• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Желтоқсан, 2020

«Ақ желкеннің» жыл үздіктері

Дүниежүзіне төнген қатерге байланысты «Ақ желкен» журналының 95 жылдығы үлкен көлемде аталып өтпеді. Карантин талабы қатты боп тұрған кезде де журнал жұмысын тоқтатпады. Ай сайын уақытында жарық көріп тұрды. Әр номерімізді қызықты, пайдалы етіп шығаруға тырыстық. Денсаулық тақырыбын қаузай түстік. Баспахана мен «Қазпошта» бөлімшелері де журналды шығарып, жеткізу жұмысын тоқтатпады. Бұндай кезде біздің сүйікті оқырмандарымыз да журналмен байланысын үзген жоқ. Тұрақты авторларымыз да жанашырлығынан танған жоқ. Осыны ескеріп, жыл соңында «Ақ желкенге» қатысы бар жандарды «Жыл үздігі-2020» деген атаумен марапаттауды жөн көрдік. Алматы қаласынан анықтаған жеңімпаздарды редакциямызға шақырып, әр номинантқа ерекше сыйлықтарымызды тапсырдық. Сонымен біз таңдаған үздіктер кімдер?

Жылдың үздік авторы

Әдетте жазушы адам шығармашылық жұмысына көбірек көңіл бөледі емес пе?! Шығармасы кітапқа еніп, оқырман аралап, тарих қойнауына кететін болған соң асқан жауапкершілікті қажет етеді. Ал мұндай жауапкершілікті мойымай көтеріп, елдің сүйікті жазушыларының біріне айналып жүрсе де Айгүл Кемелбаева апайымыз «Ақ желкенге» қызықты мақалалар жазудан шаршаған емес. Биыл ғана емес, бұрыннан-ақ журналмен байланысы бар. Соңғы бір-екі жылда «Астана тұрғындары» деген айдарымызды тұрақты жүргізіп тұрды. Ал биыл екі номерге қатар шыққан «Жоан Роулиң. Хәрри Поттер» атты эссесі оқырмандарымыздың танымын кеңейткен жақсы шығарма болды деген ойдамыз. Айгүл апайымызға шығармашылық табыс тілейміз.

Жылдың үздік жанашыры

«Ақ желкенге» жыл бойына жазылатын әр оқырманымызды журналдың жанашыры десек болады. Себебі заман құбылған тұста журналға жазылып, оны күтіп жүру мүмкін емес дүниеге айналып бара жатыр. Осындай тұста журналға оқырман жиып жүрген жанашырларымыздың бірі – Жарқын Сәленұлы. Өзі қызмет істейтін «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атынан 2021 жылға деп 52 оқушыға «Ақ желкен» журналын жаздырып берді. Одан бөлек мектеп оқушыларының шығармаларын үздіксіз жолдап тұрады.

– «Ақ желкен» журналы қазақтың астаналарының бірі болған Орынборда қазығын қағып, іргетасын қалаған, – дейді Жарқын мұғалім редакцияға келгенде. – Содан бері қарайғы уақытта қазақтың талай классиктерінің қанат қағып, шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына үлесін қосты. Менің білуімше, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер осы журналдың авторлары болған. Кешегі Фариза Оңғарсынова, Серік Қирабаев, Жүсіпбек Қорғасбек сияқты қабырғалы қаламгерлердің журналға басшылық жасап, өркендеуіне үлес қосуының өзі бұл журналдың тарихында талай сырдың жатқанын көрсетеді. Өткен буын сондай өнегесімен, бабалардан қалған ұлы мұралармен, рухани мұралармен сусындата отырып тәрбиелеген журнал бүгін де сол міндетін мүлтіксіз атқаруда. «Ақ желкен» журналының басты ерекшелігі – оның безендірілуінің заманауи талапқа сай, көзді тартып, көңілді бірден бұратындай болғандығын былай қойғанда, ішкі мазмұнының сапасы еріксіз оқымасаң болмайтұғын күйге түсіреді, – дейді Жарқын Сәленұлы.

Жылдың үздік балалар қаламгері

Балаларға арнап шығарма жазудың қиындығын қаламгер біткеннің бәрі айтады. Бұл әңгіме әдеби өмірде әлі күнге айтылатыны осыдан болса керек. Журнал тарапынан бұл мәселеге де мән беріп жүргеніміз биыл ғана емес. «Бастауыштың балалары» айдары теңізге тамған тамшыдай болса да қуанар едік. Дегенмен кейінгі жылдары жас ақын Ретбек Мағаз балаларға арнап біраз дүниесін жолдады. «Батырлар мінген арғымақ», «Үй мүліктерінің айтысы» секілді топтамалары бала психологиясына лайық, тілі жеңіл, мағынасы зор дүние болды. Оның алдында жарық көрген жаңылтпаштарды да заманауи дүниелер десек болады. Осыны ескеріп, Ретбекке «үздік балалар қаламгері» аталымын табыстадық. Ретбек алдағы уақытта да бүлдіршін оқырмандарымызды қуантып, жаңа дүниелерін жолдап тұрады деген ойдамыз.

Жылдың үздік жас актрисасы

Бұл номинацияның иегерін таңдауды оқырмандарымыздың еншісіне бердік. Инстаграм желісіндегі парақшамызда сауал тастап, жазылушылардың пікірін білдік. Ешқандай нұсқа ұсынған жоқпыз. Нәтижесінде көпшілігі Мерей Мақажан есімін атады. Мерейдің есімі «Ақ құс», «Қарлығаш ұя салғанда» және тағы да басқа отандық телехикаялар арқылы танылды. Мерейдің алдағы жұмыстарына сәт-сапар тілейміз.

Жылдың үздік өнертапқышы

Елімізде жас өнертапқыштар көп-ақ. Үлкен жетістіктерге жетіп жүргендері де аз емес. «Ақ желкеннен» арнайы «Өнертапқыш» деп айдар ашқанымыз да сондықтан. Биылғы нөмірлерімізге бірқатар жас өнертапқыштар мен олардың өнертабысы жөнінде жарияладық. Бірақ соның ішінде Алматы қаласындағы Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Ерен Шайхыстанның еңбегі ерекше болды. Себебі оның жасаған өнертабысы әлемді жаулаған індетті ауыздықтауға арналған жұмыстардың бірі болатын. «Әлем жұртшылығын алаңдатып отырған пандемияға байланысты қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету мақсатында «Сабынқұйғыш» құрылғысын жасап шықтым. Сабын бөтелкесінің басатын жерінде вирус болуы мүмкін. Бұл аппарат қолыңызды тосқан кезінде автоматты түрде сабын құяды. Қазіргі ереже бойынша қолды 20 секунд жуу керек. Аппарат 20 секунд өткесін дыбыстық белгі беріп, қолыңызды жууға болатынын хабарлайды», – дейді Ерен. «Үздік өнертапқыш» аталымын Ерен шаппай алды десек болатындай.

Жылдың үздік суретшісі

«Ақ желкеннің» биылғы мұқабасы өзгергенін оқырмандарымыз жақсы білер. Бұрынғы форматтан мүлде бөлек. Белгілі бір кейіпкер емес. Бірақ журналдың ішкі мазмұнын жинақтап, мұқабаны «сөйлетуге» тырыстық. Біздің ойымызды суретші, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі Мәдина Ерғазина да демде түсініп, мұқабаны жарқыратуға бар күшін салды. «Барын салды» дейтін жөніміз бар, себебі бір журналға бір сурет қана салмайды, бірнеше нұсқасын дайындайды. Соны ұжым боп талқылап, талдап, біреуін ғана таңдаймыз. Бұл – әр номер сайын қайталанатын үрдіс. Кейбір суретті қайта салуға, дамытуға, кем-кетігін өзгертуге тура келеді. Осының бәріне қыңқ демей, журналдың жарқырап шығуына мұрындық боп жүрген Мәдинаға алғысымыз шексіз. Алдағы номерлердің де мұқабасын жасауда бар күшін аямайды деп сенеміз.

Жылдың үздік маманы

Бұл номинация да індетті ауыздықтауға атсалысқан, қиын кезде елдің жанынан табылған жанға арналды. Мыңжылқы Бердіқожаев есімі биыл «хит» болды десек қателеспеспіз. Індет өршіп тұрған кезеңде елге басу айтып, маман ретінде бар көмегін аяған жоқ. Әлеуметтік желілер арқылы да сауалдарға дер кезінде жауап беріп, елге көмек беріп отырды. Біздің де сұрақтарымызға уақытында жауап қатты. «Бүгінгінің батыры» деп осындай тұлғаларды айтса керек.

Жылдың үздік ата-анасы

Баланың мектептегі білімінен, оқулықтан бөлек біліммен сусындауы, рухани байлығын арттырып отыруы ата-анаға тікелей байланысты. Қолыңыздағы «Ақ желкен» журналы да жасөспірімдеріміздің таным көкжиегін кеңейтуге арналған. Осыны білетін ата-аналар аз емес деп ойлаймыз. Дегенмен Гүлжан Амангелдіқызы апайымыз балалар басылымдарына жыл сайын жазылып, әлеуметтік желіде жиі насихаттап отырады. Өзі де оқушы кезінде осы басылымдардың «жас тілшісі» болған соң, газет-журналдың пайдасын білген соң насихаттап жүр деген ойдамыз. Мұндай ата-аналардың қатары артса, елдің ертеңі жарқын болатынына шүбә жоқ.

Жылдың үздік кейіпкері

Бұл номанацияға биылғы нөмірлерімізге шыққан әр кейіпкеріміз лайық. Егер мұндай аталымға лайық болмаса журнал бетінен орын алмас еді. Бәрінің айтқан әңгімесінің, сұқбатының жасөспірімдеріміз үшін пайдасы зор. Дегенмен өткен нөмірде жарық көрген кәсіпкер Ерлан Әшімнің әңгімесі оқырманнан бұрын бізге де жақсы әсер қалдырды. Кітап туралы, кітап оқу мәдениеті туралы кітап әлемінің айналасындағы жандардан жиі естіп жүрміз. Ал кәсіпкердің кітап туралы шешіле сөйлеп, оның артықшылығын өз өміріне тікелей байланыстыра отырып әңгімелеуі тіптен бөлек болды. Болашақта кәсіпкер болғысы келетін жас оқырмандарымыз Ерлан ағаның әңгімесін көкейге түйіп, айтқанын орындап жүрер болса, Илон Маск, Стив Джобстар бізден де шығарына сенім мол.

«Ақ желкен» журналы осындай жыл үздіктеріне аздаған сый-сияпатын табыс етті. Бұндай сыйлықтарды жасауға көмегін берген кәсіпкер Нұржан Қайыржанұлы Хасановқа редакция ұжымы атынан алғыс білдіреміз. Нұржан ағамыздың өзі де «Ақ желкеннің» оқырманы. Жыл сайын туған жері Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Сәуле ауылының оқушыларына журналымызды жаздырып беріп отыр. Журналды оқыған соң жоғалтпай, тігіндісін жасап жүретін оқырмандарымыз сол ауылда көп екен. Суреттерін жібергенде риза боп қалдық. Осындай жанашыр жандар көп болса, жеткіншектеріміздің ой-өрісі кеңейе түсер еді. Журналға жазылған әрбір жас оқырман күні ертең журналист болып кетпесе де, қай салада жүрсе де, сауатты, зиялы, ғылым-білімнен хабары бар маман боп шығарына кәміл сенеміз. Үздіктеріміз көп болғай!

Асылан Біржанұлы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

818 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы