• Спорт жұлдыздары
  • 24 Желтоқсан, 2020

2020 жылы қазақ спорты несімен есте қалды?

Жеңіс пен жеңіліс, сенім мен сәтсіздік, қуаныш пен өкініш қатар жүретін спорт әлеміндегі тарихи оқиғаларды саралап, спортшылардың жеткен жетістіктерін қорытындылайтын сәт келді. Әлемді дүр сілкіндірген індеттің зияны спортты да айналып өтпеді. Бүкіләлемдік пандемияға байланысты төртжылдықтың басты додасы саналатын Токио 2020 Олимпиада ойындары да өтпей қалды. Дегенмен 2020 жылы қазақстандық спортшылар әлемдік, халықаралық додаларда сынға түсті. Жеңіске жетіп, еліміздің көк Туын желбіреткендер де аз емес. Олардың барлығын тізіп шығу әсте мүмкін болмас, десек те, 2020 жылы ел есінде қалған жарыстар мен жетістіктерге тоқталып өтейік.

Боксшыларымыз Олимпиадаға толық құраммен барады

2020 жылдың басты жарыстары Токио Олимпиадасына жолдаманы сарапқа салатын іріктеу турнирлер болды. Боксшыларымыз Иордания астанасы Амман қаласында өткен Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетті. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері мүмкін болған сегіз жолдаманың бәрін иеленді. Ақтық сынға шыққан төрт боксшының екеуі алтыннан алқа тақса, екеуі күмісті місе тұтты. 63 келідегі Закир Сафиуллин мен 75 келідегі Әбілхан Аманқұл тартысқа толы жекпе-жекте қарсыластарына есе жіберді. Қос саңлақ күміс жүлдемен қатар Токио Олимпиадасына жолдаманы да жеңіп алды. 2019 жылғы әлем чемпионатында айды аспанға шығарып, небір мықтылардың мысын басқан Бекзат Нұрдәулетов бұл жолы да қарсылас шақ келтірмеді. 81 келіде сынға түскен Бекзат алтыннан алқа тақса, 91 келідегі Василий Левит те жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ 52 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов және Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қонқабаев Токио төрінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Өкініштісі, әуесқой бокстағы басты қарсыластарымыз өзбекстандық спортшылардан алтын саны бойынша қалып қойдық. Айтпақшы, әйелдер боксынан Надежда Рябец Олимпиадаға жолдама алған жалғыз боксшы болды. Жалпы Қазақстан құрамасының қоржынында Токио ойындарының 52 лицензиясы бар.

Балуандарымыз бабында болмады

Биыл балуандарымыз үшін сәтті жыл болды деп айта алмаймыз. Дзюдошыларымыз бірнеше халықаралық турнирде сынға түсіп, жүлдесіз қайтты. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те жарқырап өнер көрсете алмады. Сметов ақпан айында Парижде өткен «Үлкен дулыға» турнирінде ғана үздік үштіктен көрінді. 60 келіде белдескен Елдос Сметов жартылай финалда ресейлік балуан Яго Абуладзеге есе жіберіп, қола жүлде үшін айқаста корей балуаны Ким Вон Джуинді жеңген болатын. Десек те ол әлемдік және олимпиадалық рейтингте ең үздік спортшылардың қатарында тұр. 73 келіде белдесетін талантты балуандардың бірі Жансай Смағұлов финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, тек ақтық сында сүрінді. Отандасымыз финалда жапон балуаны Соиши Хашимотодан айласын асыра алмады. Міне, осы жарыстан кейін Халықаралық дзюдо федерациясы тек қазан айында жарыс өткізді. Өкінішке қарай, балуандарымыздың барлығы жарыс жолынан шығып қалды. Күрес түрлерінен ақпан айында өткен Азия чемпионатында да балуандарымыз көңіл көншітпеді. Тек еркін күрес шеберлері ғана екі алтын жүлде алса, грек-рим күресінің балуандары бір ғана алтынға ие болды.

Еркін күрестен 74 келідегі Данияр Қайсанов Азиядағы ең мықты балуан екенін екінші рет дәлелдеді. Қарсыластарын қоғадай жапырған Қайсанов 2019 жылы да Азия чемпионы атанған болатын. Одан бөлек аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмурзаев та мықтылығын көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Дәулет Ниязбеков (65 келі), Мейіржан Аширов (70 кг), Илисхан Чилаев (92 келі) пен Әлішер Ерғали (97 келі) қола медаль иегерлері атанды. Ал грек-рим күресінен Тамерлан Шадукаевтың алтын жүлдесі ғана көңілге медет болды. 77 келіде белдескен балуан ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатының алтынын алды.

Бұрымды балуандарымыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтуға болады. 53 келіде белдескен Татьяна Аманжол алты жылдан кейінгі алғашқы алтын медалді иеленді. Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы финалда екі дүркін әлем чемпионы Маю Мукаидамен белдесті. Тәжірибелі Татьяна 0:8 есебімен ұтылып жатып, қарсыласының қателігін ұтымды пайдаланып, «тушеге» қойды. Өкініштісі бас бапкер Гузель Манюрованың Татьянаға ту емес, сүлгі ұстатып кілемді айнала жүгірткені жанкүйерлердің жадында. Айтпақшы, Азия чемпионатының алтынын Татьяна соңғы рет 2014 жылы Нұр-Сұлтанда өткен турнирде алған еді. Жәмила Бақбергенова (72 келі) да қарсылас шақ келтірмей екінші алтынды ел қоржынына салды. Жас та болса әлемдік ареналарда атой салып жүрген балуанымыз да ақтық айқаста жапон балуаны Мей Шиндоны сан соқтырып, алғаш рет Азия чемпионы атанды.

Сонымен қатар, Аяулым Қасымова (62 келі) финалға дейін жетіп, күміс медаль иегері атанса, Валентина Исламова (50 келі), Марина Зуева (55 келі), Аяулым Қасымова (57 келі), Мәдина Бақбергенова (59 келі) және Эльмира Сыздықова (76 келі) бастаған балуандарымыз үздік үштіктен көрінді. Айтпақшы, Францияның Ницца қаласында өткен Гран-при турнирінде грек-рим күресінен 77 келіде топ жарған Демеу Жадыраев жақында ғана Қазақстан чемпионатында үздік шықты. 77 келіге ауысқан Демеу жартылай финалда әлем және Азия чемпионы Тамерлан Шадукаевты ұтса, ақтық сында Асхат Ділмұхамедовті сан соқтырып кетті.

Кәсіпқой бокстағы жаңа есімдер

Кәсіпқой боксшылар үшін де бұл жыл сынға толы болды. Пандемияның салдарынан біразы жекпе-жексіз қалса, тек санаулылары ғана шаршы алаңға шықты. Осы уақытқа дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған боксшыларымыздың бірнешеуі жеңіліс тапты. Жартылай орта салмақта жұдырықтасатын Нұрсұлтан Жаңабаев Минсктегі өткен бокс кешінің басты жекпе-жектерінің бірінде өнер көрсетіп, спорттық мансабында алғаш рет жеңіліске ұшырады. WBA Intercontinental, WBO Oriental, IBF AustralAsia белбеулерін иеленген боксшымыз франциялық боксшы Сэнди Мессундке (14-7, 1 KO) есе жіберіп, чемпиондық белбеулерінен айырылып қалды.

WBC International белбеуінің иегері Виктор Коточигов та алғаш рет жеңілді. Отандасымыз британиялық былғары қолғап шебері Макси Хьюзбен (21-5-2, 4 КО) 10 раунд жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен ұтылды. Сондай-ақ екінші орта салмақта IBF Eurasia чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасқан Арман Рысбек те жеңіліске ұшырады. Арман қарсыласы Михаил Долголевецтің осал тұсын таба алмады. Есесіне кәсіпқой бокста болашағынан үлкен үміт күттіретін жаңа есімдер пайда болды. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Талғат Шәйкен кәсіпқой боксқа ауысып, МТК Global промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырды. Дебюттік жекпе-жегінде тәжірибелі боксшыны жеңіп, болашақта үлкен үміт күтуге болатынын көрсетті.

Сондай-ақ дәл осы компаниямен 2019 жылғы Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет те келісімшартқа отырды. Тұрсынбай да алғашқы жекпе-жегінде жарқын жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Алматыда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде өнер көрсеткен Тұрсынбай отандасы Сағадат Рахманқұлдан басым түсті. Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған Тұрсынбай екінші кездесуінде-ақ тәжірибелі британиялық боксшымен жұдырықтасып, WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алды.

Сондай-ақ бокстан Ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қонқабаев та кәсіпқой бокста бағын сынап, тәжірибелі Иса Ақбербаевті нокаутпен жеңсе, 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов те кәсіпқой бокс алаңына шықты. Отандасымыз бекер әлем чемпионы атанбағанын дәлелдеп, тәжірибелі қарсыласын нокаутпен ұтты. Бекзаттың салмағында бірінші нөмірлі боксшы болған Бек Нұрмағанбет те кәсіпқой боксқа бет бұрды. Suleiman Promoution промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған боксшы екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Одан бөлек, әлемдік рейтингте үздіктердің көшін бастап тұрған Жәнібек Әлімханұлы, Айдос Ербосынұлы сынды саңлақтар да бір-бір жекпе-жектен өткізіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Тіпті Жәнібектің нокаутын спорт сарапшылары «Жыл нокауты» номинациясына ұсынды.

Аралас жекпе-жек шеберлерінің тарихи жеңісі

Қазақстандық аралас жекпе-жек шеберлері әлемдегі ең мықтылардың бірі екенін дәлелдеуде. Қанында жауынгерлік қасиет бар қазақ спортшыларымен әлем санасады. 2020 жыл аралас жекпе-жек өкілдері үшін сәтті өтті деп айтуға толық негіз бар. Жыл басында Арман Оспанов күллі спорт жанкүйерлері күткен атышулы Расул Мирзеавпен жекпе-жек өткізді. «Қара жолбарыс» лақап атымен танылған Мирзаев қазақ жанкүйерлеріне етене таныс. Қазақстанда үш рет жекпе-жек өткізіп, үш рет те жеңіске жеткен Мирзаев: «Қазақстанда мені жеңетін спортшы жоқ», – деп те көсіле сөйлеген болатын. «Алматы аренаға» жиналған 15 мың адам кездесуді тік тұрып тамашалады. Қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберген Сұңқар жанкүйерлердің рухын оятып, еліміздің мерейін үстем етті. Жанкүйерлер үшін ауадай қажет болған бұл жеңіс көпшіліктің жадында мәңгі қалатыны анық.

Айтпақшы, Сұңқар қазір Лас-Вегас қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, әлемге әйгілі UFC тұжырымында өнер көрсетуге дайындалып жатыр. Виза мәселелері шешілсе, жыл соңына дейін Оспановтың жекпе-жегін тамашалауымыз әбден мүмкін. UFC демекші, биыл төрт бірдей спортшымыз әлемнің ең үздік тұжырымымен келісімшартқа отырды. Өкініштісі, Абу-Дабиде өткен UFC 242 турнирінде дебюттік жекпе-жегін өткізген Жалғас Жұмағұлов жеңіліп қалды. Мария Агапова да соңғы кездесуінде сәтсіздікке ұшыраса, Сергей Морозовтың қарсыласы жекпе-жекке бір апта қалған жарыс жолынан шығып қалды.

Дегенмен UFC тұжырымымен тұңғыш келісімшартқа отырған Шавкат Рахмонов атақты Хабиб Нурмагомедовтың кардында жұдырықтасып, UFC-де жеңіске жеткен тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде тарихта қалды. Жеңіліп көрмеген отандасымызды жарқын жеңісімен құттықтап, арнайы сұқбат та алған болатынбыз. UFC төрінде қазақша сөйлеп, тіліміздің де мәртебесін көтерген отандасымыздың жеңісі ММА спорты тарихындағы тарихи жеңіс болмақ. Одан бөлек, екі бірдей спортшымыз әлемдегі ең үздік тұжырымдардың бірі саналатын Fight Nights Global ұйымының чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасты. Өкінішке қарай, екеуі де қарсыластарына есе жіберіп, чемпиондық белбеуден қағылды. Десек те қазақстандық аралас жекпе-жек майталмандарының алар асуы алда екеніне кәміл сенеміз. тарихта қалды. Жеңіліп көрмеген отандасымызды жарқын жеңісімен құттықтап, арнайы сұқбат та алған болатынбыз. UFC төрінде қазақша сөйлеп, тіліміздің де мәртебесін көтерген отандасымыздың жеңісі ММА спорты тарихындағы тарихи жеңіс болмақ. Одан бөлек, екі бірдей спортшымыз әлемдегі ең үздік тұжырымдардың бірі саналатын Fight Nights Global ұйымының чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасты. Өкінішке қарай, екеуі де қарсыластарына есе жіберіп, чемпиондық белбеуден қағылды. Десек те қазақстандық аралас жекпе-жек майталмандарының алар асуы алда екеніне кәміл сенеміз.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

719 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы