• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 17 Қаңтар, 2021

Оқушылар «Айдың арғы бетінде»

Былтыр жылдың соңында «Ақ желкен» журналының 95 жылдығына арнап «Айдың арғы беті» атты ғылыми-фантастикалық шығармалар байқауын жарияладық. Қойған шартымыз бойынша байқауға мектеп оқушылары қатысты. Шығармаларды қабылдауға жарты айға жуық уақыт бердік. Осы уақыт ішінде 29 шығарма келіп түсті. Қорытындыны шығарудың қиындығы – шығармалардың жазылу деңгейі шамалас. Байқау басталарда ескерткеніміздей жеңімпаздарға «Ақ желкеннің» сыйлық жәшіктері тағайындалды.

Байқау жеңімпаздары

Сонымен, байқаудың «Гауһар жәшік» сыйлығына Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Нигара Асантай (Талдықорған қаласы), «Меруерт жәшік» сыйлығына Ынтымақ орта мектебінің 6-сынып оқушысы Кәусар Мырзахан (Қарағанды облысы), «Інжу жәшік» сыйлығына Ақшұқыр мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Мерей Тұрарбек (Маңғыстау облысы), «Алтын жәшік» сыйлығына С.Датов атындағы №26 мектептің 11-сынып оқушысы Айымжан Жұмабай (Атырау облысы), «Күміс жәшік» сыйлығына Абай атындағы РММИ-дің 9-сынып оқушысы Ербол Шыңғыс (Алматы қаласы), «Маржан жәшік» сыйлығына Абай атындағы РММИ-дің 9-сынып оқушысы Қазыбек Жалғас (Алматы қаласы), «Лағыл жәшік» сыйлығына Абай атындағы РММИдің 11-сынып оқушысы Аяулым Абаева (Алматы қаласы), «Жақұт жәшік» сыйлығына №59 мектептің 9-сынып оқушысы Ақерке Қарақұл (Алматы қаласы) ие болды. Жәшіктерде редакция дайындаған әртүрлі сыйлықтар бар. Байқаудың өтуіне мұрындық болған кәсіпкер Нұржан Қайыржанұлына зор алғысымызды білдіреміз.

Шығарма қалай жазылу керек?

Байқаудың атына және тақырыбына қызығушылық танытқандар көп болды. Дегенмен атауы қызықтырғанымен байқауға қатысқан шығармалардың дерлігі «ғылыми» талабына жауап бере алмайды. Бұл жағдайда қатысушының шығармашылық әлеуеті ескерілді. Бірақ оқушылардың фантазиясы ұшқыр. Алдағы уақытта бұл байқауды жалғастырғымыз келеді. Келесі белесте оқушыларымыз өткен қателікті қайталамаса екен дейміз. 8-сыныптың «Қазақ әдебиеті» пәнінде «қазақ ғылыми-фантастикасының тарихы» атты тарау бар. Сол арқылы бұл бағыттағы шығармалармен танысуға болады. Фантастикалық шығармалар ғылымға негізделсе, оның көркемдігі арта түседі. Бұл да ғылымға үлес қосатын бір тармақ болмақ. Себебі А.Эйнштейн: «Фантазия білімнен маңыздырақ. Өйткені, білімнің шегі бар», – деген екен.

Теміртас Біржан

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021
 

383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы