• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Қараша, 2020

Егерде карантин 10 жылға созылса...

2020 жыл еліміз үшін ғана емес, әлем үшін ауыр жыл болды. Өйткені адамзаттың өмір сүру дағдысы өзгеріп, көпшілік карантинде жұмысынан айрылып немесе онлайн режимде үйінде отыруға мәжбүр болған. Бұл қоғам мен әлеумет игілігі үшін жасалған шара болса да, халық наразылығын тудырып жатты. Өйткені адамдардың үйінде отыруға шыдамы жетпеді. Еркіндікті аңсады. Бірақ тарихта екі ай емес, 23 жыл бойы өз-өзін оқшаулаған адам бар. Оның есімі – Мэри Маллон. Ол Америкада жалғыз ішсүзек ауруының симптомсыз түрімен ауырған адам болып саналады. Ауруын 51 адамға жұқтырып, оның үшеуі қаза болған. Бірақ Мэри емделуден бас тартқандықтан оны адам аяғы баспайтын аралға апарып тастайды. Осы аралда ол өмірінің соңына дейін, яғни 23 жыл өмір сүрген. Ал бүгінгі азаматтар 2 айдың өзіне әзер шыдады. Елестетіп көріңізші, сол карантин 10 жылға созылғанда не болар еді?

Бірінші кезекте, бұл әлемдік экономикаға оңдырмай соққы беріп, миллиардтаған адамдар жұмысынан айырылады. Өйткені ойын-сауық орталықтары, кәсіпкерліктің біраз бөлігі, театр, кинотеатрлардың бәрі жабылады. Тіпті адамдарға ең керекті деген өндіріс орындары ғана жұмысын жалғастырып, өзге өндіріс орындары жұмысын тоқтатуы мүмкін. Адамның көпшілігі өмірін тек компьютер алдында өткізіп, ал жер бетінің интернетке қолы жетпеген 52%-ы кітаптарға қайта оралмақ. Жаппай оқу орындары мен мектептердің онлайн режимге ауысуынан өскелең ұрпақтың сауаттылығы төмендей бермек. Десек те, бұл адамзатты мүлде жаңа кезеңге, виртуалды әлемге бастайды.

Әлемнің бүкіл кітапханалары цифрланып, интернет беттеріне шығарылады. Ал карантин кезіндегі ең дамитын сала тағам өнеркәсібі мен жеткізу қызметі болмақ. Екі айлық карантиннің өзінде еліміздегі курьерлік қызметке сұраныс 27 пайызға өсіп, жеткізу қызметінің қосымшаларын жүктеу статистикасы екі есе артыпты.

Тағы бір жақсы жаңалық, жер ғаламшарының ауасы тазарады. Ормандар қайта жанданып, жануарлардың, қызыл кітапқа енген жануарлардың популяциясы өсе бермек. Бірақ ҚР Экология министрлігінің статистикасына сүйенер болсақ, еліміздегі екі айлық карантин кезінде ауа тазарғанымен, қатты қалдықтар мөлшері артқан. Себебі халықтың тұтынушылығы бұрынғыға қарағанда жоғары болды дейді. Яғни ауа тазарғанымен, тұрмыстық қатты қалдықтар көбейе бермек.
Әрине, әлемді мұншалық өзгертетін он жылдық карантиннің қажеті жоқ. Десек те, ел басына, адамзат басына күн туа қалған жағдайда қандайлық шектеулерге де мойынсыну – жауапты азаматтың ісі деп білеміз.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2020
 

331 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы