• Ата-ана бұрышы
  • 10 Желтоқсан, 2020

Балаңыз қандай кітап оқиды?

Қазір кітап оқу азайып кетті деген әңгіме жиі айтылып жүр. Бұған келісетіндер де, келіспейтіндер де табылады. Кітапты қалай оқу керек? Бізді қызықтыратыны, балалар кітапты қалай оқиды? Оған ата-ана араласа ма? Дұрыс дағды мен жүйелі оқу бала кезден басталады. Ата-ана баласын кішкентай күнінен кітап оқуға қызықтырса, онымен дос болуға ынтасын оятса, гаджетқұмар балалар азаяр ма еді, бәлкім?! Осы мақсатта әртүрлі сала өкілдерінен балаларын кітап оқуға қалай баулитыны жөнінде сұрап көрдік.

Қажымұқан Қамбарұлы, исламтанушы:

– Жалпы балаларыма кітапты жиі оқытуға тырысамын. Қазір балам бірінші сыныпта оқиды. 4-5 жасынан бастап кітап дүкенінен суреті бар кітаптарды алып бердім. Соған қарап кітапқа деген қызығушылығы пайда болды. Кейін кітаптағы суреттермен байланыстырып қазақша ертегілерді оқып бердім. Әзірге жасына, ойлау жүйесіне сәйкес ертегілермен ғана шектеліп жатырмыз. Соның нәтижесінде қазір әріптерді бір-біріне қосып оқып, ынталанып жүр.  Арнайы бір бекітілген уақыт жоқ. Бәрі емін-еркін. Күнделікті жатар алдында кітап оқуға дағдыланды.

Cұңқар Құлжанов, мұнай-газ саласының маманы:

– Балаларымның алды 11, 6, 4 және 1 жаста. Үлкен баламның кітап оқуына араласамын. Түсінбеген жері болса менен сұрап, кейін кітапты оқып болған соң қызықты жерлерімен бөлісіп отырады. Олардың кітап таңдауына көмектесемін. Әр кітапты бастамас бұрын менімен ақылдасып, әрқашан бағытбағдар сұрап тұрады. Соның ішінде қазіргі талапқа сай кітаптарды, сонымен қатар бала кезімде оқыған «Менім атым Қожа», «Батырлар жыры», «Қазақ ертегілері» сияқты классикалық кітаптарды оқуға ұсынамын. Биыл сабақтың онлайн болғаны балаға қатты әсер етті. Дегенмен кітаптан бөлек қосымша «Ақ желкен», «Ұлан» сияқты газет-журналдарды тұрақты оқып тұрады. Әсіресе, балам жетістікке жеткен тұлғалардың жетістік тарихын оқып шабыт алады.

Нұржан Хасанов, кәсіпкер:

Балаларымның кітап таңдауына өзім тікелей араласамын. Қазір технология заманы болған соң балаға кітап оқыту қиындау. Дегенмен оқытуға тырысамын. Көбіне баланың танымын кеңейтетін және әртүрлі бағыттағы энциклопедиялық кітаптарды әкеп беремін. Ертегілер жинағын толық оқыдық. Қыздарым «Балдырған» журналын жақсы көреді. Оның ішіндегі комикстарды ерекше ұнатады. Баланың психологиясына сай келетін «Менің атым Қожа» сияқты кітаптарды екібастан оқимыз.

Нұрбақыт Теңізбаев, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері:

– Балаларыма мүмкіндігінше кітапты көп оқуға бұйырамын. Қазір Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев аталарының өлеңдерін жаттап жүр. Кітап оқуға әлі кішірек болып тұр. Енді бірінші сыныпқа барды. Қазірден дағдыланса, болашақта көбірек оқиды деп сенемін.

Мұрат Есжан, режиссер:

– Балаларды кітап оқуға баулитын арнайы әдістемем жоқ. Бірақ бір түсінгенім, баланың жасына сай, оған қызық болатын кітапты тауып, ұсынып, қызықтыра алсақ, оны күніне осынша бет оқы деген міндеттемелерсіз-ақ өзі оқиды екен. Ал егер бала қызықпайтын кітап болса, онда оны қанша жерден қинасаң да, ол дұрыс нәтиже бермейтінін түсіндім.

Баланы кітапқа баулимын деп күштеудің керегі жоқ. Кітап деген қол тигізуге болмайтын қасиетті нәрсе болмауы керек деп ойлаймын. Ол құрал ғой, сондықтан ойыншықпен бірге араласып, көз алдында шашылып жатуы керек. Енді-енді әріп танып, суретке, әріпке қызығушылығы ояна бастаған кезде күнделікті көз алдында жатса, қолжетімді нәрсе болғаннан кейін ойыншық сияқты өмірінде де қолданысқа еніп кетеді. Кітаптың оқылу форматына шектеу қоймаймын. Қаласа электронды нұсқасын оқысын, қаласа қағаз түрінде оқысын, тіпті аудиосын да тыңдасын. Сосын кітапты тіл талғамай оқыған дұрыс деп есептеймін. Тек қазақша оқимын дегенді қолдамаймын. Әрине, өзінің ана тілінде оқығаны жақсы. Бірақ өкінішке қарай, ақпараттың көбі орыс, ағылшын тілінде. Мектепке әлі бармаған, әлі әріп танымайтын балаларыма ертегі айтып беремін. Өздері де сұрайды. Күнде кешке қарай ертегі айтамыз. Әріп танысаң, осыларды өзің оқып аласың деймін. Бұл да кітап оқуға қызықтырудың бір жолы шығар.

Бауыржан Қарағызұлы, ақын:

– Дәл қазіргі уақытта балаларды кітапқа баулу қиындау болып тұр. Себебі қазір оларды алаңдататын түрлі гаджет, смартфон секілді құралдар өте көп. Ондағы неше түрлі ойындар балалардың санасын жаулап алған. Мысалы, «Minecraft» деген ойын үшін олар бәрін істеуге дайын. Осындай жағдайдан соң оларға кітап оқыту үшін әртүрлі әрекетке барасың. Балаға ең үлкен үлгі – оның көзінше өзің кітап оқу. «Баланы тәрбиелеймін десең, әуелі өзіңді тәрбиеле» дейді. Бала оқуы үшін ата-ананың өзі кітап оқуы керек. Қаламгер болғандықтан кітапты жиі оқимыз. Арасында «мынау керемет кітап екен» деп кітапты мақтап та қоямын. Бірақ соның өзі аздық етеді. Сондықтан қазіргі балалардың түсінігіне сай ана тілімізге аударылып жатқан кітаптарды оқытуға тырысамын. Ол кітаптар қазақ тілінде өте аз өкінішке қарай. Былтыр қазақшаға аударылған «Хәрри Поттер» кітабын сатып алдық. Балаларыма кезек-кезек оқыттым. Басында, әрине, аздап қиналды, 20-30 беттен кейін өздері қызығып оқи бастады. Сонымен бірге, арнайы қазақ ертегілерінің томдығын сатып алдым. Үнемі қадағалап отыруға тура келеді. Өйткені, назарсыз қалған кезде бірден гаджеттерге бас қояды. Сондықтан мүмкіндігінше баланы үнемі қадағалап, кітапқа қызықтыру ата-ананың басты міндеттерінің бірі деп ойлаймын.

Тағы бір айта кетерлік жайт, біздегі балалар әдебиеті кенже қалып отыр. Қазақы менталитетке, түсінікке әрі заман ағымына сай жаңа ертегілер жазылуы керек деп есептеймін. Оның бір мысалы ретінде 8 жасар ұлымды айтсам болады. Ол ұйықтар кезде өзім ойдан ертегі құрап айтып беремін. Мемлекет балалар әдебиетіне көңіл бөлуі керек. Қазіргі оқулықтардың кейбірінде кеңестік идеологияны насихаттайтын өлеңдер жүр. Тәуелсіздікті, тәуелсіз рухты, елін, жерін сүю, Отанын, туын қастерлейтін балаларға арналған шығармалар жазылуы керек деп ойлаймын. Мұны жеке кәсіпкерлер емес, мемлекет қолға алуы қажет.

Жазып алған
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

2642 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы