• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 24 Желтоқсан, 2020

Адамның жолын ашатын – еңбек

Біз оқуға түскенде «журналист мамандығын не үшін таңдадыңдар?» деген сұрақ жиі қойылатын. Бәріміз бір ауыздан: «Шындықты жазу үшін» деп жамырай жауап беретінбіз. Университеттегі ағай-апайларымыз әлде мысқылдап, әлде жаны ашып: «Көреміз...» – дейтін. Қазір журналистерге «шындықты шырылдатып» жазудан бөлек, басқа да жауапкершілік жүктеліп отыр. Ол – ақпараттың шын-өтірігін ажырата білу және өңдеп, бұрмалаусыз қоғамға жеткізу. Уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыру да парыз. Сондықтан көштен қалмайтын, үнемі дамып отыратын мамандықтардың қатарына журналистиканы да қосуға болады. Журналистиканың осы сипаты қазір газет-журналдарға мақала жазып жүрген оқушыларға да жұққанын байқаймыз. Редакциямызға жас оқырмандардан келетін хаттардың көбі ақпарат беру, баяндау стилінде жазылады екен. Мысалы, Мерей Ауғали есімді оқушы қызымыздың «Ақ желкенге» шыққан алғашқы мақаласы сұқбат жанрында жазылыпты. «Сериалдан басталған қызығушылық Кореядан бір-ақ шығарды» деп аталатын сұқбатты Оңтүстік Кореяда оқып жүрген қазақ қызымен сұқбаттасып, журналға жолдапты. Осылайша оқырманға қызық, бейжай қалдырмайтын мақалаларын үзбей жолдап отырды. Сол еңбегінің арқасында «Ақ желкеннің» жас тілшісі» атанды.

Келесі бір еңбекқор жас тілшіміз Айзада Сағидолланың да журналистикадағы жолына сәттілік тілейміз. Айзаданың жазған мақалалары біздің жұмысымызды жеңілдетті деуге болады. Бір жазғанда екі мақаладан жазатын еңбекқорлығына тәнті болып, «Ақ желкеннің» жас тілшісі» атануға әбден лайық деп шештік. «Су жаңа» жас тілшілеріміз бұл дәрежеге оңайлықпен жеткен жоқ. Жыл бойы үзбей мақала, сұқбат жолдады. Екеуінің де әрбір дүниесі кезексіз жарияланып отырды. Себебі екеуі де әр жазған жұмысына ұқыптылықпен қарады. Оқырмандар қызыға оқиды-ау деген кейіпкерлерді сөйлетті. Енді өздері жазған мақаланың соңында және журналымыздың әр нөмірінің анықтамасында «Ақ желкеннің» жас тілшілері» деп екеуінің есімі жазылатын болады.

Мақала жазып тұратын оқушылардың тізімі мұнымен аяқталмақ емес. Түркістан облысынан Жазира Бекболатова, Тараз қаласынан Диас Әбутәліп, Атырау облысынан Бекзада Сейсенбай, Алматы қаласынан Айшат Кеңес есімді оқушылар да жас тілшілікке үміткер талапты жастар. Абай атындағы РММИ-дың оқушылары, оның ішінде «Ділмәр» үйірмесінің қатысушыларын да «Ақ желкеннің» тұрақты жас авторларының қатарына қосуға болады. Қай-қайсысының мақаласын алып қарасаң жаңашылдық бар, үйренетін нәрсе табылады.

Өз бетінше мақала жазып, шығармашылық жұмыстарға белсене араласып жүрген оқушыларды айтпағанда, оқушыларының мақалаларын редакцияға жолдап, журнал бетінде басылуын қадағалап отыратын ұстаздар да бар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысынан мұғалім Айзада Гизатова оқушыларының жазғандарын үнемі жолдап отырады. Мұндай үрдісті әр мектептен бір мұғалім жалғап отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы тұста редакциямызға келген әр мақала қараусыз қалмайтынын ескерткіміз келеді. Мақала жазу – қып-қызыл еңбек. «Адамды адам еткен – еңбек» деген сөз бекер айтылмаған. Өйткені еңбектенген адамның жолы ашылады, көркейеді, дамиды. Хат жазып, хабарласып тұрыңыздар!

Б.Мұратқызы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы