• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 09 Желтоқсан, 2020

«Терроризм мен діннің мүлдем байланысы жоқ...»

Қоғам әртүрлі болған соң адамға төнер қауіп көп. Өкінішке қарай, біздің елімізде әртүрлі тараптан қысым көретін, зардап шегетіндердің ішінде жасөспірімдер де көп. Басты қауіптердің бірі – діни жат ағым. Бұдан қорғанудың негізгі жолдары жөнінде өткен нөмірлердің бірінде жазған болатынбыз. Осы жолы жасөспірімдердің өзін тыңдағымыз келді. Олар осындай қауіппен бетпе-бет келсе, қандай жолмен құтылмақ? Бұл туралы не ойлайды? Қаншалықты хабардар?

Бұл тақырыпты біз шығармашылық байқау ретінде ұйымдастырдық. «Менің бес қаруым» деп аталатын тақырыпта діни экстремизмнен, терроризмнен сақтанудың негізгі бағыттарын жазу міндеттелді. Байқау Инстаграм желісіндегі жеке парақшамызда өтті. Біршама адам қатысты. Пікірін жолдаған барша қатысушыға «Қасым кітапханасы» сериясы ұсынған кітаптарды сыйға тарттық. Ендеше, сол байқауға келіп түскен хаттардың ішіндегі өзекті ойларды, тұшымды пікірлерді назарларыңызға ұсынамыз. Ал осы тақырыпты өлеңмен жырлаған оқушылардың шығармашылығымен «Жас қалам» айдарынан таныса аласыздар.

Жазира Бекболатова, Түркістан облысы, Шардара ауданы:

– Ислам дінінің атын жамылған діни экстремизм мен терроризм атаулы ғаламдық қатер туындатуда. Бұлар ұқсас ұғымдар. Екеуі де діни-саяси сылтаумен зорлықзомбылық әрекеттеріне бағытталған. Терроризмнің діні болмайды. Олар айтатын «радикалды ислам» сөзі де мүлдем қате. Себебі исламның радикалды болуы мүмкін
емес. Терроризм мен діннің мүлдем байланысы жоқ. Жоғарыдағы халықаралық қатер елімізді де айналып өтпеді. 2017 жылғы көрсеткіш бойынша, әлемде 500-ге жуық террорлық және экстремистік діни топтар анықталған болса, соның 21-і Қазақстанда тіркелген. Міне, қатер! «Алдын алу шаралары қандай болуы керек?» деген сұрақ туындайды. Мұндай ісшаралардың нақты санын айту қиын. Себебі, өзім ес білгелі мектепте ай сайын, кейде тіпті апта сайын жат ағымдарға қарсы жиналыстар өтетін. Әр жиналыс сайын жат ағымның елді тоқырататын іріткі екеніне көзім жететін. Сақтансаң сақтайды. Рас, біз сөз етіп отырған діни экстремизм мен терроризмнен қорғанудың ережелері мен талаптары мемлекеттік заңда көрсетілген. Айтпағым, еліміздің идеологиялары мен заңдарына үміт артуға болады. Мәселен, бірнеше өңірде «Кеңес беру және оңалту» орталықтары жұмыс атқаруда. Бұл орталықтар жылына мыңдаған жанның ойын өзгертіп, ізгілік жолына бұрады екен. Әрине, бәрі заң бойынша. Заң демекші, Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы ісқимыл туралы заңында жат ағымдағыларға қолданатын жазалар, ескертулер мен қағидаттар бекітілген. Яғни сіз ілімді, білімді болып экстремистік әрекеттерді байқасаңыз, заң сіздің жақта. Есіңізде болсын, заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты.

Айсұлу Болысбай, Алматы қаласы:

– Өкінішке қарай, бүгінде қазақтың ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрлі діні Ислам – көптеген саяси қитұрқы жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құралға айналды. Радикал көзқарастағы діншіл қоғам құру, әлбетте, ең әуелі жастарды жаулаумен басталары анық. Себебі қай уақытта болсын, қоғамның негізгі күш-қуаты жастарда болатын. Ақыл тоқтатып, оңсолын ажыратып үлгермеген, әр нәрсеге қызығып, қызба мінезді келетін жастарды үгіттеу қазір бұл топқа аса қиындық туғызбайды.

Мерей Ауғали, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Мұса Шорман ауылы:

– Адамның ендігі қаруы – өзінің осал тұстарын білуі. «Адам баласы осал жаратылады» деп Құранда айтылғандай, әр адам өзінің осал тұстарын жақсы білуі қажет. Кей жағдайда өмірде ұсақ нәрселердің еленбеуі кейін уақыт өте келе адамға опық жегізіп, сан соқтырып жатады. Адамның ар-ұжданға көп көңіл бөлмей, тек нәпсілік жағын ғана күйттеп кетуі түрлі азғындыққа итермелейді. Қасиетті Құранның «Юсуф» сүресінің 53-аятында: «Расында, нәпсі тек қана жамандықты қалайды» деп айтылған. Шал ақын бір сөзінде: «Нәпсің көкжал бөрідей, иманың бағлан қозыдай», – деп нәпсінің кез келген уақытта иманды бір асап қылғыта салуға дайын екенін жеткізген. Ал нәпсіге салынған кісінің түбі рәсуа болады. Жастардың көбі осы арамза жау «нәпсіні» тыя алмағаннан, дер кезінде ар-ұжданын оята алмағаннан жат ағымға қалай түсіп кеткенін білмей қалады.

...Бесінші қару – әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттан сақ болу. Біз – жастар, интернет желісінде дінге байланысты жарияланған материалдарды сұрыптап, ақпарат көздерін іріктей алуымыз қажет. Өйткені жат ағымның азғын өкілдері интернетті шебер қолданып отыр. Ақпаратты тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайттарынан оқыған жөн. Діни ағымның мүшелері жастарды өзіне баулау үшін кез келген нәрсеге баратынын ұмытпаған жөн. Қазіргі жастардың әр нәрсеге сенгіштігі, қызығушылығы түптің түбінде өзіне кесапат болуы да мүмкін. Сондықтан қараңғылықты жарық жеңгені секілді діни сектаға түсіп кетпеудің бірден-бір амалы – діни сауат.

Ақбота Өсерхан, Алматы қаласы:

– Өзінің мәселесіне өзгені кінәлайтын һәм барлық нәрсені керісінше қабылдайтын адамдар да бар. Мұндай кісілер діни сауаттылығы жоқ болғандықтан адасушылыққа түседі. Мұның соңы экстремизм мен терроризмге алып барары сөзсіз. Осындай кісілерге қоғамның да есігі жабылады. Осыған кеңес ретінде мынаны айтар едім: Біз өз дінімізді өзгеге көркем етіп жеткізуіміз қажет. Ислам – ол ең шынайы һәм көркем дін. Адам барлығын өзіндей көріп, өз білімін (яғни дін жағынан) өзгенің көкейіне қорқынышты етіп салмау керек. Мұның соңы адасушылыққа әкеліп соғады.

Дайындаған
Асылан Біржанұлы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

434 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы