• Спорт жұлдыздары
  • 16 Қараша, 2020

Шавкат Рахмонов, UFC спортшысы: Еліміздің де, тіліміздің де мәртебесін көтергім келді

Шавкат Рахмонов әлемге әйгілі UFC тұжырымымен тұңғыш келісімшартқа отырған және жеңіске жеткен спортшы ретінде тарихқа енді. Әбу-Дабиде өткен UFC 254 турнирінде сынға түскен Шавкат өте тәжірибелі қарсыласын бірінші раундта-ақ қылқындырып тастады. Жеңіліп көрмеген отандасымызды жарқын жеңісімен құттықтап, аз-кем сұқбаттастық.

– Шавкат, жеңісіңіз құтты болсын! UFC-де жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық ретінде тарихта қалдыңыз. Жекпе-жектен алған әсеріңіз қандай? Атақты Брюс Баффер жеңіске жеткеніңізді хабарлағанда қандай сезімде болдыңыз?

– Ізгі тілектерін білдіріп, құттықтаған баршаға алғыс айтамын. Шыны керек, әлемдегі ең үздік тұжырымда жеңіске жеткендегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. UFC-де 18 жекпе-жек өткізген қарсыласым Алекс Оливейра – өте мықты спортшы. Десек те, еліміздің үкілеп артқан үмітін ақтау үшін шаршы алаңда жан беруге де дайын болдым. Аллаға шүкір, күллі әлемге қазақтың мықтылығын көрсетіп, рухын көтергеніме қуаныштымын.

– Осы уақытқа дейін жекпе-жектеріңіз кейінге шегеріліп, түрлі жағдаймен жарысқа шыға алмай жүрдіңіз. Бұл жекпе-жекке дайындық қалай өтті? Психологиялық тұрғыдан қиын болды ма?

– Иә, дебюттік жекпе-жегімді наурыз айында Лондон қаласында өткізуім керек болған. Пандемияға байланысты турнир өтпей қалды. Ал содан кейінгі жарыс алдында жарақат алып, оған қоса сырқаттанып қалдым. Бұл жекпе-жекке де бір ай қалғанда қарсылас ауысып, аздаған қиындық туындады. Дайындықты Ақтөбе қаласындағы «Еркін күш» клубында өткіздік. Психологиялық тұрғыдан да, дайындығымыз да бәрі жақсы болды. Әрине, еліміздің абыройын түсірмеу керек деген аздаған уайым болды.

– Неліктен «Еркін күш» клубын таңдадыңыз? Шет елде оқу-жаттығу жиынын өткізу ойда болды ма? Болашақта АҚШ-қа аттанып, сол жақта дайындалу ойда бар ма?

– Көкшетау қаласында аралас жекпе-жекпен айналысатын кәсіби спортшылар жоқ болғандықтан, «Еркін күш» клубында оқу-жаттығу жиынын өткізуді жөн көрдік. «Еркін күш» клубында Дәурен Ермеков, Гойти Дазаев және Мурад Абдурахманов сынды мықтылармен дайындалдық. Коронавирусқа байланысты қазір АҚШ-қа виза алу қиын. Сондықтан Америкада дайындалуға мүмкіндік жоқ. Одан бөлек қыруар қаржы да керек. Жекпе-жектерде жеңіске жетіп, ақша жинаған соң АҚШ-қа да аттанамыз.

– Әдетте спортшылар жекпе-жектегі жеңісінен кейінгі сұқбатты орысша береді. Сіз UFC төрінде қазақша сөйлеп, тіліміздің де мәртебесін көтеріп тастадыңыз...

– UFC төрінде ана тілімде сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе. Мектепті өзбекше бітіргендіктен, аздап қателіктер де жіберетінім жасырын емес. Бірақ тілімізді қадірлеп-қастерлеу – әрқайсымыздың міндетіміз. Тіліміздің, еліміздің тағдыры мені де алаңдатады. Тіл – ұлттың тірегі, рухы мен намысы екенін ұмытпауымыз керек. Ана тіліміздің айбынын асқақтатып, мемлекеттік тілімізді дамытуға теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімізді қосайық. Миллиондаған жанкүйердің алдында қазақша сөйлеп, еліміздің де, тіліміздің де мәртебесін көтергім келді.

– UFC ұйымы спортшылардың ресми сыйақысын жариялағанда, сіздің де қанша ақша алғаныңыз (37мың доллар көлемінде) белгілі болды. Бұл сіздің ММА спортында тапқан ең қомақты қаржыңыз ба? Қаржыны қалай жұмсауды өздейсіз?

– Спортшылардың сыйақысы жайлы ақпаратты журналистер жариялайды. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. UFC ұйымы спортшыларға берген қаржысын құпия ұстайды. Дұрыс айтасыз, бұл – спорттық мансабымда алған ең қомақты қаржы. Отбасымыз үлкен болғандықтан қаражатты отбасыма жұмсаймыз. Бәлкім, үй немесе автокөлік алатын шығармыз.

– Еліміздегі ең мықты спортшы бола тұра ешқандай клубта, командада да жоқсыз. Оның себебі неде? «Arlan MMA Pro Team» командасына қосылу ойыңызда жоқ па?

– Ешқандай клубта болмауым – көпшіліктің көкейіндегі мәселенің бірі. «Неге «Арланда» жоқсың, неге басқа клубта жоқсың?» деп сұрайтындар да көп. Ұсыныстары көңілімнен шықпағандықтан, команданың қатарына қосылғым келмеді. Егер жақсы келісімшарт ұсынып, жағдайымды жасайтын болса, «Арланның» атынан шығуға дайынмын.

– Алғаш спортты бастағанда осындай дәрежеге жетем деп ойладыңыз ба? Сіздің қандай жолды жүріп өткеніңізді біреу білсе, біреу білмейді. Сол қиын-қыстау кезеңде сынып кетпеуге не түрткі болды?

 – Шыны керек, спортпен айналыса бастағанда осындай дәрежеге жетем деп ойладым. Тек спортқа деген махаббатым ерекше болып, бар ынтаммен айналыстым. Бала күнімнен елімнің атағын әлемге танытып, көк туды биікке асқақтатуды армандадым. Қиын-қыстау кезеңде де осы арманым алға сүйреді. Әркез мақсатыма жететініме сеніп, Аллаға тәуекел еттім. Спортта да, өмірде де ерік-жігері жоқ адамдар аса бір жетістікке жетпейтіні мәлім. Әрқашан қолдау көрсетіп, жігерімді жаныған отбасымның да көмегі болды.

– Алғашқы жекпе-жектен-ақ танымалдығыңыз екі есе артып, көпшіліктің көңілінін жаулап алдыңыз. Тіпті, UFC-дің өзі сізге ерекше назар аударып отыр...

– Иә, танымалдығым екі есеге артты. UFC тұжырымы әлемдегі №1 ұйым болғандықтан, миллиондаған адам көреді. Сол тұжырымда жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық қазақ спортшысы болғаныма қуаныштымын. UFC президенті Дэйна Уайт та, ұйымның матчмэйкерлері де ұнатып, ерекше ықыласын білдірді. Жекпе-жегімді көргеннен кейін басқаша көзқараспен қарап, қойын дәптеріне түртіп алғандай болды.

– UFC-дегілер шоу жасап, жақсы «трешток» істейтіндерді жақсы көреді, әрі солар тез көтеріледі. Сіздің ойыңызда бар ма бұл нәрсе?

– «Арық айтып, семіз шық» демекші, сөзбен емес, ісімізбен мықтылығымызды көрсетеміз. Шоу, «трешток» UFC-дің ажырамас бір бөлігі екенін білеміз. Қолымыздан келгенше шоу жасап, менталитетімізге сай «трештокты» да істейміз.

– Алдағы жекпе-жектеріңізде кімдерге қарсы шыққыңыз келеді? Осы жеңісіңізді пайдаланып, сол спортшыларды жекпе-жекке шақырасыз ба?

– Шыны керек, кез келген мықтымен шығуға дайынмын. Кіммен, қашан жұдырықтасатынымды командамен ақылдасып, ойланамыз. UFC-дің матчмэйкерлері кімдерді ұсынатынын көреміз. Америкалық «ковбой» Дональд Серронемен жұдырықтасқым келеді. Мықтылармен жекпе-жекке шығып, қазақ баласының атасынан бері жаудан қайтпаған қайсар халық екенін дәлелдеуді көздеймін.

– Шаршы алаңға қашан оралуды қалайсыз? Виза мәселесі қалай болып жатыр?

– Өкінішке қарай, АҚШ-қа виза алған жоқпын. Қазір соның мәселесімен айналысып жатырмыз. Шаршы алаңға келесі жылдың басында, қаңтар немесе ақпан айында шығу жоспарда бар. Бұйыртса, Америкада атой салып, қазақтың жауынгер халық екенін көрсетеміз.

P.S. Арманы асқақ Шавкаттың АҚШ-та атой салып, UFC чемпионы атанарына кәміл сенеміз. Барлық жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтаған отандасымызға сәттілік тілеп, алар асуының алда екенін айтқымыз келеді.

Сұқбаттасқан
Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2020
 

625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы