• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 31 Қаңтар, 2021

Фатима Нөкен, жас суретші: Сурет салу мен үшін ауа жұтумен тең

Фатима Нөкен Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы болса да, осы күнге дейін бірнеше байқаудың жүлдегері атанып үлгерген. Атап айтсақ, FOYA халықаралық фестивалінде «Болашақ Қазақстан» тақырыбында салған суретімен Гран-При иегері, Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойы аясында «Алматы – менің сүйікті қалам!» атты қалалық сурет байқауында бас жүлде, «Ақ көгершін» халықаралық байқауында III орын, «Халық өнері – асыл қазына» атты бейнелеу өнері бойынша өткен қалалық көрмеде II орын алған. Болашағынан үлкен үміт күттіретін қылқалам шеберімен сурет өнері туралы әңгімелескен едік.

– Фатима, қанша жасыңнан бастап сурет саласың?

– Ес білгелі бері сурет салып келемін. Нақты қай кезде қолыма қылқалам алғаным есімде жоқ. Ата-анамның айтуынша, ең бірінші суретімді 2-3 жасымда салған екем. 

– Шығармашыл адамдар көбіне оңаша қалғанды қалайды. Интровертсің бе?

– Мен интровртпін не экстровертпін деп кесіп айта алмаймын. Кейде өз жан дүниеме үңіліп, айналадағының бәрін ұмытып кетемін. Кейде өзге адамдардың табиғатын, сезімдерін түсінуге тырысамын, жаңалыққа ашықпын, сыртқы ортадан қысылмаймын.

– Сурет өнеріндегі ұнататын жанрың қандай? Көбіне қай жанрда саласың?

– Маған өнер атаулының бәрі де жаныма жақын. Бейнелеу өнерінің барлық жанрын ұнатамын. Балалық шағымда пейзаж, анималистік және натюрморт жанрларында сурет салатынмын. Ал қазір қызығушылығым портрет салуға ауған секілді.

– Отандық суретшілерден кімдер ұнайды?

– Қазақстандық суретшілердің ішінен Әйгерім Кәрібаева, Динара Қадырова, Айнаш Қасенова секілді тұлғалардың шығармашылығы шабыттандырады. Маған бұл суретшілердің ұлттық ерекшеліктерімізді заманауи талаптармен ұштастыра білгені ұнайды.

– Ең алғаш салған суретің есіңде ме?

– Әкем кішкентай кезімнен бері салған суреттерді естелік ретінде жинап келеді. Оның айтуынша, ең бірінші суретімді алғаш рет зообаққа барғанда салыппын. Ол суретте жылан мен қоян бейнеленген, бірақ бір қарағаннан не салынғаны біліне қоймайды, анықтап көру үшін суретке белгілі бір бұрыштан қарау керек (күлді).

– Суретші болғысы келетін адамға қажет үш қасиетті атап берші?

– Суретші болғысы келетін адам шыдамды, еңбекқор, сыни ойлау қабілеті жақсы дамыған болса, шығармашылық жолында биік шыңдарды бағындырарына сенемін. Сырт көзге сурет салу оңай жұмыс болып көрінгенімен, қажырлы еңбек пен жоғары ойлау дағдыларын қажет етеді. Сурет салатын адамның қолы күн сайын арасын үзбей сурет салғаннан жаттығады. Егер қол жаттықпаған болса, идея қанша жерден ерекше болса да, сурет ойдағыдай шықпауы мүмкін. Меніңше, бірінші талғам қалыптасады, сосын қабілеттер дамиды. Бәлкім сол себепті суретшінің алғаш салған суреттері бастапқыда өзіне ұнай бермейді. Суретші осындай сәттерде өзінің қабілеті жетіңкіремейтінін дұрыс қабылдап, шыдамды бола түсуі қажет. Уақыт өте келе адамдар суретке басқа көзқараспен қарай бастайды. Бір сурет ұнамаса, келесі күні жаңа көзқараспен туындыға өзгерістер енгізіп тұру керек. Осылайша бір күні сурет автордың талғамынан шығары анық. Көрермендер суретке қарап, автордың айтпақ болған ойын ұғуға тырысады. Суретшінің міндеті – ақ қағаздың бетіне пішіндер мен түстер, символдар арқылы үйлесімді композиция құрап, идеясын ерекше жеткізу, ал бұл ұшқыр ойды талап етеді.

– Бір суретті салуға қанша уақыт кетеді? Не үшін сурет салғың келеді? Сурет салуда қандай мән бар сенің ойыңша?

– Бір суретті салуға жұмыс көлеміне қарай 2-3 минуттан бастап 1 аптаға жуық уақыт жұмсаймын. Екінші сұрағыңызға келсек, шынымды айтсам, не үшін сурет салатынымды әлі толықтай түсінген жоқпын. Менің жаным сурет салуды қалайды, сол себептен сурет саламын. Сурет салу деген мен үшін ауа жұтумен тең. Онсыз өзімді жоғалтып алатындай сезінемін. Сурет салу арқылы жан дүниемді көрермендерге жайып саламын, олармен рухани байланыс орнатамын.

– Туындыларыңды бір сөзбен қалай атаған болар едің?

– Шығармашылығымды бір сөзбен байланыс деп атаған болар едім. Егер маған сурет салу қабілеті берілмеген болса, көптеген адаммен тіл табыса алмас едім, өзімді өзім тани алмас едім, ішкі сезімдерімнің құрсауында қалып қойып, әлемнен өз орнымды таба алмай кетер едім.

– Шынайы әңгімеңе рақмет. Өнерің өрге жүзсін!

Жазып алған 
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

99 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы