• Спорт жұлдыздары
  • 19 Қаңтар, 2021

2021 жылдың басты додалары

Журналымыздың алдыңғы санында 2020 жылы болған спорттағы басты жетістіктер мен сәтсіздіктерді қорытындыласақ, енді осы жылдың басты додаларына шолу жасауды жөн көрдік. 2020 жылы көптеген спорт додалары шегеріліп, тіпті бірқатары мүлдем өтпей қалды. Сол себепті 2021 жылы спорттың біраз түрінен әлем чемпионаты және Олимпиада ойындары өтеді. Осы орайда, 2021 жылы қазақстандық спортшылар қандай додаларда өнер көрсететініне нақтырақ тоқталып кетсек.

Дзюдошыларымыз алғашқы боп сынға түсті

Қазақстандық спортшылардан 2021 жылдың алғашқы жарысын дзюдошылар бастады. Елдос Сметов бастаған балуандарымыз қаңтар айының басында өтетін Дохадағы World Judo Masters турнирінде сынға түсті. Бұл жарысқа әлемнің 70 мемлекетінен 400-ге жуық дзюдошы қатысып, өзара мықтыны анықтайды. Сондай-ақ дзюдошыларымыз ақпан айында Израиль еліндегі Гранд-Слэм және наурызда Ташкентте өтетін Гран-При турнирлерінде сынға түсуі мүмкін. Бұндай Олимпиадаға ұпай жинайтын турнирлер маусым айына дейін болады. Дзюдодан әлем чемпионаты маусымның 6-13 аралығында өтсе, Олимпиада ойындары шілденің 24-31 аралығына жоспарланған. Айтпақшы, дзюдошыларымыздың барлығы лицензиялық орында тұр. Тек аса ауыр салмақта белдесетін балуандарымыздың ұпайы әлі жетпейді. Дегенмен алдағы турнирлерде лицензиялық ұпайларды жинауы мүмкін. Өкінішке қарай, дзюдошылар жүлдесіз қалды.

Қысқы спорт түрлерінен кімге үміт артамыз?

Қысқы спорт түрлерінен бар үмітіміз тұңғыш рет могулдан әлем чемпионы атанған Юлия Галышева мен Элизабет Тұрсынбаевада екені жасырын емес. Бірақ фристайл-могулдан ақпан айына жоспарланған әлем чемпионаты өтпейтіндіктен Галышеваның өнерін тамашалауымыз екіталай. Ал Элизабет Тұрсынбаева күміс медалін алтынға алмастыру үшін Швецияда өтетін әлем чемпионатына аттанады. Наурыздың 22-28 аралығында өтетін дүбірлі додада Элизабет былтырғы жетістігін қайталайтынына кәміл сенеміз. Сондай-ақ 11-21 ақпан аралығында Словенияда биатлоннан әлем чемпионаты өтеді. Әлемдік додаларда биатлоннан жарқын жеңістерге қол жеткізбеген қазақстандық спортшылардың ең  үлкен жетістігі – 2018 жылғы қысқы Олимпиададағы күміс медаль. Шаңғымен сырғанаудан да әлем чемпионаты ақпан айының соңында өтеді. Германияның Оберсдорф қаласында өтетін дүрмекте медаль әкелетін Владимир Смирнов та, Алексей Полторанин де жоқ. Алғашқысы спорттық мансабын аяқтаса, екіншісі допинг дауына байланысты спорттан төрт жылға шеттетілген болатын. 

Футболдан Әлем чемпионатының іріктеуінен өте аламыз ба?

Биыл футболдан әлем чемпионатына іріктеу турнирі басталады. Футболшыларымыз жыл бойы іріктеу турниріне қатысады. Қазақстан құрамасы алғашқы матчы да іріктеуден өтеді. Әлем чемпионатынан бөлек, Еуропа чемпионаты да осы жылы болмақ.

Алматыда күрес түрлерінен лицензиялық Азия чемпионаты өтеді

Төртжылдық басты додасы саналатын Олимпиада ойындарына жолдаманы сарапқа салатын лицензиялық Азия чемпионаты Алматы қаласында өтеді. Әу баста, ақпан айына жоспарланған турнир сәуірге ауыстырылды. Азияның ең мықты балуандары 9-11 сәуір аралығында өзара мықтыны анықтап, Олимпиадаға жолдаманы сарапқа салады. 2019 жылғы Нұр-Сұлтанда өткен лицензиялық әлем чемпионатында үздік бестіктен көрінген спортшылар жолдамаға ие болса, бұл жарыста тек финалға шыққан спортшылар жолдаманы иелік етеді. Әзірше балуандарымыздың қоржынында  сегіз жолдама бар. Грек-рим күресінен 67, 87, 97 және 130 келіде жолдама жоқ болса, еркін күрес шеберлері тек екі салмақта 87 келі мен 125 келіде жолдама ала алмады. Ал әйелдер күресінен Валентина Исламова (50 келі) мен Эльмира Сыздықовада (76 келі)  ғана жолдама бар. Елімізде өтетін лицензиялық турнирде жолдамадан құр қалған спортшылардың соңғы үміті Болгариядағы жарыста болмақ. Мамыр айында өтетін бұл турнирге балуандарымыз бармайды деген сенімдеміз.

Төртжылдықтың басты додасы Токио төрінде өтеді

Әлем пандемияға байланысты Токио 2020 Олимпиадасы бір жылға шегерілді. Көптен күткен Олимпиада ойындары 2021 жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынады. Одан бөлек, Токио Олимпиадасына бейсбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг сынды жаңадан спорт түрлері енді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл жетінші Олимпиада болмақ. Бұған дейін спортшыларымыз 15 алтын, 21 күміс және 64 қола медаль еншілеген болатын. Айтпақшы, бүгінге дейін қазақстандық спортшылар спорттың 17 түрінен 42 жолдама иеленді. 

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

 

665 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы