• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 03 Желтоқсан, 2020

Ерлан Әшім, кәсіпкер: Қожа сияқты бала кездессе, осындай боп қала бер дейтін едім

Әдетте кітап туралы, кітап оқу мәдениеті туралы әңгіме білгіміз келсе, бірден қаламгерлерге жүгінеміз. Бүгінгі жасөспірімдерге қандай кітап оқу керектігі жөнінде де көбіне зиялы қауымнан сұраймыз. Сөз жоқ, олар ауыз әдебиетінен бастап, кешелі-бүгінгі классикалық әдебиетті оқуды ұсынады. Ал бұндай әңгіме балаларға қалай әсер етеді? Қандай да бір жетістікке жетуді ойлайтын баланың түсінігінше, бұл мойынға артылған ауыр жүктің бірі секілді. Ал дәл осындай әңгімені – кітап оқу мәдениеті жөніндегі кеңесті бірнеше зауыты бар, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер айтса ше?! Ол кәсіпкер ғана емес, «Қасым кітапханасы» деген сериямен қазақ және әлем әдебиетінің классикалық шығармаларын шығарып жүрген кәсіпкер, меценат. Аты-жөні – Ерлан Әшім. Қазақ тіліне бұрын-соңды аударылмаған шетел әдебиетінің де аударылып, басылуына мұрындық боп жүр. Ерлан мырзаның әңгімесі оқырманымызға пайдалы болады деген ойдамыз.

Алғашқы кітап

Үйде кітапхана болды. Әкем де, шешем де көп оқыды. Әсіресе шешем марқұм кітапсыз отырмайтын. Алпыс жасында да кітап оқып отыратын. Әкем күнделікті газет-журнал оқитын. Екеуі жұмыстан келеді де, көзілдіріктерін тағып алып, оқып отыратын. Әйтпесе жұмыстары өте көп еді. Маған кітап оқуға әсер еткен нәрсе осы. Жалпы, біздің үйде білімді болу, жақсы оқу, ақылды болу деген ұстаным болатын. Әке-шешем тәртібімізді мақтап отыратын. Әсіресе, анам. Анам деп әдейі айтып отырмын, себебі әкемнен гөрі анам көбірек әсер етті. Егер анасы кітап оқитын болса, баласы да оқымай қоймайды. Кітап оқу мәдениеті содан қалыптасып кетті. Мектептен тыс, оқулықтан бөлек кітапты алғаш рет сегіз жасымда оқыдым. Содан бері тоқтаған емеспін, биыл 50-демін, күніге кітап оқимын.

Үш жасымда балабақшаға бардым. Онда бәрі орысша болатын. Содан бері оқудың бәрін орысша оқыдым. Бірінші кітабым да орысша болды. Бірақ сол кітаптың әлі күнге түрі, түсі, иісі – бәрі көз алдымда. Кітаптың авторы – Бауыржан Момышұлы. Кітаптың аты – «За нами Москва». Содан кейін Бауыржанға деген махаббатым өшкен емес. Бауыржан туралы және оның өзі жазған кітаптарының бәрін оқыдым. Мысалы, Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабын алғаш рет 15 жасымда оқыдым. Содан кейін төрт рет қайталап оқыдым. Кейіпкерлерін түгелдей жатқа білем. Сосын осының қазақшасын шығаруға міндеттімін деп бекіндім. Осыдан бір апта бұрын «Арпалыстың» 3-томын шығардық. Аудармасы 1960-жылдары шыққан. Бірақ бір рет шыққан да қалып қойған, көпшілікке жетпеген. Бірінші оқыған кітабым осы.

Адамды тәрбиелейтін үштік

Бала кезде кітапты жүйелі оқу керек деген ой болмады. Оны ешкім үйреткен де емес. Қолға не түседі, соны оқитынбыз. Ол кезде кітап қат болатын. Ал қазір кітап өте көп. Кейбір кітаптар тексеріссіз шығады. Жауапкершілік деген жоқ. Толық еркіндік беріліп қойған. Еркіндік берілгеннің, әрине, жақсы жағы көп. Бірақ нашар жағы да бар. Жаман нәрселерді үйрететін, соны әсіре мақтайтын кітаптар көп. Жеңіл оқылатын кітаптардың орысшасы да, қазақшасы да қаптап кетті. Әсіресе, орысша. Қызығып оқисың. Бірақ миды дамытпайды. Оған уақытың мен көз жанарыңды бекерге жұмсайсың. Білмей оқи беруді обал деп осындайда айтуға болады. Бұл кітаптар жайдақ ойлауға ғана үйретеді. Инстаграмнан, фейсбуктен оқып алып, соған таңғалып жүретіндер көп боп кетті. Сол себептен біз не істедік?! Достарымызбен жиналып, бір серия аштық. «Қасым кітапханасы» деп аталады. Тәрбие беретін, жақсы құндылықтарды сіңіретін кітаптар. Бұған біздің тараптан үш кісі жауапты.

Кітап деген не? Кітап адамды тәрбиелейді. Адамға әсер беретін үш-ақ нәрсе бар. Керемет университетке түсіп, қызыл дипломмен шығу басты міндет емес. Шетелге барып оқу да емес. Бірінші – ата-анаңның тәрбиесі. Екінші – таңдаған ортаң. Егер бұзық ұлдар мен қыздардың ортасында жүрсең, өзің де сондай боласың. Үшінші – оқыған кітабың. Кімде-кім кітап оқымаса, өз обалы өзіне, онда ол адасады. Сосын кінәліні іздейді. Сосын «кінәлі – билік, кінәлі – парақорлық, кінәлі – анау-мынау» деген сияқты әңгімелерге барады. Кінәлі өзіммін деген ойына келмейді. «Бала кезден кітап оқып, өзімді дамытпаппын, жақсы нәрселерді үйренбеппін» деп ойламайды. «Кто виноват?» деп Герцен сөйтіп кітап жазған кезінде.
Кітап оқудың маңызы туралы айтсақ. Кез келген жас адам жетістік туралы ойланады. Илон Маск, Стив Джобс, Джеф Безостарды естиді де, «мә-ә, масқара миллиардер» деген әңгімелер айтып, таңдай қағады. Ал олардың өмірбаянын оқысаң, бала кезінде кітапты оқымаған, кітапты «жеген!». Күн-түн ақтарған. Илон Масктың өмірбаянын оқып көрсеңіз, күн сайын сабақтан шыққан соң мектептің қасындағы кітапханаға және кітап дүкеніне баратын көрінеді. Ылғи сол жерден шықпайды екен. 14 жасында мектептің кітапханасын оқып тауысқан. Бұл – 1980 жылы болған жағдай. Үйдегі әке-шешесінің бүкіл кітабын оқыған. Міне, қазір Илон Маск боп отыруы соның арқасы. Сол кезде іргетас салды. Ал біз осындай іргетас қалағымыз келмейді. Түнгі клубтарға барғымыз келеді, ұйықтағымыз келеді. Университетті бітіріп, бірдеңе істегіміз келеді, бірақ істей алмаймыз. Өйткені біздің бала кезде іргетас қаланбаған. Іргетасты 10 жастан 20 жасқа дейінгі аралықта ғана қалай аламыз. Құрылыстың тілімен айтсақ, іргетас жұмысы осы кез. Генри Фордың да сондай, іргетасын сол кезде қалаған.

Қайталап оқысаң, жаңалық ашасың

Кейбір кітаптарды қайталап оқитын себебім, ондай кітаптарды сағынамын. Яғни 10-15 жаста оқығанда олар жүректе бір әсер қалдырды деген сөз. Есейгенде оқысаң, ол кітаптан жаңалық ашасың. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Әуезовтерді бірнеше рет қайталап оқығанмын. «Абай жолының» орыс тіліндегі нұсқасын 12 жасымда сүйсініп оқығам. Одан кейін 25 жасымнан бастап қазақша оқуды үйрене бастадым. Оған дейін ешқашан қазақша оқымағам. 30 жасымда «Абай жолын» қайтадан оқыдым. Біріншіден, қазақтың әдеби тілін меңгеруді міндеттедім. Екіншіден, сол кітаптың ішінен өте көп жаңалық аштым. Мінез деген не, психология деген не, қазақтың дәстүрі, заңдылығы, тарихы қандай деген сұрақтарға жауап таптым. Әдеби кітаптардың ішінде тарих тұнып тұр. «Мен психологияны оқимын» дейді қазіргі балалар. Әдеби кітаптар тұнып тұрған психология емес пе? Тұнып тұрған құндылық емес пе? «Махаббат, қызық мол жылдарды» 10-сыныптың оқушылары жатқа білуі керек қой. Жігіттің мінезі қандай болу керек, қызға деген көзқарасы қандай болу керек, қыз қандай болу керек, қыздың ары деген не – осының бәрін үйретеді емес пе?! Психология – адамдар арасындағы қарым-қатынас. Адамның мінезі – оның құндылығынан. Психология туралы шетелдік беймәлім кітаптарды алады да, соны оқып отырады. Мұны құптамаймын.

Қожада психология тұнып тұр

Бөтен елдің кітабын сұрайтын оқырман көп. Неге екені, солардікі сапалы, бізге керек деп есептейді. Негізінде сені «Абай жолы», Бауыржан Момышұлының, Әзілхан Нұршайықовтың кітаптары дамытады. Мектепте оқушылармен кездескен сайын «Менің атым Қожаны» қайсың оқыдың?» деп сұраймын. Жүз баладан үшеуі ғана қол көтереді. Үшеуінің екеуі мұғалімнің айтуымен оқыған. Ал «Қожада» психология тұнып тұр. Адам бойындағы энергия, білімге деген құштарлық тұнып тұр. Оны оқығанда біресе жылайсың, біресе қарқылдап күлесің. Мен оны екі рет оқыдым. Екінші рет былтыр, міне, 50-ге келген кәсіпкер оқыды. Сүйсініп, көзімнен жас шыға күліп оқыдым. Қожа сияқты бала кездессе, осындай боп қала бер дейтін едім. Осылай білімге деген құштарлығыңды ұштай бер, Абай мен Қасымды оқи бер деп айтар едім. Дәулеткерейдің күйін тыңда, Махамбетті оқы дер едім. Университет бітірген соң мен сенің жұмысқа орналасуыңа кепілдік беремін дер едім. Міне, Қожа сияқты балалар бізге үлгі болуы керек. Сол кезде біз Илон Маск боп шығамыз. Ең қызығы, Илон Маск пен Стив Джобстың бала кезде сүйіп оқыған кітабы – Марк Твеннің «Том Сойердің бастан кешкендері». Міне! Қожа одан артып тұр ғой.

Кітап бізді экономикалық биікке апарады

Мен үйде күнделікті әңгімемде кітап туралы бір-екі нәрсе болса да айтып отырамын. Он жастағы ұлым біраз кітапты оқып тастады. Оқыған кітаптары туралы ойын айтады, бірге талқылап отырамыз. Кітапқа құштарлықты оятатын – ата-ана мен мұғалім. Кітаптың маңыздылығы туралы айта беру керек. Стив Джобстың үйіндегі бір дағдысы – дастарқан басында балаларымен кім қандай кітап оқып жатқанын, ол кітаптан не түсінгенін талқылайды екен. Ал біз не талқылаймыз? Бүкіл мәселе осында.

«Қасым кітапханасы» сериясын шығаруда стратегия-жоспарымыз бар. Кітаптарымыздың тізімі 2021, 2022 жылдарға дейін жазылып тұр. Мақсатымыз – жылына 52 кітап шығару. Өйткені, «Қасым кітапханасын» оқимын деген адам аптасына бір кітапты оқып бітіруі керек. Алла өмір берсе, тоқтамай шығарамыз. Біздің ұлтқа бірінші орында керек нәрсе кітап екеніне сенемін. Кітап бізді экономикалық биікке апарады.

Гогольдан кәсібім үшін пайдалы ақпарат таптым

Бизнес саласындағы әдебиет бізді жетістікке жеткізеді дегенге сенбеймін. Кәсіпте жүргеніме 28 жыл болды. Бірнеше зауытым бар. Қоластымда мың адам жұмыс істеп жатыр. Бала кезде кәсіп туралы кітап оқып, одан кейін кәсіпкер болып кетеді дегенге сенбеймін. Ол қандай кәсіпкер болады, білесіз бе?! «Пайда ойлама, ар ойла» деген Абайдың бір сөзі бар. Осындай құндылықты әдеби кітап қана үйретеді. Бизнес кітаптар, кім жазса да, «ақша тап» деп қана үйретеді. Ал «пайда ойлама, ар ойла» дейтін адамдар кәсіпке барса, онда да жетістікке жетеді. Егер кәсіпте сондай адамдар жүрген болса, пандемия кезінде бетперденің бағасы 20 есеге өспес еді. Өйткені ар ойламай, пайда ойлайтын адамдар көбірек боп тұр. Бізді мәдениетті адам етіп тәрбиелейтін – классикалық әдеби кітаптар. Кітап жүректі жылытады, мейірім орнатады. Ондағы кейіпкерлерді аяп, ойланып, «қап, неге бүйтпеді екен» деп, түнімен дөңбекшіп шығуың керек. Сол кезде кітап сені тәрбиелейді.

Үш ай бұрын Николай Васильевич Гогольдың «Мертвые души» кітабын екінші рет қайталап оқыдым. Алғаш рет 17-18 жасымда оқып едім. Ең қызығы, қайта оқығанда кәсібім үшін пайдалы ақпарат таптым. Кітап деген солай. Мысалы, менің жоғары білімім жоқ. Сонда ненің арқасы?! Кітаптың пайдасы. Өйкені кітап оқыған адам кез келген адаммен сөйлесе алады, адамдарды ұйымдастыра алады, оларды тыңдай алады және жүректеріне жеткізіп сөз айта алады. Бітті, сен – кәсіпкерсің! Кәсіп деген не? Кәсіп – адам. Атақты саясаткерлердің бәрі бала кезде өте көп кітап оқыған. Өз еңбегімен жетістікке жеткен бүкіл адамның өмірбаянын қарап көріңіз. Кейбірі университет бітірмеген, кейбірі әртүрлі жағдаймен мектепті бітіре алмаған, бірақ бәрі кітап оқыған. Фэнтези жанрындағы кітаптарды оқу пайдалы. Ертегілер де фантазияны кеңітеді, шығармашылық қасиет береді. Классикалық әдебиет адамдармен қарым-қатынасты үйретеді. Тарихи кітаптар заман туралы, ел туралы ойландырады, патриоттықты оятады. Мені патриот қылған – Александр Бектің «Арпалысы», Бауыржан Момышұлының бойындағы құндылықтар.

Жазып алған
Асылан Біржанұлы

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2020
 

570 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы