• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Желтоқсан, 2020

Айкөркемнің айтқандары

Айкөркем қазір 6 жаста. Биыл мектепке барды, оқушы болды. Кішкентай болса да айтқан әңгімесіне үлкендер – біздер ауыз ашып қалатын кез көп. Оқырманға Айкөркемнің айтқандарын ұсынамыз.

Айкөркемнің қатар тұрған астыңғы екі тісі түсіп қалған. Бір күні тісшұқығыш ұстап жүр екен.
– Айкөркем, қай тісіңді шұқымақсың? – Мұндайда тосылатын ол жоқ.
– Менің басқа да тістерім бар, біріншіден. Екіншіден, мен әже емеспін (әжеміздің тісі түсіп жатыр). Үшіншіден, менің түскен тістерім қайта шығады.
Соны сұрап неміз бар еді деп отырмын.

***
– Таңшолпан әпке, бүгін сіздің қасыңызға ұйықтаймын, – деп Айкөркем мені құшақтады.
– Телефонымнан уай-фай тарата алмаймын, – дедім оның құшақтағанынан бір нәрсе сезіп.
– А-а, онда Ұлбала әпкемнің қасына кеттім.

***
– Әпке, неге бізбен бірге шай ішпейсіз?
– Шай ішкім келмейді... Жаным сол, менсіз іше алмай жатсыңдар ма?
– Жоқ, шай құятын адам жоқ болған соң айтып тұрмын.

***
– Әпке, құрт көзге кіріп кетсе не болады?
– Көз ауырады.
– Жоқ, құртқа не болады?
Ал енді жауап беріп көріңіздер.

***
– Әпке, аталарымыздың өлеңін айтып жарысайықшы.
– Қай аталардың?
– Абай, Ыбырай аталардың да. Мен бастаймын.
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан...». Енді сіз айтыңыз.
– Қа-а-азір. Ойланып қалсам керек, Айкөркем шыдамай кетті:
– Тым болмаса, Абайдың қара сөзін айта салыңызшы.

***
Айкөркемнің алдында тек әпкелері бар.
– Айкөркем, сенің туғаның қандай жақсы, иә? Біз бәріміз осылай-осылай тұрмысқа шығып, кете береміз. Сен әке-шешеміздің қасында боласың.
– Әпке, мен де кетем ғой.

***
– Әпке, ішкі түйсік деген не?
– Бірнәрсені іштей қалап, сол істің дұрыс екенін біліп тұру.
– Онда менің ішкі түйсігім сізге «телефон бер» деп тұр.

***
Айкөркем сабақты қашықтан оқып жүр. «В» дыбысын өтіп жатырмыз. Мен мұғалімнің роліндемін.
– Во – лей – бол, – деп әр буынды айтқан сайын қол шапалақтаймын, – Сонда волейбол сөзі шығады.
– Әпке, балибол ғой бізде.

***
– Әпке, үлкен болған жаман ғой.
– Не үшін?
– Чупа-чупс жемейсің.

Таңшолпан Төлеген

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы