• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 18 Қаңтар, 2021

Егерде әлемде Dark net заңдары үстемдік етсе...

Интернет желісі үш бөліктен тұрады: Clear net(жоғарғы, таза желі), Deep net терең желі) және Dark net (түнек желі).

Біз таза желінің қолданушыларымыз. Іздейтін ақпараттарымыз, істейтін жұмыстарымыз бүкіл интернеттің 4 пайызын ғана құрайтын жоғары желіде жүріп жатады. Ал терең желінің интернет аймағы 96 пайыз. Мұнда әлемдік сайттардың архивтері, мемлекеттің маңызды құжаттары жасырылған. Терең желінің тұңғиығына түсер болсақ түнек желіге (Dark net) жетеміз. Бірақ оған барудың еш қажеті жоқ. Себебі түнек желідегі заң басқа. Ондағы заңдарды бүгінгі қоғамға теліп көрелік. Сонымен әлемде Dark net заңдары үстемдік етсе... Мұндай қоғамда адамдар кез келген істі өзінің жүзін жасырып істейді. Тіпті сатушы мен тұтынушылар да бір-бірін көрмейді. Адамдар анонимді өмір сүру салтына көшісімен қарапайым банк карталары, қағаз ақшалар қолданыстан шығады. Өйткені бұл құралдар арқылы адамның негізгі тұлғасын анықтауға мүмкіндік көп. Сондықтан бүкіл төлем операциялары криптовалюталар мен биткоиндерге ауысады.

Dark net заңдары орнаған қоғамда қару-жарақ, наркотиктік заттар сатып алу әрекеттері қарапайым үйге тағам алдырғандай іске айналып кетеді. Кез келген адам мемлекеттік құпияларға қол жеткізе алады. Тіпті Dark net заңдарымен өмір сүретін қоғамда құпия деген сөздің өзі қолданыстан шығып қалуы ықтимал. Оның себебі Dark net желісіндегі қолданушы аккаунттарын бұзу өте оңай.

Десек те мұндай қоғамда адамдар мекенжайын жасыру үшін әрқашан көшу керек болады. Dark net-те тұрақты домен мекенжайлар жоқ. Олар әрбір минут, секунд сайын жаңартылып, қолданушылардың ізін суытып отырады. Адамдар арасында бір-біріне деген сенімділік, сүйіспеншілік сезімдері жоғалады. Өйткені бәрі жүзін жасырғандар. Яғни барлық ұйым, бірлестік атаулы анонимді ғұмыр кешпек. Сонымен бірге бұл қоғамда кез келген мемлекеттің азаматтығы сатылатын болады.

Dark net желісі осындай парадокс заңдылықтарға толы желі. Бір қарағанда барлығы анонимді, бірақ шындап іздеп келгенде кез келген адамды тауып алу, оның бүкіл құпияларына қол жеткізу оңай. Яғни бұл желінің заңдарын санамалағаннан гөрі, заңсыздық һәм анархия деп атай салу ыңғайлы.

Әлемдік интернет аналитиктері бұл желіні «қара базар» деп атайды. Көп мемлекет бұл «қара базармен» барын салып күресіп жатыр. Өйткені біз атап өткен заңсыздықтар адам психикасы мен халық қауіпсіздігіне кері әсер етеді.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021
 

436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы