• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 18 Ақпан, 2021

TEZ TAP арқылы қазақ тілін тез үйренуге болады

Инстаграмнан қазақтың өрімдей жастары жанығып жарнамалап жатқан әлдебір оқулыққа көзім түсті. Парақшаға кіріп қарасам, оқулық емес, карта арқылы сөз жасырып ойнайтын TEZ TAP деп аталатын ойын екен. Бірден жобаның авторы Дана Қамзабекпен тілдесіп, қызығушылығымды білдірдім. Өйткені кейде баламызбен қандай ойын ойнарымызды білмей қаламыз. Ойынның түр-түрін ойнап болған соң, «басы С-дан басталады, аяғы З-мен аяқталады. Қандай сөз?» деп басталатын өзіміздің «сөзжұмбағымызға» көшеміз. Ал TEZ TAP осының тереңдетілген түрі екен. Жоба авторы Дананың айтуынша, TEZ TAP ойыны әлемге әйгілі ALIAS, «КРОКОДИЛ» үстел ойындарына ұқсайды, бірақ өзінің ерекшеліктері бар.

«Біздің ойында шарт бойынша сөздерді үш түрлі тәсілмен түсіндіру қажет, ал жоғарыдағы ойындарда бір тәсіл ғана қолданылады (Alias-та – сөзбен, «Крокодилде» – қимылмен). Оған қоса, бұл ойында пікіріңді айтумен қатар, есте сақтау қабілеті де шыңдалады», – дейді. Сонда қалай ойнайды дейсіз?

«Ойын шарты оңай. Ойыншылар жұпқа бөлініп, бір-біріне картадағы сөздерді бір минут ішінде жасырады. Тапқан сөздердің санына қарай ойыншы жұпқа ұпай беріледі. Негізі, ойын үш кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде жасырылған сөзді түсіндіру үшін кез келген сөздерді қолдануға болады, екінші кезеңде тура сол сөздерді бір ғана сөзбен түсіндіру қажет, ал үшінші кезеңде сол сөздерді тек қимылмен көрсетеді. II-III кезеңдерде тек бірінші кезеңде ойнатылған карталар (барлық жұптардың) қайта жасырылады. Ойынның мақсаты – көңіл көтеру, сергу, отбасымен, достармен бірге уақытты қызықты өткізу. Одан бөлек, сөйлеу мәнерін дамытуға, есте сақтау қабілетін жақсартуға тигізер пайдасы көп».

Алайда бұл кішкентай жастағы балалар үшін қиын. Өйткені бұл ойынға логика, сөздік қор керек. Сондықтан қазір балаларға арналған TEZ TAP шығарғалы жатқанын, ол жерде үш тілде жазылған сөздерді жасыруға болатынын айтты Дана. Бұл жай ғана ойын ойлап табу емес, жастардың қолға алып отырған жобасы болғандықтан, қанша қаржы жұмсалып жатқаны да біз үшін қызық. 

«Нақты бюджетті айта алмаймын, өйткені әлі де жарнамасына ақша бөлініп жатыр. Көп те емес, аз да емес. Бұл жобада мен үшін ең бастысы – өте жоғары сапа болды. Өйткені Қазақстанда жасалған өнімнің басқадан артық болғанын қатты қалаймын. Сондықтан дизайн, материал, жасалу сапасы өте жоғары екенін қуана айта аламын. Тағы бір айта кететін жайт, осы ойынның шығуына атсалысқан дизайнер Дмитрий Со, Appazov Print баспаханасы ұжымына идея ұнағандықтан, әрқайсысы жанашыр ретінде өте жоғары деңгейде жұмыс істеді.  Сондықтан алғаш ойынымызды басқа елде емес, Қазақстанда өндіргеніміз өте дұрыс шешім болды деп ойлаймыз. TEZ TAP-тан басқа пайдалы, қызықты қазақша ойын-сауық түрлерін жоспарлап отырмыз», – дейді Дана Қамзабек.

P.S. TEZ TAP жобасын ары қарай дамыта түссе, қазақ тілін үйренгісі келетіндерге таптырмас құрал болатыны анық. Ал қазақ тілін адамды қинамай, ойын арқылы үйретіп жатса, оның үстіне мұндай жобаның басы-қасында жастар жүрсе, тамаша емес пе?! 
 

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы