• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Қаңтар, 2021

Төрт түрлі трамвай

Қоңырауы шылдырлап бір бұрыштан шыға келетіндей көрінеді. Әлдеқашан естен шығып кетер ме еді қайтер еді, егер мынау шойын жол сымдай тартылып жатпағанда. Осыған қарап, бәлкім қайта оралып қалар дейсің. Ол да мүмкін ғой. Трамвай қоңырауының үнін естімегелі 5-6 жыл. Ал оның жарты ғасыр шамасы әрлі-берлі өткен вагондарын қайыспай көтерген рельстің ендігі еркін жатысы мынау. Сырын білгің келеді. Бұған жауапты дейтұғын мекеменің үнсіздігі бұдан бетер...

Өткен ғасырдың басында қазақ даласында түбегейлі дерлік өзгерістер болды. Газет-журнал шыға бастады, көліктің түрі келе бастады, құрылыс дамыды. Әр өңіріміз металлға бай болған соң көп жерде кен өндіру орындары ашылды. Міне, осы тұста көліктің түрі көбейе бастады. Бүгінгі әңгімемізде жұмысшы тап үшін пайда болып, кейін халықтың жаппай пайдаланатын қоғамдық көлігіне айналған Қазақстандағы трамвай көліктерінің тарихына аз-кем тоқталсақ дейміз. 

Алматы қаласының тарихына зер салсақ, 1930 жылдардың алғашқы бесжылдығында көлік шаруашылығы дами түсті. Автобус, трамвай, троллейбус және теміржол жүрісі қала маңы мен қала шетін орталықпен байланыстырды. Тарантастар, жайдақ арбалар мен жеңіл ат арбалар Верный кезінде көше салынысымен-ақ пайда болған. Тұңғыш жеңіл автомобиль («Мерседес-Бенц») қала көшелерімен 1915 жылы жүрсе, ең бірінші рейстік автобус («Форд») 1927 жылы жүре бастаған. Ол тас төселген және қара жолмен сағатына 15-20 шақырым жылдамдықпен жүріпті. 

Ал трамвай жолы Төле би көшесіне 1937 жылы салыныпты. 9 трамвай моторлы вагоны және сонша тіркеме вагон сатып алынған. 3 жылдан кейін трамвай жолы Алматы мен Тастақ кентін жалғастырды. 1940 жылы 32 шақырымдық жолмен 78 трамвай вагоны жүріп тұрған. Жол салынғаннан кейінгі төрт жылда трамваймен 8,7 млн жолаушы тасымалданған екен. 

Ал 1950 жылдары трамвай паркі 85 вагонмен толықтырылыпты. 1960 жылдардың басында қалада күніне 133 мың адамға дейін тасымалданған 120 трамвай болған екен.

Трамвайды «шеттетпеген» өңір...

Трамвай көлігі Қазақ-станның санаулы-ақ қаласында болды. Жоғарыда айтқанымыздай, Алматыда оның рельстері ғана қалды. Басқа қалалармен салыстырғанда бұл көлікті халқы тұрақты пайдаланатын, бірқатар аумағын қамтитын Павлодар қаласы болып тұр. Бұл өңірге жолымыз түскенде трамвайдың қала сәулетіне айрықша жарасып тұрғанына сүйсініп едік. Алматының кебін кимесе екен деген тілеулестігіміз болған. Құдай бетін ары қылсын, одан ада секілді. «Павлодар қаласы Трамвай басқармасы» АҚ Басқарма Төрағасы Махмудов Муслим Джафарұлының сұрақтарымызға берген жауабы қуантып тастады. 

– Өткен жылы қазан айында Павлодар қаласының трамвай депосына 55 жыл толды, – дейді Муслим Джафарұлы. – Бүгінгі таңда трамвай – Ертіс өңірінің брендіне айналған сүйікті қоғамдық көлік түрі. Павлодардағы трамвай жүйесінің бірінші желісі 1965 өз жұмысын бастады. Алғашқы үш жылда трамвай жүйесі мен депоны басқарумен Павлодар алюминий зауытының трамвай цехы айналысты. 1971 жылы трамвай цехы ҚазКСР коммуналдық шаруашылық министрлігінің қарамағына берілді және Павлодар қаласының трамвай басқармасы болып қайта аталды. Бұдан соң Павлодар қаласы аумағының өсуімен және жаңа шағын аудандарының (микрорайондар) құрылысымен бүкіл қаланы қамти отырып, трамвай жолдарының желісі де кеңейтілді. 1980 жылдардың аяғында трамвай басқармасы заманауи кәсіпорынға айналды. Жылжымалы құрам толығымен жаңартылды. КТМ/КТП-2 және РВЗ-6 маркалы трамвайлардың орнына жоғары сенімділігімен ерекшеленетін және осы күнге дейін жұмыс істейтін 71-605 үлгідегі жайлы вагондар келді. 1994-2004 жылдар аралығында кәсіпорын паркі 14 жаңа трамваймен толықтырылды. 2006 жылы кәсіпорын «Павлодар Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқаруына берілді.

Соңғы жылдары трамвай паркі 30%-ға жаңартылды. Біздің кәсіпорынға жаңа белоруссиялық трамвайлар жеткізілді. Болашақта «Достық» шағын ауданы бойында, сондай-ақ екінші Павлодарда трамвай жолдарының құрылысы жүргізіледі. Павлодарда трамвай-лардың істен шығуы немесе жеңіл автокөліктермен соқтығысуы сирек. Ал бізге жұмысқа 21 жастан бастап орналасуға болады. Жүргізуші болу үшін ең алдымен оқу курстарынан өту керек. Бізде әртүрлі жастағы азаматтар қызмет етеді.

Биыл бірқатар қиылыс-тарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шусыз өткелдер орнатылды. Атап айтсақ, Мәшһүр Жүсіп – Едіге би, Мәшһүр Жүсіп – Қайырбаев, Мәшһүр Жүсіп – Естай, Мәшһүр Жүсіп – Шөкин, Мәшһүр Жүсіп – Ломов, Назарбаев – Толстой, Ломов – Камзин көшелерінің қиылыстарында жөндеу жұмыстары жүргізілді.  

Қазір біздің депода 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Павлодар қаласының трамвай басқармасы АҚ 55 жылдығына орай фотоархиві бар мерейтойлық вагонды іске қосты.

Трамвай депосында 111 вагон 17 бағыт бойынша жұмыс істейді. Күн сайын орта есеппен 40-45 мың адам трамваймен жүреді. Жол ақысы – 80 теңге, жеңілдік бойынша 40 теңгемен жүреді. Сондай-ақ жол ақысын банк картасымен де төлеуге болады.

Өскемен мен Теміртаудағы трамвайдың жағдайы мүшкіл...

Өскемен қаласында трамвай 1959 жылдан бастап қоңырауын қаға бастады. Мұнда да шойын жолдар өндіріске жұмысшыларды жеткізу үшін салынған болатын. Әдетте трамвай көлігін әйелдер жүргізеді. Маржана Рыспаева апай да Өскемен қаласының тұрғындарын біраз жылдан бері тасымалдап келеді екен. 

– Бұл паркке 1985 жылы жұмысқа келдім. Оған дейін тігінші болып жұмыс істеген болатынмын, – дейді Маржана апай. – Қайбір жылы отбасылық жағдайыма байланысты Алматыға қоныс аударып, кейін қайтадан өзімнің жақсы көретін жұмысыма, Өскеменге оралдым. Трамвайды басқарып жүрген қыздар ұнайтын. Анам да осы паркте көп жыл еңбек етті және өзі осында жұмыс істеуіме кеңес берді, қарсы болған жоқ. 34 жыл өтсе де, трамвай жүргізуіме деген махаббатым сөнген жоқ. Басқа салада, тіпті өзімді елестете алмаймын. 

Өмірінің ширек ғасырдан көбін осы кәсіпке арнаған Маржана апай жұмысының қиын еместігін айтады. Олқылықтарды болдырмауға, болса да келесіде қайталамауға тырысады екен.

– Бар тәжірибемді рейске шыққанда қолданамын. Темір шеберлерінен білмегенімді сұрап отырамын. Иә, негізінен бұл ерлердің мамандығы екеніне сөзсіз келісемін. Алайда «әйелдің қырық жаны бар» дейді ғой. Әйелдерде кез келген жағдайға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптасқан, – дейді трамвай жүргізушісі.

Өкінішке қарай, трамваймен байланысты қайғылы жағдайлар да көп. Біз бұған қатысты алғашқы трагедияның бірімен Мұқағали ақынның жырынан таныс болған шығармыз. Оның Майгүл есімді қызының өмірі трамвай релсінің үстінде қиылғанын мектеп қабырғасында күңірене оқыдық. Мұндай жағдай Алматыда кейінгі жылдары да болып тұрды. Бұл қалада трамвайға тұсау салудың бір себебі де осында еді. Ал мұндай қайғылы жағдайлар Өскеменде де әлденеше рет болыпты. Өткен жылдың соңында-ақ бір адамның өмірін үзіпті...

Теміртау қаласындағы трамвай көлігі 1959 жылдан бастап жүре бастаған. Металлургия кәсіпорны салынып, жұмыс қыза бастаған тұста жұмысшыларды қаладан құрылыс алаңына жеткізу мәселесі туындаған. Теміртау халқының көбейгені де осы тұс. Алғашқы жылдары трамвай бір бағытқа ғана қатынаған. Кейін 1992 жылға қарай бес бағытқа жұмыс істеп тұрған.

Қазір үлкен трамвай паркінен тек бірнеше ескі вагон мен тозығы жеткен жол ғана қалған. Бүгінде 150 адамды жұмыспен қамтып отырған трамвай піркінің болашағы бұлыңғыр боп тұр. Өйткені жергілікті журналистердің хабарлауынша, басшылық тарапынан «трамвай көлігін пайдалануды доғарып, бір немесе бірнеше кезеңде автобус тасымалына көшу» туралы бұйрық барын хабарлады.

Алматыға трамвай орала ма?..

Бұл сұрақ Алматыда трамвай тоқтаған 2015 жылдан бері қойылып келе жатыр. Жауаптар да әртүрлі. Дегенмен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыдағы 2019 жылғы сапарында айтқан сөзі тұрғындардың үмітіне сәуле сыйлағандай болды. «Трамвайларды тоқтату, меніңше, екіұшты шешім болды. Рельстерді жөндеуден өткізіп, трамвай парктерін жаңартып, трамвайларды қалдыру керек еді. Көліктің бұл түрі Еуропаның көптеген қаласында кеңінен қолданылып жүр» деген болатын. Бұдан соң жергілікті билікке сауалдар саны тіптен артты. Өткен жылы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бір шешімге келгендей болды. 

Әкімнің шешімі бойынша, қаладағы Көк базар маңында туристік трамвай желісі құрылмақ. «Мұндай үлкен трамвай маршруты жоқ қалалар бар. Күні бұрын Стамбул туралы оқыдым. Таксимнің орталық көшесімен ескі трамвай жүреді. Оның бір ғана желісі бар. 100 жылдан бері жүреді екен. Бұл туристерді қызықтыруға көбірек қызмет етеді. Бізде осындай туристік аймақ жасау туралы ой бар. Туристер келгенде біз оларға трамвайға баруды ұсынамыз. Олар серуендейді, ескі үйлерді, туристік аймақты көреді. Біз трамваймен мәселені осылай шешкіміз келеді», – деп жауап берді қала әкімі тұрғындармен кездесуінде. 

Қазір Алматыға трамвайды қайтару жөнінде қоғам белсенділері әлеуметтік желілерде петиция жариялап жатыр. Оны қолдап, қол қойып жатқандардың саны көп екенін байқадық. Қоңырауы шылдырлап бір бұрыштан шыға келер, бәлкім...

Асылан Тілеген

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

860 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы