• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Желтоқсан, 2020

Табиғат аясында билеген балерина

Балерина Баян Бекет – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі. Баян Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын режиссер-хореограф мамандығы бойынша бітірген. Балетке 10 жасында келген, содан бері осы салада 18 жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді. Баян қалай балерина атанғанын және балетте жеткен жетістіктерін әңгімелеп берді.

– Баян, ең алғашқы қойылым есіңізде ме?

– Ең алғашқы қойылымым театрға алғаш жұмысқа тұрған күнімде болған. «Тілеп пен Сарықыз» балетінен Каракус партиясын орындадым. Қызығы сол, бұл партияны басқа балерина билеуі керек еді, бірақ ол сол күні өнер көрсете алмайтын болды. Осыдан кейін бұл партия маған бұйырды. Ал балеттің өтуіне үш күн қалып еді. Жұмыс істегеніне аз уақыт қана болған балериналарға басты партияны өте сирек беретін. Балет – жай ғана бес минуттық би емес, толық қойылым. Бұл аз уақытта тынымсыз еңбектеніп, балетті толық меңгеріп алдым. Нәтижесінде, өзімнің кәсіби балерина екенімді дәлелдей алдым. Алғашқы қойылымым сәтті шықты.

– 18 жылдан аса уақыт бойы балетпен айналысу оңай емес. Қандай сахналарда өнер көрсеттіңіз? Өзіңізге ұнайтын және сүйіп орындайтын балет қалай аталады?

– Абай атындағы опера және балет театрында, Астана опера, Астана балет, Англиядағы Колизей, Мәскеудегі Ресей академиялық жастар театрында, Jersey opera house, Marina Theatre, сондай-ақ Мәскеуде Moscow city ballet жеке труппасында жұмыс істедім және әлемнің тең жартысын аралап шықтым. Маған «Жизель» балетінен Мирта партиясы, «Дон Кихоттан» сығандар биі, «Бақшасарай бұрқағынан» Зарема партиясы ұнайды, оларды қанша билесем де шаршамаймын.

– Ең қиынға соққан спектакль қандай?

– Соңғы рет «Бахтың ашылуы», «Болеро» және «Шопениана» балеттерінде өнер көрсеттім, бірақ ешқандай қиындық болған жоқ. «Бахтың ашылуы», «Болеро» басқа стильде қойылды, өте ерекше әрі қызықты қойылым болған еді. Негізінен маған жаңа стильдегі қойылымдарда өнер көрсеткен ұнайды, өйткені бұл қойылымдарда өз денемнің мүмкіндігі мен қырын тани аламын.

– Ең қызықты сұраққа келсек, балеринаның бір күнін сипаттап берсеңіз. Күніне қанша сағат жаттығу жасайсыз және шаршаған кезде арнайы демалыс күнін белгілейсіз бе?

– Мұның бәрі спектакльге байланысты. Егер біздің спектакль оңай болса, дайындыққа аз уақыт кетеді. Ал егер спектакль қиын болса, керісінше, дайындыққа өте көп уақыт бөлеміз. Бір күнде алты сағаттан тоғыз сағатқа дейін дайындаламыз, жаттығулар жасаймыз. Өте күрделі спектакльдер болғанда ыстық ванна, жақсы массаж және ең бастысы аяғымызға крем жағып, күтім жасауымыз қажет. Бұларды жасағаннан кейін бойымыз сергіп, бұлшықетіміз босаңсиды.

– Біраз сахнаны бағындырып, Қазақстанды әлемге танытып жүрген мықтыларымыздың бірісіз. Қазіргі уақытта елімізде балет саласы қалай дамып жатыр және өзге елдің балетінен біздікі несімен ерекшеленеді? Балет саласына болашақта қандай өзгеріс енеді деп ойлайсыз?

– Меніңше, еліміздегі балет жоғары деңгейде. Біздің мемлекет отандық балетті өте жақсы қолдайды, жыл сайын балеттің деңгейінің өсуі байқалады. Түрлі спектакль қойылып, балетсүйер қауымның көңілінен шығып жатамыз. Бірақ қазақстандық балет шетелдің балетінен ерекшеленеді. Өйткені, біздің балеттің көбі ұлттық тақырыпта. Ал шетелдіктерге ұлттық тақырыптағы балеттер қатты ұнайды, себебі олардың күнде көретін спектакльдерінен біздікі ерекшеленеді. Қазіргі балет күн сайын дамып, өзгеріп жатыр. Заманның дамуына байланысты заманауи, еркін хореографиялар пайда болды.

– Сіз жазық далада, ойлы-қырлы жерде билеп, өнеріңізді көрсеттіңіз. Тақтайдай тегіс сахнаны тау-тасқа айырбастауға не түрткі болды?

– Тауға барғанды, аралағанды жақсы көремін. Еліміздің әсем де сұлу табиғатынан шабыт аламын. Пандемия басталған кезде театрларды карантинге жауып тастады. Біз жұмыссыз қалдық, ал шығармашылық адамдарына бұл үлкен тоқырау еді. Қатты билегім келді, театрды сағындым. Содан неге табиғатты аралап, видео түсірмеске деген ой келді. Ақырындап тау-тастың арасында билеген өнерімді Инстаграм желісіне жариялай бастадым, сосын халықтың ыстық ықыласына кенеліп, бимен, балетпен қайта табыстым деуге келеді. Табиғат аясында билеп, видео түсіруімнің тағы бір себебі – сұлу табиғатымызды барша әлемге көрсеткім келді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Мерей Ауғали,
Қ.Сәтбаев атындағы мектептің
11-сынып оқушысы
«Ақ желкеннің» жас тілшісі.
Павлодар облысы
Баянауыл ауданы
Мұса Шорман ауылы

393 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы