тармаққа бөлінеді. Әр тармақтың шешілмей жатқан есебі бар. Әр саланың ғалымдары өз проблемасымен бас қатырады. Тіпті математиктердің өзі бір-бірін түсінбейтін жағдайлар жиі кездеседі. Себебі әр ғалым өз саласы бойынша ізденеді. Математика – нақтылықты сүйеді. Ғылыми бағыттағы математиканы қуған адамдардың алға қойған мақсаты бар. Сол бағыттағы проблемалармен бетпе-бет келіп, шешілмеген есептерді шығару үшін бірнеше жыл уақытын сарп етеді. Ондай ғалымдардың алдында басымды иемін. Алайда менің таңдаған бағытым басқа. Менікі – педагогикалық математика. Мақсатым – педагогика саласында математиканы дұрыс түсіндірудің әдіс-тәсілдерін зерттеу. Үйренген, оқыған дүниелерімді түсінікті түрде студенттерге жеткізу. Бәлкім шәкірттерімнің арасынан бір мықты математик ғалым шығатын шығар?!

1-сыныптан 11-сыныпқа дейін үзбей оқытылатын пән – математика екен. Бір сыныпта 25 бала бар десек, бәрі бірдей математикаға жүйрік дей алмаймыз.

– Асылында кішкене махаббат пен жүйелі түсіндіру жолы болса, игеріп алу өте оңай. Оқушының бұл пәнге деген қызығушылығын ояту үшін аз болса да күнделікті есеп шығарып отыру керек. Ең бастысы тоқтамаған дұрыс. Күнделікті аз-аздан болса да есеп шығарып тұру керек. Аз болса да тұрақты амал жақсы нәтижеге жеткізеді. Әрі есеп шығарып нәтиже көрген сайын қызығушылық артатыны сөзсіз. Мұны өз практикамнан білемін. Математика – ғашық болатын ғылым. Егер оған ғашық болсаң, ол да саған махаббатын көрсетеді. Күнделікті уақыт бөліп, махаббатпен қарамасаң, ол да сенен теріс айналады. Тек бір мұғалімге немесе мектепке байланып қалудың қажеті жоқ. Солар айтса ғана оқып емес, өздігінен оқып үйренген абзал. Оқулық, интернет, мамандар, курстар, бәрі бар. Дамыған XXI ғасырда сылтау айтуға орын жоқ. Қазір тіпті шетелдің «мен» деген жоғары оқу орындарының курстары да қолжетімді. Қатты қымбат тұрмайды. Барлық ақпарат ашық. Қызығатын тақырыбын өз бетінше оқуы керек. Математиканы қиын деп ойлайтындар өзіне мүмкіндік бергені дұрыс. Себебі көп нәрсе адамның басында болады. Мидағы шектеудің әсерінен қиын деп ойлауы мүмкін. Ал математикамен айналысып жүргендер болса, тек онымен ғана шектелмей, өзін IT саласында сынап көруге кеңес берер едім.

Жазып алған
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020
 

51 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Сағындық Ғизат, мұғалім: Біздің елде оқуға түсу қиын емес

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

Бас редактор