• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 06 Қараша, 2020

Қуат Әуесбай, «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы: Жасандылық пен өтірікті балалар бірден біліп қояды

Ғасырға жуық тарихы бар, балалар мен жасөспірімдердің «Ақ желкен» журналының мен үшін жолы да, жөні де бөлек. Бала кезде әр нөмірін асыға күттік, әр мақаласын қызыға, құныға оқыдық. Балаң қиялымызға қанат бітірген, қаламымызды ұштап, журналист болсам деген талабымызды дамытқан «Ақ желкен» журналында жұмыс істеген уақыт мен үшін сондай ыстық, сондай аяулы. Одан бері де бірнеше ақпарат құралында қызмет атқардық, десе де «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, еңбек кітапшама жазылған «Ақ желкенде» қызмет атқарған» деген тұсын ерекше мақтанышпен айтатыным рас. Неге? Өйткені мұндай басылымда екінің бірі, егіздің сыңары жұмыс істей алмайды деп ойлаймын. Неге бізде балалар тақырыбына қалам тербейтін ақын-жазушы некен-саяқ? Бәрінің қолынан келе бермейді, өйткені. Балалар басылымында жұмыс істеу де солай.

Фариза Оңғарсынова апай бас редактор болған кезді алдымыздағы буын сағынышпен, мақтанышпен әңгімелейді. Көп естігеннен болар, апайдың өр бейнесі жадымызда сақталып қалды. Фариза апай қолданған қызыл телефонды сол кездегі бас редакторымыз, танымал жазушы Нұрғали Ораз аялап ұстап, жаңасына ауыстыртқызбай қолданды. Қазақтың Фаризасына деген құрметі деп ұқтық мұны. Сол қызыл телефон музейде тұрған болар қазір.

Естелік айтатын, жазатын жаста емеспіз-ау. Десек те, сол жақсы кездерге деген сағынышымызды қағазға түсіріп қойсақ, әбестік болмас. «Жас өркен» деп аталған серіктестікке, оның ішінде «Ақ желкен» журналына жұмысқа келгенде, «Балдырғанда» – Тұманбай Молдағалиев, «Ұланда» – Сұлтан Қалиұлы, «Ақ желкенде» Нұрғали Ораз бас редактор еді. Үлкен бастығымыз, серіктестіктің жетекшісі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек болды. Осындай тұлғалармен қызметтес болғанымыздың өзі неге тұрады?! «Жақсыдан – шарапат» деп тегін айтылмаса керек, ол кісілерден үйренгеніміз өте көп. Қазір қандай да бір шешім қабылдайтын кезде, бір істі қолға алған уақытта сол ағалардың ақылы, тәлімі ойымызда тұрады. Құл-Керім Елемес, Дүйсен Мүсірәліұлы, Серік Нұғман, Бағдат Мәжитов ағаларым, Серікбол Хасан, Жадыра Нармаханова, Балжан Мұратқызы сынды тұрғыластарыммен иықтаса қызмет етіп жүргенде басылымның деңгейін түсірмей, аманатқа адал болуға тырысып баққанымыз анық. «Ақ желкен» балалар мен жасөспірімдерге арналған журнал болса да, оны ересектер де қызыға оқитын еді. Жасандылықты, өтірікті балалар бірден сезіп, біліп қояды ғой. Сондықтан барынша шынайы, шыншыл болуды, батыл жазуды, әділ болуды ұстандық. Оқырмандарымызды да соған үндедік. Кейбір үлкен басылымдар жазуға бата бермейтін мәселелерді өткір көтердік. 1 желтоқсанда Алматыдағы Желтоқсаншылар ескерткішіне барып, «Желтоқсан – тағзым айы» деген шара өткізгеніміз есімде. Желтоқсанда тәуелсіздігімізді алып, бір қуансақ, бұл айда қаншама қасіретті оқиғалар болғанын да ұмытпауымыз керек. Өз басым әлі күнге дейін желтоқсан айы туғанда құран оқып, дұға жасап, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болуын тілеп, қазір балаларымды төл тарихымызды, тұлғаларымызды ұмытпауға, құрметтеуге тәрбиелеп келемін.

«Ақ желкенде» қызмет ететін редакция қызметкерлері журналдың оқырмандарының әрқайсын өз баласындай көреді, сондықтан басылымның әрбір санын, әр мақаласын жанын салып әзірлейді десем артық болмас. Сондықтан, «Ақ желкен», «Ұлан», «Балдырған» секілді басылымдарға міндетті түрде жазылып, үзбей оқыған жөн. Үнемі жүрген жерімде айтып жүремін, үйіне газет-журнал үзілмей барып тұратын, ата-анасы, балалары баспасөз, кітап оқитын отбасынан мықты азаматтар өсіп-өніп шығады.

Мерейлі жасың құтты болсын, «Ақ желкенім»!

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020
 

310 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы