• Бүгінгі проза
  • 28 Қаңтар, 2021

Гүлжан Амангелдіқызы. «Қозының көз жасы» (әңгіме)

Әңгімелері республикалық басылымдарда жарияланған және ұжымдық жинақтарға енген. Балаларға арналған «Дарабоз» халықаралық бәйгесінің ынталандыру сыйлығын алған. Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесінің 2-орын иегері.  Мәдениет және спорт министрлігінің «Үздік балалар шығармалары-2020» байқауының 3-орын жүлдегері.

– Мәә! Мммм-әәә....

Құлағыма маңыраған қозының әлсіз дауысы келді. Төсегімнен атып тұрдым. Пештің түбінде ескі көрпешеге орап қойған әппақ, бауыр жүні бұйра-бұйра кіп-кішкентай қозыға көзім түсті. «Ой, қандай сүйкімді!» Мына жарық дүниені жатсынып қорыққаны ма, әлде, тоңғаны ма, денесі дір-дір етеді. Алақаныммен сипап едім, қарсылық білдіргендей аяқтарын тарбаң-тарбаң еткізді. 

– Ммм-әәә... 

Осы кезде ұйқыдан көздерін аша алмай есінеп, ұйпа-тұйпалары шығып, Сәния мен Мұрат та тұрды. Олар да қозының маңырағанынан оянып кетсе керек. Тақау келе сіңлім қозыға қарап сұқ саусағын шошайта «Ләқ» деді. 

– Лақ емес, қозы, – деді інім үлкендігін көрсетіп. Бір нәрсеге дауласқанда қоймай қоятын әдетіне басып сіңлім тағы да «Ләқ» деді.

– Лақ емес дедім ғой. Қозы. Оны қой туған, – деді інім де қоймай. Сіңлім де қайтар емес. Жаттап алғандай бір сөзді қайта-қайта айтып, інімнің ызасына әбден тиді. 

– Ләқ...

– Қозы... Інім мен сіңлім осылай дауласып отырғанда үйге қолында бір қап тезегі бар шешем кірді. 

– Мама, мынау лақ емес қой, иә. Қозы десем, Сәния лақ деп қоймайды, – деді Мұрат шешемнен өзінің сөзін растағанын күткендей жүзіне тіке қарап. Сәния да қалысар емес, тағы да «ләқ» деді. 

Мұрат пен Сәния тете болған соң осылай көп дауласады. Мұраттың қанша дегенмен Сәниядан үш жас үлкендігі бар. Сөздері де, істері де дәлелді шығып жатса да Сәния оған жеңсік бермейді. Ылғи өзінің айтқанын дұрыс дейді. Оған Мұраттың ызасы келіп, Сәнияны жылатып қояды. Шешем кейде арасына түскенімен, кейде үнсіз тірліктерін істеп жүріп алады. Ол да екеуінің бітпейтін дауынан шаршайтын болса керек. Осы жолы да сөздерін жүре тыңдап: «Таң атпай шуламай, жуыныңдар», – деді. Мұрат сонда да өзінің сөзінің дұрыстығын дәлелдегісі келгендей:

– Қозы. Кеше әкем қазақи қойдың бүгін түннен қалмай қозылайтынын айтқан. Сен не білесің? – деді өзінің малдан хабары барын білдіре.

– Бола бершін... Бұл-ләқ, – деді Сәлима да қоймай. Тілі енді шығып келе жатқан Сәлиманың сөздерін қызық көрсем де, даудың аяғы жанжалға ұласып кетпей тұрғанда сөздерін бөлейін дегендей сөзге араластым.

– Болды, қойыңдар. Енді бұл қозыға ат қоймаймыз ба? – дедім екеуінің назарын өзіме аударта. 

– Атын Ақбота қояйық, – дедім бірінші.

– Ақбота... Өй, бұл түйенің баласы емес қой, – деді Мұрат жұлып алғандай.

– Ақбота қоямыш, – деді Сәния. Сәнияға бәрібір. Оған тек Мұраттың айтқаны болмай, менің айтқаным болса болды.

– Қарамайсың ба, өзі де ботаның баласындай сүп-сүйкімді, әрі әппақ. Әрі атта тұрған не тұр. Ақбота деп атасақ түйенің ботасы болып кетпейді ғой, – дедім үлкендігімді білдіре нық сөйлеп, әрі Мұраттан жеңілгім келмей. Мұраттың келіспесіне амалы қалмады. Қозы шынымен сүйкімді, Ақбота деген атқа лайық еді.

***
 Біздің жайлап отырған жеріміз Шонабай қыстағы деп аталады. Әкем колхоздың малын бағады. Үш-төрт шақырым жерде бізден басқа бес-алты шопандар үйі қоныстанған. Бұл жерде жалғыз үйміз десек те болады. Ауылдағыдай шулаған бала жоқ мұнда. Сондықтан кейде ішің пысады. Ондай кездері үйді айналып тығылмаш ойнаймыз. 

Бұл жердің табиғаты ерекше. Шөбі шүйгін. Малға жайлы. Талға да шөпке де ұқсамайтын бойшаң сасыр деген шөп бар, кейде қойларды соның түбінен таппай қаламыз. Үйдің қарасынан басқа ойнайтын жер таппай жүрген бізге жақсы болды. Ақботамен тығылмақ ойнағанда сол сасырдың түбіне жасырынамыз. Үшеуіміз бір-бір сасырдың түбіне тығылып қаламыз да «Ақбота, пүшәйт-пүшәйт...»  деп шақырамыз. Ақбота маңырап жүріп іздейді. Ол да жануар демесең, пәле. Дауыс шыққан жаққа қарай жүгіреді де, тоқтай қалып басын ары-бері шұлғып тың тыңдай қалады. Кейде тығылып жатқан жерімізден тауып алады да бүкшиіп жатқан бізді сүзіп қалады. Оған біз мәз боламыз. 

Ойынымыз қанып үйге келсек,  әкем атын арбаға шегіп, сайлап жатыр екен. Демек қонаққа барамыз. Ура! Дереу шифонердегі әйбәт көйлегімізді алып, киіне бастадық. Сәния да қалар емес. Бір киер киімін киіп, оған өзі мәз болады. Көйлегін сипап «әйіш» деп қойды. Қонаққа бару біз үшін мерекемен пара-пар. Ешқайда шықпай тек бір үйден кіріп-шығу бізді де зеріктіретін. Әрі қойшылардың балаларымен ойнаймыз. Ақботаны да апарайық дегенімізге әкем көнбеді. 

– Мал емес пе... Қойларға қосылып кетсе, таба алмай қаласыңдар,– деп тастап кетті. Арба қозғалмай жатып, Сәния айғайлап жылауға көшті. Сәния өзінің айтқанын істету үшін ылғи өстиді. Жыласа үлкендердің көнетінін біліп алған. Бұл жолы да сол әдетіне басып еді, шешем «ала салшы» деді әкеме қарап. Әкем үндемеді. Үндемегені келіскені. Мен арбадан секіріп түсіп, Ақботаны алып келдім. 

Біз үшін ең көңілді күн болды. Қоңсы шопандардың балаларымен армансыз ойнадық. Олар да Ақботаның қылықтарына мәз болысты. Қайтарда шаршағанымыздан үн-түнсіз арбада тербетіліп келдік. Мұрат пен Сәния ұйықтап қалған. Шаршаса керек. Ештеңе сезер емес. Ақбота да бүрісіп, ұйықтап жатыр. Ол да бала сияқты. Жануардан туған демесең, өзі сондай сезімтал, ақылды. Сар далада аспанға қарап жатып, арбаның біркелкі сарынына құлақ түрем. Әкем мен шешем әрнені сөз етісіп келеді. Шопандардан естіген жаңалықтарын айтысты. Мен осы жатқанда өзімді ең бақытты баладай сезіндім. Кең дала... әкем мен шешем қасымда. Інім мен сіңілім бар. Енді Ақбота қосылды...

***
Үйге келсек, есік ашық жатыр екен. Айдаладағы қыстаққа аяқ басқан кімдер болды екен деп ойлағанымызша, үйден шешемнің екі сіңлісі атып шықты. Қаладан ауылға қыдырып келген екен. Ауылдан осында келіпті. Мұнда не қызық көреміз деп келгендерін кім білсін? Әйтеуір бұл келістері маған ұнамады. 

Нағашы әпкелеріміз келгелі бейқам өміріміз жайына қалды. Салғаннан екеуі: «Мына үйлерің мал қора болып кеткен бе? Сасық қой», – деп мұрындарын шүйіріп, тыжырынсын. Дереу үйдің бәрін сыртқа шығарып, қағып-сілки бастады. 

– Малды үйге ұстағаны несі? Апарыңдар қораға. Малдың орны – қора! – деді Фарида тәтемнің көзі ақшиып. Оған біздің көнгіміз келмей біраз қиғылық салып едік, онымызды шыбын шаққан құрлы көрмеді. Шешем де олардың айтқанын құптайтын сияқты ма қалай, әйтеуір бізді жақтап сөйлемеді. Үнсіз естімеген адамдай далаға шығып кетті. Ақыры Ақботаға тықыр таянды. Жайлы үйден қап-қараңғы қораның бұрышынан бір-ақ шықты. Сәлиманың да айқайлап жылағанынан ештеңе өзгермеді. Безбүйрек шешемнің сіңлісінің беті бүлк етпеді.

Әкем мен шешем бізді екеуіне табыстап, шаруамен колхозға кеткен. Бұл көргеніміз әншейін ғана екен. Әке-шешем кете сала «ары отырыңдар, олай емес бері отырыңдар» деп толық билік жүргізіп, ығырымызды шығарды-ақ. 

– Әбден беттеріңмен кеткенсіңдер, – дегенді де қосып қойды. Қыңқылдап жылаған Сәлимаға да жекіріп ұрысты. Сәлима көзі боталап маған қарайды. Бір кезде «Ақботамен ойнаймын» деп қиғылық салып еді, Фарида дегені көзі шатынап, долданып шыға келді. 

– Малды үйге кіргізгені несі? Әбден малмен мал болып кеткен, – деді. Мына сөзі жон арқамнан осып жібергендей әсер етті. 

– Біз мал емеспіз, – дедім жұлып алғандай. 

– Әй, сен аузыңды жап. Қалай-қалай сөйлейді-ей...Өй, тәрбиесіз...

– Тәрбиесіз мына – сізсіз, – дедім. Шапалақ жағыма шарт етті. Шешем бұлай ұрып көрмеген. Енді қайдағы бір көкбеттен таяқ жегенім шамыма тиіп кетті.

– Мен сені әкеме айтам, – дедім де еңіреп жылап жібердім. Сол жылаған күйі үйден атып шықтым да, елсіз далаға қарай жүгіре жөнелдім. Қорсылдап келем. Көзімнен де, мұрнымнан да сорғалап ақты-ау... Мұндай қорланбаспын. Әсіресе «мал, тәрбиесіздер» деген сөздері есіме түссе одан сайын еңіреймін. «Осыдан әкем келсін сазайын тартқызармын бәлемнің!». Тұла бойымды кернеген қазіргі ашу-ызадан мүлде елсіз мекенге кетіп қалып, табылмай қойғым келді. Іштей ұрсысып келем. «Жоғалып кетіп, табылмай қояйын ба? Көрсін сосын ұрғанның қалай болатынын. Әкем жанын шығарсын...». Бұл ойым өзіме майдай жақты ма, ендігі жерде жүгіргенді қойып жәй жүріске салдым. Әлгіндегідей емес, ашуым да тарқайын деді. Әрі жүгіре беріп, шаршап қалыппын. Аяғыма бітік өскен жусандар да оралғы болып жүрісімді қиындата түсті. Тұла-бойым да терге малшынды. Алақ-жұлақ етіп жан-жағыма қарадым. Қанша жер жүгіргенімді білмеймін, артыма қарасам, үйімнің қарасы тұрмақ, төбесі де көрінбеді. Адасып кеткенімді анық сездім. Алдыма қарасам да шексіз дала, артыма қарасам да шексіз дала.

Қорқа бастадым. Бағанағы ыза-кектен жұрнақ та қалмаған. Аң-құсқа жем болсам қайтем? Алдымнан қасқыр шыға келсе ше? Осылай ойлауым мұң-ақ екен, жүрегім тас-төбеме шықты. Даусымды ешкім естімейтінін білсем де «ма-ма!» деп айқай салып, тағы да жүгіре жөнелдім. Алдымнан ештеңе көрінбейді. Әшейіндегі қойлы ауыл да кезікпеді. Соған қарағанда мүлде бағыт-бағдарсыз, беталбаты жүгіре берсем керек. Өкіне бастадым. «Қап. Бекер бетіне келген екенмін. Одан да шыдап, әкем келгенде айтып, сазайын тарттыруым керек еді...».

...Әбден титықтап шаршағанымды сездім. Қарным да аша бастады. Бір жағы шөл де қысып барады. Күн де шақырайып, ысып кетті. Үп еткен жел жоқ. Қол-аяғымнан дәрмен кеткендей, дізем дірілдей бастады. Сасырдың түбіне келдім де көлеңкесін паналап отыра кеттім. Ұйықтап кетіппін. 

– Әй, бұл қайсың? Тірісің бе? – деп әлдекімнің түртіп оятқанынан атып тұрдым. Әлімгерей деген көрші шопан екен. Қуанып кеттім. Әлгіндегі ашу-ызадан жұрнақ та қалмаған. Қуанғанымнан Әлімгерей атаның бетіне қарап ыржия беріппін. 

– Бұ қай баласың?

– Мен ғой, ата Тілегеннің баласымын, – дедім аптығып. 

– Айдалада не істеп жүрсің? – деді ата жүзіме барлай қарап. Мен «үйден қашып шығып едім» дегенді айтпай «Ойнап жүріп, адасып кеттім» деп соғып жібердім. Қапелімде бұл сөздің ауызыма қалай сап ете қалғанын өзім де байқамай қалғаным...

– Баламысың деген... Әкең мен шешең шарқ ұрып іздеп жүрген шығар осы уақытта, – деді де мені ертоқымға отырғызып, өзі атын жетектеп алды. Шашырай жайылған отардың шетіне келіп тоқтады да, қанжығасына бөктерген кенеп дорбаны шешіп, шиеленіп байланған жібін ашты. 

– Қарның ашқан шығар. Тамақ жеп ал, – деп, суыған ет пен таба наннан сындырып ұсынды. Қарным ашпақ түгілі ішектерім қабысып қалған еді. Асты көріп ішім ұлып сала берді. Ет пен нанды қарбып жеп алдым. Ол аздай атайдың бөктергісіндегі шөлмекке құйылып, шайқала-шайқала майы шыққан тәтті айранды да сіміріп салдым. 

Әбден қарын тойғаннан кейін енді ішім қылп ете қалып, алаңдай бастадым. «Ендігі әкем мен шешем де келген шығар. Мені шарқ ұрып іздеп жүрген болар», – деген ой сап етіп келе қалды. Әрі Фариданың мені таппай, жаны шыға іздеп, ебіл-дебіл болған түрі елестей кетті... «Е,е...» Есем қайтып, айызым қанғандай болады. Артынша жылап жүрген шешем келе қалды көз алдыма. Аяп кеттім. Үйге жетуге асықтым.

Күн ұясына батып, қас қарая бастаған. Әлімгерей ата қойларын шарбаққа қамағаннан кейін мені ердің алдына мінгестіре, сар желіп жолға шықты. «Әй, баламысың деген...» деп қояды ара-арасында. Алагеуімде өз қыстағымыздың сұлбасын ажыратпасам да, үрген ит пен малдың даусынан үйге жақындап қалғанымды сездім. Шамның жарығынан шешемнің бір кіріп, бір шығып жүргенін көрдім. Байыз таппай жүрген сияқты. Бізді көрді де, алдымыздан жүгіріп шықты.

– Тірісің бе, айналайын-оу, – деп мені құшақтап жылап жіберді. 

Таңа ата сала шешемнің сіңлілері келген жақтарына кері қайтты... Енді келместей болып кеткені анық еді. Біздің қатал тәрбиеге енді көнбейтінімізді, мына кең далада қой-қозымен етене жақын болып кеткен болмысымызды өзгерте алмайтындарына көздері жетсе керек.

 ***
Әкем «колхоз бастық» келеді деп, мал сойып, абыр-сабыр болды да қалды. Қонақ келеді дегенге қуанып жүрміз. Түске қарай күткен адамдар да келді. Қарындары шартиған, шетінен семіз ағалар екен қонақтарымыз. «Забхоз» дегені ырсылдап, ана бір төрдегі аға отырған көрпені қаққыштап, қасығын алып беріп бәйек болуда. Домаланып отырып, құйрығымен жорғалай қозғалғаны күлкілі көрініп кетті. Ана біреусінің беті де ісіп кеткен бе, сөйлеген сайын екі ұрты қоса жыбырлап, бүлк-бүлк етеді екен. Оның бұл түрі маған күлкілі көрінді. Баяғыда әжеміздің тісі жоқ тамақ шайнағанда иегі шошаң-шошаң ететін. Дәуде болса мынаның да тісі  жоқ-ау...

Қонақтардың отырысы ұзаққа созылды. Қызара бөртіп, қарқ-қарқ күлісті. Шешем біресе қазан-ошаққа, біресе үйге жүгіріп әбден әбігер болды. Әкем болса «бұлар қашан кетеді» дегендей ара-тұра далаға шығып, мал жақты бір қарап келеді. Бала болсам да жүзінен мазасыздықты байқадым. Сондықтан дәу қарындардың тезірек кетуін іштей қаладым.

Қонақтар тысқа шықты-ау... Іргеде топырақ үйіп ойнап жүрген бізге тесіле қарады. Дәу қарын ту сыртымызда ойнақтап жүрген Ақботаға ашқарақ көзімен ішіп-жеп қарап тұрды да, әкеме жалт қарады. 

– Бағанадан бері мына марқаны неге соймағансың? Сірне жеп бір қарқ болар едік қой, – деді. Әкем мұны күтпесе керек:

– Бәке, сірне жегіңіз келсе, мал жетеді ғой, – деп келе жатыр еді, дәу қарын шорт кесті.

– Әй, сөзді қой. Мен саған мына марқаны сой деймін, – деді. Әкемде үн жоқ. Өңі бір бозарып, бір сұрланды. Кенет:

– Бәйбіше, әкел ана малды, – деді бұйыра. Шешем де күтпесе керек, селк ете қалды. Қипақтап біздерге қарады да:

– Жүгіріңдер, үйге кіріңдер, – деді. Мен Сәлиманы жетектеп, Мұратты ертіп үйге кірдім. Есіктен сығалап қарап қоямын. Әкем Ақботаны ұстап алып, аяғын жіппен байлап жатыр екен. Ақбота да бір жамандықты сезгендей ұзақ маңырады. «М-м-м-ә-ә-ә...». Әкем сәл үнсіз тұрды да Ақботаның тамағына пышағын тақай берді... 

Есіктен ытқып шыққаныммен, әкемнің пышақ ұстаған қолына жармасып үлгермедім. Орылған тамақтан қан шапшып, бұрқ ете қалды. Мен шыңғырып жібере жаздап, аузымды баса қойдым.

Одан кейінгісі есімде жоқ. Тек есімде қалғаны... Ақботаның бақырайған көзінен жас ағып жатыр еді... Сол күннен бастап мен жиі ауырып қала беретін болдым. Әсіресе, ет көрсем лоқси беремін. Шешем аудан орталығындағы тәуіптерге көрсетіп жүріп, бетімді бері қаратып алды. Ал әкем мал бақпайтын болды. Біз ауылға көшіп кеттік...

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

1418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы