• Маман кеңесі
  • 29 Қаңтар, 2021

«Басқаларда бар, менде ғана жоқ» деген де, «сен ақымақсың» деген де дұрыс емес

Өмірдегі ең басты құндылықтардың бірі – дұрыс қарым-қатынас құра білу. Себебі қарым-қатынас арқылы ғана біз өзімізді және өзгелерді танимыз. Демек онсыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Қарым-қатынас деген қандай өнер? Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек? Неліктен кей балалар көпшілік ортада өзін жайсыз сезінеді? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын тәжірибелі психолог Ләйлә Өмірзаққызынан сұрап көрдік.

– Қарым-қатынас өнері дегеніміз не және оның қандай түрлері бар?

– Ғылыми тұрғыдан қарағанда «қарым-қатынас өнері» дегеннен «қарым-қатынас мәдениеті» деп айтқан дұрысырақ. Қысқаша айтар болсақ, адамдар арасындағы қарым-қатынасты екі-ақ топқа бөлуге болады. Бірі – «мен ұттым, сен ұтылдың» (сен ұттың, мен ұтылдым да сол топқа кіреді), екіншісі «мен де ұттым, сен де ұттың». Қарым-қатынастың бірінші түрі ұтқан адамға дәл қазір тиімді болып көрінгенімен, болашақта зардап шектіреді. Яғни бұл – тактикалық ұтыс, стратегиялық ұтылыс. Мұндай қарым-қатынас басқа адамды алдап-арбауға немесе қорқытуға, демек түрлі манипуляцияға негізделеді. 

Қарым-қатынастың екінші түрін, шынында да, өнер деуге болады. Сізді рухани қанағаттандыра алатын, екі жаққа да тиімді қарым-қатынас орнатамын десеңіз, мынадай ережелерді ұстанғаныңыз жөн:

• ешкім менен жоғары да, төмен де емес;
• дөрекі де, жағымпаз да болмаймын;
• әр адамның жеке пікірі, әр нәрсеге өзіндік көзқарасы бар;
• әр адамның жеке шекарасы бар, оны бұзуға болмайды;
• адамдармен қарым-қатынаста тек алушы не тек беруші болмаймын.

Өз пікіріңді басқаларға дау-жанжалсыз жеткізе білу де өнер, басқалардың көзқарасын сыйлай білу де өнер. Жоғарыдағы ережелерді есте сақтасақ, сыйластық қарым-қатынасты үйренуге деген бірінші қадам сол болмақ. 

– Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек?

– Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас та жеке тұлғаны сыйлауға негізделу керек. Ата-ана-ларға айтқым келетіні, бала өсіп, кәмелетке жеткенде ғана адам болмайды, бала – қай жасында да тұлға, адам. Сол адам өсіп-жетіліп, кемеліне келуі үшін ересек адамдардың көмегі, қолдауы, ақылы, мейірімі, жылуы, назары қажет. Есте болар тағы бір нәрсе, бала тәрбиелеу деген бөлек бір жұмыс емес, сіздің жүрген-тұрғаныңыз, аузыңыздан шыққан әрбір сөзіңіз, әрбір іс-әрекетіңіз – балаға үлгі-өнеге. Бала естігенін емес, көргенін қайталайды. Сондықтан бірінші міндетіміз – өзімізді тәрбиелеп, балаларымызға жақсы үлгі болу.

Баланы ұрып-соғуға, намысына тиетін, қорлайтын сөздер айтуға, кінә мен ұят сезімдерін терең ұялатуға, қорқытуға, алдауға болмайды. Семинар, тренингтерімде осылай дегенімде, «қорқытпасам, ұялтпасам, кінә артпасам, балама айтқанымды қалай істетемін сонда?» дейтіндер болады. «Балаңыз нешеде?» деп сұраймын. «Сегізде» дейді, мысалы. «Сонда, өзіңізден туып, сегіз жыл тәрбиеңізде болған адаммен тіл табыса алмайсыз ба? Манипуляциясыз келісе алмайтын болғаныңыз ғой? Өтінішіңізді немесе талабыңызды тікелей айту дағдысы сізде жоқ, манипуляциясыз айтылған өтінішті орындау дағдысы балаңызда жоқ. Осылай жалғаса бергенін қалайсыз ба?» деймін. Жаңа айтқаны-мыздай, мұндай қарым-қатынаста дәл бүгін ұтсаңыз да, болашақта ұтыласыз. 

Маған «балама психолог керек» деп хабарласатындар өте көп. «Балам тұйық», «мінезі жаман», «сабақ оқығысы келмейді», «тәртібі нашар», «жаман істермен айналысады», «жалқау», «ештеңеге қызықпайды» деген сияқты көптеген шағым естимін. Дені сау бала білімқұмар, ынталы, өмірсүйгіш екенін ұмытпайық. Баланың болмысында дүниені танып-білуге, бойындағы қабілетін ашып, іске асыруға деген ынта бар. Дұрыс жағдай жасалса, бағыт беріліп отырса, баланың барлығы жақсы, барлығы дарынды. Сондықтан ата-аналармен осы бағытта жұмыс істеп, осыны үйретемін. Баланың қандай болуы 80-90 пайыз ата-ананың қолында. Бұл бір жағынан, ата-анаға көп жауапкершілік артса, екінші жағынан ата-аналарға мамандардың көмегі қаншалықты қажет екенін көрсетеді. 

Ата-ананың бала өміріндегі рөлінің бірі – педагог екенін бәріміз білеміз. Ал педагогиканың негізі – жайлы психологиялық климат. Яғни ұят, қорқыныш, кінә сияқты қолайсыз эмоциядағы бала жаңа білімді меңгере алмайды. Айтқаныңызды қорыққанынан орындайтын шығар, бірақ санасына терең қабылдап, ұғына алмайды. Айқайлап ұрыссаңыз, баланың есінде тек айқалаған дауысыңыз, өзгеріп кеткен бет-әлпетіңіз, өзінің жайсыз сезімдері қалады. Ал диалог құрып, сабырлы сөйлессеңіз, сөзіңіздің мән-мағынасын, айтайын деген ойыңызды ұғады. 

Баланың жеке тұлғасына тіл тигізбеңіз. Қатесін түзеткіңіз келсе, сын адамның өзіне емес, іс-әрекетіне айтылуы керек. Яғни «сен ақымақсың» деп емес, «мына ісің дұрыс емес» деп айтқан дұрыс. Өйткені, қате түзеледі. Ал балаңыздың санасына «сен ақымақсың», «сен жамансың» деген ойды сіңдірсеңіз, сол ойдан өмір бойы арыла алмай өтеді. Өкінішке қарай, жасынан осындай сөзге уланған адам өте көп.

Негізінде бұл бір сұқбаттың көлеміне сыятын тақырып емес. Айта берсек, қыры мен сыры өте көп. Ата-анамен арадағы қарым-қатынасқа қатысты балаларға да бірнеше кеңес берер едім:

• Анаңа немесе әкеңе қанша жерден өкпелі болсаң да, саған өмір берген, асырап отырған адамдар екенін ұмытпа. Олар сені мүлде түсінбейтін болса да, сені бар жүрегімен жақсы көретінін есіңнен шығарма. Бірін-бірі жақсы көретін, ең жақын адамдардың арасында да түсінбеушілік болады;
• Қателесу – адамға тән нәрсе. Өзіңе де, басқаларға да кешірімді бол;
• «Басқалар мені түсінбейді» деген ойда болсаң, басқа адамдардың сенің жан дүниеңе кіріп-шыға алмайтынын есіңе түсір. Ойыңды, сезіміңді басқаларға жеткізуге тырысып көр. Дегенмен, басқа адамдарды айыптап сөйлеуден аулақ бол;
• Осыдан бір жыл бұрынғы ой-пікірлерің бүгінде өзгеріп кеткенін байқап па едің? Өсіп-жетіліп келе жатқан адамсың. Әлдебір нәрселер сен үшін түсініксіз болса, ашулануға асықпа, мүмкін, уақыт өте түсінерсің;
• Ата-анаңа айтар өтінішің, бұйымтайың болса, манипуляциясыз жеткіз. «Басқаларда бар, менде ғана жоқ», «алып бермесеңдер, сабақ оқымаймын» деген сияқты қорқыту, ұялту немесе кінә тағу сияқты әдістерді қолданба;
• Ата-анаңның жанына бататын қылықтарды істеме, әкең мен шешең саған дүниені тіреп тұрған алпауыттардай көрінгенімен, олар да осал тұстары бар пенде.

Жасөспірімдерге арналған тренингтерде бұл мәселені терең қарастырамыз.

– Қарым-қатынас барысында қандай қателіктерді болдырмаған жөн? Нені ескеру керек?

– Қателік болмау үшін қарым-қатынасыңыздың мақсаты белгілі болуы керек. Мысалы жұмыстағы әріптестермен бірлесіп, әлдебір жобаны орындауыңыз керек. Мақсат – әріптестеріңізге өмірге деген көзқарасыңызды, бала тәрбиесі жайындағы пікіріңізді, болашақта қандай үйде тұрғыңыз келетінін жеткізу емес, бірлесіп, жобаны іске асыру. Футбол ойнасаңыз, мақсатыңыз – ойыншыларды жинап алып, оларға ақыл айту емес, жұмылып, басқа команданы жеңіп шығу. Ал сүйікті адамыңызбен кездесу барысындағы мақсатыңыз – басқа жұппен жарыс емес, бір-біріңізді жақынырақ тану. Қарым-қатынасымызды осы мақсаттарға сай құрамыз. Негізі бақытты болудың бір қағидасы осы – мақсатыңды анықтап алып, сол мақсатқа сай әрекет ету. 

Қарым-қатынаста жиі болатын қателіктер:

• «Осы сен не білесің?» деген тәкаппар позиция. Әр адамның өзіндік өмірлік тәжірибесі, өмірден түйгені бар. Сізге қызық болмаса да, өзіне құнды. Соны қадірлей білу керек;
• Бәсекелестік. Басқаларға әлденені мойындатуға, дәлелдеуге тырысу. Бәсекелестіктің орны бар, ол – спорт саласы, кейбір кәсіби жағдайлар. Жасөспірім шақта да бәсекелестік көп болады, дегенмен есейе келе адам өзіне-өзі сенімдірек болады да, күнделікті қарым-қатынаста бәсекені қажет етпейді;
• Қатесін түзеткіңіз келсе, сын адамның өзіне емес, іс-әрекетіне айтылуы керек. Бұл принципті жоғарыда айттық. Ешқашан ешкімнің жеке басына тіл тигізбеңіз;
• Адами қарым-қатынас дұрыс болсын десеңіз, алдымен өзіңіздің өзіңізге деген көзқарасыңыз қандай, содан бастаңыз;
• Адамның жеке шекарасы деген бар, соны бұзбаңыз. Өз шекараңызды басқаларға сыпайы көрсете біліңіз;
• Біреудің жауапкершілігін өзіңізге алмаңыз, өз жауапкершілігіңізді басқаға артпаңыз;
• Жұрттың бәріне бірдей жағамын деп ойламаңыз. Бұл ешкімнің де қолынан келген емес;

– Неліктен кей балалар көпшілікпен коммуникацияға түсе алмайды? Оның негізгі себептері қандай?

– Мұның себептері алуан түрлі. 

• Баланың психикалық жетілуінде немесе денсаулығында ақау болуы мүмкін. Ондай ақаудың бар-жоғын, бар болса, қалай түзету керегін маман анықтайды;
• «Көпшілік» деп отырғанымыз – белгілі бір орта, адамдар ғой? Сол орта қауіпсіз бе, балаға қолайлы ма, сол да маңызды. Егер орта қауіпсіз және қолайлы болмаса, мысалы осы адамдардан түсіністік табамын деген сенім болмаса, ешқайсысымыз да ашыла алмаймыз;
• Бұл орта бала үшін бөтен, әлі үйрене қоймаған. Қолайлы жағдай туғызса, бала біраздан кейін үйреніп кетеді;
• Баланың коммуника-циялық дағдылары қалыптаспаған. Ең алғашқы қарым-қатынасты бала отбасында көріп, үйренеді. Кейін құрдастарының арасында коммуникацияның тағы басқа жолдарын меңгереді. Осы кезеңде коммуникациялық дағдылар қалыптаспай қалуы мүмкін. Бұл мәселе отбасына, ортаға, педагогтерге байланысты. Әрине, отбасы бәрінен маңызды;
• Баланың өзіндік болмысы, мінезі, бейімділігі. Бала интроверт болуы мүмкін. Интроверт дегеніміз, «тормоз» емес, ішкі дүниесі, эмоциялары өте бай адам. Ол көп адамнан, у-шудан тез шаршайды, көпшілікті қажет етпейді. Экстраверт – жалғыздықтан шаршап, тойға барып, демалып келетін адам болса, интроверт тойдан шаршап қайтады да, таныштықта тынығады. 
• Бала өзіне лайық ортасын таппаған. Мысалы баланың жеке қызығушылығы, әуестігі бар. Ал сыныптастарының ешқайсысына ол қызық емес. Әлгі өзіне қызық нәрсесімен бірге айналысатын адамдар, яғни лайық орта табылса, ашылып кетеді.

Осы айтқандарымыздан байқаған боларсыз, баланы көпшіліктің ыңғайына ғана бейімдей берудің қажеті жоқ. Өмірден өз жолын, лайықты ортасын табуына да көмектескеніміз дұрыс.

– Интроверт балалар қоршаған ортамен қандай қарым-қатынас жасағаны дұрыс?

– Интроверт баланың ата-анасы біраз уайымға салынатыны рас. «Менің балам неге тұйық, неге көпшіл емес?» деген ой туады. Біріншіден, балаңыздың мінезі – ақау емес, өз болмысы екеніне көз жеткізіңіз. Екіншіден, коммуникациялық дағдыларының дұрыс қалыптасуына барлық жағдай жасаңыз. Интроверт болса да, адамның өмірі адаммен ғой. Үшіншіден, табиғи болмысын өзгертем деп күш салмаңыз.

Әр адамның осал тұстары мен мықты жақтары бірге жүретіні есімізде болсын. Интроверт мінездің де мықты қырлары бар, соларды жетілдіре беріңіз. 

• Интроверттердің зейіні жоғары, әр нәрсенің егжей-тегжейіне бара алады, ұсақ-түйек нәрселерді байқап қалады;
• Назарын, зейінін шашыратпай, тұрақтандыра алу қабілеті жоғары, яғни бір іспен ұзақ уақыт айналыса алады, қателері азырақ болады;
• Басқа адамдардың назарын көп қажет етпейді. Сондықтан жалғызсырай қоймайды. Әрі басқа біреудің пікіріне аса тәуелді емес;
• Интроверттің миында әлсіз сигналдардың өзінен қозу пайда болады, сондықтан, олар қатты, әсерлі қоздырғыштарды қажет етпейді. Ондай адамға ешкім де, ештеңе де керек емес сияқты, өзіне өзі жеткілікті болып жүретіні де сондықтан;
• Миға келіп түскен сигналдарды терең өңдейді. Яғни көргенін, білгенін, естігенін тереңірек қабылдап, терең ойлайды.
Сондықтан, интроверт бала болсын, ересек адам болсын, өзінің осал тұстары мен мықты жақтарын біліп, өмірін табиғи болмысына сай ұйымдастырса, жақсы болар еді. 
• Жүйкесіне салмақ салмайтындай деңгейде белсенді болу. Экстраверт боламын деп өзін-өзі қинамау;
• Мінезіне, қызығушылы-ғына сай мамандық таңдау;
• Бір-екі жақсы дос тауып, солармен қарым-қатынасты үзбеу.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Жазып алған 
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

571 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы