• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 08 Ақпан, 2021

Ақылхан Алмас, актер: Тұрардың іс-әрекетін ойланбастан қайталар едім

Жуырда ғана қалың көрерменге жол тартқан «Ұлы дала зары» фильмі көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді.  «Ұлы дала зары» аталатын фильм ашаршылық нәубетін, кеңес дәуірінің қанқұмарлары қолдан жасаған, қазақтың 70 пайызын жойып жіберген зұлматты бейнелейді. Бұл туынды «Алтын глобус» сыйлығының «Ең үздік шетелдік фильм» аталымы бойынша үміткерлер қатарынан көрініп, 7-8-9 қарашада Лос-Анжелес қаласында өткен фестивальдің шымылдығын ашып беріпті. Сонымен қатар «Ұлы Дала зары» фильмі кино әлемінде ең жоғарғы «Оскар» жүлдесін жеңіп алу үшін жүздеген мемлекетпен Қазақстан атынан сайысқа түседі. Осы фильмде бас кейіпкерлердің бірі бүркітші Тұрардың рөлін кино және театр актері Ақылхан Алмас сәтті сомдап шықты. Фильмді тамашалап отырып, Ақылханның актерлік шеберлігіне тәнті болдым. Бірден актермен байланысқа шығып, сұқбат алудың реті келді. Ақылхан кино саласындағы біршама жетістіктері мен аталмыш кино туынды туралы әңгімелеп берді.

– Кино саласына қалай келдіңіз? Актер болу бала арманыңыз болды ма?

– Балалық шағымда театрға жиі баратынмын. Онда анам мен тәтем жұмыс істейтін. Театрдың ішкі асханасын, барлық сахнасын бала шағымнан көріп өстім. Дегенмен болашақта актер болам деген ой мүлде болмапты. Араға жылдар салып досым өнер академиясының вокал бөліміне оқуға тапсырды, оған қолдау көрсетпек ниетпен өнер академиясына бардым. Сол жерде қызу дайындалып, бір аудиторияға кіріп жатқан жастарды көрдім. Мен де қызығып, еш ойланбастан сонда кірдім. Сөйтсем, Рахилям Машурова мен Роза Рымбаеваның тобына іріктеу болып жатыр екен. Бұл менің мүмкіндігім екенін іштей сезіп, өнерімді көрсеттім. Мінеки, өнер саласына осылайша қадам бастым.

– Осы уақытқа дейін біраз кинофильмде ойнадыңыз.  Өзіңізге ұнаған ең сәтті рөліңіз туралы айтып беріңізші

– Өзім ойнаған туындылардың бәрі көңілімнен шықты. Дегенмен 2018 жылы жарық көрген «Саташ» фильмі мен үшін ерекше. Өйткені бұл – толықметражды фильмдегі алғашқы басты рөлім. Фильмдерден бөлек көптеген сериалда ойнадым. Осы жуырда ғана түсірілген «Дурь» сериалында басты рөлді сомдадым. Менің бұл сериалдағы кейіпкерім де ерекше. Мен үшін ең үздік туындылар әлі алда, оған жету үшін аянбай еңбектенуім керек.

– 2020 жылдың ең үздік туындысы – «Ұлы дала зары» фильмінде бас кейіпкер Тұрардың рөлін сомдадыңыз. Бұл фильмге түсуге сізге ұсыныс келді ме, әлде арнайы кастингтен өттіңіз бе? 

– Әрине, кастинг болды. Сонымен қатар бұл фильмнің сценарийі актерлерді іздеуден бұрын жазылған және дайындық ерте басталды. Бұл рөл мен үшін маңызды болды. Сол себептен Тұрардың рөлінен айырылып қалмау үшін аз уақыт ішінде артық салмақтан арылуым қажет болды. Тамақты аз ішіп, кардиожаттығулар жасадым. Бүркітпен жаттығулар жасадым. Аң  аулаудан жарысқа бардым. Аңшылардың ен далада қалай өмір сүретінін көзбен көріп, түсінуге тырыстым. Нәтижесінде өз рөлімді сәтті алып шықтым. Фильмнің режиссері Марина Кунарова рөлді маған сеніп тапсырғанына қуаныштымын. Фильмге түскен актерлердің ойынша, Марина алдын ала әр рөлге актерлерді іздестірген екен. 

– Сіздің кейіпкеріңіз Тұрармен шын өмірде қандай да бір ұқсастығыңыз бар ма? Фильмнің шешуші минуттерінде Тұрар Отаны үшін артынан қалған жалғыз тұяғы Ілиясты өлімге қияды. Егер дәл осы орында Тұрар емес, сіз болсаңыз іс-әрекетіңіз қандай болмақ?

– Менің мінезім мен Тұрардың мінезі өте ұқсас. Екеуміздің көзқарасымыз, ойымыз бірдей дей аламын. Егерде осындай жағдайға тап болсам ойланбастан Тұрардың іс-әрекетін қайталар едім. Мен үшін де Отан бірінші орында!

– Ресми ақпараттарға сүйенсек, фильмді түсіруге дайындық 5 жыл бұрын басталған. Фильмді күн демей, түн демей, ауа райына қарамастан, төрт мезгіл бойы түсірдіңіздер. Түсірілім алаңында қандай да бір қиындықтар болды ма? 

– Әрине, фильмді түсіру өте қиынға соқты. Есімде қалғаны – қатты суықтан буындарымыз сырқырап, өне бойымызды суық билеп алғаны. Далада 40 градус аяз, онымен қоса қатты жел болды. Дәл осы сәтте қатты қиналған едік. Қандай кино болса да оны түсіруде қиындықтар болады. Дегенмен фильмнің ұжымы менің отбасыма, үйіме айналды. Мен тек жағымды, қуанышты сәттерді есте сақтаймын.

– «Ұлы дала зары» фильмінің Қазақстанның атынан «Оскар» жүлдесіне  ұсынылғанын естігенде ел болып қуандық. Ал сіз дәл осы жаңалықты естігенде эмоцияңыз қандай болды?

– Біздің фильм «Оскар» жүлдесіне ұсынылғанын естігенде қатты қуандым. Сол сәтте біздің өнердің өрлеу жолында екенін түсіндім. Болашақта Қазақстаннан керемет туындылар шығады деген үміттемін. Кинода болсын, музыкада болсын, қазақтар барлық жерде бірінші орында! Менің ойымша, марапаттарды алу уақыттың еншісінде. Егер биыл алмасақ, келесі жылы аламыз. Сол себептен тоқтамау қажет, тек еңбекпен ғана биік шыңды бағындыратынымызды ұмытпаған жөн.

– Сұқбатыңызға рақмет!

 Мерей Ауғали,
Қ.Сәтбаев атындағы 
мектептің 11-сынып оқушысы.
«Ақ желкеннің» жас тілшісі.
Павлодар облысы

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

480 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы