• Спорт жұлдыздары
  • 03 Желтоқсан, 2020

Қазақтың тұңғыш бессайысшысын білесің бе?

Қазақ спорт тарихында аты алтын әріппен жазылған тұңғыш чемпионның бірі – Тимур Досымбетов. Қазіргі бессайыс спортынан Италия астанасы Римде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Тимур Досымбетовті көпшілік білмейді. Атпен кедергілерден өту, семсерлесу, 25 метрлік қашықтықтан тапаншамен ату, 300 метрге еркін жүзу және 400 метрге кросс жүгіру секілді спорттың бес түрін қамтитын сында алдына жан салмаған саңлағымыздың тарихи жеңісі мен спорттағы сара жолы жас өренге үлгі болуы тиіс.

Тимур Қамалұлы 1957 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Бала күнінен спортқа жаны жақын болған. Тоғыз жасынан жаттыға бастайды. Әу баста жүзу спортымен айналысып, сосын бессайысқа бет бұрған. Он екі жасынан бастап кәсіби түрде бессайыспен айналыса бастаған Тимур бес жаттығуды да жақсы меңгереді. Он бес жасында-ақ асау атты өте жақсы жуасыта алатын. Нысананы да дәл көздеп, семсерлесудің де хас шебері болды. Сондай-ақ 300 метрге еркін жүзуде алдына жан салмаған. Бірақ аса күрделі емес саналатын жүгіру спорты кейіпкеріміз үшін қиынға соқты. Табанды түрде жаттығып, ойлы-қырлы жерлермен жүгірген қазақ баласы бұл қиындықты да еңсеріп, үздіктер қатарынан көрінді. 17 жасынан бастап КСРО-ның әр деңгейдегі құрамаларында өнер көрсеткен Досымбетов 1975 жылы Қазақстан құрамасы сапында КСРО чемпионы атанды. Е.Бессонов, В.Сычев, В.Рожковтармен бірге өнер көрсеткен Тимур 1976 жылы КСРО жастар ойындарында да жеңімпаз атанды. 1979 жылдан бастап КСРО құрамасының намысын қорғаған алматылық спортшыны Мәскеу Олимпиадасына жолдама жеңіп алады деген адамдар көп болды. Төрт жарыс түрлерінде олимпиадаға қатысуға үмітті спортшылармен терезесі тең өнер көрсеткен Тимур жүгіруден қапы қалды. Дегенмен, Тимур Қамалұлы 1982 жылы Таллинде өткен КСРО қысқы чемпионатында үздік шығып, әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. 1981 жылғы әлем чемпионатында КСРО құрамасы сәтсіз өнер көрсетті. Құраманың бас жаттықтырушысы Глеб Крюков келесі жылғы чемпионатта сол олқылықтың орнын толтыру үшін Анатолий Старостин мен Евгений Липеевтің қасына су жаңа чемпион Тимур Досымбетовті қосты.

Бессайыс – спорттық жарыстың бір түрі. Оның бағдарламасына спорттың бірнеше түрі енеді: атпен кедергілерден өту (конкур), семсерлесу, тапаншамен ату (25 метрден), еркін жүзу (300 м), жеңіл атлетикалық кросс (4000 м). Жарысқа қатысушылардың орны спорттың әр түрінен алған ұпайларының қосындысына байланысты есептеледі. Бессайыс ертедегі Грекияда өткен Олимпия ойындарының бағдарламасына еніп, пентатлон деп аталған.

Қазіргі бессайыстан 1982 жылғы әлем чемпионаты Италияның Рим қаласында өтті. 21 елден қатысқан 58 спортшының арасында Олимпиада және әлем чемпиондары да болды. Осы мықтылар арасында Тимур Досымбетов те өзінің шеберлігін паш етті. Алғашқы атпен кедергілерден өту сынында сүрінбеген спортшымыз КСРО құрамасының қоржынына 1040 ұпай салды. «Кадиллак» есімді атпен өнер көрсеткен Тимур 15 кедергінің алғашқы бөренелерін ғана құлатып, қалғандарын жинақы, ұқыпты жүріп өтті. Ең жоғарғы 1100 ұпайды төрт-ақ спортшы иеленгендіктен бұл өте жақсы көрсеткіш саналды. Бірақ командаластары Липеев 898 ұпай, Старостин 948 ұпайға қол жеткізді. Алғашқы сынның қорытындысы бойынша Венгрия құрамасы (Пайор, Часари, Мижер) 3130 ұпаймен көш бастаса, екінші орынға Мексика, үздік үштікке Италия құрамасы жайғасты. Ал КСРО құрамасы 2828 ұпаймен бесінші орында тұрды.

Семсерлесу спортынан өткен екінші сында да қазақ баласы мықтылығын көрсетті. Бірінші жарыс нөмірін алған КСРО құрамасы бір жолда өнер көрсетті. Алғашқы кездесуде Досымбетов-Старостин-Липеев үштігі ГФР құрамасына 2:7 есебімен есе жіберсе, екінші кезеңде Финляндияны жеңді. Дегенмен АҚШ-қа қарсы қайрат көрсете алмай, 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Бұдан ары шегінерге жер жоқ екенін түсінген кеңестік спортшылар қайратына қайта мініп, кейінгі 15 кездесудің бәрінде жеңіске жетті. Құрамында небір мықтылар болған Венгрияны 7:2, Швецияны 8:1 есебімен ойсырата ұтты. Ал Италия мен Францияны 5:4, Польша құрамасын 5:3 қылып тізе бүктірді. Тимур Досымбетов 38 жеңіске жетіп, 962 ұпай иеленсе, Старостин 924, Липеев 905 ұпай жинады. Семсерлесу сынында КСРО құрамасы Францияны алға жіберіп, екінші нәтиже көрсетті. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша бір саты алға жылжып, төртінші орынға көтерілді. Ал бессайыстың үшінші бағдарламасында спортшылар 200 метрге еркін әдіспен жүзеді, яғни малтиды. Досымбетов бұл қашықтықты 3 минут, 36,6 секундта жүзіп өтсе, командаласы Старостиннен 3 минут, 26,7 секунд көрсетті. Дегенмен екі спортшы үшін бұл жеке рекорд еді. Липеев өзінің бір жыл бұрынғы нәтижесін 0,2 секундқа жаңартып, 3 минут 27,7 секунд көрсетті. Командалық сында 3756 ұпаймен АҚШ көш бастаса, 3644 ұпаймен ГФР екінші болып, Венгрия 3640 ұпаймен үздік үштікті қорытындылады. КСРО құрамасы 3572 ұпай иеленіп, италиялықтармен арадағы 184 ұпайды қысқартты.

Нысана көздеуде, яғни 25 метрлік қашықтықтан тапаншамен ату сайысында да Тимур сұрмергендігімен көзге түсті. Жарыс жолына бірінші шыққан Евгений Липеев 194 ұпай жинап, көңілдегідей көрсеткіш көрсетпеді. Екінші кезекте ортаға шыққан Тимур Досымбетов бір рет қана тоғыздықты дәлдеп, кейінгі үшеуінде ондыққа тигізді. Сөйтіп, 199 ұпай иеленсе, командаласы Анатолий Старостин 197 ұпайды қанағат тұтты. Тимур бұл сында ең жоғары 199 ұпай жинаған үш спортшының бірі болды. Әлем чемпионаттары тарихында бірінші рет нысана көздеу бағдарламасының жеңімпазы оқ нысананың ортасынан қаншалықты сырттап тигенін есептеу арқылы анықталды. Жеңімпаз болған финляндиялық П.Сантаненнің тоғыздығы нысана ортасынан 70 мм сырттау тиіпті. Тимур Қамалұлының көрсеткіші – 84 мм болса, америкалық Р.Нимандікі 88 мм болған. Осы бағдарлама қорытындысы бойынша КСРО құрамасы жалпы есепте бірінші орынға шығып, италиялықтардан үш, венгрлерден жеті ұпай ғана алда тұрды.

«Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, ақырғы кросс бағдарламасының жеке сынында Досымбетов қола жүлдеге бір қадам жақын болды. Өкінішке қарай, отандасымыз аздаған қателік жіберіп, 13 минут, 27 секунд нәтижесімен жекелей сында төртінші орынға тұрақтайды. Ал Старостин белгіленген қашықтықты 12 минут 44 секундта жүгіріп өтіп, сегізінші орыннан екінші сатыға көтерілсе, Липеев 12 минут, 55 секундта жүгіріп, 16-орыннан 12-орынға шықты. Сөйтіп қазақ баласы бастаған КСРО құрамасы командалық сында ешкімді тең келтірмеді. Досымбетов-Старостин-Липеев үштігі 16082 ұпай иеленіп, әлем чемпионы атағын иеленді. 16012 ұпаймен Венгрия құрамасы күміс, Италия қола медаль жеңіп алды. Осылайша, қандасымыздың есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылды.

Дегенмен аты аңызға айналған спортшының өзегін өртейтін өкініш те бар. Ол 1984 жылы Лос-Анджелесте кезекті жазғы Олимпиада ойындарына қатысу керек еді. Бірақ Олимпиадаға жиырма күн ғана қалғанда КСРО құрамасының олимпиадаға қатыспайтынын мәлім болды. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарына капиталистік елдер бойкот жарияласа, араға төрт жыл салып, АҚШ-та өтетін Олимпиадаға социалистік елдер қатыспайтын болып шешті. Осылайша, кеңес спортшыларының ең бір талантты буыны өз ғұмырындағы үлкен додадан қағылды. Отандасымыздың Олимпиада чемпионы болсақ, жүлдегер атансақ деген арманы желге ұшты. Кім біледі, 1984 жылы біз халықаралық жарыстардың ешқайсында ұтылмаған Қамалұлының командасы Олимпиада чемпионы атанар ма еді?! Еліміздегі бессайыс спортын дамытуға үлкен үлес қосқан даңқты спортшы 2015 жылы өмірден өтті. Бессайыс спортынан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Тимур Досымбетовтің ерен ерлігін Халықаралық қазіргі бессайыс одағы да бағалап, Олимпиадалық мұражайдың даңқ залына енгізді. Айтпақшы, Тимур Досымбетов Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің тұңғыш президенті болған.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

732 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы