• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 27 Қараша, 2020

Күнімжанды қазақ театрында тұңғыш ойнаған актриса

Әрдайым сахнаға шығатын кезде оған қарт Қарағанды қол бұлғап тұратындай көрінеді. Өйткені, кіндік қаны тамып, ана әлдиін естіген жері Қарағанды облысы, Нұра ауданының Баршын ауылы еді. Балалық шағының Баршында өтуі жазылмаса да, бал дәурен кезеңі Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Бүгінде астанамыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының талантты актрисасына айналған Айнұр Жетпісбаева жайында сөз қозғамақпыз. Мектеп жасынан КВН ойындарына қатысып, өзінің қоғамдық белсенділігін арттырған Айнұр 11-сыныпты аяқтасысымен, сол кездегі Қазақ ұлттық музыка академиясының «актерлік өнер» мамандығына оқуға тапсыруға келеді. Курс қабылдаушы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Л.Бекназар-Ханинга Айнұрды бірден ұнатып, оқуға қабылдайды. Бұлар өте бақытты толқын. Себебі, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов, ҚР Халық артисі Гүлжан Әспетова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Юрий Ханинга сынды майталман ұстаздардың көзін көрді. Бұлар деп айтып жатқанымыз Шах-Мұрат Ордабаев, Ернияз Бірімқұлов, Жанат Оспанов, Жасұлан Ерболат, Таңсұлу Батталова, Гаухар Жүсіпова, Айнұр Жетпісбаева. Ол кездер бүгінгі Қазақ ұлттық өнер университетінің «Театр» факультетінің алтын дәуірі еді.

Айнұр Жетпісбаева академияда оқып жүргеннен бастап, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрына жұмысқа қабылданады. Театр сахнасындағы дебюттік бейнесі Еркін Жуасбектің «Үйлену» комедиясындағы Зерек болатын. Зерек – қазақ қыздарына тән ибалықты сақтаған, тәрбиелі, қазақы болмысқа толы қыз. Кез келген актрисаның арманы – басты кейіпкерлерді нұсқалап, сахнада бейнелеу.

Бұл жағынан келгенде актриса Айнұр бақытты. Өйткені, сахна алаңында отызға жуық басты кейіпкерді өнерге келген он жылдан астам уақыт ішінде ойнады. У.Шекспир, «Ромео мен Джульетта» – Джульетта, «Отелло» – Эмилия, М.Фриш, «Дон Жуанның думаны» –Миранда, И.Штраус, «Жұбайлар жұмбағы» – Лотта, А.Чехов, «Апалы сіңлілі үшеу» – Наталья, М.Әуезов, «Айман-Шолпан» – Шолпан, Ғ.Мүсірепов, «Ақан сері – Ақтоқты» – Ақтоқты, «Қыз Жібек» – Дүрия, Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітов, «Беу, қыздар-ай» – Айсұлу, Т.Ахтанов, «Күшік күйеу» комедиясында Ботка, Т.Джюдженоглы, «Көшкін» – Келін, Р.Отарбаев, «Көлеңкесіз жолаушы» – Тоғжан, Д.Рамазан, «Кенесары–Күнімжан» – Күнімжан, Ж.Эвре, «Ізгілік формуласы» – Кристина, М.Ахманов, «Алдардың айласы» – Қоян, А.Салбан, «Ойыншықтар оянғанда» – Доп, О.Жанайдаров, «Жұт» – Сәуле, Низами, «Ләйлі–Мәжнүн» – Кемпір сынды бейнелерді кескіндеді.

Күнімжанды қазақ театрында тұңғыш ойнаған актриса. Думан Рамазанның бұл пьесасы қазақтың соңғы ханы Кенесары мен Күнімжан арасындағы ыстық махаббат пен ерекше сүйіспеншілікті және Кенесары мен Қоңырқұлжаның тартысын бейнелейді. Актриса кейіптеген Күнімжан – сол кездегі теңсіздіктің құрбаны болған ару. «Үйлену» комедиясындағы Зерек пен «Кенесары–Күнімжан» драмасындағы Күнімжан инабатты қыздарымыздың айқын прототипі. Айнұр Жетпісбаева түрлендірген Жан Эвренің «Ізгілік формуласы» комедиясындағы Кристина аңқаулық пен ақкөңілділігі астасып жатқан кейіпкер. Сүйген жігіті Самир (Жасұлан Ерболат) екеуі эмигрант болып, Францияға келген жастар. Панасыз, қорғансыз жүрген қос ғашыққа достары Мануэль (Шах-Мұрат Ордабаев) өзінің анасы үй қызметшісі болып істейтін Маривон ханымның ас үйдегі кішкентай бөлмесін паналауға береді. Самир мен Кристина сахнада үйлесімділік дуэтін құрды. Жасұлан Ерболат пен Айнұр Жетпісбаева ойынында аталған екі кейіпкердің өмірдің ыстық-суығына бірге төзуге әзір екенін байқай алдық. Айнұр Жетпісбаева ішкі және сыртқы еркіндікке толы ғана емес, ең алдымен рөл тудырушы актриса. Ол әр бейнеге ізденіспен қарайтын маман. Былтыр ғана тұсаукесері өткен Филиппо Болоньяның «Байланыс аясы» драмасындағы Карлотта сөзіміздің дәлелі бола алады. Күйеуінің жылуын аңсап жүрген Карлотта сахнада шынайы күліп, шын күрсінеді. Сахнадағы кейіпкерлер «лирикалық», «драмалық», «әлеуметтік» болып үш топқа бөлінеді. Актриса шығармашылық жолында аталған үш топтағы кейіпкерлерді сахналай алды. Солардың бірі – Олжас Жанайдаровтың «Жұт» драмасындағы Сәуле. Бұл туынды елімізде орын алған отызыншы жылдардағы нәубет ашаршылықта халықтың тартқан қасіретін көрсетеді. Сәуле – әлеуметтік кейіпкер. Тарихта болған оқиғаларды келешек ұрпаққа жеткізу үшін өзін құрбан еткен жан. Айнұр Жетпісбаеваның актрисалық ерекшелігі – үнемі ойыны күш-қуатқа, энергияға толы. Көрермен алдында жанын салуға әзір. Айнұр Жетпісбаева – өмірде де, өнерде де бақытты жан. Ол әлі талай жаңа образдар жасай алатынына сенеміз.

Бахтияр Тұрсын,
жас театртанушы.

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2020

862 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы