• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 02 Желтоқсан, 2020

IT платформа ашқан Аманмырза мен Әлихан

Жақында Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Аманмырза Жүсіпхан мен Абжанов Әлихан IT саласына қызығатын жастарға арналған Ab.ai платформасын жасап шығыпты. Олар IT мамандарының жетіспеушілік мәселесін шешуді көздейді. Жоба авторлары Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі IT саласына қызығушылығы бар мүдделес жастардың басын қосып, қарқынды жұмыс істемек ниетте екен.

– Ең алдымен, біз бұл платформаны еліміздегі IT саласын дамыту, жастарды сұранысқа ие мамандыққа көздеп аштық. Аманмырза екеуміз IT саласына бірнеше жылдан бері қызығамыз. Өзім бірқатар танымал платформаларда программалау тілінен теориялық білім алып, әртүрлі жобаларда тәжірибе жасадым. Сонда байқағаным, бізде IT дағдыларды арзан, толықтай онлайн форматта үйрететін платформалар жоқтың қасы екен. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы жобаны іске қосып отырмыз. Платформа бәріне қолжетімді әрі тегін. Кез келген оқушы онлайн тіркеле алады, – дейді жоба авторы Әлихан Абжанов.

Әлиханның айтуынша, Қазақстанда программалау бойынша сабақ беретін платформалар бар, алайда Ab.ai платформасының негізгі идеясы – ментор арқылы практикалық білім беру. Үйден шықпай-ақ интерактивті түрде жаңа дағдыларды меңгеру жаңа деңгейге шығуға өте тиімді әрі көп уақыт алмайтын жол деуге болады. Аманмырзаның сөзінше, негізгі проблема – сабақ беретін менторлардың жетіспеушілігі. Қазіргі уақытта сабақтар тегін болғандықтан, тек сертификат үшін сабақ беруге дайын менторлар саны өте аз болып отыр.

– 15 жасымда ғаламдық мәселелерді зерттей бастадым. Нәтижесінде көптеген мәселе технологияның көмегімен шешілетінін түсіндім. COVID-19 жағдайынан кейін бағдарламалау курсына қатысуға барлығының мүмкіндігі жоқ. Алайда бізде бұл мәселені шешуге көмектесетін көптеген дарынды программист бар. Сондай-ақ қазір оқушыларды ноутбукпен қамтамасыз ету мәселесі де ақырындап шешіліп жатыр. Қазақстанның барлық өңіріндегі оқушылардың жаңа саламен танысқанын қалаймын. Олар сабақтан кейін біздің курсқа қатысса, болашағы бар сала жайлы білім алып, оған қоса уақытын да тиімді пайдаланар еді, – дейді Аманмырза Жүсіпхан.

Болашағын IT саласымен байланыстыратын оқушыларға, мансап жолында өскісі келетін студенттерге, білгенін бөліскісі келетін менторларға арналған жобаның болашағы жарқын боларына сенеміз. Жас та болса, үлкен іс атқаруға ниетті жастардың еңбегіне тәнті болдық. Қазір техникалық мамандыққа көбірек көңіл бөлініп жатыр. Сондай-ақ IT саласына қызығатын жастардың саны артып келеді. Оның бір дәлелі – Аманмырза мен Әлихан деуге болады. Кім біледі, бәлкім, болашақ Илон Масктар осы оқушылардың ішінен шығатын шығар?..

Жазып алған
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

315 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы