• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Ақпан, 2021

Мейірім кітапханасы

Журналист болғым келгені бір қызық. Алғашында көгілдір экраннан сөйлеуге талпынып көрдім. Бірақ телевидение тоқтаусыз жұмыс істеп тұратын станок секілді. Журналист ілесуге тиіс ырғаққа. Шикі материалдың өзі де эфирге шыға береді кейде. Оның сапасы мен сұлулығын тексеріп отыратын уақыт аз. Сондықтан ондағы зерттеу материалдары жетесіне жете зерттелмек емес. Үстірт қана қалқып шығады. Менің де солай үстірт жасаған бірнеше сюжетім бар еді. Солардың ішіндегі ең шикісі – зағип жандардың кітапханасы туралы материал. Екі кадр түсіріп, бір шылым тартатын оператормен түсірілген сюжет қайдан оңсын? Оның үстіне бір жарым минуттық сюжетте тағы ештеңе айтып үлгермейсің. 

Қазір, құрметті оқырманым, сіздің қолыңызда ұстап отырған журналда қызмет атқарамын. Зерттеуді қалай жүргізсем де, қалай жазсам да еркімде. Журналдың ғажабы да сонда. Мұнда атақты «журналист бәрін аз-аздан білуі керек» деген ұран жүрмейді. Сондықтан журналистика саласындағы қызметкерлердің ең білгірлері мен білімділері журнал қызметіндегілер деп білемін. Жә, біршама зерттеу жасап, Алматы қаласындағы зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханаға кіріп келдік. Мекеме директоры Байұзақов Асхат ағамыз жылы қарсы алып, үздіктірмей әңгімесін бірден бастады. Өз сөзін толықтырып отыру үшін кеңесшісі Захра Маханова ханымды да қасына алдырған екен. Бір жарым сағатқа созылған сұқбат пен экскурсияның алғашқы 25 минутынан кейін өзімнің бұл саладан мүлде хабарсыз екенімді мойындап үлгердім...

– Бәрін басынан бастап, жік-жігімен айтар болсам, Алматы қаласында орналасқан бұл кітапхана Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Ал біз отырған ғимарат Қазақстан соқырлар қоғамының иелігінде. Кітапханамыз 1971 жылы оқырмандарға алғаш есігін ашып, биыл 50 жылдық тарихты артқа тастап отыр. Осы жарты ғасыр уақытта кітапхана көзі нашар көретін және зағип жандардың екінші үйіндей болып кетті десем артық айтқаным емес.

– «Мектеп – екінші үй, ұстаз – екінші аналарың» деуші еді бұрын...

– Рас. Бірақ қарапайым адамдар үшін солай. Ал зағип жандардың екінші үйі осы кітапхана. Оның себебін қазір аралай жүріп түсіндірермін.

– Кітапхананың қанша оқырманы бар?

– 3000-нан астам. 1000-ға жуығы толықтай зағип жандар болса, тағы осыншасы нашар көретін азаматтар. Қалғаны –қарапайым оқырмандар. 

– Брайль қарпімен жазылған қанша кітап қоры бар?

– Атауы бойынша – 6490. Бұл кітаптардың әрқайсысы бірнеше данадан – 56 285 дана. Ал жалпы кітапхана қоры 250 731 (атауы бойынша 69 769) кітаптан тұрады. Айта кету керек, брайль әліпбиімен басылған кітаптарды біз «нүктелі-бедерлі баспа» деп атаймыз. Ал қарапайым кітапты «жалпақ баспа» деу қалыптасқан.

– Астана қаласындағы зағип жандарға арналған кітапханада болдым. Сонда өзіңіз айтып отырған нүктелі-бедерлі баспа кітаптарының жаңасын байқамадым. 

– Байқамауыңыз заңдылық. Өйткені елімізде нүктелі-бедерлі қаріппен басылып жатқан кітаптар жоқ. Кеңестік кезеңде арнайы баспаханалар болған. Олар сол өкіметпен бірге құрыды. Сондықтан еліміздегі әр кітапхана оқырмандарына өздері нүктелі-бедерлі кітап басып жатыр. Мұндай кітапханалардың қатарында Қызылорда, Тараз кітапханаларын айтып өтсек болады. 

Біз жүйелі түрде оқырмандарымызға сауалнама жүргізіп, қажетті кітаптар тізімін жасап, жоспар құрамыз. Дегенмен өнімі аз, жоқтан бар жасап жанталасқан тіршілік бұл. Мұндай қарқынмен жылына ары кеткенде 20 кітап қана баса аламыз. Оқырман үшін, оның ішінде зағип оқырман үшін өте аз. Ол кісілердің білімге, оқуға құштарлығын айтып жеткізу мүмкін емес. 

– Оқырмандардың тіл мәселесі жөнінде айтып өтсеңіз. 

– Мойындау керек, біздің оқырмандарымыздың дені орыс тілінде оқиды. Қазақша нүктелі-бедерлі қаріппен басылған кітаптар жоқтың қасы. Оның үстіне кеңес кезеңіндегі зағип жандарды оқытатын арнаулы мектептерде қазақ тілі болған жоқ. Сондықтан орта және жоғары буын оқырмандарға кінә артуға болмайды. Ал жас буын ана тіліміздегі кітаптар іздейді. Көңіл қуантары – осы. 

– Ана тілімізде нүктелі-бедерлі кітаптың өзі жоқ болса, зағип жандарға арналған фильмдер туралы сұраудың өзі ұят шығар...

– Әрине. Алпауыт компаниялар болмаса, зағиптарға тифлокомментариймен кино шығаратын студиялар аз.

Тифлокомментарий – визуалды сипаттама. Қарапайым кинотуындыны зағиптарға көрсетуде қолданылатын әдіс. Қарапайым көрерменнің экраннан көретін кадрларының бәрі қосымша дауыспен сипатталып, суреттеліп отырады. 

«Біздің кітапханамыз туралы жай әңгімелесуге болмайды. Оны көру керек. Жүріңіз, – деп Асхат ағамыз өзі жол бастады. – Кітапхананың дәліздерін байқаған шығарсыз. Ешбір стенд, картина ілінбеген. Өйткені, кітапханаға жаңадан келген зағип кісілер қабырғалар арқылы бағыт анықтайды. Оған ілінген көрнекі құралдар арандатуы немесе бағытынан жаңылдыруы ықтимал. Ал кітапханамыздың кәнігі оқырмандары ғимарат ішінде қадамдарын санап басып, еркін жүре береді». 

Біз кітапхананың «Брайль қарпімен және «дыбысталған» әдебиеттер» шығаратын бөліміне кірдік. Өшірулі экранға қарап, беріле жұмыс істеп отырған кісіге таңғала қарадым. Болатхан есімді зағип қызметкер екен. Таныстықтан соң өзінің қызметі туралы әңгімесін бастап кетті. 

– Біз қазір «Абай жолы» романының үшінші кітабын баспаға дайындап жатырмыз. Оның бекітілген мәтінін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан алдырып, арнайы бағдарлама арқылы брайль қарпіне ауыстырдық. Қазір сол кітапқа редакторлық жасап жатырмын.

Брайль қарпі – Луи Брайль ойлап тапқан, алты бедерлі нүктеге негізделген, зағип жандарға арналған қаріп түрі. Саусақ ұшымен сезу арқылы оқылады. Кириль қарпіне негізделген брайль қаріптерінде үлкен-кіші әріптер болмайды. Тек нүкте арқылы сөйлемнің аяқталғанын білуге болады. 

– Бұл қаріп әлемнің кез келген тіліне ыңғайланып жасала бере ме? 

– Иә. Әр әріпке бір таңба (алты нүкте комбинациясы) болады. Мысалы Луи Брайль өз қаріптерін француз тілінің негізінде жасаған. Оны әр елдің ғалымдары өз қаріптеріне негіздеп алды. Біз кирилл қарпіне негізделген нұсқасын қолданамыз. Ал қазақ тіліне ғана тән 9 әріптің таңбасын Қазақстан соқырлар қоғамының мүшесі Ахан Қасымов атты ғалым жасап кеткен. Ол таңбаларды цифрландырып, кейіннен аудармашы BrailleBox бағдарламасына енгіздік. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі кітаптарды кедергісіз брайль қарпіне ауыстыра аламыз. 

– Брайль қарпімен басылған кітаптардың көлемі қалай болады?

– Қарапайым жалпақ баспадағы кітаптың бір беті бұл қаріппен 4 бетке шығады. Яғни «Абай жолының» төрт томы 16-17 кітап болмақ. Бір томды, яки 4 кітапты басып шығару 1,5 ай уақыт алады. Кітаптан бөлек, «РБНСГ-Вести» деген атпен зағиптарға арнап журнал шығарамыз. Ол 2 айда бір рет басылады. Онда әлемдік және отандық зағиптардың өміріндегі өзгерістер туралы жаңалықтар шығып отырады. Сонымен қатар, зағип қаламгерлердің өлеңдері, әңгімелері де осы журналда басылады. Ал дыбысталған әдебиеттерді арнайы дикторлардың оқуымен шығарамыз. Оларды компакт дискілерге басып, кітапхананың абонементіне өткіземіз. Ондағы қызметкерлер бұл кітаптарды оқырмандардың смартфонына да жазып бере алады. 

Брайль қарпімен басылатын кітап парақтарының тығыздығы 150 грамнан жоғары болады. Ал қарапайым А4 парақтың тығыздығы – 80 грамм.

Асхат аға одан әрі «Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифология» бөліміне бастады. Бұл бөлімнің де қызметі қарапайым кітапхананың библиография бөлімдерінен тым бөлек. 

Бөлім бүкіл Қазақстандағы зағип жандарға арналған арнайы кітапханалардың әдістемелік орталығы саналады. Жылдық жоспарлар, іс-шаралар тізбесі және олардың қалай өткізілетіні, зағиптармен жұмыс істеу әдістемелері, бәрі-бәрі осы бөлімде дайындалады. Сонымен қатар, елімізде жарық көріп жатқан мерзімді басылымдардың барлығына сараптама жүргізіліп, зағип жандарға қатысты материалдың бәрін дерлік қызметкерлер зағип оқырмандарға жеткізіп отырады. «Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифология» бөлімі жылына бір зағип қаламгердің кітабын шығаруды дәстүрге айналдырған. Яғни көзі соқыр болса да, ғажайып шығармалар тудырған Гомердің бүгінгі ізбасарларының шығармалары осы бөлімде басылады.

Тифология – зағиптықты зерттейтін ғылым. Тифлопедагог – зағиптарды оқытушы. Тифлопсихология – зағиптардағы психологиялық ауытқушылықты зерттейтін психологияның саласы. Тактильді кітап – суреттерін қолмен ұстап, сезуге болатын кітап түрі.

Асхат ағамызбен кітапхананың оңалту бөліміне бет алдық. Директордың көмекшісі Захра Маханова ханым жолай бөлім туралы әңгімелеп келеді. 

– Зағиптарды екі топқа бөлуге болады. Туабітті зағиптар және жүре келе көз жанарынан айырылғандар. Осы екі топтың соңғысымен жұмыс істеу өте ауыр. Өйткені бұрын жанары сау болған кісілер зағиптық өмірге көндіге алмай көп қиналады. Олардың ішіндегі көз жанары біртіндеп нашарлаған кісілер ештеңе емес, көлік апаты немесе басқа да келеңсіз оқиғалардан кейін жанарынан бірден айырылған кісілерге тіпті қиын. Осындай жағдайлармен ғаріп күйге түскендерге кітапханамызда оңалту орталығы жұмыс істейді. Тифлопсихологтар олардың өздерін жоғалтып алмауын қадағалап, өмірге қайта икемделуімен айналысса, тифлопедагогтер брайль қарпімен кітап оқуды, кеңістікте бағыт анықтауға баулиды. 

Оңалту кабинетінде бірнеше мүсін, брайль қарпінің әліппесі, зағип жандарға арналған компьютер, тактильді кітаптар бар екен. Сонымен бірге еліміздегі қасиетті орындар, кесенелердің макеттері көзге түсті. Мұның бәрі – жүре жанарынан айырылғандарды оқыту, зағиптық өмірге икемдеу үшін жасалған құрал-жабдықтар. 

Оңалту кабинетінен кейін зағип жандардың спорт-өнер орталығымен таныстық. Мұнда барлығы қарапайым. Дәстүрлі өнер үйірмелерінің кабинетінен айырмашылығы аз. Тек үстел ойындарын ойнау тақталары ерекше. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді ойын тақталарының қатар, ұяшық, тор аттары брайль қарпімен жазылған. Қызметкерлердің айтуы бойынша, зағип ойыншылар тақтадан ойнап әбден дағдыланғаннан кейін ойша ойнай беретін деңгейге жетеді екен. Шахмат тақтасындағы әр тордың аты бар екенін білесіз ғой. Тігінен сандармен нөмірленсе, көлденеңінен әріптермен айшықталады. Көлденең мен тік қатарлардың қиылысындағы торша осы әріп пен санның қосындысымен айтылады (А8, В3). Яғни зағип ойыншылар осы комбинацияларды, тақта үстіндегі фигуралардың орындарын бәрін-бәрін естерінде ұстап отырып ойнайды. Атақты Гай Ричи фильміндегі Шерлок Холмс пен профессор Мариартидің ойша ойнайтын партиясындай.

Кітапханадағы экскурсия соңынан абонемент бөлімінің табалдырығынан аттадық. Бөлім меңгерушісі күлімдеп қарсы алды. «Абай жолы» романының брайль қарпіндегі кітаптарын көрсетті. Қолдан басылғаны, қораш түптелгені көрініп тұр. Бірақ білімге, кітапқа деген асқан махаббатпен жасалғанын сезбей қалу мүмкін емес. 

Кітапхананың қай бөліміне барсақ та, қызметкерлер барынша көңілді отырады екен. Абонемент бөліміндегілер де өз бөлімдерін таныстыруға елгезектік танытып жатыр. Бірі ескі кітаптарды әкеліп, бірі сол кітаптарды таситын сөмкелерді әкеліп таныстырып әлек. Бөлім меңгерушісі жымиып алып: 

– Біздің оқырмандарымыз өте ерке. Кітаптан бөлек электронды анықтама алу керек болса, кейде басына іс түсіп, бөлісер адам таппаса да осында келеді. Ондай кездерде бар жұмысыңды тастап, солардың әңгімесін тыңдауыңа тура келеді. Себебі ол кісілердің назы – реніш, реніші өкпе сияқты. 
Бөлім кеңсесінің төр жағына жақындап келгенде, тағы екі жұмыс орнын көрдік. Бұл екі орын қызметкері зағип жандарға смартфонды, компьютерді пайдалануды үйретеді екен. Аудио кітаптарды көшіріп басып беретін де осылар. 

Директор Асхат мырзамен, кеңесші Захра ханыммен қоштасып шығысымен, ескі ғимаратқа бұрылып қарап біраз тұрдым. Оның әрбір қызметкерін, әрбір бөлмесін ойша тағы бір кезіп шықтым. 

...Әр бөлмеде Луи Брайльдің бюсті тұрды. Әжемнің жарық қосыла қалса «Ильичтің шамы-ай» деп тамсанатыны есіме түсті осы сәт. Көзі сау әжем электр лампасына сонша тамсанады. Түнді жарық еткені үшін Ильичке алғыс жаудырады. Ал кітапхананың әр кеңсесіндегі бюст әлем зағиптарының Л.Брайльге шексіз алғысы болса керек. Бірақ түнді жарық ету деген зағиптың әлемге көзін ашып, тұтас өмірін жарық етудің қасында не тәйірі?! 

...Әрбір қызметкердің көзінен күлкі көрдім. Олардың қауырсындай жеңіл аурасын сезіндім. Көмек көрсеткісі келіп тұрар елгезектігін түйсіндім. Түйсіне отырып, кітаптан оқыған мейірімді кітапханашылармен осында жолыққандай күй кештім. Олар кеңестік әдеби шығармаларда суреттелетін ауыл кітапханасындағы мейірімді қыз, әпке, келіншек, апалардың прототиптері секілді. Мейірімді кітапханашылар. Иә... Ал бұл мекеме – Мейірім кітапханасы деп аталуы тиіс шығар. 

О.Бөкейдің «Жылымығы» еске түсті. Бұл шығарманы қарапайым адамдар түсінбейді екен. Түсінген күнде де түйсіне алмайды. Олардың қатарында өзім де бармын. Бұл кітапханаға бір иығым қызығушылықпен алға тартып, бір иығым аяушылықпен кері тартып келіп едім. Ондағы ғаріп-оқырмандарды көріп, көңілім түсер дегенмін. Бірақ  сыныптағы ең сұлу қыздан хат алғандай алабұртқан көңілімді баса алмай келемін. Мен бұл ғимарат ішінен зағиптық емес қайсарлық пен мейірім көрдім. Көзі қараңғы, көңілі жарық адамдар көрдім.

Сәбише шалықтап кеттім бе екен, қарсы келе жатқан кісіні аңғармай қалыппын. Иығымыз болар-болмас түйісіп өткенде малақайын баса киген жігіт артына бұрылып: 

– Соқырмысың? Көзіңе қарамайсың ба? – деп шыныкөздене қарап кете барды. Мен: «Қай соқырлықты айтасыз?» – дегім келген. Бірақ оның шалбар балағының тобығынан биіктеу екенін аңғардым да, қоя салдым...

Досхан Жылқыбай

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

873 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы